РАЙЫМБЕК АУДАНЫ ҚАЙНАР ОРТА МЕКТЕБІНДЕГІ ТАҒЫЛЫМДЫ КЕЗДЕСУ

43

“Алматы облысы білім басқармасының Райымбек ауданы бойынша білім бөлімі” мемлекеттік мекемесінің бекіткен жұмыс жоспарына сәйкес аудан мектептерінде оқушылардың ғылыми көзқарасын кеңейту, ғылымға қызығушылығын арттыру, отандық әдебиет пен руханиятқа құрмет сезімін қалыптастыру мақсатында Қайнар ауылдық орта мектебінде әйгілі ақын, көрнекті шығыстанушы ғалым, айтула аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, “Парасат” орденінің, Халықаралық ақындар Пен клубы “Алтын қалам” сыйлығының, Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының иегері, “Райымбек ауданының құрметті азаматы”, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының Бас директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Дүкен Мәсімханұлымен «Мен сізді үлгі тұтамын» атты тағылымды кездесу болып өтті.


2025 жылдың 25 қарашасы күні Қайнар ауылдық орта мектебінде өткен тағылымды іс-шараға мектеп мұғалімдері, барлық сыныптардың оқушылары және ауыл тұрғындары қатысты.
Хантәңірі өңірі – текті сөздің, терең ойдың, рухани биіктің бастауы. Осы аймақтың әдебиеті мен мәдени мұрасын зерттеп, оның асыл қазыналарын бүгінгі ұрпаққа жеткізу тарапында да ерекше тер төгіп жүрген көрнекті ғалымдардың бірі – профессор Дүкен Мәсімханұлы.


Ғалымның зерттеу бағытының бір саласы осы өңірден шыққан батырлардың ақын-жазушылардың, ойшылдар мен тарихи тұлғалардың мұрасын ғылыми тұрғыда зерделеуге, олардың ұлттық руханияттағы орнын айқындауға бағытталған. Сондықтан бұл кездесу тек танымдық шара ғана емес, ауыл жұртшылығы мен жас буын үшін ерекше тағылымды рухани басқосу болды.


Кездесудің басты мақсаты – жас ұрпақты туған жердің рухани тамырымен таныстыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отансүйгіштік сезімін қалыптастыру, сондай-ақ оқушылардың ғылым мен әдебиетке деген ынтасын ояту. Кездесу барысында Дүкен Мәсімханұлы оқушылардың “Бетпе бет” жобасы ауқымында еркін сұхбат құрып, олардың қойған сұрақтарына шынайы һәм жан-жақты жауап берді. Ғалым ұлттық болмысты сақтау, туған еліңе қызмет етудің, ғылым жолында табанды болудың, ізденіс пен талмай еңбектенудің маңызын жете түсіндірді. Сонымен қатар ол ел тарихын, жер тарихын терең білу – әр азаматтың парызы екенін ерекше атап өтті. Профессор бүгінгі ұрпаққа бағытталған ой-толғамында: «Ел ертеңі – ауылда. Ауылының рухы биік елдің ғана болашағы жарқын», – деген мазмұнды пікірлерін де ортаға салды. Әңгіме барысында Дүкен Мәсімханұлы өзінің жастық шағы, ғылымға алғаш қадам басқан кезеңдері, алғашқы ізденістері, ғылыми зерттеулерінің ерекшеліктері мен өмірлік тәжірибесін мысалға ала отырып, жасөспірімдерге бағыт-бағдар боларлық ойларымен бөлісті. Осы әңгімелер оқушылардың ғылымға деген ықыласын арттырып, оларды биік мақсаттарға ұмтылуға жігерлeндірді. Шара барысында оқушылар айтулы ақынның патриоттық бағыттағы өлеңдерін жатқа оқып, шығармалары негізінде шағын сахналық көріністер қойды. Бұл қойылым кездесудің рухани мазмұнын одан сайын байытып, оқушылардың отаншылдық сезімін шыңдаумен қатар, залдағы көрерменнің көзіне жас үйірді.


Кездесуге осы өңірдің әнші-жыршы, ақындарымен қоса, Алматыдан арнайы ат арылтып келген белгілі ақын, ұстаз, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық “Алаш” әдеби силығының иегері Биғайша Медеуова, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, география ғылымдарының кандидаты. Шығыстанушы ғалым, ақын Қастер Сарқытханұлы, ақын, Чернобль қаһарманы Ерлан Әбдіхалов, философия ғылымдарының докторы, белгілі шығыстанушы Айнұр Әбиденқызы
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультетінің докторанты, тарихшы-шығыстанушы Ертай Жомарт қатарлы қаламгерлер қатысып, профессордың өмір жолы мен ғылыми еңбектеріне жоғары баға берді.

Ақын Биғайша Медеуова өз сөзінде: “ауыл мектебінің әйгілі ақын, көрнекті ғалым, азамат Дүкен Мәсімханұлын шақырғанына, сондай-ақ ақынның сана биігі деңгейіне лайық іс-шара өткізе алғанына, сондай-ақ Хан-Тәңірдей сана биігіне көтерілген тұлғаның ой-пікірін – жас буынның қабылдап отырғанына ерекше тәнті болдым” деді. Кездесу соңында оқушылар ғылым, әдебиет, шығармашылық, мамандық таңдау, тұлғалық даму және елге қызмет етуге қатысты түрлі сауалдарын қойып, кездесу қонағынан тұщымды жауаптар алды. Еркін пікір алаңы оқушылар үшін үлкен мотивация болды. Ақынның жүрекжарды тілектері мен құнды кеңестері оқушыларға ерекше жігер беріп, олардың болашаққа деген сенімін нығайтты. Жылы атмосферада өткен бұл басқосу жас буынның рухани өсуіне, елге деген сүйіспеншілігінің артуына айрықша ықпал еткеніне күмән жоқ. . Ауыл мектебі – ұлттық рухтың, салт-дәстүрдің, тәрбиенің алтын бесігі. Осындай тағылымды кездесулер оқушылардың санасына туған жерге деген сүйіспеншілікті ұялатып, олардың бойында отаншылдық және отан алдында жауапкершілік сезімін қалыптастырары хақ. Алдағы уақытта да осындай мазмұнды шаралар жалғасын тауып, жас буынның рухани көкжиегін кеңейтіп, елге қызмет ету жолындағы сенімді қадамдардың бастауы болары сөзсіз. Шара ұйымдастырушысы, Қайнар ауылдық орта мектебінің директоры Рая Жұмаділқызы кездесуді қорытындылай келе «Өткеннің аманатын бүгінге жеткізіп, бүгіннің үмітін ертеңге жалғайтын рухани көпір» деп бағалады.

 

slot danahttps://cefta.int/