Коронавирустың Орталық Азия-Қытай энергетикалық ынтымақтастығына ықтимал әсерлері

997

2019 жылы желтоқсанда Қытайда пайда болып, тез таралған коронавирустың жаңа түрі (Ковид-19) жаһандық індетке айналып, бүкіл әлемді әуіре-сарсаңға салуда. Дүниенің төрт бұрышында өлімге себеп болып отырған коронавирустың өршуі туралы мәліметтер өте қорқынышты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (WHO) есебіне сәйкес, 2020 жылдың 3 шілдесіндегі жағдай бойынша әлемде коронавируспен ауырғандардың нақты саны 10,710,005-ке жетіп, олардың 517,877-сі қайтыс болды (WHO, 2020). Бүкіл әлемді дүрліктірген коронавирусқа қарсы қатаң шаралар қабылдағанына қарамастан Орталық Азия елдері арасында Қазақстанда 44,075, Өзбекстанда 9,199, Қырғызстанда 6,767 және Тәжікстанда 6,005, жалпы жиыны 66,046 науқас тіркелген (WHO, 2020). Осылайша, бұрын Қытайдан Римге дейінгі тарихи Жібек жолының бойында орналасқан Орта Азия қазір Қытайдан Италияға дейін таралаған коронавирустың қауіп-қатеріне ұшырап отыр. Тұтас дүниенің басты мәселесіне айналған короновирустың қанша уақытқа дейін созылатындығы әзірге белгісіз болғанымен, эпидемияның салдары мен әсерлері қандай болатынын нақты болжау да қиын. Сонымен, алдағы кезеңдегі коронавирус індетінің Орталық Азия мен Қытай арасындағы қарым-қатынастарға қалай әсер ететіндігі түйіткілді сұрақ туындатады.

Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың негізгі құрылымын ескерсек, коронавирустың жағымсыз салдары қысқа мерзімде Орталық Азия мен Қытай арасындағы мұнай және табиғи газ саласындағы ынтымақтастыққа әсер етуі мүмкін. Себебі Орталық Азия мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық қатынастар негізінен энергетикалық ынтымақтастыққа бағытталған. Мысалы, Орталық Азия-Қытай табиғи газ құбыры арқылы Қытайға 2018 жылы шамамен 47,5 млрд. текше метр табиғи газ, ал 2019 жылы 47,9 млрд. текше метр табиғи газ тасымалданды (MOFCOM, 2019, China Daily, 2020). Қытай – Орталық Азияның табиғи газымен қоса мұнайының да ірі экспорттаушыларының бірі болып табылады. Мәселен, 2019 жылы тек Қазақстанның Қытайға мұнай экспорты 10,88 млн. тоннаны құрады (Gov.cn, 2020). Осы тұрғыдан алғанда, коронавирустың салдарынан Қытайдың экономикалық өсуі бәсеңдейтіндіктен, қысқа мерзімде Қытайдың энергетикалық қажеттілігі де төмендейтініни айтуға болады. Қазірдің өзінде, Қытай мемлекеттік кеңесінің Дамуды зерттеу орталығының (DRC) мәліметтері бойынша, коронавирустан кейін елдің энергияға сұранысы төмендейді деп болжануда (DRC, 2020). Сондықтан қысқа мерзімде Қытайдың энергияға деген сұранысының төмендеуі Орталық Азия мен Қытай арасындағы энергетикалық ынтымақтастыққа да әсер ете бастағанын байқауға болады. Мысалы, 2020 жылы 11 наурызда Қазақстан Энергетика министрлігі Қытайдың табиғи газға сұранысының төмендеуіне байланысты Қытайға табиғи газ экспортын 20%-25%-ға төмендететінін мәлімдеді (Matritca.kz, 2020). Осыған ұқсас мәлімдеме жасаған Өзбекстанның 2025 жылы табиғи газ экспортын толығымен тоқтататыны белгілі болып отыр (Siluxgc, 2020). Коронавирустың әлемдік экономикаға кері әсерімен қатар ОПЕК+ келіссөздеріндегі келіспеушіліктің салдарынан мұнай мен табиғи газдың әлемдік бағасы күрт төмендей бастауы экономикалық құрылымы негізінен мұнай және табиғи газ сияқты шикізат экспортына тәуелді болған Орталық Азия елдері үшін жағымсыз әсер етуі мүмкін.

Ал, коронавирустан кейінгі орта және ұзақ мерзімді болашақта Қытайдың Орталық Азиядан энергия импорты қайтадан артуы мүмкін. Мұның себептерін төмендегі бірнеше жақтан қорытындылауға болады. 1) Әлемдегі энергия сұранысының төрттен бір бөлігін құрайтын Қытайдың энергия сұранысы қалыпты жағдайда үздіксіз арта түсетін болады. Мысалы, сарапшылардың 2030 жылға қарай Қытайдың жылдық мұнай сұранысы 690 млн. тоннаға және жылдық табиғи газ сұранысы 620 млрд. текше метрге жететінін болжауда (Xinhua, 2017). 2) Қытайдың энергия қажеттілігінің импортқа тәуелділігі әлі де жоғары деңгейде. Мысалы, 2019 жылы Қытайдың мұнай тұтынуындағы импортқа тәуелділігі 72,6%, ал табиғи газды тұтынудағы импортқа тәуелділік 43%-ды құрады (Word Metals, 2020). 3) Тасымалдау қауіпсіздігі тұрғысынан алып қарағанда, Орталық Азияның Қытайға энергия экспортының негізінен құбырлар арқылы жүзеге асырылатыны үлкен артықшылық. Орталық Азия-Қытай табиғи газ құбыры және Қазақстан-Қытай мұнай құбыры пайдалануға берілген сәттен бастап тұрақты әрі қауіпсіз жұмыс істеп келеді. 2009 жылы желтоқсанда іске қосылған Орталық Азия-Қытай табиғи газ құбыры арқылы 2020 жылғы 27 ақпанға дейінгі аралықта Қытайға жеткізілген табиғи газдың жалпы көлемі 311,2 млрд. текше метрді құрады (Xinhua, 2020). Бүгінгі таңда A, B және C бағыттары іске қосылған Орталық Азия-Қытай табиғи газ құбырының D бағыты іске қосылған соң Қытайға жылдық табиғи газ жеткізілімі шамамен 85 млрд. текше метрге жететін болады. Ал, 2006 жылы мамырдан бастап 2019 жылғы 31 желтоқсанға дейін Қазақстан-Қытай мұнай құбыры арқылы Қытайға жалпы 130 млн. тонна мұнай тасымалданды (Gov.cn, 2020). Сонымен қатар, Қытайдың энергия импортының күретамыры болып табылатын Малака бұғазының жаһандық және аймақтық геосаяси теке-тірекстердің тікелей әсеріне ұшырау ықтималдығының жоғары болуы Қытайды Орталық Азия-Қытай табиғи газ құбыры мен Қазақстан-Қытай мұнай құбыры сияқты балама энергия тасымалына мән беруіне себеп болып отыр. Өйткені Қытайдың жалпы мұнай импортының 80%-ы әлемдік сауданың төрттен бір бөлігі тасымалданатын Малакка бұғазы арқылы жасалады. Сондай-ақ, Қытайдың Шри-Ланкадағы Хамбантота порты мен Пәкістандағы Гвадар портын ұзақ уақытқа жалға алуына да, әсіресе, Оңтүстік Қытай теңізі мәселесіне байланысты Малакка бұғазының қауіпсіздігінен алаңдауы түрткі болғанын айтуға болады. 4) Қытайдың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуінде Орталық Азияның энергетикалық ресурстары өте маңызды. Мәселен, Орталық Азиядан импортталатын табиғи газдың жылдық мөлшері Қытайдың жылдық табиғи газ импортының 60%-ын және жылдық табиғи сұранысының 15%-дан астамын құрайды. (Xinhua, 2020; China Pictorial, 2019). Түрікменстаннан басталып, Өзбекстан (D бағыты бойынша Тәжікстан мен Қырғызстан) мен Қазақстанды ендей өтіп, Қорғас арқылы Шанхайға дейін жететін Орталық Азия-Қытай табиғи газ құбыры Қытайдың Гонконгты қамтыған 27 провинция, аудан және автономды аймағындағы 500 миллионнан астам адамды табиғи газбен қамтамасыз етуде (Gov.cn, 2020).

Қорытындылай келе, коронавирус індетінің Орталық Азия мен Қытай арасындағы энергетикалық ынтымақтастыққа қысқа мерзімді және уақытша кері әсер ететінін болжауға болады. Алайда, жоғарыда аталған бірнеше маңызды факторларды ескере отырып, орта және ұзақ мерзімді болашақта Қытайдың энергия сұранысының артуына байланысты Орталық Азия мен Қытай арасындағы энергетикалық ынтымақтастықтың маңызы тіпті де арта түсетін болады. Бірақ, Орталық Азия мен Қытай арасындағы энергетикалық ынтымақтастықтың болашағы аймақтағы экономикалық даму мен саяси тұрақтылық сияқты ішкі факторлармен қатар, Ресей және АҚШ сияқты жаһандық державалардың аймаққа қаратқан саясатына және әлемдік энергетика нарығындағы өзгерістерге тікелей байланысты болатынын айта аламыз. Коронавирус індетінің ұзақ уақыт жалғасуы және әлемдік энергия бағасының құлдырай түсуі экономикалық құрылымы энергия мен шикізат экспортына негізделген Орталық Азия елдері үшін қиынға соғуы ықтимал. Сондықтан, коронавирус сияқты жаһандық оқиғалардың экономикалық әсерін азайту үшін Орталық Азия елдері экономикалық құрылымдарының шикізат ресурстарына тәуелділігін төмендетуге және экономикалық әртараптандыруды жеделдетуге үлкен мән берулері керек. Сонымен қатар, Орталық Азия елдері энергетиканы қамтыған барлық экономикалық салада жақын ынтымақтастық орнатқан Қытайдың экономикалық саясатын жіті қадағалап, өздерінің экономикалық мүдделерін қорғай білулері тиіс. Бұл тұрғыда кең және құнарлы жерлерге ие Орталық Азия елдері ауыл шаруашылығы сияқты энергетикадан тыс салаларды да дамыта түсулері керек.

Әдебиеттер:

China Daily (2020). 2019 жылы Орталық Азия-Қытай табиғи газ құбыры арқылы Қытайға 47,9 млрд. текше метр табиғи газ тасымалданды. Сілтеме: https://cn.chinadaily.com.cn/a/ 202001/10/WS5e17f 5f3a31099ab995f680f.html. Қаралған уақыты: 28.03.2020.

China Pictorial (2019). Ортақ дау үшін. Сілтеме: http://www.rmhb.com.cn/zt/ztg/slgd/ 201809/t 20180910_800140936.html. Қаралған уақыты: 29.03.2020.

DRC (2020). Коронавирус Қытайдың энергетикалық дамуын өзгертпейді. Сілтеме: https://www.drc.gov.cn/xscg/20200309/182-224-2900315.htm. Қаралған уақыты: 28.03.2020.

Gov.cn (2020). 2019 жылы Қазақстан-Қытай мұнай құбыры арқылы Қытайға 10,88 млн. тонна мұнай экспортталды. Сілтеме: http://www.gov.cn/xinwen/202001/09/content54678 90.htm. Қаралған уақыты: 28.03.2020.

Matritca.kz (2020). Қазақстан Қытайға табиғи газ экспортын қысқартты. Сілтеме: http://www.matritca.kz/news/70109-azastan-ytaya-gaz-eksportyn-ysartty.html. Қаралған уақыты: 28.03.2020.

MOFCOM (2019). 2018 жылы Орталық Азия-Қытай табиғи газ құбыры арқылы Қытайға 47,5 млрд. текше метр табиғи газ тасымалданды. Сілтеме: http://www.mofcom.gov.cn/ article/i/jyjl/e/201901 /20190102827158.shtml. Қаралған уақыты: 28.03.2020.

Siluxgc (2020). Өзбекстан неге табиғи газ экспортын тоқтатуға шешім қабылдады? Сілтеме: http://www.siluxgc.com/UZ/20200312/18992.html. Қаралған уақыты: 28.03.2020.

WHO (2020). Коронавирус 2019 (COVID-19) жағдайы туралы есеп – 165. Сілтеме: https://www.who.int/docs/default-source/coronaviruse/situation-reports/20200703-covid-19-sitrep-165.pdf?sfvrsn=b27a772e_6. Қаралған уақыты: 04.07.2020.

Word Metals (2020). 2019 жылғы Қытайдың мұнай және химия өнеркәсібі туралы есебі. Сілтеме: http://www.worldmetals.com.cn/viscms/tuijian1445/20200317/250592.html. Қаралған уақыты: 29.03.2020.

Xinhua (2017). Қытайдың мұнай сұранысы 2030 жылы рекордтық деңгейге жетеді. Сілтеме: http://xinhua-rss.zhongguowangshi.com/13701/4067403128630087850/2190070.html. Қаралған уақыты: 29.03.2020.

Xinhua (2020). Орталық Азия-Қытай табиғи газ құбыры арқылы Қытайға жеткізілген табиғи газдың жалпы көлемі 300 млрд. текше метрден асты. Сілтеме: http://www.xinhuanet.com/fortune/2020-02/28/c_1125640113.htm.

Өмірбек Қанай

Senior Research fellow

Өмірбек Қанай қазіргі кезде Еуразиялық ғылыми-зерттеу институтында ізденуші болып жұмыс атқаруда. Ол 2010 жылы ҚХР Орталық ұлттар университетінің Қазақ тіл-адебиеті факультетіне түсіп, 2009 жылы аяқтады. 2008-2009 жж. аралығында Германияның Юутус Либик атындағы Гиссен университетінің Түркология бөлімінде білім асырды. 2010-2013 жж. аралығында Германияның Юутус Либик атындағы Гиссен университетінің Түркология бөлімінде түркология мамандығы бойынша докторантура оқыды. Аталған бөлімде 2010-2012 жж.

Дереккөз: https://eurasian-research.org/publication/koronavirusun-orta-asya-cin-enerji-isbirligine-olasi-etkileri/?lang=mn