ДҮКЕН МӘСІМХАНҰЛЫ —Р.Б.СҮЛЕЙМЕНОВ АТЫНДАҒЫ ШЫҒЫСТАНУ ИНСТИТУТЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ БОЛЫП ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті Төрағасының 2026 жылы 15 шілде күнгі бұйрығына сәйкес Дүкен Мәсімханұлы «Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Бас директоры лауазымына тағайындалды.
Дүкен Мәсімханұлы – филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, “Парасат” және III дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері, аса көрнекті шығыстанушы ғалым. Ол түркітану, қытайтану, салыстырмалы әдебиеттану және қазақ-қытай әдеби-мәдени байланыстар тарихын зерттеу салаларындағы көптеген іргелі ғылыми еңбектердің авторы. Ғалымның ғылыми зерттеулері мен көркем шығармалары Қазақстанда ғана емес, халықаралық ғылыми қауымдастықта да ерекше жоғары бағаланады. Сондай-ақ ол Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми-гуманитарлық ынтымақтастықтың дамуына, отандық шығыстану ғылымы көкжиегінің кеңеюіне елеулі үлес қосып келеді.
Дүкен Мәсімханұлы Шығыстану институтын басқарған кезеңде ұжымдағы ғылыми-зерттеу жұмыстары жаңа серпін алып, мүлде тың белестерді бағындырды. Атап айтқанда соңғы бес жылдың ауқымында институт қабырғасында 20-шақты іргелі ғылыми жоба табысты жүзеге асырылды. Сонымен қатар институттың халықаралық ынтымақтастық ауқымы да айтарлықтай кеңейіп, бүгінде Америка, Еуропа, Азия және ТМД елдерінің жетекші ғылыми-зерттеу орталықтары, университеттері болып, 40-тан астам халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық туралы келісім жасалды. Осы әріптестік аясында бірлескен ғылыми зерттеулер, академиялық алмасулар және халықаралық ғылыми жобалар, жас мамандар дайындау ісі жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Дүкен Мәсімханұлының белсене атсалысуы нәтижесінде Институт Ватикан Апостолдық архиві мен кітапханасы, Кембридж университеті, Лувен католик университеті, Оксфорд ислам зерттеулері орталығы, Пекин университеті, Қытай қоғамдық ғылымдар академиясы, Жапонияның Toyo Bunko ғылыми кітапханасы, сондай-ақ АҚШ, Англия, Италия, Испания, Германия, Мажарстан, Австрия, Түркия, Корея, Моңғолия, Әзірбайжан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да көптеген елдердің беделді ғылыми мекемелерімен нәтижелі ғылыми байланыс орнатты.
Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты Дүкен Мәсімханұлының басшылығымен іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді дамыту, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту, жас ғалымдарды қолдау және шығыстану ғылымының басым және өзекті бағыттарын ілгерілету жұмыстарын жалғастыра береді деп сенеміз.
Шығыстану Институтының ұжымы Дүкен Мәсімханұлын жоғары жауапкершілікті қызметке қайталай тағайындалуымен құттықтай отырып, деніне саулық, отбасына амандық, шығармашылығына толағай табыс және ғылым мен білім саласындағы игі бастамаларына сәттілік тілейді!











