Шығыстану ғылымы мен білімінің интеграциясы: мекемеаралық ықпалдастықтың жаңа белестері

Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының Бас директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Дүкен Мәсімханұлы мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультетінің деканы М.Ш. Эгамбердиев бастаған университет өкілдері арасында ресми кездесу өтті. Бұл маңызды басқосу еліміздегі жетекші ғылыми-зерттеу орталығы мен іргелі білім ордасы арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуды, сондай-ақ заманауи шығыстану бағытындағы академиялық интеграцияны тереңдетуді көздеді.
Кездесу барысында Институт басшылығы мен ғылыми құрамы қонақтарға мекеменің іргелі әрі қолданбалы зерттеулерінің негізгі басымдықтарын таныстырды.
Әл- Фараби ат. ҚазҰУ өкілдері өз кезегінде білім беру бағдарламалары мен университеттік ғылымның жетістіктерімен бөлісті. Екі тарап та іргелі ғылым мен жоғары білім беру жүйесінің ұштасуы — сапалы кадрлық резерв қалыптастырудың негізгі шарты екендігін алға тартты.
Тараптар ынтымақтастықтың мынадай басым бағыттарын талқылады:
-Диссертациялық кеңес құру;
– Шығыстанудың өзекті мәселелері бойынша бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын дайындау;
– Академиялық ұтқырлық: Оқытушылар мен ғылыми қызметкерлер арасында ғылым мен білім саласында интеграцияны жандандыру;
– Ғылыми коммуникация: Халықаралық конференция мен «дөңгелек үстелдерді» бірлесе өткізу.
Кездесу соңында Д. Мәсімханұлы мен М.Ш. Эгамбердиев екі мекеме арасындағы байланыстың институционалдық деңгейін арттыруға және бірлескен ғылыми бастамаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін растады. Бұл кездесу отандық шығыстану ғылымының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.
Аталған кездесу екі ғылыми мекеме арасындағы әріптестікті нығайтып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретіні сөзсіз. Тараптар алдағы уақытта да ғылыми және академиялық байланыстарды кеңейтіп, бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдірді.














