ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРАСЫНА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

6
2026 жылғы 25 қыркүйекте Алматыда Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ұйымдастыруымен «Түркі әлемінің тарихи-мәдени мұрасы: Ватикан және Еуропа қорларындағы жаңа деректер мен материалдар» атты халықаралық ғылыми конференция өтті.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің 2024–2026 жылдарға арналған BR24993132 «Ватикан және Батыс Еуропа елдерінің жаңа бірегей материалдары бойынша Түркі әлемінің ерте және ортағасырлық тарихы мен мәдениеті» бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасының қорытындысына арналды.
Конференция жалпыұлттық аза тұту күніне орай Маңғыстау облысында әскери міндетін атқару кезінде қаза тапқан әскери қызметшілерді бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Қатысушылар марқұмдардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты.
Жиынды Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Дүкен Мәсімханұлы ашты. Қазақстан Республикасының Вице-Президенті Ерлан Қарин мен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің атынан ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов құттықтау сөз сөйледі. Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың құттықтау хатын Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаев оқып берді. Ватиканның Қазақстандағы Апостолдық нунцийі, архиепископ Джордж Панамтундил де қатысушыларға ізгі тілегін білдірді.
Қазақстан Республикасы Құрылтайының төрағасы Айбек Дәдебайдың құттықтау хатын Дүкен Мәсімханұлы оқыды. Ватикан Апостолдық кітапханасының префектісі Дон Мауро Мантовани конференцияға арнайы құттықтау хат жолдады. Ислам ынтымақтастығы ұйымы жанындағы Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығының бас директоры Махмұд Ерол Қылычтың құттықтау сөзін орталықтың Орталық Азия зерттеулері жөніндегі кеңесшісі, профессор Әшірбек Мүминов жеткізді.
Конференцияның пленарлық мәжілісі мен үш секциясының бағдарламасына Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия және басқа елдердің ғалымдары енді. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Болат Көмеков, түркітанушы профессор Александр Гаркавец, Өзбекстан Ғылым академиясының зерттеушісі, профессор Бахтияр Бабаджанов, Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің профессоры Шайыркул Батырбаева, Түркиядағы Ардахан университетінің профессоры Ердоған Алтынқайнақ және Ферғана мемлекеттік университетінің профессоры Бахриддин Усмонов бар.
Бағдарламада сондай-ақ Римдегі «Сапиенца» университетінен Фабио Грасси, Финляндиядағы Оулу университетінен профессор Роман Хаутала, АҚШ-тағы Индиана университетінен Акрам Хабибуллаев, Нидерландтағы Халықаралық әлеуметтік тарих институтынан профессор Тураж Атабаки, Түркиядағы Анкара университетінен Серхан Чынар және Кыршехир Ахи Эвран университетінен Осман Кабадайы баяндама жасайтын ғалымдар ретінде көрсетілді. Қазақстандық зерттеушілер қатарында Қалқаман Жұмағұлов, Жақсылық Сәбитов, Нұрлан Кенжеахмет, Бағдат Дүйсенов және Шығыстану институтының өзге де ғылыми қызметкерлері болды.
Ғылыми талқылаулар Ватикан мен Еуропа қорларындағы түркі тіліндегі қолжазбаларды, латын және араб дереккөздерін, тарихи карталарды, Дешті Қыпшақ пен Жошы Ұлысының тарихын қамтыды. Баяндамаларда Қожа Ахмет Ясауи хикметтерінің еуропалық қорларда сақталған қолжазбалары, «Кодекс Куманикус», армян-қыпшақ жазба мұрасы және Еуропа кітапханаларынан табылған Орталық Азияға қатысты материалдар қарастырылды.
Конференция аясында екі ғылыми еңбек таныстырылды. Институттың бас ғылыми қызметкері, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Қалқаман Жұмағұлов «История и культура Тюркского мира (уникальные материалы Ватикана и стран Западной Европы)» ұжымдық монографиясын және Бағдат Дүйсеновтің «Ортағасырлық араб-түркі сөздіктері – тілдік-мәдени дереккөз» монографиясын көпшілікке ұсынды.
Халықаралық басқосу Ватикан мен Еуропа қорларындағы жаңа материалдарды ғылыми айналымға енгізу, оларды салыстыра зерттеу және түркі әлемінің тарихи-мәдени мұрасын тереңірек тану жөніндегі пікір алмасуға арналды. Конференцияның ашылу рәсімін институт бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары, PhD Бағдат Дүйсенов жүргізді.
slot danahttps://cefta.int/