Абат-Байтақ эпиграфиялық ескерткіштері

572

Қазақ мәдениетінің әлемдік өркениетке қосқан зор үлесі – араб жазуындағы эпиграфиялық ескерткіштері немесе тастан қашалған құлпытастар. Бабалар қолының табы қалған тас қашау өнерінің артында ізі жоғалған медреселер жүйесі, ұсталық дәстүр және халықтық сәулет мектебі тұр. Алайда көп жұртта кездесе бермейтін құнды жәдігерлер табиғат құбылысы әсерінен жойылып, өрістегі мал тұяғының астында тапталып барады. Осы мәселелер Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде өткен «Абат-Байтақ» қорымының арабжазулы эпиграфиялық ескерткіштері» кітап-альбомының тұсаукесерінде талқыланды. Кітап-альбом авторлары – тарих ғылымдарының докторы, профессор Әшірбек Мүминов пен PhD Бағдат Дүйсенов. Араб жазуындағы мәтіндерді аудару жұмыстарына әріптесіміз Қазбек Құттымұратұлы да қатысты.

Абат-Байтақ эпиграфиялық ескерткіштері

2019 жылы Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының мамандары Бағдат Дүйсенов, Дина Медерова, Құралай Құрманбаева Ақтөбеге келген са­парында Қобда ауданындағы Абат-Байтақ қорымындағы 240 құлпытасты тізім­деді. Олар жазуы өшкен, оқылуы қиын, мүк басқан тастарға дейін тіркеді. «Біз­дің даламызда 400 мыңнан астам арабжазулы эпиграфиялық ескерткіш бар. ХV ғасырдан ХХ ғасыр басына дейін қолданыста болған шағатай тілін­де жазылған таста таңбаланған ескерт­кіш­теріміздің басты құндылығы – ислам мәдениетін қазақтың ою-өрнегімен, араб каллиграфиясымен таңбалауында. Алайда қазақ елінің ислам өркениетіне қосқан эпиграфиялық мұралары ғылыми айналымға енбей қалды.

 

«Бір қанаты – башқұрт, татар, ноғай жұрты, екінші қанаты Қорасан провинциясымен шектескен Алтын Орда мемлекеті аумағында ислам мәдениеті Берке хан (1257-1267), Жәнібек хан (1342-1357), әмір Едіге (1419 жылы қайтыс болды) тұсында мықты өркендеді. Осы билеушілер жанында ислам тарихында есімдері ұмытылған ғұламалар жүрді. Алтын Орданың бір провинция­сы – көне Үргенішті Өзбек ханның күйеу баласы, қоңырат тайпасының өкілдері 1920 жылға дейін биледі. Оған құлпытастардағы жазулар куә. Қазақ даласында моңғол шапқыншылығынан кейін де ислам өркениетімен байланыс үзілген жоқ. Мұның сан қырлы үлгілері сәулет құрылыстары, қыш өнері, арабжазулы эпиграфикасы, жыршылар мен жыраулар поэзиясынан көрініс тапты», деді полиглот ғалым Әшірбек Мүминов. Ол қазақ жерінің тарихына қатысты көптеген мақала жариялаған америкалық профессор Дени Дэвистің зерттеулерін жинастырып, қазақ тіліне аударып, кітап етіп шығару жоспарымен бөлісті. Ғалымның айтуынша,әлі күнге дейін Дени Дэвистің қазақ жеріне қатысты баспа бетін көрмеген 150-ден астам қолжазбасы бар. Ғалым қазақ даласы туралы қай ғасырда қандай зерттеуші жазғанын, жазбаларды қай мұрағаттан табуға болатынын сілтемелер арқылы көрсетіп кеткен.

Көрші елдерде арабжазулы эпи­гра­­фиялық ескерткіштер ғылыми айна­лымға енгізіле бастады. Мәселен, Өзбек­станның сәулет эпиграфикасы туралы өзбек-орыс-ағылшын тіл­де­рінде 25 томға жоспарланған кітап-аль­бомның жартысы­ жарық көрді. Оған Қарақалпақстан, Сур­хан­дария, Самар­қанд, Навои, Хиуа, Наманған, Әнді­жан, Ташкент, Бұхара, Ферғана облыс­тарының ескерткіштері енді. Татар­станда Г.Ибрагимов атындағы Тіл, әде­биет және өнер институты жанынан «Мирасхана» орталығы құрылып, осы аттас сайтта татардың XVІІ-XХ ғасыр­лар­дағы араб жазуындағы эпиграфиялық ескерткіштері жарияланып тұрады.

 

Абат-Байтақ Алтын Орда дәуірінің мұрасы ма?

Қобда ауданы Талдысай ауылынан 12 шақы­рым жердегі кесененің Абат-Байтақ аталуының бірнеше нұс­қа­сы бар. Ең көп таралғаны – Асан Қай­ғы­ның ұлы Абат батыр жерленген деген аңыз. Белгілі ғалым, этнограф Серік Әжіғали 1978 жылы Талдысай ауы­лы­ның тұрғыны Шайқым ақсақалдан кесенеде Асан Қайғының баласы Абат батыр жерленген деген аңызды жазып алған. Абат мініп келе жатқан түйе інге сүрі­ніп құлап, батыр омыртқасы үзіліп қайтыс болған. Оны естіген әйелі де о дүниелік болып, екеуін бірге жерлеп, кесене тұрғызған. Аңыз астарында сол дәуірдің оқиғасы жатса да, ХV ғасырда мұндай еңселі құрылыс тек хан әулетіне тұрғызылғанын ескерген жөн. Сөйтіп, тарихи ескерткіштердің мемлекеттік тізіміне «Абат-Байтақ» атауымен енді. Алайда тұрғылықты жұрт ежелден Әулие Байтақ атандырған кесене жанындағы саз бен қам кірпіштен дөңгелете салған кесененің атауы да – кіші Байтақ. «Бала кезімізде кіші Байтақтың алдында саманнан салған шырақшы ата­ның үйі болды. Кесенеден әріректегі ойпат «Қыз әулие» аталған. 1959 жылы Дә­мет­кен әжем анам екеумізді осы жерге ертіп келді. Ойпаттың ортасында түбі мүктенген, жартылай құлаған тас бол­ды. Оның төменгі бөлігінде дөң­гелек айна мен тарақ, мәсі мен биік тақа етік кескінделген. Әжем бұл жерде Қыз әулие жерленген деп Құран оқыды. Құлпытастың басы түнде жанып тұратын», дейді Талдысай ауылының тұрғыны, жасы 70-тен асқан Бибігүл Нұр­ғалиқызы. Ал Абат-Байтақ кесе­несінің жанындағы қорымдағы ескі құл­пы­­тас­тардың көбі ХVІІІ- ХІХ ғасыр­дікі. Ең соңғы құлпытас 1961 жылы қойыл­ған, Қорымда сол заманның айтулы­ тұл­ға­ларының бірі Асау батырдың бала­сы жерленген. Құлпытастардың астың­ғы бөлігінде Меңдібай, Нұрали, Қуа­ныш деп жазылған. Бұлар – тасшылар.

Абат-Байтақ туралы ең бірінші 1762 жылы тарихшы Петр Рычков «Топография Оренбургская» еңбегінде жазды. Ол 1750 жылы «Қобда бо­йында Байтақ кесенесі мен оның жанында Астана деген қоныс бар» деп жазған инженер Ригельманның дерегін келтіреді. 50-жылдар соңында Әбу Тәкенов кесенені суретке түсіріп, академик Әлкей Марғұланға жіберген. 1960 жылы тарихшы-сәулетші Малбағар Меңдіқұлов та Абат-Байтаққа келіп, кесене бастапқы биіктігі 16 метр­ болған ХІІІ ғасырдың құрылысы, Сыға­нақ­тың шатырлы ғимараттарымен ұқсас деп ­сипаттайды. Айта кетерлігі, соңғы кезде жарияланып жатқан Алтын Орданың 1269 жылғы картасында Орынбордың оңтүстігінен «Байтақс» деген белгі түс­кен. Соған қарағанда Ұлы Қобда өзенінің бойы Алтын Орда мемлекетінің көш жолы, жорық жолы болған.

 

Байтақ әулие, Абат батыр

2004 жылы Абат-Байтақ кесенесі «Мәдени мұра» бағдарламасына еніп, кешенді зерттеу басталды. Қазба жұмыстары кезінде археолог Ерболат Смағұлов кесене ішінен үш адамның бейітін тапты. Төрде арша ағашынан жасалған табытта ер адам жерленген. Қасында 5-6 адамға лайықталған ас беретін ағаш табақ. Табыт қалтарысынан басы сегіз қырлы темір, сабы арша ағашынан жасалған асатаяқ табылды. Оны ежелгі заманның тонаушылары көрмей қалған. Одан сәл төменірек әйел адамның қабірінен жүннен тоқылған белдемше қалдығы шықты. Екі қабір де кірпішпен өріліп, әшекейлеп жерленген. Сол жақ босағада қызметшісі жатыр. Оба төңкерістің ар жақ-бер жағында қатты тоналған. Кесене кірпіштерін 50-жылдары жақын жердегі Робовка ­ауылы адамдары тасып әкетіп, құрылысқа пайдаланған. Сол уақыттағы қазба жұмыстарының басы-қасында жүрген Бекарыстан Мырзабайұлы Ерболаттың қазбадан тапқан олжалары кесенеде Байтақ әулие әйелі, қызметшісімен бір­ге жерленген деген аңызбен сәйкес ке­ліп тұр дейді. Байтақ – Жошының бір баласы, Батудың немере інісі болуы мүм­­кін. Кесененің байырғы кірпішінің өлше­мі – 24х24 см. Құрамы – 93%-ы Ұлы­ Қобда өзенінің шағыл құмы, 7 %-ы Бат­пақ­ты­ның­ балшығы. Қоспаны тұщы суға езіп, 1100 градуста қыздырып жасаған деген болжам бар. Ерболат Смағұлов кесененің екі жағынан орта ғасырда қазылған орын тапты. Кірпіш осы жерде дайындалып, күйдірілген болуы керек.

Ноғай ұлысының ыдырауы мен Асан Қайғының жайлы қоныс іздеуі туралы тағы бір аңызды 2003 жылы жырау Алмас Алматов Наурызғали жыраудың інісінен жазып алған. Ноғайлыдан бір топ Жайықтан өтіп келеді. Жем өзенінің тұсында Асан Қайғы мен оның баласы Абат, немере туысы Қазтуған, Шерғұтты батыр кеңес құрады. Қазтуған Ақдария арқылы Ауғанстанға бет алмақшы. Оны Асан Қайғының баласы Абат қостайды. Үшеуіне қарсы оймауыт тайпасының өкілі Шерғұтты былай деп жауап қайтарған:

«Ей, Қазтуған, Қазтуған!

Бағың сенің көп болып,

Ақылың сенің аз туған.

Елімді жұрттан айырып,

Бола алмассың мәз туған.

Сенің барар жерлерің,

Қар жаумайтын, жаз туған.

Жаз да болса жайы жоқ,

Еділдей жердің майы жоқ.

Тәжірибелеп қарасам,

Бұл сапардың жөні жоқ.

Біз бұл сапарды еткелі

Орманбет би онда өлді

Байтақ әулие мында өлді.

Мәулім хан мен Қарасақал

Ойылдан өтіп, Жемде өлді», дей­ді.­ Ертеден жеткен жыр жолдарын­а қара­ған­да, Асан қайғының баласы Абат тірі кез­де Асан қайғы, Қазтуған, Шерғұтты бар кезде Байтақ әулие дүниеден озған. Тағы бір дерек – Астрахан жағының бір ақса­қа­лынан жазып алынған Арал теңізі бо­йында Абат батырды жайын жарып өл­тір­гені туралы аңыз. Расында да, Арал бо­йында «Абаткеткен» деген шағын өт­кел бар. Осы аңыздар мен жырдың мә­тін­дерін жер-су атауларымен, көне қорым­дардағы құлпытас жазуларымен салыс­ты­ру­дан
айтулы оқиғалар желісі түзіледі.

Ақтөбе облысында шағатай жазуы­мен таңбаланған көне құлпытастарды оқу және ғылыми негіздеу Абат-Байтақ кесенесі мен оған іргелес қорымнан бас­талды. Мұның бір маңыздылығы – қазақ руларының әр ғасырдағы көш жолы, басқа жұрттармен қатынасы, шаруашылығы, өнері, мәдени байланысы жөнінде жаңа деректермен толығатындығында. Алайда ортағасырлық жазуларды оқи алатын мамандардың өңірлерде тапшы екенін жасыруға болмас.

Баян ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ
Баян ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ

 Ақтөбе облысы

 

Дереккөз:  https://egemen.kz/author/378-bayan-kuandykkyzy

 

https://perpustakaan-baubaukota.projectkoding.com/data/https://himaindustri.unpam.ac.id/https://fsb.ung.ac.id/https://library.iainkediri.ac.id/https://newepaper.jawapos.co.id/thumbnail/dist/https://prakerja.nusatalent.com/file/https://ejournal.insuriponorogo.ac.id/config/https://www.rsudsyamsudin.co.id/gacor/https://eproc.jawapos.co.id/adminlte/plugins/site/https://rskiasawojajar.co.id/https://pria.org/https://epaper.radarlombok.co.id/wp-includes/system/https://bapenda.sumbabaratkab.go.id/link/https://empowerment.co.id/https://simak.id/