ШЫҒЫСТАНУ ИНСТИТУТЫНЫҢ ҒАЛЫМДАРЫ ҚХР АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДАҒЫ КОНСУЛДЫҚ БАСШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтына Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Цзян Вэй ханым, Бас консулдың орынбасары Чжун Хуа ханым және Бас консулдың үшінші хатшысы Чень Сянюнь бастаған консулдық басшылары арнайы келіп институттың қытайтанушы жетекші ғалымдарымен кездесу өткізді.
Институттың бас директоры ф.ғ.д., профессор Д. Мәсімханұлы консулдық басшыларын Шығыстану институтының тыныс-тіршілігі, атқарылып жатқан жұмыстар және ғылыми жобаларымен кеңінен таныстырды. Бүгінде, Институт Қазақстанның шығыстану саласындағы ірі ғылыми-зерттеу орталығы болып табылатынын атап өтті.
Сондай-ақ институт директоры Қазақстан мен Қытай ежелден іргелес жасап келе жатқан тату көршілер екенін атап өтті. Қазақ-Қытай елдері арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жылдан асты. Екі елдің бірлесіп жүзеге асырып жатқан жобалары, сауда-саттық қарым-қатынасы, мәдениет және білім саласындағы байланысы жылдан-жылға өркендеп, дамып келеді. Қазақстан мен Қытай арасындағы байланысты нығайту мақсатында бірқатар құжатқа қол қойылған. 2013 жылы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға жасаған ресми сапары кезінде Назарбаев университетінде сөз сөйлеп «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасын ең алғаш ортаға қойған болатын. Биыл осы оқиғаға 10 жыл толып отыр.
Өз кезегінде Бас консул Цзян Вэй ханым екі елдің қарым-қатынасының дамуына тоқталып, екі ел халықтарының достығының нығаюына үлкен үлес қосып отырған Шығыстану институтының ғалымдарымен кездескеніне қуанышты екенін жеткізді.
Екі жақты кездесу барысында институттың ғалымдары Қазақстан-Қытай достық қарым-қатынасын нағайтуға қатысты ортақ жобаларды, ғылыми конференциялар, семинарларды бірлесіп өткізу, Қытайдың ежелгі архивтік құжаттарында сақталып келген ежелгі қазақ тарихына қатысты деректерді ғылыми айналымға енгізу туралы ұсыныстар талқыланды.
Институт директоры Д. Мәсімханұлы екі елдің арасына алтын көпір болып жүрген елшілік басшыларына жемісті кездесу үшін алғысын білдіріп, институттың жанынан шығатын басылымдар мен өзінің кітаптарын сыйға тартты.
Шығыстану интитутының ақпарат бөлімі