Шыңжаңның дамуы мен Орталық Азия елдерінің ШҰАА-мен ынтымақтастығының экономикалық пайдасы

86
1759 жылы Цин империясы Қашқария мен Жоңғарияны жаулап алғаннан кейін, бұл жерлер Шыңжаң провинциясы (“жаңа шекаралар” немесе “жаңа аумақтар”) ретінде Аспан асты елінің құрамына кірді.
Бейжіңнен жаңа провинцияны басқару өте қиын болғандықтан, жергілікті халықтың көтерілістері жиіленіп, циндық биліктің бас ауруына айналды. 1860-1870 жылдары Шыңжаңдағы бірқатар мұсылман мемлекеттерінің жариялануы, сондай-ақ Ресей империясының Іле өлкесіндегі он жылға созылған басқыншылығы (1871-1881) Аспан асты елін империяның солтүстік-батысында қауіпсіздік стратегиясын ойластыруға итермеледі. 1911 жылы Цин империясы құлағаннан кейін де бұл қағидалар Қытай Республикасы (1912-1949) мен Қытай Халық Республикасында (1949 жылдан бастап) жалғасын тауып, әлі күнге дейін өз күшін жоймады.

ҚХР аумағының алтыдан бір бөлігін құрайтын, 1,6 миллион шаршы шақырымға созылған Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы (ШҰАА) Пекин үшін ерекше маңыздылыққа ие. Егер автономиялық ауданды жеке мемлекет ретінде қарастырар болсақ, онда ол әлемдегі ең ірі елдердің тізімінде 18-ші орынға ие болар еді. Сондықтан, ҚКП ОК Бас хатшысы Си Цзиньпиннің ҚКП Тарихи ХХ съезі басталардан бірнеше ай бұрын (2022 ж. 16-22 қазан) ШҰАА-ға инспекциялық мақсатпен үш күндік сапары (2022 ж. шілде) әлемдік БАҚ-тың үлкен қызығушылығын тудырды, өйткені  Украинадағы Ресейдің “арнайы әскери операциясы” мен АҚШ-Қытай қақтығысының жаңа кезеңі ҚХР-дың жоғары басшылығының осы аумаққа деген назары күшейгенін көрсетті.

ҚХР жарияланғаннан кейін (01.10.1949) Пекин Шыңжаңда әскери-саяси бақылауды қалпына келтіріп, автономиялық ауданды Қытайдың ішкі еңбек бөлінісіне қосудың ауқымды бағдарламасын енгізді. Түркі-мұсылман халықтары қоныстанған Шыңжаң Орталық Азия мемлекеттерімен тікелей шектеседі, ал ол елдерде Шыңжаң өлкесіндегідей қазақтар, ұйғырлар, қырғыздар, тәжіктер, өзбектер, дүнгендер тұрады. Бұл жағдай Бейжіңнің сыртқы саясатында да, Шыңжаң аумағын Орталық Азия елдерімен сауда-экономикалық ынтымақтастықта пайдалануда да маңызды рөл атқарады, олар тек аумақтық жағынан емес, өркениет жағынан да бір-біріне жақын.

Орталық Азия елдерімен дипломатиялық қатынастар орнаған сәттен бастап (1992), Аспан асты елі осы қатынастардың деңгейін стратегиялық ынтымақтастыққа дейін көтере алды. Алайда, Орталық Азия елдерінен Шыңжаңға дейін жететін діни экстремизм мен діни-уәжді терроризмнің (“үш зұлымдық күшінің” екеуі) қатерлері Бейжіңді өзінің солтүстік-батыс шекараларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударуға мәжбүр етеді. Сондықтан 1990 жылдардың ортасынан бастап екіжақты кездесулерде  қауіпсіздік мәселелерін талқылауға басымдылық беріле бастады. Оған қоса Тәжікстандағы азаматтық соғыс (1992-1997) пен Ұйғыр ұлтшыл ұйымдарының Орталық Азия елдеріндегі қызметі, сондай-ақ аймақ елдерінде де, ШҰАА-да да “исламдық жаңғыру” процесінің іске қосылуы ҚХР-дың Орталық Азиядағы қауіпсіздік саласындағы жағдайға алаңдаушылығын күшейте түсті. Осы себепті, 1990 жылдары Қытай шенеуніктері Орталық Азия мемлекеттерінен өзара қарым-қатынасты тығыз саяси әрі экономикалық өзара іс-қимылға бағыттай отырып, “Шығыс Түркістан қозғалысын” қолдамауды сұрады.

Сонымен қатар, 1990 жылдардың аяғында Қытай басшылығы ішкі аймақтардың арасындағы экономикалық, әлеуметтік даму деңгейлеріндегі алшақтықтардың тез өсуіне байланысты “Батыстың үлкен дамуы” жоспарын қабылдады. Чжуннаньхайдың ойыны сәйкес (中南海, Қытайлық БАҚ-та бұл термин ҚХР-дың жоғары басшылығына қатысты қолданылады, мысалы, “Ақорда” сөзі Қазақстанның мемлекеттік билігін білдіру үшін қолданылады – Е.Б.), бұл жоспарды іске асыру Батыс провинцияларын, оның ішінде Шыңжаңды аз уақыт ішінде көшбасшы аймақтар деңгейіне көтеруі қажет еді. Батыс өңірін дамыту бағдарламасы ауқымды инвестициялар мен білікті кадрларды артта қалған аудандарға жаппай көшіру арқылы жинақталған проблемалардың ауырлығын жоюға бағытталған. Болашақта табысты Шыңжаң Қытайдың Орталық Азияға экономикалық тұрғыдан белсенді ілгерілеуі үшін қуатты алаңға айналуы тиіс.

ШҰАА – стратегиялық маңызы бар географиялық аумақта орналасқан, табиғи ресурстарға бай ҚХР-дағы ең ірі әкімшілік-аумақтық бірлік қана емес, сонымен қатар орталықтан ең алыс орналасқан, елдің салыстырмалы түрде оқшауланған аймақтарының бірі. Мұның бәрі Қытай билігін аталмыш аумаққа өзінің саяси, экономикалық басшылығын орнату, сондай-ақ мемлекеттің аумақтық тұтастығын сақтау тұрғысынан мұқият назар аударуға мәжбүр етеді. Сондықтан Қытай көшбасшысының бірқатар қалаларды, соның ішінде Үрімші, Шихэцзы, Турфанды аралаумен өткен Шыңжаңға үш күндік жұмыс сапары аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму проблемаларына, этникалық бірлік пен прогресті ілгерілетуге, қытай ұлтының қауымдастық сезімін нығайтуға арналды.

Алайда, әлемдік БАҚ-та жарияланған ақпарат қауіпсіздік мәселелері, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес, Қытай билігінің осы сын-қатерлерді шешу жөніндегі іс-қимылдары мен оларға шет елдердің реакциясы сынды тақырыптармен ғана шектелген. Ал іс жүзінде өткен он жылдағы ШҰАА-ның қарқынды экономикалық өсуі, оның индустрияландыру мен инфрақұрылымды дамыту саласындағы жетістіктері, өңірдегі әлеуметтік әл-ауқат деңгейін арттыру мен мұсылман этностарының (ұйғырлар, қазақтар және басқалар) елдің қоғамдық-саяси әрі әлеуметтік-мәдени өміріне қатысуы туралы мүлдем айтылған жоқ.

Бірақ бір кездері қауіп көзі саналған Шыңжаң қазір қатты өзгерді. Заманауи талаптарға сай урбанизацияланған, жоғары технологиялық кеңістікке айналды. Оның маңызы ресми Бейжің алғаш рет 2013 жылы Қазақстан астанасында мәлімдеген Жібек жолын жаңғырту шеңберінде артып келеді. Аймақ Орталық Азиямен байланыстың қақпасы, Оңтүстік, Батыс пен Шығыс Еуропа, Таяу Шығыс пен Шығыс Африка елдеріне жол ашатын бірден-бір мүмкіндік екенін ескерсек, оның Қытайдың саяси өміріндегі алар орны ерекше болуы заңды құбылыс.

Си Цзиньпин Үрімжі халықаралық құрлық портына сапары кезінде айтқандай, Жібек жолы Экономикалық белдеуінің орталық аймағы құрылысын ілгерілетіп, Шыңжаңның аймақтық  ашықтық стратегиясын батысқа бағытталған ашықтық жалпыұлттық жоспарымен біріктіру маңызды Сонымен қатар, ол экономиканың ашық түрлерінің жүйелі инновацияларының, сыртқы ашықтықты қамтамасыз ететін жолдар құрылысын жеделдетудің, ішкі және халықаралық нарықтар мен ресурстарды тиімді пайдалану мен дамудың жаңа қалыбына қызмет ету жолында бірігудің маңыздылығын атап өтті.

Бұл тұрғыда Қытайдың осы аумағымен шекаралас, бірінші кезекте қатынасқа түсетін Қазақстан мен Орталық Азия елдері үшін ШҰАА-дағы процестерді түсінудің стратегиялық маңызы бар.

Аймақтағы жағдайды тұрақтандыру, біріншіден, Бейжіңге 1999 жылы 22 қыркүйекте 15-ші шақырылымдағы ҚКП ОК IV пленумында ресми түрде жарияланған “Батыс аудандарын ауқымды игеру стратегиясын” жалғастыруға мүмкіндік береді. Осы стратегиялық жоспарда негізгі бағыттар: өңірлерді әлеуметтік-экономикалық теңестіру, демографиялық шиеленісті аудандардан батысқа жаппай қоныс аудару есебінен Қытайдың демографиялық проблемасын шешу, табиғи ресурстарды жедел игеру, Қытайдың геосаяси мүдделерін кеңейту.

Ұзақ мерзімді кешенді бағдарламаны іске асыру 50 жылға есептелген және үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезең барысында (2000-2010 жж.) күрделі әрі экологиялық құрылыста серпіліске қол жеткізуге, одан әрі даму үшін бастапқы индустриялық базаны құруға, халықтың орташа өмір сүру деңгейіне қол жеткізуге, жалпыға бірдей 9 жылдық білім беруді жүзеге асыруға байланысты міндеттер шешілді. Екінші кезеңде (2011-2030 жж.) негізінен индустрияландыруды аяқтау, халық өмірінің салыстырмалы түрде сапасын арттыру, жалпыға бірдей 12 жылдық білім беруді жүзеге асыру жоспарлануда. Соңғы үшінші кезеңде (2031-2050 жж.) Батыс аудандарда бүкіл Қытайдағыдай, жалпыға бірдей Социалистік жаңғырту жүзеге асырылуы тиіс, оның барысында Шығыс пен Батыс аудандардың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейіндегі айырмашылықты түпкілікті еңсеруге, ал халық біркелкі ауқатты өмір сүруі тиіс.

“Батыс аудандарын игеру” туралы осы ережелер Си Цзиньпин ҚКП ХХ съезінде айтқан 2020 жылдан бастап 2035 жылға дейінгі “жаңғыртылған социалистік мемлекеттің құрылысы” барысында (түзетілген түрде) өз жалғасын табатыны сөзсіз. Баяндамаға сәйкес, “ҚКП 2020-2035 жылдар аралығында негізінен Социалистік модернизацияны жүзеге асыруға, ал 2035 жылдан бастап осы ғасырдың ортасына дейін Қытайды бай әрі қуатты, демократиялық әрі өркениетті, толықтай модернизацияланған Социалистік державаға айналдыруға күш салмақ”. Қазірдің өзінде Шыңжаң мен Аспан асты елінің ХХ ғасырдың ортасына қарай қандай болатынын елестету қиын емес.

ҚКП ОК Бас хатшысының ШҰАА-ға инспекциялық сапары екіншіден, Қытай басшылығының оған деген назары тек күшейе түсетінін және соның салдарынан алдағы жылдары автономиялық ауданның экономикасы жаңа серпінмен өсетінін айғақтайды. Қазірдің өзінде аймақ статистикамен айқын расталған әсерлі нәтижелерге қол жеткізді. Егер 2014 жылы оның жалпы өңірлік өнімінің көлемі шамамен 140 млрд АҚШ долларын құраса, 2022 жылға қарай ол 251,2 млрд. долларға дейін немесе екі есеге жуық өсті. Ал Орталық Азияның барлық бес елінің жиынтық ЖІӨ 2020 жылы 291 млрд. Соған қарамастан ШҰАА әлі күнге дейін гүлденген теңіз провинцияларының қасында “Қытайдың артта қалған аймақтарының” бірі ретінде саналады.

2022 жылдың тамыз айында Үрімші қаласында өткен баспасөз мәслихатында ҚКП ШҰАА комитетінің хатшысы Ма Синжуй мәлімдегендей, соңғы онжылдықта ауданның бюджет шығындарының 70%-дан астамы адамдардың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған. Үш жылдық мектепке дейінгі білім және тоғыз жылдық міндетті білім Шыңжаңның ауылдық жерлерінде тегін, ал ШҰАА оңтүстігіндегі төрт округте 15 жылдық тегін білім беру ұйымдастырылған. Сонымен қатар, аталған кезеңде Шыңжаң ҚКП-ның этникалық саясатын жан-жақты жүзеге асырды, бұл барлық этникалық топтардың өкілдері арасында қарым-қатынас орнап, интеграцияға ықпал етті.

Үшіншіден, Шыңжаңға көбірек көңіл бөлу Қытайдың “Бір жол, бір белдеу” бастамасын жүзеге асыру тұрғысынан түсіндіріледі, себебі онда аталмыш аймақ шешуші рөл атқарады. ШҰАА үкіметінің төрағасы Эркин Туниаз Үрімші қаласында өткен тамыз баспасөз мәслихатында Шыңжаң Жібек жолы экономикалық белдеуінің орталық аймағын дамытуды және “Бір жол, бір белдеу” бойында орналасқан елдермен сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуды жалғастырып жатқанын хабарлады. Оның айтуынша, ШҰАА 25 елмен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық туралы 21 келісімге қол қойып, әлемнің 176 елімен және аймақтарымен сауда-экономикалық қатынастар орнатты. Си Цзиньпиннің сапары барысында аталып өткендей, бұл бастама оны жабық ішкі аймақтан айналасындағы мемлекеттер мен алыс елдермен экономикалық және сауда байланыстарының берік жүйесімен қатынасқан жаңа Жібек жолының Орталық аймағының тартылыс орнына айналдырды. Мұндай бастамадан аймақтың өзі де елеулі пайда көріп отыр. 2016 жылы оның сыртқы сауда айналымының көлемі 17,9 млрд. АҚШ долларын құраса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 22 млрд. доллардан асты.

Көріп отырғанымыздай, он жылға жуық уақыт ішінде (2014-2022) ҚКП Орталық Комитеті үлкен саяси мақсатқа қол жеткізді – ШҰАА бұған дейінгі онжылдықтарда аспаған асуын алғаш рет асып, тұрақты, өркендеген аймаққа айналды, мемлекеттің толық бақылауына алынды. Сонымен қатар, автономды аймақтың дамуына кедергі келтірген көпжылдық терроризмді жеңіп қана қоймай, бүкіл елдер тобының күшті саяси қысымына төтеп беріп, жергілікті халықтың әл-ауқатын едәуір арттыра алды. Соңғысы абсолютті кедейлік жойылған Аспан асты еліндегі экономикалық реформалардың арқасында мүмкін болды. Сол арқылы адамның лайықты өмір сүруге және қазіргі өркениеттің негізгі игіліктеріне қол жеткізуге негізгі құқықтарын қамтамасыз етілді.

Алайда, бүгінде Шыңжаң туралы Батыс бұқаралық ақпарат құралдарының басым көпшілігі тарататын ақпарат бұрмаланған. Мысалы, 2022 жылдың 31 тамызында Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының кеңсесі (АҚЖКК) Шыңжаңдағы адам құқықтарының жағдайы туралы баяндама жариялап, Бейжің билігін ұйғырларға қатысты кемсітушілікпен қарады деп айыптады. Қытайда бұл баяндама “Қытайдың тұрақтылығына нұқсан келтіріп, оның дамуына кедергі келтіретін” қауесет сөз деп қабылданды.

Бұл жерде ШҰАА-дағы жағдайдың айналасындағы дау-дамайдың ұзаққа созылуы жаһандық бәсекелестердің “Бір жол, бір белдеу” бастамасының дамуын тоқтату және Орталық Азия елдері арқылы өтетін, Бейжің үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктер ашатын көлік дәліздерін бейтараптандыру әрекеттерімен байланысты екенін атап өткен жөн. Бұған бұқаралық ақпарат құралдары, ҮЕҰ және кейбір белсенділер арқылы Қазақстанда 2017-2020 жылдары қызған синофобияның жасанды ошағы дәлел бола алады, бұл тек “ОА+ШҰАА” байламының стратегиялық маңыздылығын растайды

ШҰАА-ның экономикалық тұрғыда өсуі және тиісінше осы өңір тұрғындарының әл-ауқатының жақсаруы оның Орталық Азия елдерімен ынтымақтастығы үшін кең мүмкіндіктер ашады. Сондықтан, Шыңжаңға басты рөлдердің бірі берілген 2023 жылы “Бір белдеу, бір жол” бастамасының онжылдығын атап өту мерейтойлық іс-шаралардың бір бөлігі ғана емес, сонымен қатар “қытай тілінде жаһанданудың” жаңа беттерін “салыстыру” мен “іске қосу” орны болады. Бұл жобаны сапалы жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді, ал Орталық Азия елдері өз дамуы үшін одан да көп мүмкіндіктер ала алады.

Осылайша, жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Шыңжаңның қарқынды дамуы және алдағы онжылдықта “Бір белдеу, бір жол” бастамасын одан әрі іске асыру Орталық Азия елдері үшін маңызды мәнге ие болады, әсіресе ол ШҰАА үшін жетекші сыртқы экономикалық және көліктік-логистикалық хабқа айналғанын ескерер болсақ. Оны пайдаланбау ақылға қонымсыз болар еді. Сонымен қатар, Орталық Азия мен Шыңжаң халықтарының тарихи-мәдени және этномәдени жақындығы (оның ішінде ортақ дәстүрлер, әдет-ғұрып пен тілдер) біріктіруші факторға, сондай-ақ Ұлы Жібек жолы кезіндегідей Іскерлік байланыстар мен экономикалық ынтымақтастық үшін тиімді көпірге айналуы тиіс.

Еркін Байдаров

Шығыстанушы-ғалым, мәдениеттанушы, философ

 

Дереккөз: https://inbusiness.kz/kz/author_news/shynzhannyn-damuy-men-ortalyk-aziya-elderinin-shuaa-men-yntymaktastygynyn-ekonomikalyk-pajdasy?fbclid=IwAR1B0REhbb1vqRlonQ9qw9AfMTMFrBM3qTKIwP_3gYLq6GGnhrbmi2ffqbQ