🌏 БЕЙЖІҢДЕ ҚАЗАҚ ҒАЛЫМЫНЫҢ ЗЕРТТЕУІ ЖОҒАРЫ БАҒАЛАНДЫ!

🇰🇿 Қазақ ғалымдары халықаралық ғылыми мінберде жаңа қырынан танылды!
2026 жылғы 21–23 қазанда Бейжіңде «Қытай – Орталық Азия әдебиетінің Тянь-Шань форумы» өтті. Халықаралық жиынға Қытай мен Орталық Азияның бес елінен белгілі ғалымдар мен әдебиеттанушылар қатысты.
Қазақстан атынан Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының Бас директоры, филол.ғ.д., профессор Дүкен Мәсімханұлы және ҚР ҰҒА академигі, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып ғылыми баяндама жасады.

✨ Форумның ерекше ғылыми жаңалығы!
Профессор Дүкен Мәсімханұлының «Мұхтар Әуезов және Лу Шүн: ұлттық дәстүрге сыни көзқарас және әдебиеттегі жаңашылдық» атты зерттеуі халықаралық ғылыми ортада жоғары бағаланды.
Конференцияның жабылу рәсімінде ғылыми қорытынды жасаған Қытай қоғамдық ғылымдар академиясы Этникалық әдебиеттер институты директорының орынбасары, профессор Лю Дасянь қазақстандық ғалым Д.Мәсімханұлының баяндамасын арнайы атап өтті.

«Бұл жолғы конференциядағы елеулі жаңалықтардың бірі – қытай жазушысы Лу Шүн мен Қазақ елінің ұлы қаламгері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығын салыстырған баяндама болды Бұл салыстырудың маңызы – екі жазушының шығармашылығындағы ұқсастықтарды анықтаумен ғана шектелмей, әр халықтың әдеби жаңғыру тәжірибесін өз тарихи-мәдени болмысымен сабақтастыра қарастыруында. Ұлттық мұраны жаңаша бағамдау, қоғамның рухани ізденістерін көркем әдебиет арқылы таныту, дәстүр мен жаңашылдықтың арақатынасын зерделеу сияқты мәселелер қазақ және қытай әдебиеттерін өзара байланыстыра зерттеудің кең мүмкіндігін көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, Мұхтар Әуезов пен Лу Шүн шығармашылығын салыстыру екі елдің әдеби мұрасын тереңірек тануға әрі әдебиеттанудағы ғылыми сұхбатты дамытуға негіз болады», – деді ол.

Бұл пікір Дүкен Мәсімханұлы ұсынған салыстырмалы зерттеудің ғылыми маңызын айғақтап, қазақ-қытай әдеби байланыстарын жаңа қырынан зерделеуге деген қызығушылықты танытты.
ҚР ҰҒА академигі Б.Жақыптың «М.Әуезовтің Қырғыз эпосы «Манас» туралы зерттеулері» деген тақырыптағы баяндамасы да қатысушылардың айырықша аударды.
🌐 Форумда профессор Ань Дэмин, Ли Вэйцзянь, Әділ Жұматұрдұ, Жаббор Эшонқұлов, Үміт Құлтаева, Сунь Лэй сынды ғалымдар әдеби мұра, эпостану және мәдени байланыстар мәселелерін талқылады. Сондай-ақ Тао Янның ғылыми еңбегі мен Конфуцийдің рухани мұрасы қарастырылды.
📚 Үш ғылыми секцияда әдебиеттердің өзара ықпалдастығы, эпикалық дәстүр және мәдени мұраны цифрландыру мәселелері талқыланды.
Бұл халықаралық басқосу қазақ әдебиеттануы мен шығыстану ғылымының беделін арттырып, Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми-мәдени ынтымақтастықты нығайтуға жол ашты.










