ТҮРКОЛОГИЯҒА ҚОСЫЛҒАН ҚОМАҚТЫ ОЛЖА

Шығыстанушы-ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Дүкен Мәсімханұлының «Қытай, Жапония және Моңғолиядағы түркітану саласындағы зерттеулер» атты ғылыми монографиясының Түркия астанасы Анкара қаласынан түрік тілінде жарық көруін (Mäsimhanulı Düken. Çin, Japonya ve Moğolistan’da Türkiyat Çalışmaları. Monografi / ТС Ankara: SPICAWORKS YAYINCILIK, 2026. 152 s.) әлемдік түркология ғылымына қосылған қомақты олжа, Қазақстанның шығыстану ғылымының елеулі жетістігі деп бағаласақ, артық емес.
Монографияны қазақ тілінен түрік тіліне тәржімелеген қазақ әдебиеті мен ғылымының Анадолыдағы үлкен жанашыры һәм жанкешті нәсихатшысы, жазушы, әдебиетші-ғалым Ашур Өздемир мырза.
Қарастырылып отырған монография үш негізгі тарау мен бір қосымша тараудан тұрады. «Түркі тарихы мен мәдениетіне байланысты деректер және зерттеулер» деп аталатын бірінші тарауда автор Қытайдағы түріктану ғылымының дерекнамалық, тарихи және мәдени зерттеулер бағыттарына ден қояды. Ғалымның айтуынша, Қытайда түрік халықтарының тарихын, тілін һәм дәстүрлі мәдениетін зерттеу әрі зерделеу ХІХ ғасырдың соңғы жартысында басталып, Қытай Халық Республикасының құрылуына дейін әлсін-әлсін, сирек болса да жалғасып келген. Бұл ретте қытай зерттеушілері түрік ру-тайпалалары мен халықтарының шығу тегі, мемлекеттік басқару жүйесі, көшпелі қоғамның құрылымы, тарихы, сондай-ақ Қытаймен байланысы сияқты мәселелерге ерекше көңіл бөлген. Д.Мәсімханұлының зерттеуінше, республикаға дейінгі кезеңде көшпелі түрік халықтарының тарихы үшін маңызды мәлімет Жу Шумин, Зин Юансян, Хе Женян, Жан Инлин және тағы басқа зерттеушілер еңбегінде келтірілген. Олардың шығармаларында көбінесе ғұндар, юечжилер, үйсіндер, теле сияқты халықтардың этникалық тарихы қарастырылады. Осы ретте көп жағдайда қытай зерттеушілерінің көне халық мен қазіргі халықтың арасындағы байланысты да анықтауға тырысқанын көруге болады. Автор келтірген мәліметтерге қарағанда, жалпы алғанда, Қытай Халық Республикасы дүниежүзіндегі ең ірі түркологиялық зерттеу орталығының біріне айналған. Атап айтқанда, Су Бейхай, Сай Хуншен, Жун Гоа, Ма Лисин сынды Қытай ғалымдарының еңбектерінде көне және қазіргі түрік халқының тарихы мен мәдениетіне көңіл бөлінетінін айта кеткен жөн. Мысалы, Ув Юйгуйдың «Түрік қағандығы мен Қытайдың Суй және Тан патшалықтарының арасындағы байланыстары тарихы» атты еңбегінде түріктер мен қытайлықтардың әртүрлі байланысы нақты көрсетілген.
Монографияның «Қытайдағы классикалық түркітану жөніндегі зерттеулер» атты екінші тарауы түрік халықтарының тіл және әдебиетіне қатысты деректер мен зерттеулерге арналған. Бұл ретте автор түріктану саласында Гең Шимин, Ху Женхуа, Ли Зеңсяң және Хамит Төмүр сынды көрнекті түріктанушылардың өмірі мен ғылыми жетістіктеріне тоқталады. Осы арада, кез-келген ғылымның дамуына қажетті ғылыми инфрақұрылымның қажет екендігін ашып айтуымыз ләзім. Бұл өзекті мәселеге Д.Мәсімханұлы монографиясының «Түркітану саласындағы зерттеу мекемелері, мерзімді басылымдар және біртуар түркітанушылар» деп аталатын тұтастай үшінші тарауын арнаған. Бұл тараудан Қытай Халық Республикасында түрік халықтарының (қазақтар, татарлар, ұйғырлар, қырғыздар және т.б.) тарихы мен мәдениетін, сондай-ақ көне түрік тарихы мен мәдениетін зерттеуге көп мән берілетінін көруге болады. Мысалы, монографияның авторы келтірген мәліметтерге қарағанда, қазіргі уақытта Қытайда аталмыш мәселемен айналысатын 20 ғылыми орталық бар. Олардың 16-сы Шыңжаңда, үшеуі Пекинде, ал біреуі Хебей аймағында жұмысын жүргізеді. Сонымен бірге Дүкен Мәсімханұлы атап көрсеткендей, Қытайда қазақ, ұйғыр, қытай, моңғол және қырғыз тілдеріндегі бірнеше журнал шығады. Жалпы алғанда, бұл тарауда Қытайдағы түріктану ғылымының әртүрлі аспектісін зерттейтін мекемелерге қатысты толық ақпарат берілген.
Ал зерттеудің қосымша тарауы туралы айтатын болсақ, онда Жапония мен Моңғолия елдеріндегі түріктану саласындағы ғылыми зерттеулер нақты әрі дәйекті түрде көрсетіледі. Бұл ретте Жапониядағы түріктану ғылымының даму тарихын зерттей отырып, Дүкен Мәсімханұлы оның тарихын үш кезеңге бөледі. Атап айтқанда, бірінші кезең (1910–1940) Ширатори Куракичи, Оногамо Хидеми, Ханеда Тору сынды белгілі жапон ғалымдарының еңбегімен ерекшеленеді. Автор осы кезеңде түрік халықтарының тарихы мен мәдениетімен айналысқан зерттеушілер негізінен қытай тіліндегі деректерді көбірек пайдаланғанын, ал Ханеда Тору аталмыш деректермен шектелмей, ескі ұйғыр тілінде жазылған деректерді де пайдаланғанына ерекше назар аударады. 1940-1970 жылдары Жапония түріктану ғылымы тарихының екінші кезеңінде Матсуда Хисау, Мори Масао, Йамада Нобуо және т.б. жапон ғалымдары түріктану саласында бұрын жасалған зерттеулерді тереңдете отырып, түрік халықтарының тілі, тарихы және мәдениеті жөніндегі ғылыми жұмысын жалғастырды. Үшінші кезеңде (1970 жылдан кейін) Жапониядағы түріктану ғылымының тарихында сан жағынан да, сапа тұрғысынан да жаңа кезең басталды. Аталмыш кезеңде түрік халықтарының тарихы мен мәдениетіне байланысты зерттеулермен Умемура Хироши, Хори Сунао, Хамада Масами, Шогайто Масахиро сынды ғалымдар айналысты. Бұл ретте, профессор Дүкен Мәсімханұлы ерекше атап өткендей, осы кезеңнің айқын ерекшеліктерінің бірі ретінде көптеген жапон зерттеушісі қытай тілін ғана емес, ескі және жаңа түрік тілдерін жете меңгергенін атап айтуымыз керек. Қысқасы сөз болып отырған монографиясында автор біртуар жапон тарихшылары мен мәдениеттанушыларының, сондай-ақ тіл білімі мамандарының түркология саласындағы ғылыми жетістіктеріне егжей-тегжей талдау жасайды. Мысалы, Мори Масаоның түріктану саласындағы қызметін зерттей отырып, Дүкен Мәсімханұлы оның көне түрік тарихы, көне түрік жазба ескерткіштері һәм көне ұйғыр жазу-сызуы сияқты ғылыми бағыттардың дамуына маңызды үлес қосқанына ерекше назар аударады. Мори Масаоның көп жыл бойы жасаған жұмысының нәтижесінде «Көне түркі халықтарының тарихы», «Орта Азия тарихы» атты еңбектері жарық көрген.
Ал Моңғолиядағы түріктану ғылымының тарихын сөз еткенде, Дүкен Мәсімханұлының пайымдауынша, осы елде түріктану ғылымына байланысты сан алуан ғылыми мәселе ХХ ғасырдың 50-жылдарынан бері қауырт зерттеле бастаған. Бұл кезеңде моңғол елінде көне түркілер, көне ұйғырлар, көне қырғыздар және т.б. түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіне арналған тарихи зерттеулердің және археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде Х. Сер-Оджав, Х. Перлее, Д. Наваан, Т. Доржсүрен, Д. Цевендорж сынды белгілі моңғол ғалымдарының ғылыми еңбектері жарияланды. Автор атап өткендей, ХХ ғасырдың 60-70 жылдарында моңғол мемлекеті көне түріктердің тарихын зерттеуге ерекше көңіл бөлген. Сондықтан да Моңғолияның аумағында орналасқан көне түрік жазба ескерткіштерін зерттеу мақсатында 1969-1975 жылдар аралығында арнайы Моңғол тарихи-мәдени зерттеу экспедициясы ғылыми жұмыстарын жүргізілген. Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөк және т.б. көне түрік саяси, мемлекеттік және қоғамдық қайраткерлеріне арналған жазба ескерткіштері қайтадан зерттелді, мәтіндердің ғылыми аудармасы жасалды. Д.Мәсімханұлының пайымдауынша, Моңғолияда туып-өскен қазақтар да түріктану ғылымына елеулі үлес қосқан. Бұл ретте автор Бәзілхан Бұқатұлы, Қаржаубай Сартқожаұлы сынды зерттеушілердің еңбегіне де кеңінен тоқталады.
Қорыта айтқанда, Дүкен Мәсімханұлы монографиясы несімен құнды дегенге келсек, қазіргі шығыстану ғылымында, оның ішінде түркология ғылымында қытай, жапон, моңғолия елдерінің мұрағаттарында ежелгі және орта ғасырлардағы түрік халықтарының тарихы мен мәдениетіне қатысты қандай деректер бар? Олардың ауқымы қандай? Сондай-ақ аталған елдерде ежелгі және орта ғасырлардағы түрік халықтарының тарихы мен мәдениетін қарастырып жүрген қандай зерттеуші-ғалымдар бар және олардың нендей іргелі еңбегі бар? Ол елдерде қандай түркологиялық ғылыми орталықтар мен ғылыми басылымдар бар? Міне осы сұрақтың бәріне алдағы уақытта күллі түрік әлемінің қызығушылар Дүкен Мәсімханұлының аталған еңбегінен тұщымды жауап ала алады.
Болат Смағұлов,
тарих ғылымының кандидаты,
қауымдастырылған профессор
Дерек (https://anatili.kazgazeta.kz/news/65123) алынды.











