ҚР Тегерандағы Елшілігі Институтқа Әл-Фараби туралы жаңа кітаптарды тарту етті
Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтына Қазақстан Республикасының Тегерандағы Елшілігі Әл-Фараби мұраларын зерттеу бойынша соңғы жылдары Иранда шыққан келесі кітаптарды сыйға берді.
1) «Фараби – мәдениет философы» (парсы тілінде, үшінші басылым) – 2 дана, авторы – доктор Реза Давари Ардакани, Тегеран, «Соһан» баспасы, 1389 ж. (2010 ж.) – 297 бет.
Иранның атақты философы Реза Давари Ардаканидің үшінші мәрте жарық көріп отырған бұл зерттеу еңбегінен 40 жылға жуық айналысып келе жатқан еңбегінің нәтижесін көруге болады. «Фараби – мәдениет философы» кітабы «Әл-Фарабидің өмірі, шығармалары мен метафизикасына көзқарас», «Ислам әлеміндегі философиялық ойлаудың басталуы», «Әл-Фарабидің саяси еңбектері», «Философиялық және діни пікір мен тәжірибе жинақтау мен оның жетістігі», «Әл-Фараби көзқарасындағы саясат, надандық пен адасушылық жайындағы ортақ пікірлер», «Әл-Фараби көзқарасындағы азаматтық ғылымның қайнар көздері» және «Әл-Фараби көзқарастарының ислам ғұламаларының ой-санасына әсері» тәрізді бөлімдерден тұрады.
2) «Фарабидың саяси ой-толғамы» (парсы тілінде) – 1 дана, авторы – Моһсен Моһаджерниа, баспаға дайындаған – Ислам мәдениеті және ғылымы академиясы, баспа – «Бустан-е кетаб» мекемесі, Құм қаласы, 1386 ж. (2007 ж.) – 273 бет.
3) «Фарабидың саяси ой-толғамы» (араб тілінде) – 1 дана, авторы – Моһсен Моһаджерниа, аудармашы – Әла Резаии, баспаға дайындаған – Ислам мәдениеті және ғылымы академиясы, баспа – «Бустан-е кетаб» мекемесі, Құм каласы, 1427 h.ж. (2006 ж.) – 400 бет.
Бұл кітап негізгі үш бөлімнен тұрады және төменде көтерілген үш сұраққа жауап беріледі:
1. III-IV ғғ. саяси-мәдени жағдайлар әл-Фарабидің саяси ой-санасына және тұлға болып қалыптасуына қалай әсер етті?
2. Екінші ұстаздың саяси-философиялық ұстанымдары мен көзқарастарының негізі неде?
3. Әл-Фараби түсінігіндегі саяси ұйым мен басқарудың орны қандай?
«Әл-Фарабидің өмірі мен өмір сүрген заманы» атты кітаптың бірінші тарауында әл-Фараби дәуіріндегі мәдениет жағдайы мен әл-Фарабидің ғылыми, саяси және мәдени өмірі туралы сөз болады.
Кітаптың екінші тарауында Әл-Фарабидің саяси философиясының ұстанымдары мен негіздері жайында айтыла отырып, әдістеме, эпистемология, болмыс және антропология туралы ілім және теология мәселелері қарастырылады.
Кітаптың үшінші тарауы Әл-Фарабидің философиясы, саяси жүйе, саяси философияға арналған. Мұнда жеке және азаматтық қоғам, саяси жүйе, саяси басшылық жүйесінің құрылымы мәселелері туралы баяндалады.
Бұл орайда сыйға тартылған кітаптармен бірге Институт директоры Дүкен Мәсімханұлының атына жолдаған хатында, ҚР Тегерандағы Елшісі Асхат Оразбай мырза: «ИИР жағынан алынған аталған ғалым мен оның ілімдеріне қатысты төмендегі кітаптар Сіз басқарып отырған институттың ғылыми зерттеулер барысында қолдануы үшін жолданып отыр» делінген. Игілікті ісі үшін Асхат Оразбай мырзаға алғыс айта отырып, аталмыш кітаптардың ғалымдардың игілігіне жарап, жаңа зерттеулерге жол ашатынына сенеміз.