Қазақстан және Шығыс елдері: тарихи өзара іс-қимыл мен ынтымақтастық перспективалары

2025 жылғы 21 қазанда Алматы қаласындағы «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ұйымдастыруымен Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларациясының 35 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.
Конференция тақырыбы — «Қазақстан және Шығыс елдері: тарихи өзара іс-қимыл мен ынтымақтастық перспективалары» — еліміздің шығыстану ғылымының заманауи бағыттарын айқындап, Қазақстан мен Шығыс мемлекеттері арасындағы тарихи, мәдени, саяси және экономикалық байланыстарды жаңа қырынан саралауға бағытталды.
Конференцияның ашылуында Институт бас директоры, профессор Дүкен Мәсімханұлының құттықтауын бас директор орынбасары Ғалымжан Дүйсен сөз сөйлеп, шараның ел тәуелсіздігі тарихындағы орны мен ғылымдағы интеграциялық маңызын атап өтті.
Пленарлық отырыс барысында Орталық Азия мен Шығыс елдерінің тарихи байланыстары мен ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды. Отырыста шетелдік және отандық ғалымдар өз пікірін ортаға салды. Атап айтқанда:
- Аблат Ходжаев (Өзбекстан) – ежелгі қытай деректеріне сүйене отырып, түркі халықтарының Алтайда пайда болуы жөніндегі жаңа көзқарасын ұсынды.
- Меруерт Әбусейітова (Қазақстан) – Орталық Азия мен Шығыс елдері арасындағы диалог пен өзара ықпалдастықтың тарихнамасын талдады.
- Сантош Кумар Ранджан (Үндістан) – Үндістан мен Корея арасындағы интеллектуалдық байланыстардың тарихи негізін қарастырды.
- Дәулетбек Раев (Қазақстан) – Қытайдың Хан әулеті мен Үйсін мемлекеті арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасты тарихи тұрғыдан зерттеді.
- Бахромжон Хайназаров (Өзбекстан) – Ұлы Жібек жолының ортақ мәдени құндылықтарды қалыптастырудағы рөлін көрсетті.
- Эркин Туракулов (Өзбекстан) – Жасанды интеллект – экологиялық білім берудегі заманауи оқу құралы ретінде маңызын талқылады.
- Ирина Мусинова (Ресей) – KOICA ұйымының Қазақстандағы білім беру саласындағы қызметін саралады.
- Дүкен Мәсімханұлы және Айнұр Әбиденқызы (Қазақстан) – Орта Азия мен Қытай қатынастарындағы Шыңжаң өңірінің орны мен болашағын талқылады.
- Аксанат Панзабекова (Қазақстан) – Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы тауар айналымын талдады.
- Рисалат-Биби Каримова (Қазақстан) – ұйғырлардың рәсімдік мәдениетінің трансформациясын этносаралық өзара ықпалдастық тұрғысынан баяндады.
- Гүлбахрам Молотова (Қазақстан) – түркі халықтарының бірлік идеясының қалыптасу тарихын ашып көрсетті.
- Қастер Сарқытқан және Гауһар Бағдатова – «Бір жол – бір белдеу» жобасы аясындағы Қазақстан-Қытай сауда қатынастарын зерттеді.
Бұл конференцияда 40 қа жуық ғалым мен сарапшы қатысып, Қазақстан мен Шығыс елдері арасындағы тарихи сабақтастық, экономикалық ықпалдастық және мәдени байланыстар кеңінен талқыланды.
Шара нәтижесінде шығыстану ғылымының өзекті бағыттары айқындалып, жас ғалымдарға жаңа ғылыми бағыттар бойынша ізденіс кеңістігі ашылды.