Шығыстану институты Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 ж. 11-ші қарашасындағы №1369 Қаулысы негізінде құрылып, Қазақстан Республикасы Ғылым Министрлігі – Ғылым Академиясы Шығыстану институтына көрнекті тарихшы-ғалым, Қазақстан мәдениеттануы мен отандық шығыстанушылардың ғылыми мектебінің негізін қалаушы, академик Сүлейменов Рамазан Бимашұлының есімі берілді. Бүгінде институт Қазақстанның шығыстану саласындағы ірі ғылыми-зерттеу орталығы болып табылады.
Мақсаты мен зерттеу бағыттары
Институт мақсаты – Қазақстан мен Шығыс елдері арасындағы өзара қарым-қатынастардың тарихи-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, саяси, діни, сонымен қатар, өркениетаралық және мәдениетаралық аспектілерін жүйелі, іргелі және қолданбалы түрде зерттеу.
Институттың негізгі ғылыми-зерттеу міндеттері:
– Қазақстан, Орталық Азия мен Шығыс елдері халықтарының тарихы, діні мен мәдениетіне қатысты жаңа шығыс және батысеуропалық жазба, мұрағаттық, ауызекі материалдар мен артефактілерді анықтау, зерттеу және ғылыми айналымға енгізу;
– Қазақстан Республикасының еуроазиаттық бағытты дамытудағы маңызды бастамаларына сәйкес Шығыс пен Батыс елдерінің саяси, экономикалық, этномәдениеттік жүйелерінің ықпалдасуындағы мәселелерді кешенді және жүйелі түрде зерттеу;
– Қазақстанның Азия-Тынық мұхит аймағы, Таяу және Орта Шығыс, Орталық және Оңтүстік Азия елдерімен екіжақты ынтымақтастығы мен стратегиялық серіктестігінің жағдайы мен келешегін зерттеуге арналған Қазақстан Республикасы Үкіметі бекіткен бағыттарды жүзеге асыру;
– Қазіргі әлемдегі жаһандану мен аймақтану үрдістерінің әсерінен шығыс елдеріндегі саяси-экономикалық және тарихи-мәдени өзгерістердің аспектілерін зерттеу және талдау;
– Қазақстанның Мұсылман әлемі-Батыс диалогын күшейтуге бағытталған бастамаларының негізінде Қазақстан мен Батыс Еуропадағы ұлтаралық, дінаралық және мәдениетаралық үрдістерге салыстырмалы талдау жасау;
– әлемдік қауымдастықтың мәдени қауіпсіздігін күшейту мақсатындағы іс-әрекеттерін үйлестіру негізінде мәдени әртүрлілік туралы жаһандық сананы қалыптастыруға жаңа тәсілдемелер әзірлеу;
– Қазақстанның Шығыс елдерімен өзара әрекеттестігі шеңберінде көпвекторлы және қауіпсіз геосаяси және сыртқыэкономикалық стратегиясының ғылыми-әдіснамалық негіздемесін әзірлеу.
Шығыстану институты өзінің ғылыми қызметі аясында іргелі және қолданбалы ғылыми бағдарламалар мен мақсатты және гранттық қаржыландыру шеңберінде 86-дан астам ғылыми жобаларды орындады. Институт орындаған жобалардың ішінде «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында», «Ұлы даланың тарихы мен мәдениеті» және «Архив 2025» секілді стратегиялық мемлекеттік жобаларды ерекше атап өтуге болады.
Институтта Ұлы даланың тарихы мен мәдениетін зерттеу үшін Археографиялық қоғамдастық құрылды, Шығыс археографиялық экспедициясы жұмыс жасайды. Оның жұмысы барысында, әлем елдерінің кітапханаларында, мұражайларында және мұрағаттарында сақталған, бұрын жарияланбаған шығыс қолжазбалары мен мұрағат материалдары анықталып, көшірмелері алынады, оларға кешенді зерттеу, ғылыми аударма, талдау жасалып отырады.
Шығыстану институты «Мәдени мұра», «Қазақстандық шығыстанулық зерттеулер», «Қазақстан және Шығыс елдері», «Ұлы дала тарихы мен мәдениеті» сериялары бойынша ғылыми еңбектер мен «SHYGYS» халықаралық ғылыми журналы жарық көріп тұрады.
2002 жылдан бастап Шығыстану институты жанында мәдениетаралық және дінаралық диалог бойынша ЮНЕСКО-ның «Ғылым және руханият» кафедрасы / UNITWIN NETWORK жұмыс істейді. Кафедра мәдениеттер мен өркениеттердің рухани дамуын, мәдениетарлық және дінаралық әрекеттестікті, рухани және ғылыми өзара ықпалды насихаттаумен, талдаумен айналысады.
Соңғы жылдары Шығыстану институты Пенсильвания университетінің (АҚШ) «Аналитикалық орталықтар мен азаматтық қоғам» бағдарламалары аясында әзірленген әлемнің аналитикалық орталықтарының дамуы туралы есептің аясында Орталық Азия және Кавказ бөлігі ретінде Дүниежүзілік индекс-рейтингкке қосылды (АҚШ-қа арналған Go to Think Tank Index Report), рейтингке әлемнің 800 жетекші аналитикалық орталықтары кіреді.