Қос институтағы Әз-Наурыз: Дәстүр мен сабақтастық мерекесі

Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты мен Философия, саясаттану және дінтану институты Ұлыстың ұлы күнін ерекше сән-салтанатпен атап өтті. Қос институттың ауласында киіз үй тігіліп, қазақы ән мен күй қалықтаған мерекелік думан ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың жарқын үлгісіне айналды.
Салтанатты шараны ашқан Дүкен Мәсімханұлы мен Айгүл Сәдуақасова ұжымды жаңару мейрамымен құттықтап, Наурыздың бірлік пен үйлесім орнатудағы тарихи-мәдени маңызына тоқталды.

Мерекелік бағдарлама аясында ұлттық ойындар: арқан тартыс, қол күрес және асық ату секілді ойындар ұжымның бірлігін бекемдеп, мерекенің көркін қыздырды. Сонымен қатар қызметкерлердің 4-12 жас аралығындағы балалары арасында сурет байқауы ұйымдастырылып, бүлдіршіндер бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ұлттық тағамдар мен дәстүрлі киімдер шеруі ғылыми ортаның рухани болмысын айшықтай түсті.

Әз-Наурыз тек күнтезбелік мейрам ғана емес, қос институт үшін ынтымақты нығайтып, төл мәдениетімізді дәріптеудің маңызды белесі болды.













