Ғылым саласындағы ұлттық кеңес
Осы аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңестің алғашқы отырысы өтті. Жиында еліміздің ғылыми-техникалық саясатының алдағы басымдықтары айқындалып, Ұлттық ғылым академиясының жаңа президенті тағайындалды. Бұл оқиғаларды ғылыми қауым қалай қабылдады? Бұл сұраққа Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры Дүкен Мәсімханұлы пікір білдірген болатын.
Алда ауқымды міндеттер тұр
Әлемнің дамыған елдері тәжірибесінде ғылым, инновация, экономика ажырамас жүйе ретінде тұтастай елдің дамуына, гүлденуіне ықпал етіп келеді. Ғылым ел экономикасының қозғаушы күші екеніне бұдан асқан дәлел келтіріп жатудың өзі артық. Ғылым дамыса, инновация дамиды, экономика өркендейді.
Жақында Мемлекет басшысының Жарлығымен Ұлттық ғылым академиясына жаңа мәртебе берілуі ғылыми қауымдастық арасында үлкен серпіліс, отандық ғылымның жаңа бір көкжиегі ашылғандай әсер туғызды. Ал осы ұлттық ғылымның қара шаңырағына айналған Ұлттық ғылым академиясына Мемлекет басшысының өкімімен белгілі ғалым Күнсұлу Закарияның тағайындалуы ғалымдардың үмітіне үміт қосты деуге негіз бар.
Күнсұлу Дальтонқызының есімі елімізге ғалым ретінде ғана емес, ғылымның ұйымдастырушысы ретінде белгілі. Оның дәлелі ретінде адамзаттың басына төнген пандемия кезінде «QazCovid-in» СOVID-19 коронавирус инфекциясына қарсы отандық вакцинаны әзірлеуде өндірісті басқарып, ғалымдар тобына жетекші, бастамашы бола білді. Ал университет ғылымын дамытудағы тәжірибесі, іскерлігі ғылыми ортаға кеңінен мәлім.
Бұл өзгерістер елімізде іргелі және қолданбалы ғылымның өрістеуіне, инновацияларды өндіріске енгізуге, ғылым алдында тұрған үлкен белестерді еңсеруге ықпал ететіні сөзсіз. Инновацияға негізделген өндіріс орындарының ашылуы, даму институттарының, венчурлық қаржыландыру жүйесінің дұрыс жолға салынуы сияқты ғалымдар көкейінде жүрген көптеген түйткілді мәселе шешімін табатындығына сенім артамын.
Тілекқабыл РАМАЗАНОВ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, академик
Технологиялық даму мүмкіндігі
Ғылымды өндірістің қозғаушы күшіне айналдыру – заманауи ғылымның алдында тұрған келелі міндет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғылым мен технологияны дамытуға аса мән бере отырып, Ұлттық ғылым академиясының құзыретін арттырып, жаңа міндеттер жүктеуі ғылымды, инновацияға негізделген өндірісті дамытуға негізделіп отыр.
Осы уақытқа дейін қоғамдық кәсіби ұйым ретінде жұмыс істеп келген Ұлттық ғылым академиясының мемлекеттік мәртебе ала отырып, тікелей Президенттің қарауына алынуы да отандық ғылым алдында тұрған келелі міндеттердің шешілуіне ықпал ететіні анық. Академияға жаңа басшының тағайындалуы отандық ғылымды жаңа бір белеске көтерумен қатар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына әсер ететін салаларға үлес қосуға үлкен септігін тигізетіні сөзсіз. Академия мәртебесінің артуы ғылымның ғана емес, ғалымдардың де мәртебесін арттырады.
Осы орайда ғылымның болашағы жастар екенін қаперге ала отырып, отандық ғылымға белсенді, интеллектуалды жастардың көптеп келуіне қолайлы жағдай туғызу керек. Қоғамда ғылымға деген көзқарас өзгергенде ғана жастардың қызығушылығы арта бастайды. Сондықтан ғылымның мәртебесін өсіру уақыт күттірмейді. Ал ғылымның қазіргі жағдайы болашақ ғалымдар үшін тартымды емес. Бүгінде елімізде ізденімпаз, шығармашыл жастар өте көп. Олар кәсіби біліктілігін арттыра отырып, туған жерге пайда әкелу жолында еңбек етіп, ғылымның өміршеңдігіне сенім артқанда ғана ғылым дамиды. Ал жас ғалымдардың жағдайы мемлекеттік деңгейде шешілгені ләзім. Жаңа құзыретке ие болған Ұлттық ғылым академиясы жаңа басшының келуімен ғылымның дамуына, ғалымдардың мәртебесінің өсуіне зор септігін тигізетіні сөзсіз.
Ғалымқайыр МҰТАНОВ,
Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институты
бас директорының міндетін уақытша атқарушы, академик
Жаңа деңгейге көтереді
Соңғы үш-төрт жылдың бедерінде елімізде ғылымға ерекше көңіл бөлініп келеді. Оны айқын мысалдардан аңғарып отырған жағдайымыз бар.
Біріншіден, ғылымға бөлінген қаржының көлемі ұлғайды. Бұрын ғылыми-зерттеу институттарындағы қызметкерлердің жалақысы мардымсыз еді. Кейінгі жылдары жалақының көлемі мен ғалымдардың материалдық жағдайы жақсара бастады.
Екіншіден, ғылыми жобаларға бөлінетін қаржының да көлемі еселеп өсті. Бұрын ғылыми конкурстар өте сирек өткізілсе, қазір әртүрлі ауқымдағы ғылыми жобаларға жылына бірнеше рет конкурс жарияланады. Мысалы, мақсатты қаржыландырылатын бағдарламалар, гранттық бағдарламалар және жас ғалымдардың гранттық бағдарламалары бойынша жыл сайын екі-үш мәрте конкурс өткізіледі.
Үшіншіден, кейінгі екі жылдан бері жылына 500 ғылыми қызметкер шетелге барып, өз саласы бойынша «Болашақ» бағдарламасы аясында тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алды. Жастарды ғылымға тарту мақсатында қазір магистранттар мен докторанттардың да стипендиялары еселеп өсті.
Түптеп келгенде, осының бәрі елдегі ғылымның бұрынғыдан да жанданып, нақты қадамдар аясында жұмыс бастағанын көрсетеді. Сонымен бірге жақында Мемлекет басшысының шешімімен Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды. Кеңес ғылым саласын «бармақ басты, көз қыстылықтан» арылтып, шынайы ғалымдарға қолдау көрсету мақсатында іргелі бастамаларға ұйытқы болады деген үміттемін.
Сонымен қатар Президенттің пәрменімен Ұлттық ғылым академиясы мемлекеттік меншікке қайтарылды. Бұл академия таза ғылыми мекеме ретінде зерттеумен айналысуға, барынша жоғары сапада жұмыс істеуге мүмкіндік алды деген сөз. Мемлекет басшысының өкімімен Ғылым академиясына Күнсұлу Закария тағайындалды. Мұны да отандық ғылымдағы елеулі жаңалық дер едік. Осыдан үш жыл бұрын әлемдегі санаулы мемлекеттердің қатарында Қазақстан да өз вакцинасын ойлап тапты. Оның басы-қасында дәл осы Күнсұлу Закария жүрді. Оны өз ісінің білгірі, ғылымның жанашыры ретінде танимыз.
Алдағы бес жылда ғылымға бөлінетін қаржы екі есе өседі деген қуанышты хабарды естедік. Бұл отандық ғылымның еңсе тіктеуіне жол ашары анық. Ғылымды дамытпай алға баспаймыз. Өйткені мемлекеттің қозғаушы күші – ғылым.
Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,
Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры
Ғылымға да инвестор керек
Президент жанындағы Ғылым және технология жөніндегі ұлттық кеңеске 40-тан аса ғалым мүше болып енді. Дені – еліміздің беделді ғалымдары. Бұған қоса қазір шетелде жұмыс істейтін жерлестеріміз де бар.
Кеңестің жиынын тарихи отырыс болды деп айтқан дұрыс. Себебі бұл Мемлекет басшысының ғылымды жандандыру бойынша қолға алып жатқан бастамаларының алғашқы қорытындысы іспетті. Кеңестің отырысында Президент ел ғылымының болашақ бағдарын айқындады, мәселелерді атап көрсетті және өз бастамасымен қайта жанданған Ұлттық ғылым академиясының жаңа басшысын таныстырды. Отандық ғылымға өлшеусіз үлес қосқан Күнсұлу Закария бұл істе де жемісті еңбегімен көзге түседі деп ойлаймын.
Президент «Қазақстан ғылымы қоғамдағы барлық мәселеге сарапшылық рөл атқаруы керек» деген ой айтты. Өте орынды пікір.
Отырыста академик Асқар Жұмаділдаевтің «Ғылымның қазаққа қарызы зор» деген сөзі көкейдегі көп ойды дөп басты. Атақты ғалым Ғылым академиясы «Қазақ ғылымын қазақ тілінде жасауға тиіс» деген ұсыныс айтты. Шынында да, біз ғылыми сананы, оның ішінде ұлттық ғылыми сананы қалыптастыруда жетістіктерімізді қазақ тілінде, халыққа түсінікті түрде насихаттауға тиіспіз.
Мемлекет басшысының қазақ ғылымына инвестор тарту туралы бастамасы да құптарлық. Шикізат өндіретін өндірістердің ел ғылымына қаржылай көмек көрсеткені үшін салықтық жеңілдіктер жасалғаны дұрыс.
Анар ФАЗЫЛЖАН,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры