КӨҢІЛ АЙТУ ҚАЗАНАМАСЫ

796

Сағындықова Нағима Жәлелқызы 21.02.1943 ж. – 20.08.2021 ж.

Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты бас ғылыми қызметкер Сағындықова Нағима Жәлелқызының өмірден озуына байланысты жақындары мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады.

Сағындықова Нағима Жәлелқызы 1943 ж. 21 ақпанында Павлодар облысында туды. Филология  ғылымдарының докторы,  профессор, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, әдебиеттер байланысының жан-жақты мәселелерін зерттеген.  Соңғы жылдары қазақтың классикалық әдебиетін және оған ықпал еткен түркі, парсы әдебиеттерінің ерекшеліктерін зерттеді.

Қазақ  мемлекеттік университетінің (бұрынғы С.М. Киров атындағы) филология факультетінің орыс тілі және әдебиеті бөлімін 1966 жылы тәмәмдады. 1971 жылға дейін Алматы қаласындығы  № 53 мектепте орыс тілі және орыс әдебиеті пәндерінен сабақ берді. 1971 жылы ҚазКСР ҒА М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аспирантурасына түсті. Сонан кейін осы Институтта кіші ғылыми қызметкер болып тағайындалды. 1978 ж. «Қазақ поэзиясын орыс тіліне аударудағы ерекшеліктер»  атты кандидаттық диссертациясын қорғады, 1979 ж. ҚазКСР ҒА  Қоғамдық ғылымдар бөлімінің ғалым хатшысы болып тағайындалды. Ол қызметтен 1985 ж. ҚазКСР ҒА  М.О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтына қайта оралды. Сол жылы Институттың партия ұйымының хатшысы болып сайланды, ал 1987-1990 жылдары аталмыш Институттың директорының орынбасары болып бекітілді және кезінде уақытша директордың қызметін де атқарды. 1996 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің Д.14А.02.22. диссертация қорғау кеңесінде «Қазақ поэзиясын орыс тіліне аударудың күрделі мәселелері» атты докторлық диссертациясын табысты қорғап шықты. Сол кезде Сағындықова Нағима Жәлелқызы ҚазКСР ҒА М.О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер Институтында жетекші ғалым қызметін атқарып жүрді. 1998 жылы Қазақстан ҰҒА Қоғамдық ғылымдар бөлімі төрағасының орынбасары болып тағайындалды.   1999 жылдан бастап Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарды.

Осы уақытқа дейін Н.Ж. Сағындықова Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институттының Таяу және Орта Шығыс елдері бөлімінің бас ғылыми қызметкері ретінде жұмыс істеді. Ғалым 140-қа жуық ғылыми еңбектердің авторы, оның ішінде мнографиялар бар: «Казахская поэзия в русском переводе», – А.: «Наука», 1983. – 128 с.; «Очерки истории поэтического перевода с казахского на русский язык» Деп. регистр. № 543а-Ка.94. 28 октября 1994. КазГОСИНТИ. – 359 с.; «Основы художественного перевода», – А.: «Санат», 1996. – 208 с.; «Хикметы Ходжа Ахмеда Ясауи. Переводы на русский Сагандыковой Н.Ж.» –Алматы: Дайк-Пресс, 2000. – 205 с.; «Специфика художественного перевода в жанровом аспекте». –Алматы: «Кайнар», 2006. – 181 с.; «Сборник избранных произведений М-Ж. Копеева» (Н.Ж. Сагандыкованың орыс тіліне аударуымен). Алматы: «Дайк-Пресс», 2013. – 343 с. және т.б.

Н.Ж. Сағындықова Қожа Ахмет Ясауидың шығармаларын әлемде алғаш рет орыс тіліне аударып, орыс тілді оқырмандарға танымал етті. Мұны Москва, Санкт-Петербургтағы Ресейдің атақты шығыстанушы-ғалымдары С.Г. Кляшторный мен Т.И. Турсуновтар мойындап аударма өте жоғары деңгейде жасалған деп баға берген.

Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің шығармаларын да орыс тіліне аударып, орыс тілді оқырмандарға танымал етті. Көп жылдар бойы қазақтың  дарынды ақыны, ғұлама ғалым  ақтаңдақтардың қатарында жүрді. Тек егемендік алғанан бері ғана бабамыздың ұрпақтары басын көтеріп зерттей бастады. Соның нәтижесінде жиырматомдық жинағы жарық көрді. Әлі де болса он томға молынан жететін шығармалары, халық ауызынан жинаған материалдары қорда жатыр. Сондықтан бұл екі  аударылған кітаптың маңызы өте зор. Кезінде Қожа Ахмет Ясауидың шығармаларының орыс тіліне аударылғаны туралы өте жақсы пікірлер газет-журналдарда жарияланған.

Ғылыми қызметтен басқа да профессор Н.Ж. Сағындықованың білім саласында да еңбек атқарды. Көп жылдар бойы Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінде, Халықаралық журналистика  институтында, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде де лекциялар оқып, арнайы семинарлар өткізіп жүрді. Шығыстану институты Ғылыми кеңесінің мүшесі болды. Оның ғылыми  жетекшілігімен 7 аспирант пен ізденушілер кандидаттық диссертациялар сәтті қорғады. Теледидардан, радиодан қазақтың әдебиеті, мәдениеті туралы хабарларға қатысып пікірін айтып жүреді, кітапханаларға, мектептерге барып кездесулер өткізген.

Н.Ж. Сағындықова көптеген шәкірттері бар профессор, ұзақ жылдар бойы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің  Д.14А.02.22. диссертация қорғау кеңесінің белсенді мүшесі болды.

Қазақстан Ғылым академиясының жүйесінде 50 жылға жуық уақыт белді қызметтер атқарып, ғылым саласында абыройлы еңбек етті.

Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтында жұмыс істеген уақытында Н.Ж. Сағындықова өз ісіне берілген, кәсіпқой ғалым-маман екендігін көрсетті, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін асыл жан еді.