Басшылық
Дүкен Мәсімханұлы
Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас директоры (2020 жылдан) – филология ғылымдарының докторы, профессор
Өмір жолы:
Дүкен Мәсімханұлы 1963 жылы 20 сәуірде Қытай Халық Республикасының Шынжаң өлкесіне қарасты Текес ауданының Ақши деген жерінде өмірге келген.
1982 жылы туған ауданынан орта мектепті үздік бітірген Дүкен Мәсімханұлы сол жылы Пекиндегі Орталық ұлттар университетіне оқуға түседі. Аталған оқу орнынан аудармашы-филолог мамандығын 1987 жылы «оқу үлгілісі» деген үздік дипломмен тәмәмдайды. Университетті бітіргеннен кейін, жолдамамен Үрімжі қаласындағы ШҰАР Гуманитарлық Ғылымдар Академиясының әдебиет институтына бөлініп, онда 1987-1993 жылдары ғылыми қызметкер болып істеді.
1993 жылы ҚР Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің арнайы шақыруымен тарихи отанына оралған Д.Мәсімханұлы келісім-шарт мерзімі біткеннен кейін Қазақстанда біржола қалып, ҚазҰУ Шығыстану факультетінің Қиыр Шығыс елдері кафедрасында ұстаздық етті. 1999-2002 жылдары аталған кафедраға басшылық жасады.
2002 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне ұстаздық қызметке шақырылды.
2003-2009 жылдары Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Халықаралық қатынастар факультеті шығыстану кафедрасының меңгерушісі.
2010-2019 жылдары аталған оқу орнының Филология факультеті қытай филологиясы кафедрасының профессоры, меңгерушісі болып қызмет атқарды.
2019-2020 жылдары ЕҰУ жанындағы Қытайтану ғылыми-зерттеу институтының директоры.
2020 жылдың маусым айынан ҚР БжҒ министрлігі Ғылым комитеті Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры.
1999 жылы академик Р.Нұрғалидың жетекшілігімен «Қытай қазақтары поэзиясындағы ұлт-азаттық идея (ХХ ғасырдың 20-50 жылдары)» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын, 2008 жылы «Қазақ және қытай әдебиеттеріндегі ұлттық дәстүр мен жаңашылдық (М.Әуезов және Лу Шүн шығармалары негізінде)» деген тақырыпта докторлық диссертациясын сәтті қорғады.
Шығармашылық жолын университет қабырғасында жүргенде бастаған Дүкен Мәсімханұлының қазірге дейін 30-дан астам кітаптары жарық көрді.
Басты шығармалары:
- «Жүрекке саяхат» (жыр жинағы. 1991 ж. ҚХР, Үрімжі).
- «Жер шарының қызыл белдеуі» (аударма, роман. 1992 ж. Үрімжі).
- «Семсер суы» (жыр жинағы. 1998 ж. Алматы).
- «Көкпар» (жыр жинағы. 2003 ж. Алматы).
- «Алтынның буы» (жыр жинағы. 2007 ж. ҚХР, Пекин).
- «Алкүрең арман» (жыр жинағы. 2008 ж. Астана).
- «Жыр-Жебе» (монография, 2000 ж. Алматы).
- «Сарап» (ғылыми зерттеу мақалалар жинағы, 2001 ж. Астана).
- «Сөз – желкен» (монография, 2005 ж. Алматы).
- «Мұхтар Әуезов және Лу Шүн» (монография, 2007 ж. Аламаты).
- «Қазақ және қытай әдебиеттері: ұлттық дәстүр мен жаңашылдық» (монография, 2010 ж. Павлодар).
- «Қытай тілі фонетикасының негіздері» (телавтор Қ.Мамытқан, оқулық, 2002 ж. Алматы).
- «Қытай филологиясына кіріспе» (телавтор А.Әбиденқызы, оқулық, 2004 ж. Астана).
- «Лу Шүн.Повесть және әңгімелер» (аударма, 2009 ж. Астана).
- «Лу Шүн әлемі» (оқу құралы, 2007 ж. Астана).
- «Лу Шүнтану дәрістері» (оқу құралы, 2011 ж. Астана).
- «Еуразиялық өркениет: ежелгі түркі және қытай елінің рухани қарым-қатынасы» (ғылыми мақалалар жинағы. 2012 ж. Астана).
- «Қытай туралы қырық сөз» (ғылыми-зерттеу еңбектерінің жинағы, 2014 ж. Астана).
- «Өз аспаным өзімде» (таңдамалы жыр жинағы, 2014 ж. Астана).
- «Мұқтар Әуезов және Лу Шүн» (монография, 2014 ж. ҚХР Үрімші. Төте жазумен).
- «Азаттығым мен Қазақтығым» (көсемсөздері мен пәлсапалық толғамдар жинағы, 2014 ж. Астана).
- «Дүкен Мәсімханұлы. Таңдамалы (үш томдық)» (І том: монографиялар. 2016 ж. Астана).
- «Дүкен Мәсімханұлы. Таңдамалы (үш томдық)» (ІІ том: әр жылғы зерттеулер. 2016 ж. Астана).
- «Дүкен Мәсімханұлы. Таңдамалы (үш томдық)» (ІІІ том: әр жылғы зерттеулер. 2016 ж. Астана).
- «Дүниежүзі түркологиясының тарихы» (ұжымдық моногшрафия, 2016 ж. Алматы).
- Н.Назарбаев. «Көші-қон және қазақ әлемі»(құрастырып, алғы сөзін жазғандар М.Қасымбеков, Д.Мәсімханұлы. 2017 ж. Астана).
- «Дүкен Мәсімханұлы. Қытай әдебиетінен таңдамалы үлгілер. І том, Лу Шүн таңдамалы шығармалары» (аударма, 2017 ж. Астана).
- «Дүкен Мәсімханұлы. Қытай әдебиетінен таңдамалы үлгілер. ІІ том, Мао Дун. Түн (роман)» (аударма, 2017 ж. Астана).
- «Қытайша-қазақша үлкен сөздік» (Құрастырғандар: Д.Мәсімханұлы, А.Әбиденқызы. 2018 ж. Астана).
- Ба Цзинь. Әулет (роман, аударма. 2019 ж. Алматы).
- Мао Дун. Түн (роман, аударма. 2019 ж. Алматы).
- «Сап, сап көңілім» (жыр жинағы, 2020 ж. Алматы).
Бұдан сырт Дүкен Мәсімханұлының 300-ден астам ғылыми-зерттеу, ғылыми-танымдық және әдеби-сын мақалалары еліміздің іші-сыртындағы беделді ғылыми басылымдарда жарияланды. Сондай-ақ оның «Семген сезім», «Біздің Нояндар», «Мысық дауысы», «Мао өлген күн», «Мұқаман мұғалім» секілді әңгіме-повестері республикалық және шетелдік түрлі басылымдарда жарық көрді. Сонымен бірге Д.Мәсімханұлы әр жылдары қытай ойшылдары мен қаламгерлерінен Коңфуцзы, Ли Бай, Ду Фу, Ба Цзинь, Лао Шэ, Ай Циң, Юй Гуанчжуң, Ван Мэң, Чжаң Чэңчжы, Те Ниң, Бэй Дао, Гу Чэң, Чи Цзицзянь,Чэнь Дуңдуң, Чжау Лихуа, Диң Даң т.б. шығармаларын тәржімалап, қазақ оқырмандарына ұсынып келеді.
2010 жылы Президент Қ.К.Тоқаевтан ( ол кезде ҚР Сенат төрағасы) қытайша-қазақша сөздік құрастыру туралы арнайы тапсырма алып, нәтижесінде жұбайы PhD доктор, доцент Айнұр Әбиденқызы екеуі он жылдай уақыттарын сарп етіп, қазіргі қытай тілінің 80 мыңдай сөзі мен сөз тіркесі қамтылған 110 баспатабақтан тұратын іргелі еңбекті – «қытайша-қазақша үлкен сөздік» деген атпен 2017 жылы жарыққа шығарды.
Ғалымның ғылыми-зерттеу жұмысының басты бағыттары: Қазақ-қытай әдебиеттерін салыстыра зерттеу; Қазақ-қытай мәдени-рухани қарым-қатынастарының тарихы; Қытай әдебиеті тарихының өзекті мәселелері.
Оның ғылыми-зерттеу еңбектері мен әдеби шығармалары ағылшын, жапон, қытай, орыс, польша, түрік, қырғыз тілдеріне аударылған.
Бүгінде ақын, қытайтанушы-ғалым, аудармашы ретінде Д.Мәсімханұлы – Қазақстан Жазушылар одағының, Дүниежүзі синологтар қоғамының мүшесі. 2012 жылдан ҚХР ШҰАР Мәдениет департаменті Өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері (аға зерттеушісі). 2015 жылдан ҚХР Шынжаң университетінің ұсыныс етілген профессоры.
Сыйлықтары мен марапаттары:
Д.Мәсімханұлы бүгінге дейін «”Оғызнама” туралы зерттеу» деп аталатын еңбегі үшін Қытайдың «аз ұлттар әдебиетін зерттеу саласындағы үздік еңбек» сыйлығын (1990 ж.), ғылыми-зерттеу мен әдеби шығармашылықтағы көрнекті еңбегі үшін бүкілқытайлық жастар сыйлығын (1991 ж.), әдеби шығармашылық және аударма саласындағы жетістіктері үшін ҚХР Жазушылар одағының «Тың талант» сыйлығын (1992 ж), Елбасы жарлығымен «Қазақстанның тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001 ж.) «Қазақстанның тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011 ж.) «Қазақстанның тәуелсіздігіне 25 жыл» (2016 ж.), «Астанаға 20 жыл» (2018 ж.) медалдарымен марапатталды. 2010 жылы Д. Мәсімханұлы ҚР «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына, 2012 жылы Қазақстан жазушылар одағының Халықаралық «Алаш» әдебиет сыйлығына және ШЫҰ-ның (Шаңхай Ынтымақтастық Ұйымы) «Жібек жолы: гуманитарлық ынтымақтастық» сыйлығына (алтын медаль) ие болды. 2013 жылы ғылыми-зерттеу саласына және жас мамандар даярлау ісіне сіңірген елеулі еңбегі үшін ҚР Ғылым және білім министрлігінің «Ы.Алтынсарин» медалімен марапатталды. Сол жылы желтоқсан айында ҚР Президенті, Елбасы жарлығымен Д.Мәсімханұлына «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. Сондай-ақ ол бірнеше мәрте республикалық және халықаралық жыр мүшайраларының жүлдегері. Түркияның Елазығ қаласында өткен түркітілдес елдер ақындары фестивалінің дипломанты.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылында тарихи отанына оралған Дүкен Мәсімханұлы 28 жыл бойы еліміздің ғылым, білім саласында табан аудармай қызмет етіп, неше жүздеген қытайтанушы және қытай тілінің мамандарын тәрбиелеп, тәуелсіз Қазақстандағы қытайтану ғылымының қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосып келеді. Оның шәкірттерінің дені қазір ҚР Президенті әкімшілігі, ҚР СІМ, ҚР Қорғаныс министрлігі, ҚР Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті, ҚР Білім және ғылым министрлігі, Қазақстанның ҚХР-дағы Елшілігі мен консулдықтарында, Қазақ-қытай бірлескен кәсіпорындарында, ҚР жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелерінде жемісті еңбек етуде.
Дүкен Мәсімханұлы ұлт жанашыры, қоғам қайраткері ретінде Еліміздің қоғамдық-саяси өміріне де белсене араласып келеді. 2003-2019 жылдары ҚР Президенті жанындағы Ұлттық кеңестің мүшесі болып қоғамдық қызмет атқарды. 2019 жылдан Республикалық «Отандастар қоры» жанындағы «қандастар және көші-қон мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның» мүшесі.
Дүйсен Ғалымжан Мұстахимұлы – Бас директордың ғылым жөніндегі орынбасары
E-mail: galyimzhan@inbox.ru
Белгожа Ернұр Қуатұлы – Ғалым хатшы