Қазақстан мен Әзірбайжан шығыстанушылары ғылыми әріптестікті нығайтты

2025 жылдың 6 қазан күні ҚР Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының шағын қүрамдағы делегациясы Әзірбайжан астанасы әсем Баку қаласында өз жұмысына кірісті. Алғашқы кездесу Қазақстан мен Әзірбайжанның Шығыстану институт басшыларының кездесуімен басталды. Алматыдан келген делегацияның құрамына Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының Бас директоры, профессор Дүкен Мәсімханұлы, жетекші ғылыми қызметкер, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Б.Қ. Смағұлов, Бас директордың халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары, PhD (Шығыстану) С.К. Әмірбекова кірді.
Әзірбайжан Ұлттық Ғылым Академиясының Академик Зия Бүниятов атындағы Шығыстану институтының директоры, профессор Гёвхар Бахшалиқызы Бахшалиева өз Институтының тарихы мен ұжымының жеткен жетістіктерімен кеңінен баяндады. Өз кезегінде Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының Бас директоры, профессор Дүкен Мәсімханұлы да өзі басқарып отырған институттың тарихымен, бүгінгі әлеуетімен таныстырды.
Бұл жолғы кездесудің екі Институт үшін де маңызы өте зор болды деуге толық негіз бар. Атап айтқанда келіссөз өте өнімді, ашық әрі бауырластық жағдайда өтті. Бұл кездесуде ғылыми зерттеулерге ғана емес, сонымен қатар жас ғалымдардың өсуіне, ғылыми дәстүрлердің сақталуына және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға үлкен көңіл бөлінді. Кездесудің басты арнасы түркологияның өзекті ғылыми мәселелеріне, ортағасырлық тарихтың ортақ беттеріне және қазіргі Шығыс елдерінің геосаяси үрдістеріне арналды.
Жеткен келісімдердің түйініне келсек:
– бірлескен зерттеу жобалары: Қазақстан мен Әзірбайжан Шығыстану институттарының күшін біріктіріп, ортақ ғылыми жобалар әзірлеуге басымдық берді. Бұл жобалар түркі халықтарының рухани және материалдық мұрасын зерттеуге бағытталатын болады;
– ғылыми қолжазбалармен алмасу: екі Институттың да қолжазба қорларында ортақ тарихты айқындайтын құнды деректер өте мол;
– бірлескен конференциялар мен басылымдар: болашақта болатын Алматыда және Бакуде халықаралық ғылыми конференциялар өткізуді жоспарланды. Сонымен қатар екі Институттың беделді ғылыми журналдарында ғылыми мақалалар шығару туралы уағдаласты;
– жас ғалымдарды қолдау: болашақ ғылыми кадрлар дайындау мақсатында жас шығыстанушылар мен докторанттар үшін тәжірибе алмасу бағдарламаларын құру және жетекшілік болу туралы келісілді.
Екі Институттың көшбасшылары екі ел арасындағы ғылыми байланыстардың нығаюына кепіл берді. Бұл кездесудің нәтижесі екі бауырлас елдің ғылымының берік көпірінің қалануы. Бакудегі кездесудің құндылығы – Қазақстан мен Әзірбайжан Институттарының кәсіби біліктілігі, ғылыми бірлігі және достық пейілде өткендігінде!
Әзірбайжанның Шығыстану институты туралы шағын ақпарат: аталған ғылыми мекеме 1958 жылы құрылып, ортағасырлық және қазіргі Шығыстың терең білімі мен рухани мұрасының қайнар көзіне айналды. Бұл Институт Шығыс елдерінің тарихын, мәдениетін, экономикасын ғана зерттеп қоймай, отандық зерттеулерде зор табыстарға жетті. Әзірбайжан институттың гүлденуі мен халықаралық аренадағы беделі, ең алдымен, оның белгілі әрі көрнекті директоры, профессор Гёвхар Бахшалиқызы Бахшалиеваға байланысты екендігі айқын. Институттың басшылары мен ғалымдарының даналығы мен қажырлы еңбегі ерекше мақтауға тұрарлық. Оның жетекшілігімен Академик Зия Буниятов атындағы Шығыстану институты Шығыс елдерінің тілдерін, әдебиетін, тарихын және мәдениетін зерттеуде жаңа биіктерге жетіп отыр. Институттың әрбір ғалымы – өз ісінің нағыз майталманы. Араб, парсы және түрік қолжазбаларының құпиясын ашып, Кавказ бен Таяу Шығыс тарихының күрделі мәселелерін талдай отырып, ғылыми әлемге құнды білім қосып келеді. Институт қызметкерлерінің ғылыми еңбектерінен дәлдік, тереңдік және патриоттық рухтың үйлесімін көруге болады. Қазіргі уақытта Академик Зия Бүниятов атындағы Шығыстану институтының негізгі бөлімдері:
– Түрік филологиясы бөлімі;
– Иранның тарихы және экономикасы бөлімі;
– Араб елдерінің тарихы мен экономикасы бөлімі;
– Түркияның тарихы мен экономикасы бөлімі
– Деректану және жазба ескерткіштерді зерттеу бөлімі;
– Дін және қоғамдық ой-пікір бөлімі;
– Азия және Тынық мұхит аймағы бөлімі;
– Орталық Азия елдері бөлімі;
– Шығыстану ғылымының теориясы бөлімі;
– Оңтүстік Әзірбайжан бөлімі; және т.б.
Екі елдің ғылыми ынтымақтастығы мәңгілік болсын!