ШЫҒЫСТАНУДЫҢ ШЫНАЙЫ ҒҰЛАМАСЫ ЕДІ…

514

Былтыр дүниеден өткен есімі елге белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы және Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, бас мүфти болып істеген шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі туралы айтқанда екі мәселеге ерекше тоқталсам деймін. Екеуі де еліміз үшін, мемлекетіміз үшін өте маңызды дін мен тіл мәселесі.

2009 жылы ақпан айында парламентте дін туралы заңға өзгерістер енгізілетін болды да, біз “Қазақ үні” газетінде заңға діни радикалды ағымдарға тосқауыл қоятын бап енгізу туралы мәселені қатты көтердік. Белгілі журналист Өмірзақ Ақжігіт осы тақырыпқа арнайы мақалалар жазды. Ақырында Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы төрағасы, бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәліге барып, осы мәселені бірлесіп көтеру мәселесін алдына тарттық.

Дәстүрлі дінімізге қарсы радикал ағымдарға заңмен тыйым салу үшін бірлескен жоба жасауды ұсындық.

Бас мүфти бастамамызды бірден қолдады. Біз “Қазақ үні” газетінің осы өте өзекті діни тақырыпқа арнаулы санын шығарып, бірінші бетіне Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы төрағасы, бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлінің барлық мешіттерде радикал ағымдарға қарсы тосқауыл қою және дін туралы заңға осыған байланысты бап енгізу туралы Үндеуі жарияланды. “Қазақ үні” редакциясы газеттің бұл арнаулы санын әдеттегі тираждан 10 мың дана артық шығарып, бас мүфтидің келісімімен еліміздегі барлық мешіттерге тараттық.

Бірақ соның өзінде біздің солқылдақ парламент осы бапты енгізе алмады. Басты кедергі, биылғы Қаңтар қасіретіне байланысты парламентте екі рет жасаған депутаттық сауалдарымда атап көрсеткендей, елдігімізге қарсы қауіпті күштерге ең бірінші тосқауыл қоюы тиіс Ұлттық қауіпсіздік комитетінің керіскнше “Ұлтқа қауіпті комитетке” айналуы…

Сол кезде “Қазақ үні” газеті көтерген сол заң жобасы қабылданғанда, содан кейінгі, ақыры Қаңтардың қанды қасабына әкелген небір қайғылы оқиғалар, бір ұлттың екіге бөлінуі секілді қасіреттер орын алмас еді…

2011 жылы Көкшетауда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының V құрылтайында мемлекеттік тіл мәртебесін арттыруда батыл мәселелер көтерілді. Құрылтайды қоғамның құрметті президенті, академик Әбдуәли Қайдар ашып, кіріспе сөз сөйледі.

Президент әкімшілігі басшысы орынбасары Мәулен Әшімбаев, Мәдениет министрі Мұқтар Құл-Мұқаммед, қазақша баяндама жасаған Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Өмірзақ Айтбайұлы, Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы және Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлілер өткір ойлары мен ұтымды пікірлерін білдірді.

Сонда , “Ана тілі” газетінің жазуынша, бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі қазақ тілін үйрену және үйрету тетіктеріне тоқталып, мүфтиятта мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін жасалған мәжбүрлік жағдайлардан нақты мысал келтіреді.

Бірде мүфтиятқа АҚШ елшілігінен хат келеді. Мүфтият хат қазақ тілінде болмағандықтан, оны қарап, жа­уап бермеген. Бір айдан соң елшілік хатына жауап сұраған. Бұл жақтағылар хат мемлекеттік тілде жазылмағандықтан, қаралмағанын айтқан. АҚШ елшілігі кешірім сұрап, мемлекеттік тілде хатты қайта жазыпты. Тағы бірде мүфтиятқа Франциядан делегация келеді. Бас мүфти өзі қабылдайды. Делегация басшысының сөзін аудармашы орыс тіліне аударып жеткізеді. Мүфти «бізде ісқағаз, келіссөз мемлекеттік тіл, яғни қазақ тілінде жүргізіледі» деп қысқа қайырады. Француздар кешірім сұрап кетеді де, ертеңінде қазақ тілді аудармашыны ертіп келеді.

Міне, көрдіңіздер ме, Әбсаттар қажы өзі бірнеше тіл білсе де, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, мемлекеттік мүддені қорғап отыр. Егер біздің Ақордадан бастап, үкімет, парламент, министрлік, әкімдіктерде, барлық мемлекеттік мекемелерде, әр мекеме, ұйымдар Әбсаттар қажы басқарған Мүфтияттан үлгі алып, осындай мәжбүрлік жасағанда, миллиардтар жұмсалса да “миымды ауыстырмаса мемлекеттік тілді үйрене алмаймын” дейтін министрлер (Е.Ыдырысов) болмас еді. Әркім бір тиынсыз-ақ өздері үйреніп алар еді.

Осы сөзінде Әбсаттар қажы ана тілін үйрету әр шаңырақтан бас­талатынын айта келіп, мемлекеттік тілдің дамуындағы отбасының рөліне ерекше тоқталады..

Осы құрылтайда Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау туралы қаулы қабылданды. Одан бері 13 жыл өтіп, Тәуелсіздікке 30 жылдан асса да, әлі заң қабылданған жоқ…

Ел тәуелсіздігін алғанда Алматыда небәрі бір ғана мешіт болатын. Оның өзі ескі, өткен ғасырда ағаштан салынғанды. Әбекең туралы айтқанда, ол кісі мүфтиятты басқарғанда елімізде Алланың үйі -мешіттердің саны күрт өскенін жақсы білеміз.

Әбсаттар қажының Алматыдағы 33-ші мешітті Қалқаман ықшам ауданында ашқанында, арнайы шақырумен өзім де бірге болып едім.

Сәулеті еліміздегі өзге мешіттерге ұқсамайтын 800 орындық мешіттің алды алаңқай, айналасы әлденеше аспалы қызғылт қорғанмен қоршалған. Күмбездің екі жағында қазандық сәулетке сәйкес ұшар бастары көкке шаншылған қос мұнара бар.

Бұл мншітті әкелі-балалы Ноғай мен Сәбит Асыловтар алғашқы іргетасын қалап, одан кейінгі негізгі ауыр жүгін көтерсе, оның екеуі де бұл дүниеден озған соң бірқатар кәсіпкерлер құрылысты жалғастырып, аяқтаған болатын. Мешіттің ашылу салтанатында Дінбасы, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі: “Ноғай мен Сәбит Асыловтардвң екеуі де Алла разы болсын, діні мен ұлтын сүйген абзал, тақуа жандар еді. Әкелі-балалы тақуа марқұм бауырларымыздың рухы пейіште шалқысын!”-деп, тебірене толқып, еске алды.

Дінбасы Әбсаттар қажы, қала әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов және Ақтөбе қаласынан арнайы келген облыс прокуроры Берік Асылов (мешітті салдырған Ноғайдың үлкен ұлы) жаңа мешіттің лентасын қиып, ішке кірдік. Екі рәкәт сәлем намазынан соң Дінбасы уағыз айтты.

Өркениетке қатысты ой-толғамдарын ағытты.

– Ислам – ұлы дін. Қазақстан тәуелсіздігімен бірге шашырап кеткен мәдени, әдеби, ой мұрамыз һәм жазба жәдігерлерімізді де жинақтайтын кез келді. Ислам – салауатты өмірге шақыратын дін. Ислам – ғылым, қайырымдылық, иман, шапағат, мәдениет, өркениет. Біз ұлы мақсатқа оқу, ғылым, білім және парасатпен ғана жете аламыз. Исламда тек киім эстетикасы ғана емес, өз бойын таза ұстау, сақал, шаш қоюдың да өзіндік этикасы бар. Ислам – әлемдегі мұсылман халықтарының өмір салты, тарихы, білімі және мәдениеті. Дініміз руханияттың алтын өзегіне, яғни діңгегіне айналуға тиіс. Аталарымыз мың жылдай бұрын тек қана Исламды таңдаған. Өйткені, Ислам – шынайы, таза, ақиқат дін. Сол себепті де әлем бойынша жыл сайын Ислам беделі өсіп келеді. Ислам діні – біздің өмір салтымыз. Оған негізделген мәдениетіміздің де тамыры тереңде. Өйткені, дін мен мәдениет қашан да бір-бірімен сабақтас. Дін – барлық ғылымның, рухани дамудың, мәдениеттің негізі. Иманды ел – инабатты ел. Жалпы кім де болса, қандай жағдайда болмасын, кісілік қасиетін жоғалтпағаны абзал. Өзіңді сыйлатқың келсе, әуелі өзгені сыйлауды үйрен. Салауатты қоғам – иманды қоғам. Оның болашағы жарқын.

Тәуелсіздігіміздің баяндылығын, халқымыздың ынтымағы мен бірлігін, әлемнің алдыңғы қатарлы еліне айналуын ойлау –міндетіміз. Дін – адамзатты, отбасын, қоғамды дамытып, үйлестіретін қуатты күш. Ислам өркениеттерді бір-біріне қарсы қойып текетірестірмейді, жауықтырмайды, керісінше әріптестікке, бірлесе қызмет етіп, үн қатысуға, өзара сұхбатқа шақырады. Ислам – ғылым, білім діні. Хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз айтқандай: «Ислам – ғылым дамыған сайын ашылады». Сондықтан дініміздің бүгіні де, ертеңі де біліммен, ғылыммен тікелей байланысты. Біз ең алдымен діни ағартушылық жұмысты биік деңгейге көтере түсуіміз керек. Ал, бұл ретте сіздер, парасатты қауым асыл дінімізге түпкілікті бет бұрмай, көздеген мақсатқа жетуіміз қиын. Жұрт алдымен зиялыларға үлкен үмітпен қарайды. «Осылар не айтады?» – дейді. Ал, зиялы деп үлгі тұтар бауырларымыз бірінің жағасынан бірі алып, өсек-өтірік, ғайбатқа жол беріп жатса, келешек ұрпақ алдында ұятқа қалмаймыз ба?

Рухани жүдеулікке жол беруге әсте, болмай- ды. Өзін мұсылман санайтындардың бәрін шынайы мұсылман дей аламыз ба? Сонда мұсылман дегеніміз кім? «Ол ісімен де, тілімен де өзгеге залал келтірмейтін адам», – дейді хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз. Кісіні дініне, түріне, ұлтына, нәсіліне, киіміне қарап емес, ең алдымен адамдық қасиетіне қарап сыйлауды үйренуге тиіспіз.

Дін – бейбіт өмір, ынтымақ пен иман мәдениеті. Алла тағала адамға сөйлесін деп тек ауыз бен тіл беріп қана қойған жоқ, сондай-ақ бірін-бірі тыңдасын деп құлақ та берді. Парасатты адамдар артқа емес, алға ғана шақырады. Ислам ештеңеге қарамай алға жылжып, ғылым-білімді дамытуы керек. Бүгінгі ұрпақ Әбу Нәсір әл-Фараби, Әбу Әли ибн Сина, Әбу Райхан әл-Бируни салған ғылым, білім дәстүрін жалғастыруға тиіспіз. Біздің жолымыз – Ислам жолы, яғни ғылым, білім, өркениет, мәдениет, бейбітшілік жолы. Діндер, ұлттар мен ұлтаралық достық, ынтымақ пен өзара түсіністік жолы. Өз заманында көшпелі бәдәуилер арасында өлең шығару өнері батырлықтан кем саналмаған.

Өз тайпасының, руының даңқын шығаратын ақындар болғандықтан, өлең өнерін білетіндерге қоғамы өз төрінен үлкен орын берген. Бұл жағынан олар қазақ табиғатына тым жақын. Ақынның шеберлігі табиғатты суреттеуінен-ақ көрінеді. Өз дініне берік халық қана өзін сақтай алады. Құр айқаймен, даурығумен экономика көтерілмейді, бірлік те болмақ емес. Тіл, дін, экономика өзара ынтымақ пен бірлік орнаған жерде ғана дамып, өркен жаяды. Ислам діні – бейбітшілік, зиялылық, имандылық, шапағат, қайырым, мейірім діні. Ол тек арабтарға немесе белгілі бір ру, тайпа, ұлт, нәсіл емес, бүкіл адамзатқа түсірілген. «Олар ынтымақта болсын, бірін-бірі танысын, достықта өмір сүрсін» деп түсірген. «Худжурат» сүресінің 13-аятында: «Ей, адамзат! Сендерді біз әуелде бір еркек, бір әйелден (Адам ата мен Хауа анадан), бір ата, бір анадан жаратып, өрбіттік. Өзара қарым-қатынас жасауларың үшін көптеген ұлт, ұлыс етіп көбейттік», – дейді.

Қасиетті Құранда осындай бір-бірімен бейбіт жағдайда өмір сүріп, ізгілік пен игілікті істер істеуге шақыратын аяттар аз емес. Мұндай парасатқа, терең ой, үлкен мәнге ие нақылдар пайғамбарымыз хазреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадис шәріптерінде жетіп артылар. Басқаны былай қойғанда, мұсылмандардың өзара татулықтарына да айрықша көңіл бөлінген. Халыққа кім қай жерден қалай бөлінеді деген емес, қашан, қалай бірігеміз деген әңгіме айтылуы керек. «Бөлінгенді бөрі жейді», – дейді дана халқымыз. Бірлігі күшті ел – алынбас қамал”-деп толғаған еді. Бұл туралы сол кезде ҚМДБ баспасөз хатшысы, Оңғар Өмірбек “Қазақ үні” газетінде жарияланған мақаласында жазды.

Әбсаттар қажы Дербісәлі Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасын 13 жыл басқарған және Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы болған жалғыз қазақ. 2000 жылы Босния мен Герцеговинаның астанасы Сараевода және 2002 жылы Кипрде өткен Еуразия Ислам Шурасының IV – V халықаралық конференцияларында осы ұйым төрағасының бірінші орынбасары болып екі рет сайланды.

Ол шығыстанушы, дінтанушы, әдебиет зерттеуші, жазушы, сыншы, филология ғылымдарының докторы.

ҚазМУ-дің әл-Фараби атын алуына үлкен еңбек сіңірді. Республикамыздың мемлекеттік 10 университетінің «Құрметті профессоры», Халықаралық «Араб тілі» Ғылым Академиясының (Каир) академигі. республикалық арабтану ғылымының негізін салушылардың бірі. Арабистика саласы бойынша еліміздің тұңғыш ғылыми докторы, тұңғыш профессоры, тұңғыш академигі.

Ол алғаш рет әл-Фараби атындағы Қазақтың Ұлттық университетінде араб бөлімі мен Шығыс тілдер кафедрасын және шығыстану факультетін ұйымдастырып, оның тұңғыш меңгерушісі және тұңғыш деканы болды.

Шығыстану ғылымының шырағын жаққан шынайы ғұлама еді…

Жүзінен иманы төгіліп тұратын зады зиялы, ғұлама ғалым, көрнекті дін қайраткері Әбсаттар қажы Дербісәліұлының жатқан жері жайлы болып, пейіште нұры шалқи берсін дейміз. Дербісәлі әулетіне, талай жыл отасып, ұл-қыздарын үкілеп өсірген асыл жары Рахия әпкемізге көңіл айтып, құдай ұрпақтарына ұзақ ғұмыр берсін деп тілейміз.

Қазыбек ИСА, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты

Дереккөз: https://qazaquni.kz/rukhaniyat/160158-sygystanudyn-synaiy-gulamasy-edi