ШЫҒЫСТАНУ ИНСТИУТЫНДА “АШЫҚ ЕСІК КҮНІ” ІС-ШАРАСЫ ӨТТІ

2026 жылғы 21 мамырда Шығыстану институты жанындағы «Қытай және Азия-Тынық мұхиты аймағын зерттеу» орталығының меңгерушісі, профессор Қастер Сарқытқан мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті оқытушыларының бірлесіп ұйымдастыруымен «Қазақстан ғылымының бүгіні мен болашағы: жастар танымындағы шығыстану» атты ашық есік күні өтті.
Іс-шараға институт бас директорының орынбасары, экономика ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Дүйсен Ғалымжан Мұстахимұлы қатысып, институттың қалыптасу тарихы, қазіргі ғылыми әлеуеті мен зерттеу бағыттары туралы мазмұнды баяндама жасады. Сонымен қатар, ол студенттердің ғылым, ғылыми орта және кәсіби даму мәселелеріне қатысты қойған сауалдарына жан-жақты жауап берді.
Кездесуге Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Жаратылыстану және география факультетінің PhD докторлары, аға оқытушылар — Разия Елтузеровна Калдыбекова, Индира Қалмаханқызы Райымбекова және Расул Болатбекұлы Кудебаев, сондай-ақ «Ғылыми география» білім беру бағытының 3-курсынан шамамен 40 студент қатысты.
Іс-шара аясында студенттер еліміздегі ғылымның қазіргі даму үрдістері, мемлекет тарапынан ғылым саласына көрсетіліп отырған қолдау, ғылыми жобалардың маңызы және ғылыми-зерттеу қызметінің педагогикалық мамандықтардан ерекшелігі жөнінде кеңінен ақпарат алды. Кездесу барысында жастар ғылыми ізденістің қоғам дамуындағы рөліне тереңірек мән беріп, өздерінің болашақ кәсіби бағдарларына қатысты жаңа көзқарас қалыптастырды.
Кездесу соңында қонақтар институт бөлімдерінің қызметімен және ғылыми кітапхана қорымен танысып, шығыстану саласындағы білім мен ғылымның заманауи бағыттары жөнінде жан-жақты мәлімет алды. Студенттер алдағы уақытта өздерін Шығыстану институты магистранты ретінде көргісі келетінін білдіріп, ғылым жолына деген қызығушылықтарының артқанын атап өтті.













