Әл-Фараби мұрасы жасампаздыққа жол ашады

932

Күллі адамзатқа аты мәшһүр дала данышпаны Әбу Насыр әл-Фарабидің сарқылмас қазынасын айшықтаған шаралар шоғыры жыл басынан бері еліміздің әр өңірінде қанат қаққаны белгілі. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен ұлы баба есімін асқақтатқан атаулы жыл қорытындыланды. Шараға Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов, академиялық қоғамдастық пен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Әл-Фараби есімін әлемге әйгілеген көрнекті ғалым Ақжан Машанов екені көпке мәлім.  Іргелі оқу ошағының жанынан құрылған  Әл-Фараби халықаралық орталығында әлемге Әл-Машани деген атпен танымал фарабитанушының жарқыраған бюсті ашылғанын айрықша  атай кеткен жөн.  Мемлекеттік хатшы салтанатты рәсімдегі құттықтау сөзінде адамзаттың Екінші Ұстазы Әл-Фарабидің Қазақстан аумағында, Отырарда бір кездері Фараби деп аталған Қазақстан мен Орталық Азияның ежелгі мәдени орталығында дүниеге келгенін әлемге ғылыми тұрғыдан дәлелдеген қазақстандық фарабитану мектебінің негізін қалаушының ерекше үлесін атап өтті.

Осыдан жарты ғасыр бұрын 1975 жылы ЮНЕСКО қамқорлығымен Алматы қаласында  Әл-Фарабидің 1100 жылдығына арналған халықаралық форум өткізу туралы шешімнің қабылдануы қазақстандық ғалымның баға жетпес еңбегінің мойындалуының тағы бір көрінісі болғаны анық. Дөңгелек үстел форматында өткен ғалымдармен кездесу барысында Қырымбек Көшербаев Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойының кейбір қорытындыларын шығарып, мерейтойлық жыл ЮНЕСКО қамқорлығымен халықаралық деңгейде атап өтілгеніне тоқталды.

– Тағылымы мол тарихи жыл да аяқталып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа жасаған биылғы Жолдауында «ұлттың жаңа болмысын» қалыптастыру бойынша баршамыздың алдымызға аса маңызды міндет қойды. Бұл орайда, кез келген бәсекелестікке төтеп беретін әрі ұлтымыздың ұлы қасиеттерін бойына сіңірген ұрпақ қалыптастыруда әл-Фараби бабамыздың мұраларын жастардың бойына барынша сіңірудің мәні ерекше зор. Сонымен қатар, ұлы ойшыл дүниеге келген Ұлы Дала төсінде отандық ғылымды өркендету де өте өзекті мәселе. Әл-Фараби бабамыз осыдан мың жыл бұрын дүниенің мәңгілігін, танымның болмысқа тәуелдігін айқындап парасат туралы ілімді сараптап, саралады. Сол замандардың өзінде дала кемеңгері «Ғылымдар тізбегі», «Бесінші трактат», «Медицина каноны», «Қайырымды қала», «Риторика», «Бақытқа жол сілтеу», «Вакуум туралы» және басқа да ондаған іргелі еңбектер жазғанын ескерсек, ұлы баба ұрпақтары қазіргі таңда тарихи әрі табиғи сабақтастықты қамтамасыз етуге міндетті. Әл-Фарабидің мерейтойлық жылында өткізілген барлық іс-шаралар қазіргі заманғы білім беру, ғылым, инновация және халықаралық ынтымақтастық жүйесінің дамуына қуатты серпін беріп отырғанын  айрықша атап өтуіміз керек. Әл-Фараби шығармашылығын пәнаралық зерттеу жандандырылды, соның арқасында әлемдік философия мен ғылым контекстінде Әл-Фарабидің әлеуметтік-философиялық көзқарастарының басты идеялары мен принциптерінің қазіргі мазмұнын анықтау бойынша жұмыс жалғасуда, – деді Қырымбек Көшербаев.

Ұлы ойшыл мұрасының негізінде адамның рухани-зияткерлік жетілуі парадигмасы мен ізгілікті қоғам қалыптастыру стратегиясы айқындала түсетінін айтқан Мемлекеттік хатшы, мерейтойлық жылдың қисынды аяқталу шарасы әлем ғалымдарының қатысуымен Нұр-Сұлтан қаласында өтетін халықаралық онлайн-форумда қорытындыланатынын жеткізді.

Пандемияға қарамастан, қазақстандық фарабитанушылар мен ғылыми қоғамдастық ұлы ғалымның мұрасын елде және бүкіл әлемде кеңінен насихаттап дәріптеу бойынша орасан зор жұмыс атқарған.

Мерейтойлық іс-шараларға қатысуға халықаралық қоғамдастық және академиялық орта кең ауқымда тартылды, олардың ішінде БҰҰ мен ЮНЕСКО, ИЫҰ, ТҮРКСОЙ, дипломатиялық миссиялардың өкілдері, сондай-ақ шетелдік жетекші фарабитанушы ғалымдар бар. Шетелдегі Қазақстанның Елшіліктерімен және Әл-Фараби орталықтарының қолдауымен және жетекші шетелдік университеттермен бірлесіп – Оксфорд университеті, Джавахарлал Неру университеті, Стамбұл университеті, Каподистри атындағы Афина ұлттық университеті, София университеті, Дамаск университеті, Египет университеті және басқа университеттермен бірқатар халықаралық конференциялар өткізілді. Әл-Фарабидің мерейтойы Үндістан, Сингапур, Малайзия және Индонезияда аталып өтті. Халықаралық іс-шараларға әлемнің 50 елінің атынан 100-ден астам университеттерден және тағы басқа ұйымдардан 12 мыңнан астам адам қамтылған.

777

Ел көлемінде онлайн режімде 60-тан астам конференция, дөңгелек үстелдер мен ғылыми семинарлар өткен. Мәселен, әлеуметтік желілерде ашық қолжетімділікпен «Парасаттылық сағаты» жалпыреспубликалық акциясы, «Әл-Фараби және қайырымды қоғам» атты видеодәріс, «Екінші Ұстаз» онлайн веб-семинарлар сериясы жұртшылыққа жол тартқан. «Қайырымды қоғам» челленджіне әлемнің 7 елінен келген шетелдік студенттермен қоса, Қазақстанның жоғары оқу орындарының 14 мыңға жуық студенті қатысыпты. «Әл-Фараби» халықаралық пәндік олимпиадасында алыс-жақын шетелдердің 10 елінен 9,5 мыңнан астам мектеп оқушысы бақ сынаған. Олимпиада жеңімпаздарына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқуға 40 білім гранты бөлінді.

Сонымен қатар, Әл-Фарабиге арналған 7 монография, данышпанның дәйексөздер жинағы, «Қайырымдылық» ойлары мен нақыл сөздері қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрді. Әл-Фарабидің бұрын жарияланбаған үш трактаты араб тілінен қазақ тіліне аударылған.

Кездесу аясында әлемде тұңғыш рет жарық көрген «Әл-Фараби» энциклопедиясының тұсаукесері өтті. Энциклопедияның мазмұны тарихи деректер, мәліметтер, географиялық нысандар, өмірбаяндық мәліметтер, ойшылдың өмір жолы мен ғылыми мұраларын (трактаттары мен оларға түсіндірмелер), ұғымдар мен терминдер, араб-мұсылман Ренессанс кезеңіндегі белгілі ғалымдардың еңбектерін қамтиды. Онда заманауи зерттеушілер мен қазақстандық фарабитанушылар, сондай-ақ, ислам философиясы, дін, мәдениет, ғылым және білім мәселелерімен айналысатын барша ғалымдар туралы библиографиялық мәліметтер келтірілген.

Мемлекеттік хатшыға сонымен қатар мерейтойлық жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Қазақстанда және шет елдерде ұйымдастырған және өткізген негізгі оқиғалар мен іс-шараларды қамтитын «Ұлы Даланың Ұлы есімі» фотоальбомы ұсынылды. Онда еліміздің жетекші университетінің ұлы ойшылдың рухани мұрасын танымал ету, зерттеу, зерделеу, насихаттау және мәңгі есте қалдыру жөніндегі жобалары мен бастамалары туралы баяндалады. Кітап тек фарабитанушы ғалымдар мен ғылыми қоғамдастықтың ғана емес, сонымен қатар оқырмандардың кең ауқымы үшін де қызықты деректермен толыға түскен.

Бүгінде Сирияның Дамаск қаласында ұлы ғұламаның  Визит орталығы мен музейі жұмыс істеп тұр. Бұл туралы баяндаған ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов: «Ол орталықта ҚазҰУ бөлімшесі ашылады. Аталған бөлімшеде биыл ғылыми және қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыратын боламыз. Жеке тұлғаның интеллектуалды және адамгершілікті кемелденуінің тұтастығы жөніндегі  Әл-Фараби идеясын жан-жақты таратуға бүгінде әлемнің 12 елінен ашылған  әл-Фараби орталықтары қосылды. Бұл орталықтар жанынан ҚазҰу филиалдарын ашу жұмыстары қолға алынды», деп атап өтті.

Кездесу соңында Қырымбек Елеуұлы қазақстандық ғалымдарға қажымас ғылыми ізденістері үшін алғысын білдіріп,  жаңа табыстар тіледі. Іс-шараға қатысушылар Әл-Фараби шығармалары және ол туралы жаңа басылымдар көрмесімен, сирек кездесетін кітаптар қорымен және кітапхананың тақырыптық залдарымен, Әл-Фараби мұражайының жаңартылған экспозицияларымен танысты.

ҚР Мемлекеттік хатшысының сапары аясында Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институты мен төртінші мерзім қатарынан ҚазҰУ басқарып келе жатқан БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» бағдарламасының Ғаламдық хабының жаңартылған кеңсесінің тұсаукесері өтті. Сондай-ақ, Қырымбек Көшербаев университет ғалымдарының, соның ішінде заманауи ІТ-технологияларды қолдана отырып жасаған бірқатар зерттемелерімен танысты.

АЛМАТЫ

https://egemen.kz/article/252520-al-farabi-murasy-dgasampazdyqqa-dgol-ashady

https://www.pria.org/https://ula.kemendagri.go.id/https://fkip.unsulbar.ac.id/https://rskiasawojajar.co.id/https://satvika.co.id/https://lpmpp.unib.ac.id/https://cefta.int/https://terc.lpem.org/https://empowerment.co.id/https://pgsd.fkip.unsulbar.ac.id/https://ilmuhukum.unidha.ac.id/http://ebphtb.linggakab.go.id/https://gizi.poltekkespalembang.ac.id/https://eproc.jawapos.co.id/https://lppm.unika.ac.id/