SAPIENZA РИМ УНИВЕРСИТЕТІ МЕН ALESSANDRINA КІТАПХАНАСЫНДАҒЫ КЕЗДЕСУЛЕР
3 желтоқсан 2024 жылы Ватикан сапары аясында Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының Бас директоры, профессор Дүкен Мәсімханұлы бастаған ғылыми экспедиция мүшелері Сапиенца (Sapienza) Рим университеті мен Алессандрина (Alessandrina) кітапханасында кездесулер өткізді.
Сапиенца (Sapienza) Рим университеті – 1303 жылы VIII Бонифац папаның (Papa Bonifacio VIII) жарлығымен тікелей Ватикан құзырында құрылған қазіргі таңда әлемнің әр түкпірінен келген 143 мыңнан астам студент білім алатын Италияның, тіпті, бүкіл Еуропаның ең алдыңғы қатарлы жоғары оқу орыны.
Қазақстандық ғалымдарды Университет жанында құрылған Евразия және Иран, Түркия елдерін зерттеу орталығының меңгерушісі, профессор Фабио Л. Грасси (Fabio L. Grassi) мырза қабылдады. Профессор Дүкен Мәсімханұлы Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты мен Sapienza Рим университеті арасында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге бағытталған өзара келісімдерге қол жеткізу жөнінде пікір алмасты. Қазақстандық тараптан айтылған аса құнды ұсыныстардың барлығын қолдап, ғылыми ұйымдар арасындағы екеуара келісімдер нәтижесінде меморандумға қол қою жұмыстарының құжаттары әзірленетін болды. Профессор Қалқаман Жұмағұлов Еуропа мен Ватикан кітапханалары және архив қорларындағы Түркі әлеміне қатысты батыс, шығыс дереккөздерін түгендеудің әдістеріне тоқталды. PhD, профессор Нұртас Әбдімомынов пікіралмасу сәтінде екі тараптың келіссөздеріне аударма жасап, Алтын Орда кезеңіне қатысты батыс дереккөздері жайлы тың ойларымен бөлісті. Аға ғылыми қызметкер Бағдат Дүйсенов Жошы ұлысы, Мәмлүктер кезеңіне қатысты Еуропа қорларында сақталған араб, парсы, түркі-қыпшақ тілдеріндегі филологиялық, лексикографиялық еңбектерді айқындау, табу, зерттеу мәселелерін ортаға салды. Кездесу соңында Институт директоры Дүкен Мәсімханұлы профессор Фабио Л. Грасси (Fabio L. Grassi) мырзаға Қазақстаннан әкелген сый-сыяпаттарды табыс етті. Италияндық ғалым зор ризашылығын білдіріп, келешекте тығыз ғылыми байланыстар орнатуға аса ықыласты екендігін жеткізді. Бұдан бөлек, қазақстандық ғалымдар Сапиенца (Sapienza) университетінде оқитын шетелдік студенттер мен магистранттарға қысқаша дәріс өткізіп, қазақстандық шығыстану ғылымының жетістіктерімен таныстырды.
Университеттегі кездесуден кейінгі ғылыми іс-шаралар Алессандрина университетінің кітапханасында (Biblioteca Universitaria Alessandrina) жалғасын тапты. 1667 жылы құрылған әлемге әйгілі бұл кітапханада 452 қолжазба, автографтар мен хаттар; шамамен 1 100 000 кітап және 15 000 баспасөз материалдары сақталған. Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының Бас директоры, профессор Дүкен Мәсімханұлы мен Кітапхана директоры Даниэла Фугаро (Daniela Fugaro) ғылыми ұйымдар арасындағы екі тарапқа да тиімді байланыстар жөнінде пікір алмасты. Қазақстаннан келетін зерттеушілер үшін тиімді жағдайлар және кітаптар мен керекті материалдарды интернет арқылы алудың жеңіл жолдары жөнінде ой бөлісті. Профессор Қ. Жұмағұлов кітапхана қорына өз кітаптарын сыйлыққа тарту етті. Кездесу соңында естелік суреттерге түсіп, кітапханадағы каталогтармен танысып, жоба бойынша қажетті материалдарды қарастырып, кітапханадағы жұмыстар жалғасын тапты.
Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының BR24993132 «Ватиканның және Батыс Еуропа елдерінің жаңа құнды материалдары бойынша Түркі әлемінің ерте және ортағасырлық тарихы мен мәдениеті» атты ғылыми жобасы аясында Еуропа, Италия және Ватикан Апостол кітапханасы мен архивтеріндегі құнды құжаттарды зерттеу мақсатында жүргізілген ғылыми экспедиция жұмыстары әлі де жалғасады.