«ӘУЛЕТ» РОМАНЫ – ӨЗ ЗАМАНЫНЫҢ КӨРІНІСІ

1308

Цин патшалығының соңғы мезгілінде Қытайдың озық ойлы зиялылары әдеби тілді жалпыға ұғынықты ауызекі тілге көшіру туралы жаппай бастама көтерген болатын. Осы заманғы мемлекет құру үшін «сөйлеу мен жазуды» бірізге түсіруге бағытталған тілдік реформаны жүзеге асыру басты міндет болғаны айтпаса да түсінікті.
Цин патшалығының соңғы мезгі­лінде шетелдік ақын-жазушылар шығармаларының қытай тіліне көптеп аударылуы – ескі қоғам мен есік қағып тұрған жаңа заманның қиылысында өмір сүріп отырған қаламгер қауымға үлкен шабыт берді һәм терең ой салды. Яғни сол тұстағы қытай қаламгерлері шетел ақын-жазушыларының қытай тіліне аударылған үздік шығармаларынан үлгі-өнеге ала жүріп, дәстүрлі қытай әдебиеті мен шетел әдебиетін, ондағы ой мен форманы, бейнелеу тәсілдері мен қаламгерлік мұратты іштей салыстыра отырып, әрі қарай өздеріндегі қиялдың құрсауын, ойдың шек-шеңберін бұзып, әлем әдебиетімен бой салыстырып, ой теңестірудің қамына көшуге кірісті. Бұл өз кезегінде қытай әдебиетіне формалық һәм мазмұндық жағынан бетбұрыс алып келді. ХХ ғасыр басындағы қытай елінде болған әдеби төңкерістің ту ұстаушылары мен жаңа әдебиеттің алғашқы буын өкілдері, негізінен, Цин патшалығының соңғы мезгіліндегі жаппай қоғамдық үрдіске айналған әдеби аударманың «перзенттері» екені еш жасырын емес. Өйткені Цин патшалығының соңғы кезінде шетел әдебиетінің Қытайға кіруі – Қытай қоғамына жаңа леп, тың тыныс, тіпті белгілі деңгейде қоғамға демократия, жариялылық алып келді деуге де болады. Бұл жағдай өз кезегінде әдеби-мәдени төңкерістің тууына түрткі болды.

Цин патшалығының соңы мен Мин­гоның (1912-1949) бастапқы жылдарындағы тұтас ұлттық ой-сана мен мәдениетті осы замандық арнаға бұрып жіберерліктей шарт-жағдай да пісіп-жетілмеген һәм ондай мүмкіндік те болған жоқ. Қысқасы, XIX ғасырдың соңғы жылдары мен ХХ ғасырдың бастапқы жылдарында Қытай қоғамы үлкен бетбұрысқа ыңғайланып дайындықты бастағанымен, бұрылар тұсқа әлі де жетіп үлгермеген болатын. Цин патшалығының соңғы мезгіліндегі газет-журналдардың көптеп өмірге келуі мен арнайы әдеби журналдардың жарық көруі, дамыған техниканың енгізілуі… бәрі-бәрі де Қытайдағы баспа өнеркәсібінің дамуына, жаңа әдебиеттің нарыққа бейімделуіне кең жол ашты. Ал жаңа қаламақы жүйесінің жолға қойылуы – кәсіпқой, дарынды қалам­герлердің тіршілігіне материалдық тұрғы­дан кепілдік болды. Қысқасы, Синьхай төңкерісі елдегі неше мың жылдық пат­ша­лық жүйені жойып қана қоймастан, қоғам­ның жаңа сипатта дамуына негіз қалап берді.

Синьхай төңкерісі жеңіске жеткеннен кейінгі ондаған жылдар ауқымындағы қым-қуыт біршама еркін әлеуметтік жағдай – қанша заманнан қалыптасқан қасаң түсініктер мен күні өткен қағидаттар­дың талқанын шығарып, сырттан сан алуан пәлсапалық ағымдар мен тың идея­лардың ағылып кіруіне жол ашты. Осынау өзгерістердің бәрі де Қытайда ХХ ғасырдың 19-шы жылындағы «4 мамыр» жаңа мәдениет пен әдебиет төңкерісінің бұрқ ете түсуіне саяси, әлеуметтік, мәдени, әдеби шарт-жағдай әзірлеп берді.

Әдебиет – қоғамдық идеологияның және жалпы мәдениеттің құрамдас саласы ретінде сол дәуірдегі қытай қоғамының өзгерістерін бейнелеуге, бетбұрыстарға үйлесуге, сәйкесуге міндетті болды.

Ол дәуірде, яғни ХХ ғасырдың басында ел сипатын, қоғам болмысын өзгертуге мүмкіндігі бар өзге идеология немесе басқа бағыт жоқ болатын. Капиталистік елдер толық демократия жолына түспегендіктен, ол жүйеден ел қатты шаршаған. Сондықтан Қытайдың саналы, зиялы патриоттары марксистік-коммунистік идеологияға шын пейілдерімен илана бас қойды. Осыдан барып жаңа мәдениет қозғалысының әсерінен, яғни пролетарлық идея бірте-бірте буржуазиялық идеяның орнын басып, жетекші орынға шықты.

Әрине, проза қытайда ежелден бар жанр болғанымен, ол дәстүрлі орда роман­шылдығы, тарихи-деректі оқиғаларды баяндайтын құжаттық қара сөздер, мықтағанда ертегі сипатындағы романтизмнен әрі аспайтын дүниелер ғана болатын. Сол мезгілде шетелде оқып келген, шет тілін білетін санаулы талантты, талапкер жастардың азды-көпті шығармалары жарияланып жүрді.

…ҚХР құрылғаннан кейін, жалпы қытай халқы қожайындық мінберге орнығып, елдегі саяси-экномикамен қоса мәдениет пен әдебиеттің де тізгінін қолына алды.

Міне, осыдан-ақ ХХ ғасырдың ­басында өмірге келіп, ғасыр өмір сүріп, ХХІ ғасырдың басында дүниеден өткен Ба Цзиннің күллі ғұмыры мен шығармашылық жолы ХХ ғасырдағы Қытайдың саяси, әлеуметтік-рухани өмірімен өзектесіп, астасып, біте қайнасып жатқанын аңғарамыз.

Ба Цзин, ата-анасының әуелгіде қойған есімі – Ли Яотаң, лақап аты – Фу Гань. 1904 жылдың 25 қарашасында бүгінгі Сычуан өлкесінің орталығы Чэнду қаласында өмірге келген. Арғы ата-бабалары ел басқарған, жоғары мансаптылар болған. Әкесінің тұсына келгенде мансабы құлдырап, екі жыл ғана аудан әкімі қызметін атқарумен шектеледі. Демек, Ба Цзиннің балалық шағы шапағатқа кенелген, адами жылы мейір-шуаққа бөленген отбасында өтті. Әсіресе болашақ жазушының анасы оның бойына кісілік қасиетті барынша сіңіріп, махаббаты мен ғадауаты айқын адам етіп тәрбиелеуге барын салды. Сондай-ақ өмірде тұрмыс тауқыметін тартып, қиын тағдырдың қыл бұрауы жандарын буған мұқтаж жандарға аянбай көмектесу керектігін де бала Ба Цзиннің санасына анасы әбден сіңіреді. Алайда айналдырған үш жыл ішінде (1914-1917) анасы Чэн Шуфэн мен әкесі Ли Даохэнің айықпас ауруға шалдығып, бірінен соң бірінің өмірден озуы оң-солын енді танып келе жатқан бала Ба Цзинге өте ауыр соққы боп тиді. Ата-анасынан бірдей айырылып, тұл жетім қалған болашақ қаламгер феодалдық-тоталитарлық қоғамдағы асыраушысы жоқ отбасының қайғы-қасіретін бір кісідей сезінеді. Сондай-ақ «бейбіт», «достық» жолындағы сан алуан күрестер, аға-бауыр, әпке-қарындастарының қайғы-қасіреті мен өлімі қамкөңіл жасты алыс армандарға жетелейді.

1919 жылы «4 мамыр» мәдениет қозғалысынан кейін, өзінің әр нөмірі, әр бетінде әлемдік тың идеялар мен сан алуан ағымдарды тоқтаусыз насихаттайтын «Жаңа жастар», «Апталық шолу» сынды мерзімді басылымдар Сычуан өңіріне кеңінен таралып, жас Ба Цзинге жаңа, өзгеше бір ғалам ашып бергендей әсер етеді. Ба Цзинь жатпай-тұрмай Батыс әдебиетінің озық үлгілерімен танысады, гуманитарлық-философиялық бағыттағы жаңа зерттеулерді іздеп жүріп оқиды. Әсіресе ол П.А.Кропоткиннің «Бүлікшінің сөздері» («Речи бунтовщика») атты шығармасына айрықша үңіліп, польшалық драматург Леопольд Кампфтің, ресейлік ойшыл М.А.Бакуниннің, АҚШ-тағы анархизм идеясының ту ұстаушысы Эмма Голдманның еңбектеріне құлай беріледі.

Қысқасы анархизм идеясының Ба Цзинге ықпалы ерекше болды. Өмірінің осы кезеңі туралы бір естелігінде ол: «Дүниеде осындай да кітап болады дегенді ешқашан ойлап көрмеппін… Мұндағы жазылғандардың бәрі мен айтайын десем де, дұрыстап айта алмай жүрген сөздер еді. Ойлары қандай анық, қандай қисынды, қандай батыл! Оның үстіне кітаптың желіктіргіш тілі 15 жасар баланың жүрегін өртеп, күл ғып жіберердей еді» деп еске алады. П.А.Кропоткиннің күллі шығармасы мен жеке басына Ба Цзиннің табынғаны соншалық, анархизм идеясы оның өмірлік сеніміне айналып кетеді.

1922 жылдан бастап «Ағымдағы істер» газетінің «әдебиет» деп аталатын қосымшасында Ба Цзинь әдеби туындыларын жариялай бастады.

1923 жылы Ба Цзинь үшінші ағасына ілесіп Шанхай қаласына келеді. Орта мектепте оқып жүріп-ақ «4 мамыр» қозғалысының рухымен азықтанып, жатпай-тұрмай кітап оқып, әрі жастарды ұйымдастырып қоғамдық бірлестіктер құрып, «Жұртшылық» атты айына екі рет жарық көретін айлық журнал шығарады.

1927 жылы Ба Цзинь Парижге сапар шегеді. Сапар барысында Польшаның популист-драматургі Леопольд Кампфтің Ресейдегі халық көтерілісшілерінің күресі мен өмірі туралы жазған «Таң атқанға дейін» атты драмасын, П.А.Кропоткиннің «Этиканың пайда болуы мен дамуы» атты еңбегінің бірінші томын жол-жөнекей аударып барады. Еуропаға барғасын Эмма Голдманмен хат алысып, Италия жұмысшылар қозғалысының көсемі Бартоломео Ванцеттимен достық қарым-қатынаста болады. Сол жылдары АҚШ билігі жұмысшылар қозғалысының көсемдері Николо Саккои мен Бартоломео Ванцеттиді өлім жазасына кескенде, Ба Цзинь оларды құтқарудың халықаралық фронтында болады. Оларды құтқару қозғалысының нәтижесіз аяқталғанына құсаланған жас қаламгер «Көзін құрту» атты әңгімесін жазып, өз арманы жолында жанын пида қылған жас төңкерісшінің рухын жырлады. Бұл – Ба Цзиннің тұңғыш көркем туындысы еді.

1929 жылы Ба Цзинь елге оралған кезде анархиялық күрес Қытайда бөлшектеніп, жеңіліске ұшыраған болатын. Алайда Ба Цзинь өзінің сенімінде табандап тұрып, бар үмітін әдеби шығармашылыққа артты. Өмірінің осы кезеңі туралы Ба Цзиннің өзі: «Мен шын мәнінде жазушылыққа 1930 жылы келдім» деп еске алады. Жазушы 1934 жылы жапон тілін үйреніп, жапон әдебиетімен тереңірек танысу мақсатында Күншығыс еліне сапар шегеді. Алайда алға қойған шығармашылық жоспарына байланысты, бір жылдан соң, яғни 1935 жылы елге қайтып оралады.

Жазушының шығармашылық биографиясына қарап отырсақ, расында да шығармашылықпен қауырт айналысқан жылдары да, қытай әдебиетіне үлкенді-кішілі классикалық туындыларын берген кезеңі де осы 1929-1940 жылдардың еншісінде екеніне көз жеткіземіз. Атап айтқанда, әйгілі «Иірім» атты трило­гиясының («Әулет», «Көктем», «Күз») бірінші томы болып есептелетін «Әулет» романы, сондай-ақ «Теңіздің түсі», «Көктемдегі күз», «Өскін», «Қар», «Тың тірлік», «Махаббат трилогиясы» («Тұман», «Нөсер», «Найзағай») сынды роман, повестерімен қоса, «Кек», «Генерал», «Құдай. Әруақ. Адам» секілді әңгімелер жинағы, «Теңіз естеліктері», «Еске алу», «Қысқа-нұсқа» қатарлы эсселер жинағы дәл осы жылдарда жазылып, осы жылдарда жарық көрді. Сонымен бірге осы жылдарда жазушы «Мәдени тұрмыс» баспасында бас редактор, «Әдеби альманах», «Аударма әлемі», «Мәдени өмір айдыны» қатарлы альманахтарда редактор болып істей жүріп, жаңа есімдерді ашып, дарынды жастарды әдебиетке әкелді, әрі шетелдің көптеген ақын-жазушыларын осы басылымдар бетінде қытайша сөйлетті.

«Мәдени төңкеріс» аяқталғаннан кейін, 1977 жылы толықтай ақталып, азаттыққа шыққан жазушы өзінің өмір жолын, «мәдени төңкерістің» себеп-салдары мен сабақтарын арқау етіп бес томдық «Ой-толғаныстар» атты көлемді еңбегін жазып шықты. 1984 жылы Ба Цзинь «Дүниежүзілік әйгілі мәдениет қайраткері» ретінде арнайы шақырумен Жапонияның Токио қаласында ашылған Бүкілдүниежүзі қаламгерлерінің 47-ші халықаралық форумына қатысты. 1985 жылы Пекинде бой көтерген «Қытай қазіргі заман әдебиет сарайының» салынуына мұрындық болып һәм ашылу рәсімін басқарды. 2003 жылы қараша айында ҚХР үкіметі Ба Цзинге «Халық жазушысы» құрметті атағын берді.

Мемлекет және мәдениет қайраткері, классик жазушы 2005 жылы қазан айында 101 жасында қайтыс болды.

Жалпы оның есімі қытай әдебиет тарихына аса «мол өнім» берген қаламгердің алдыңғы сапында тұр. Ғасырлық саналы ғұ­мы­рында өз оқырмандарына 10 роман, 10 повесть, 15 әңгімелер жинағы, 34 эсселер жинағы, 31 аударма кітабын ұсынып кетті.

«Әулет» романы – Ба Цзиннің төлқұжа­тына айналып кеткен шығармасы және Қытайдың тұтас қазіргі заман әдебиетіндегі ең озық, ең әйгілі реалистік романы болып саналады. «ХХ ғасырдағы Қытайдың ең үздік 100 романы» атты әлеуметтік сараптама қорытындысы бойынша, 8-ші орынды иеленген. Жазушының айтуынша, бұл – «Иірім» трилогиясының бірінші кітабы. Алайда қытай және әлем оқырмандары мен әдебиетшілері «Әулетті» жеке роман ретінде қабылдап кетті.

«Әулеттің» алғашқы нұсқасы 1931 жылы «Мезгіл» газетінде жыл бойына жария­ланып, 1933 жылы тұңғыш рет жеке кітап болып жарық көрді.

Жазушы аталмыш романына ХХ ғасырдың 20-шы жылдарындағы Сычуан өлкесінің Чэнду қаласындағы ірі феодал-шонжар Гао әулетінің іріп-шіріп, зауалға бет алу барысын арқау ете отырып, жас буынның феодализммен күресін, елде демократияның өркен жайып келе жатқанын бар ынтамен жырлайды.

Чэндудағы аса дәулетті Гао әулеті көрер көзге үй кітапханасы бай, тек қана оқымыстылар шығатын әулет болып көрінгенімен, оның қалтарысында өзара қиян-кескі арпалыс, жасырын талас-тартыс, іріп-шіріген былғаныш, арсыз масқаралық жататын. Феодалдық жүйенің ұйытқысы болып отырған әрі күйреуге бет алған осындай ірі әулеттің басты қорғанышы – ескіліктің жөн-жосығы, әдеп-иба және отбасы тәрбиесі. Әулетбасы – өз ұрпақтары мен бағынышты адамдардың бәрін сол ескілікті жөн-жосық, әдеп-иба және отбасы тәрбиесіне мүлтіксіз бағынуды талап етіп, сондай-ақ жылт еткен жаңалықты дер кезінде жаныштап отырғысы келеді. Тіпті осы жолда жастарды құрбан етуден де тайынбайды. Осының бәрі ескі ұрпақ пен жаңа ұрпақтың, жаңа мен көненің, билеуші мен езілушілердің өзара қайшылығын одан сайын тереңдете түседі.

«Әулет» романында Мэй есімді жас ананың қасіретпен өлуі, Жуйцзуенің аянышты тағдыры, балауса қыз Миң Фэңнің трагедиясы, Ван Эрдың зорлық­пен ұзатылуы секілді жас қыздар мен әйел­дердің бақытсыз тағдырлары – жүйенің, діни соқыр сенімнің кесапаты болатын. Жазушы өз шығармасында осы оқиғаларды тәптіштей суреттеу арқылы патриархалдық жүйенің құр­бандарына деген шынайы жанашыр­лығын әсерлі һәм шынайы бейнелеп берді.

«Әулет» романының бас кейіпкері Цзуехуэй – елдегі өсіп келе жатқан тың танымның, жаңа демократиялық күштің өкілі. Ол үлкен ағасы Цзуесиннің «тағызымшылдық философиясына», «ымырашылдығына» батыл қарсы шығады. Көне күштерден қорықпайды, ешқашан олармен ымыраға келуді ойламайды. Бірақ оның танымы әлі де таяз, балалық-шалалықтан толық арылып үлгермегендіктен, қоғамдағы орын алып жатқан құбылыстар мен төңірегінде болып жатқан жағдайларға ғылыми талдау жасай алмайды. Тіпті өз әулетіндегі, ескішіл отбасындағы барлық жағдайды күрмеуі күрделі мәселе деп білсе де, бұл мәселені шешуге өзінің дәрменсіз екендігін жақсы сезінеді. Дей тұрғанмен, ол көненің барлығын сыпыра жоққа шығару, жаппай терістеу позициясын ұстайды. Өзінің өсіп-өнген әулетін «ем қонбайтын аурудың ордасы» деп біледі. Сондай-ақ ол осы әулеттен пәлендей бір үміт те күтпейді. Керісінше, жаңадан дос-жарандар табу, олармен бірге әлеуметтік өзекті мәселелерді талқылау, газет-журнал шығару, баспа ісімен айналысу секілді қоғамдық іс-шараларға көбірек қызығады. Күні-түні қоғамды жаңалауды, халықтың ой-санасын азат етуді ойлайды. Оның осындай ойларға берілгені соншалық, тіпті ол өзінің адал досы Миң Фэңді де сыртқа шыққанда ұмытып кетеді. Тек қана қу медиен дала сияқты немесе құлазыған ескі жұрт секілді сыртқы әлемнен бейхабар тірлік кешіп жатқан өз отбасына келгенде ғана Миң Фэңді ойлап құсаланады. Сонымен бірге Цзуехуэй билікке наразы оқушылардың сабақ тастап, көшеге шыққан ереуілдеріне қатысады. Ойын-күлкіні, ұйқыны, тіпті тамақты да ұмытып, сол кездегі шығатын газет-журналдарға мақала жазады. «Жаңа жастар», «Апталық шолу» секілді алғабасар басылымдар бетіндегі мақалаларды барынша құнығып оқиды. Гао әулеті Цзуехуэйдің назарында бір темір қапасқа ұқсайды. Ол қанатын жетілдіріп, топшысын шыңдап осы қапастан ұшып шығуға әрекеттенеді. Жас Цзуехуэй өз үйінде жүрген қызметші қыз Миң Фэңді жақсы көреді. Алайда Гао төре бұл қызды бағасына келісіп, басқаларға сатады. Ақырында қыз өзенге кетеді. Осыдан кейін Цзуехуэйдің әулетіне деген ыза-кегі тіптен өршіп кетеді. Ол көп өтпей қайнаған ірі мегаполис, ашық, азат ойлы адамдардың шоғырланған ортасы, жаңа мәдениет қозғалыстары жаппай өрістеп тұрған Шанхай қаласына кетеді.

Жалпы Ба Цзинді қытай әдебиеті мен руханиятына олжа салған қаламгер десек, оның осындай абырой-даңққа бөленуіне «Әулет» романының ықпал-әсері аз болған жоқ.

Роман – қазіргі қытай әдебиетінде аса шоқтығы биік шығарма. Сондай-ақ қытай қаламгерлерінің неше буынын тәрбиелеген әдеби мектеп болды.

 

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,

филология ғылымының докторы,

профессор

Дереккөз: http://anatili.kazgazeta.kz/news/58983 сайтынан алынды

https://www.pria.org/https://ula.kemendagri.go.id/https://fkip.unsulbar.ac.id/https://rskiasawojajar.co.id/https://satvika.co.id/https://lpmpp.unib.ac.id/https://cefta.int/https://terc.lpem.org/https://empowerment.co.id/https://pgsd.fkip.unsulbar.ac.id/https://ilmuhukum.unidha.ac.id/http://ebphtb.linggakab.go.id/https://gizi.poltekkespalembang.ac.id/https://eproc.jawapos.co.id/https://lppm.unika.ac.id/