Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты делегациясының Франция Ұлттық кітапханасы басшылығымен кездесуі

38

2025 жылғы 25 маусымда Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас директоры, профессор Дүкен Мәсімханұлы бастаған қазақстандық делегация Қазақстан Республикасының Франциядағы Елшілігінің қолдауымен Францияның Ұлттық кітапханасы шығыс қолжазбалар бөлімінің басшысы Лоран Эришемен кездесті.

Кездесу барысында Дүкен Мәсімханұлы 1996 жылы құрылған институт тарихы мен ғылыми қызметін жан-жақты таныстыра келе, бұл іссапардың басты мақсаты – Франция ұлттық кітапханасындағы  түркі әлеміне қатысты тарихи дереккөздерді жинау, жүйелеу және салыстырмалы талдау жүргізу, ғылыми тұрғыда жаңаша зерделеу екенін айтты. Тараптар «Ватикан мен Еуропа елдерінің бірегей материалдары негізінде түркі әлемінің ерте және ортағасырлық тарихы мен мәдениеті» атты ғылыми-зерттеу жобасы аясында тараптар осман, шағатай, татар, түркі және парсы тілдеріндегі сирек қолжазбалар мен архивтік құжаттарды зерттеу мүмкіндіктерін талқылады. Кездесуде географиялық карталар мен отарлық кезеңдегі экспедициялар барысында жиналған материалдарға ерекше қызығушылық білдірілді.

Франция тарапы екіжақты ғылыми ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық білдіріп, қазақстандық ғалымдардың бастамасын қолдайтынын жеткізді. Кездесуде тараптар тарихи, құнды  деректер, қолжазбалар мен құжаттарды зерттеуде екі жақты әріптестікті дамыту жолдарын талқылап, алдағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін саралады. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен зерттеулер, тәжірибе алмасу және мамандардың академиялық ұтқырлығын қамтитын өзара ынтымақтастық туралы Меморандум әзірлеп, қол қоюға уағдаласты.

Бұл кездесуге Францияның Ұлттық кітапханасы шығыс қолжазбалар бөлімінің қызметкерлері, атап айтқанда Қолжазбалар бөлімінің нұсқаушы бас маманы Фредрик Хитзел, ислам қолжазбаларының бас маманы Халид Чакур Амини, осы кітапхана қорындағы шағатай және түркі тіліндегі қолжазбаларды осман түрік қолжазбаларынан бөліп жеке каталог жасау грантының иегері Ламин Тамсаут, Қазақстанның Франциядағы Елшілігінің кеңесшісі Аида Қаңтарбекова,  ирантанушы, PhD Болатбек Батырхан, тарихшы, PhD Нұртас Әбдімомынов және «Болашақ» бағдарламасымен Парижде тағылымдамадан өтіп жатқан, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-інің аға оқытушысы, PhD Ғалия Қамбарбекова қатысты.

Франция Ұлттық кітапханасы шығыс қолжазбалар бөлімінде батыс және шығыс тілдерінде жалпы 56 тілде қолжазба сақталған. Парсы тіліндегі қолжазбалар саны 2869,  түрік тілінде 2038, оның ішінде 113 қолжазбаның Орталық Азияға қатысты шағатай тіліндегі қолжазба екендігі соңғы кезде анықталған. Бұдан өзге қолжазба қорында арамей, ассирия, бирма, моңғол, қытай, жапон, корей, латын, грек, иврит және барлық батыс тілдерінде қолжазбалар бар. Қордағы қолжазбалар 1661 жылдан бастап ретке келтіріліп, тіркеуге алынған. Қолжазбалар саяхатшылар, елшілер, саудагерлер, антикварлар арқылы қорға түскен. 1847 жылдан бастап арнайы қолжазба сатып алу жоспары құрылып, нәтижесінде түрлі аукциондарда қолжазбалар, тиын, монеталар, карталар сатып алынып, олардың қанша ақшаға, қай кезде сатып алғандығы тіркеліп отырған.

Патшалық (король) кітапханасы деп аталып келген аталмыш кітапхана  1792 жылдан бері Франция ұлттық кітапханасы деген мәртебеге ие болған.

slot danahttps://cefta.int/