Ұлттық академиялық кітапхана мен Шығыстану институты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы мен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Құжатқа Ұлттық академиялық кітапхана директоры Күміс Қарсақбайқызы Сейітова мен Шығыстану институтының Бас директоры Дүкен Мәсімханұлы қол қойды.
Меморандумның басты мақсаты — ғылым, мәдениет және білім салаларындағы екі мекеменің өзара байланысын нығайту, ұлттық ғылыми және мәдени мұраны сақтау мен насихаттауда күш біріктіру.
Ынтымақтастық келесі бағыттарды қамтиды:
бірлескен ғылыми және мәдени іс-шараларды (конференциялар, семинарлар, симпозиумдар) ұйымдастыру;
ғылыми-зерттеу және білім беру жобаларын бірлесе жүзеге асыру;
ақпараттық ресурстар мен әдістемелік материалдар алмасу;
құқықтық және ғылыми білімді кеңінен тарату;
екі мекеме қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға арналған іс-шараларды өткізу.
Тараптар меморандум ұзақ мерзімді әрі нәтижелі әріптестіктің берік негізіне айналып, еліміздің ғылыми-ақпараттық кеңістігін дамытуға үлес қосатынына сенім білдірді.













