Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы мен Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

2026 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы мен Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат екіжақты мәдени-гуманитарлық және ғылыми серіктестікті жүйелі дамытуға бағытталған.
Меморандум тараптардың теңдігі, өзара тиімділік және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын сақтау қағидаттары негізінде жасалды. Құжат тараптарға қаржылық міндеттемелер жүктемейді және нақты жобалар мен іс-шаралар жекелеген келісімдер арқылы іске асырылады.
Құжатқа Ұлттық кітапхана директоры Ғазиза Нұрғалиева мен Шығыстану институтының Бас директоры Дүкен Мәсімханұлы қол қойды.
Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары:
бірлескен ғылыми іс-шараларды (конференциялар, семинарлар, форумдар, симпозиумдар, дөңгелек үстелдер) ұйымдастыру;
ғылыми мұра, академиялық басылымдар, қолжазбалар мен сирек кітаптарға қатысты бірлескен жобаларды жүзеге асыру;
шығыс халықтарының тарихы, мәдениеті, рухани мұрасы және деректану мәселелері бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу;
тарихи деректер мен қолжазбаларды ғылыми аудару және түсіндірмелі басылымдар әзірлеу;
шығыс тілдеріндегі (араб, парсы, түркі, шағатай және т.б.) қолжазбалар мен сирек басылымдарды анықтау, жүйелеу және ғылыми айналымға енгізу.
Меморандум аясында тараптар бірлескен жобалар мен бағдарламалар әзірлеуге, уәкілетті өкілдерді тағайындауға, уақытша жұмыс топтарын құруға және қажет болған жағдайда үшінші тараптарды тартуға құқылы.
Аталған келісім Қазақстанның ғылыми-интеллектуалдық әлеуетін нығайтуға, ұлттық мәдени мұраны сақтау мен ғылыми айналымға енгізу ісін жетілдіруге, сондай-ақ гуманитарлық ғылымдар саласындағы институционалдық әріптестікті кеңейтуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.















