«Орталық Азия 2.0: жаһандық өзгерістер тоғысындағы аймақ» атты халықаралық воркшоп өтті

2026 жылғы 15 мамырда ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты Шығыс елдерінің саяси және геоэкономикалық мәселелері бөлімі ұйымдастыруымен «Орталық Азия 2.0: жаһандық өзгерістер тоғысындағы аймақ» атты халықаралық воркшоп өтті. Іс-шараға Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің, сондай-ақ Әзербайжан, Украина мемлекеттерінің жетекші ғалымдары, сарапшылары мен дипломаттары қатысты.
Воркшоптың негізгі мақсаты – жаһандық трансформация жағдайында Орталық Азия елдерінің ынтымақтастығы мен өзара әрекеттестігінің жаңа форматтарын талқылау, аймақтық интеграцияның заманауи бағыттарына ғылыми-сараптамалық тұрғыда баға беру болды.
Іс-шара барысында Орталық Азияның қазіргі геосаяси және геоэкономикалық кеңістіктегі рөлі, аймақ елдерінің көпвекторлы сыртқы саясатының тиімділігі, өңірлік тұрақтылық пен ынтымақтастықтың жаңа басымдықтары кеңінен қарастырылды. Қатысушылар жаһандық сын-тегеуріндер жағдайында аймақтың даму перспективаларына қатысты өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды.
Воркшопты Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты Бас директорының орынбасары, экономика ғылымдарының докторы
Дүйсен Ғалымжан Мұстахимұлы ашып, Орталық Азия мемлекеттерінің өзара ықпалдастығы қазіргі әлемдік өзгерістер кезеңінде ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
Іс-шара барысында экономика ғылымдарының кандидаты, доцент, Шығыс елдерінің саяси және геоэкономикалық мәселелері бөлімінің меңгерушісі Д. Ә. Айтжанова, халықаралық қатынастар жөніндегі тәуелсіз сарапшы, А. Баховаддинов атындағы Тәжікстан Ұлттық ғылым академиясының Философия және саясаттану институты докторанты М. Шамсуддинов және басқа да сарапшылар баяндама жасады.
Сонымен қатар, Н. Д. Сопуева «ОА 2.0: Білім және ғылым жаһандық өзгерістер тоғысында» тақырыбында баяндама жасап, ғылым мен білім саласындағы өңірлік ықпалдастық мәселелеріне тоқталды. Р. Х. Хомитов Өзбекстанның ұлттық саясатының аймақтық тұрақтылықтағы рөлі туралы сөз сөйледі.
Воркшоп жұмысына сондай-ақ Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі А. Д. Смағұлов, экономика ғылымдарының докторы В. П. Звонар, экономика ғылымдарының докторы В. Ю. Додонов, З.М. Буниятов атындағы Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының Шығыстану институты Орталық Азия елдері бөлімінің аға ғылыми қызметкері, саяси ғылымдар докторы А. Мирабдуллаев, профессор Л. Ахмедова және Қазақстан тәжіктері қауымдастығы төрағасының орынбасары И. Валиев қатысты.
Воркшоп соңында «Қазақстан – Орталық Азия» форматындағы ынтымақтастықтың аймақтық векторы» атты ұжымдық монографияның тұсаукесері өтті. Қатысушылар аталған еңбектің Орталық Азиядағы интеграциялық үдерістерді ғылыми тұрғыда зерделеуге қосатын үлесін ерекше атап өтті.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, воркшоп өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға, ғылыми және сараптамалық диалогты дамытуға, сондай-ақ Орталық Азияның жаһандық өзгерістер жағдайындағы орны мен рөлін айқындауға арналған маңызды алаңға айналды.

















