ҰЛЫ АҚЫНЫМЫЗ АБАЙДЫ ҰЛЫҚТАҒАН МЕРЕКЕ
Түркияның Елазығ қаласында 1992 жылдан бері тұрақты түрде өтіп тұратын «Халықаралық Хазар поэзия кештері» («Uluslararası Hazar şiir akşamları») Түркі дүниесі ақындарының поэзия фестивалі өтті.
25-ші рет өтіп отырған Түркі дүниесі ақындарының бұл жолғы бас қосуы «Абай Құнанбайұлын еске алу» және «Бірлік» тақырыбына арналды. Түркі халықтары өмір сүретін 10-шақты елден 60-тан астам ақын қатысты. Үш күнге созылған мәдени мерекеде әртүрлі бағдарламалар болды.
Бұл шараға Қазақстаннан Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану иснтитутының бас директоры, ф.ғ.д., профессор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ақын, аудармашы Д. Мәсімханұлы да қатысты.
Іс-шараның бірінші күні шетелдерден келген ақындармен Елазығтағы әр деңгейдегі оқу орындарында кездесу өтті.
Д. Мәсімханұлы HIDIR SEVER ANADOLU LİSESİнде және BALAKGAZİ ANADOLU LİSESİнде студенттермен кездесу өткізді. Кездесуде Анадолы түрікшесінде ұлы Абай туралы баяндама жасап, өлеңдерін оқыды.
Сондай-ақ Елазығ Уәлилігі Мәлениет басқармасы ұйымдастырған кітап көрмесіне қатысты. Ақын-жазушылармен кітаптарымен алмасты. Кітап көрмесіне келген жергілікті халықтың көркем әдебиетке деген ықыласы мен құрметі келген қонақтарды тамсандырмай қоймағаны анық. Оның айғағы – халықтың кітап көрмесінен сатып алып жатқан құшақ-құшақ кітаптары.
Сағат 15:30-де Елазығ өлкесінің басшыларының қатысуымен Елазығ қаласының орталық көшесінде “ақындар шеруі” өтті.
Арасында дүниенің түкпір-түкпірінен келген ақындар Елазығ өлкесінің Хазар көлі секілді көрікті жерлерін, Харпұт тауындағы Балакқазы баhадүр ескерткіші бастаған тарихи орындарды зиярат етті.
14-і қазан күні кешкі сағат 19.00-де «Халықаралық Хазар поэзия кештері» мерекесі ресми түрде басталды. Оған Елазығ уәлиі және Түркияның Мәдениет министрі қатысты. Кештің бірінші бөлімінде дүниенің түкпір-түкпірінен келген он ақынның қатарында Д. Мәсімханұлы да қалың жыр сүйер қауымға өзінің өлеңін оқыды.
Ал кештің екінші бөлімі Анадолы Түріктерінің халық әндерінен концертімен жалғасты.
Жыр мерекесінің ертеңінде «Абай және Бірлік» тақырыбына арналған өлең-жыр кешімен әрі қарай өз жалғасын тапты. Кеште өлке уәлиі, өлкелік ұлттық құрылтай басшысы, Түркия Мәдениет министрі, Елазығ Фират университетінің ректоры, басқа да мемлекет қайраткерлері мен ғалымдар әдебиеттің ұлт руханиятдағы орны мен рөлі туралы, Абайдың ұлылығы туралы, түркі тілдес халықтардың береке-бірлігі туралы сөз сөйледі, баяндамалар жасады.
Сол қатарда Д. Мәсімханұлы “Абай, Ол кім?” деген тақырыпта Анадолы түрікшесінде баяндама жасады. Сілтідей тынып тыңдаған зал, баяндама аяқталғанда ұзақ қол соқты. Осыдан-ақ залдағы жұрттың “жәй әшейін уақыт өткізейін” деп емес, шын мәнінде Абайды білу үшін келгенін аңғаруға болар еді.
Кештің екінші бөлімі ақындардың өлең оқуына ұласты. Түрік дүниясының алуан-алуан жүйрігі жырдан шашу шашты . Д. Мәсімханұлы Түрік жұртының ұлы перзенті Мұстафа Кемал Ататүрктің рухына бағышталып жазылған “ТҮРІК ТУЫ” атты өлеңінің түрікше аудармасын оқып берді. Бұл жолы да, дерлік өлеңнің әр шумағына қол шапалақтау….
Бұның астарында да әрине, өздерінің ай-жұлдызды қызыл туына деген сүйіспеншілігі жатқаны жасырын емес.
Кеш соңында өлке басшысы өз қолымен барлық ақындарға “25-ші Халықаралық Хазар поэзия кештері” фестивалінің дипломанты деген куәлік тапсырып, сый-құрмет жасады…
Осылайша екі-үш күн халықты ән мен жырға бөлеген “Халықаралық Хазар поэзия кештері” деген атпен 25-ші рет өткен Түркі дүниесі ақындарының поэзия мерекесі өз мәресіне жетті.
Осы іс-шарадан кейін институт директоры Д. Мәсімханұлы Анкара қаласына барып, Хажы Бейрам Уәли университетінің ( Ankara Haci Beyram Veli universitesi) басшыларымен кездесті.
Келешекте аталған университет пен Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану иснтитутының басшылары бірлесе ғылыми кадрлар дайындау, ғылыми жобаларды селбесе жүзеге асыру бағытында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоятын болып келісті.