Дүкен Мәсімханұлының қытай көркем әдебиетінен жасаған бес томдық аудармасына шолу

501

Өзге тілде жазылған әдеби шығарманы өз тіліңде жаңғырту –
әрқашан шығармашылықтың шыңы болып қалады.

Н.И. Конрад
ф.ғ.д.,академик

Бұл бес томдықтың алғашқы екі томы – қазіргі заманғы қытай көркем әдебиетінің негізін салушы Лу Шүннің бес кітабынан аударылған әңгімелер мен повестері.
Лу Шүн – ұлы ойшыл, суреткер жазушы. Оның үстіне Батыс синологтары арасында «Қытайды тану – Лу Шүнді оқудан басталады» деген түсінік бар. Ал қытайдың әдеби қауымы ортасында «Лу Шүнді оқымай жазушы болуға болмайды» деген қағида берік орныққан. Нобель әдебиет сыйлығының иегері Мо Янь «Лу Шүнді «әдебиет­тегі №1 ұстазым» деп есептейді. Демек, осыдан-ақ аудармашының Лу Шүннен көлемді-көлемді екі том дүние аударуының астарында үлкен мақсат­тар жатқанын аңғаруға болады.
Сөзімізге дәйек болу үшін екі томның беташары саналатын – «Қояншықтың қол жазбасына» назар аударып көре­йік. Бұл шығарманы кезінде Қытайдағы ағайындар «Есалаңның естелігі» деген атпен аударған болатын. Әуелгі қытай тіліндегі аты — (Kuángrén de rìjì). Мұндағы «Kuángrén» сөзінің мән-мағынасы бойынша қарастырсақ «есалаң» сөзінен гөрі, «қояншық» сөзіне дәл түседі. Өйткені «есалаң» сөзі туада ақыл-есінде кемістігі бар адамды меңзесе, «қояншық» сөзі белгілі бір мезгілде көтеріліп ауыратын науқастың атауы.
«Есалаңның естелігінде» мына бір жолдар: «…қараңғы, күн әлде түн екені белгісіз. Чжао үйінің иті тағы үрді. Арыстандай жыртқыш, қояндай қорқақ, түлкідей қу» деп аударылған. Бір қарағанда бұл да түсінікті. Бірақ Д.Мәсімханұлы оны қазақтың көркем әдеби тілінің тезіне салып былай тәржімалайды: «Күндіз бе, түн бе, белгісіз – тас қараңғы. Чжаоның иті тағы абалады. Арыстандай айбат­ты, қояндай қорқақ, түлкідей айлакер дегендей….». Көзқарақты оқырман байқап отырған болар, түпкі мәтіндегі «Чжао үйінің иті» деген сөзді аудармашы «Чжаоның иті» деп өзгерткен. Меніңше бұның да өзіндік астары бар. Шығармадағы «мен» болып бірінші жақтан сөйлейтін бас кейіпкер – «қояншықтың» күдіктеніп, секем алып, үрейленіп жүрген бір адамы бар, ол – Чжао шонжар. Оның үйіндегі немесе отбасы мүшелері емес, дәл сол шонжардың өзі және ол үйреткен, қожайынына адал иті. Автордың айтпақ ойын терең түсінген аударушы «Чжао­ның иті» деген сөзді әдейі қолданып отыр деп ойлаймын.
Бес томдықтың III томы Ба
Цзиннің «Әулет» романына арналған. Бұл романды сонау 1990 жылдары студент атанып жүрген шағымда қытай тіліндегі түп нұсқасын құмарта оқып едім. Содан болса керек, Ба Цзин шығармаларының сюжеті маған таныс. Романда Қытайдың Сычуан провенциясының орталығы Чэңду қаласында өмір сүрген феодал-шонжар Гао әулетінің тұрмыс-тіршілігін сурет­теу арқылы тұтас Қытай қоғамының сол кез­дегі ескі феодалдық жүйесінің шынайы кейіп-кеспірі сурет­телген. Роман «ХХ ғасырдағы Қытайдың ең үздік 100 романы» санатына енген шығарма. Енді осы романнан бір үзік аударманы келтірейік. Романның бастауын Дүкен Мәсімханұлы әдеби тілде былай тәржімалайды: «Ұйтқи соққан бораннан жұлмаланған мақтадай бұрқыраған қар ұшқындары жапалақтай бағдарсыз ұшып келіп жер бетіне қонақтап жатыр. Үйлердің арасындағы үлкен жолдың тас ернеуін тегіс жапқан аппақ қар, жолға түскен жиек секілденіп көрінеді». Оқып отырғанда түпкі мәтінінен аудармасы тартымды шыққандай көрінеді. Бұл да аударушының білімі мен талантына байланысты болса керек.
Бес томдықтың IV томы Мао Дуннің «Түн» романы. Бұл роман қытайдың классик жазушысы, аса көрнекті әдебиет зерт­теушісі, мәдениет және қоғам қайраткері Мао Дуннің XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы өзі өмір сүрген дәуірдің, қоғамдық ортаның хал-ақуалы мен жай-жапсарын, әсіресе XX ғасырдың 19 жылдарынан 49 жылдарына дейінгі кезеңді сурет­теген шығарма. Бұл кезеңде қытай қоғамының тағдыры тым күрделі әрі аянышты еді. Үздіксіз соғыстар, алпауыт елдердің отарлауы, кедейшілік, аштық пен білімсіздік, жемқорлық пен әділетсіздік барынша етек алған, оған қарсы жастар қозғалысы, әдебиет пен мәдениет­тегі сілкініс тай-таласқа түсіп жатқан аса ауыр тарихи дәуір болатын. Өзі куә болған осынау бақытсыз кезеңді баяндаған Мао Дуннің «Түн» романы – қытай көркем әдебиетінің негізін салуға айрықша үлес қосқан, әсіресе жаңа қытай прозасының әлемдік деңгейге көтерілуіне түрткі болған әйгілі шығарма.
Мао Дуннің «Түн» романы қытай халқы үшін, тіпті әлем халқы үшін қандай маңызды болса, қазақ тілді әдеби орта үшін Д.Мәсімханұлының аудармасы да дәл сондай құнға ие. Қытай тілінде 355 мың сөзбен 420 бет болып жарық көрген бұл роман, қазақ тіліне автордың өмірі мен шығармашылығы туралы жазылған аудармашының алғысөзімен қоса алғанда 620 бет болып жарияға жетіп отыр.
Бес томдықтың соңғы – V томы қытай әдебиетінің тарихи дамуына сипат­тама жасағандай көрінеді. Бұл кітаптың беташары профессор
Д.Мәсімханұлының «Қытай әдебиеті: қыры мен сыры» деп аталатын көлемді зерт­теу мақаласымен басталады. Мақаланы оқып шыққан адам тұтас бір халықтың әдебиеті мен мәдениетінен, руханиятының тарихи дамуынан толық хабардар бола алады. Кітаптың жалғасы поэзия және проза бөлімі болып бөлініп, қытайдың әдебиеті тарихындағы қадау-қадау тұлғалардың шығармаларын қамтыған. Атап айт­қанда, бұл томға Ли Бай, Ду Фу, Мың Хауран, Бай Цзюий, Лау Шэ, Ай Чиң, Юй Гуаңчжуң, Лао Шэ, Уаң Мың, Мо Янь, Те Ниң, Го Сюебо, Хай Цзы, Гу Чэң, Чэн Дуңдуң, Чжао Лихуа, Диң Даң, т.б. қытайдың әйгілі қаламгерлерінің прозалық және поэзиялық шығармалары енген. Аудармашы өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан талант­ты ақын ретінде түпнұсқадағы поэтикалық сарынды мәнін бұзбай, сәнін әрлеп жеткізіп береді. Сөзіміз дәлелсіз болмас үшін екі ақынның екі өлеңін оқып көрейікші.

Көктемгі ой
Ду Фу (712-770 жж.)

Ел бүлініп кеткенмен,
Тау-өзендер қозғалмас.
Көктем келіп қалаға,
Көк шалғынға көз қанбас.

Өткен күн еске түскенде,
Көз жасым гүлге тамады.
Құстардың үні емдейді,
Жүректегі жараны.

Майдан өрті басылмай,
Тұтасқан тұман бар әлем.
Хабар алсам үйімнен,
Шала байып қалар ем.

Қара шаш қалмай басымда,
Ағарып, сиреп барады.
Тіпті қазір шашымнан,
Түйреуіш түсіп қалады.

Туған жерге сағыныш
(Тайвандық ақын Юй
Гуаңчжунь. 1928-2017жж.)

Балалық шақта…
Ауылға деген сағыныш –
сәлем хат еді ағылған,
Бір бетінде мен өзім,
бір беті анам сағынған.
Есейген кез­де…
Ауылға деген сағыныш –
билеті болды кеменің,
Бір бетінен өзімді, бір бетінен сүйіктімді көремін.
Соңғы бір мезгіл…
Ауылға деген сағыныш – бір бейіт болды шағындау ғана пішінде,
Мен тұрам ылғи сыртында, жатады анам ішінде.
Бүгінгі күні…
Ауылға деген сағыныш –
тар түбектегі құба таң,
Бергі бет­те мен жүрмін, арғы бет­те ұлы Отан!

Осынау өлең жолдарын еш кедергісіз, сұлу сарынмен бір сыдырып оқып шыға аласыз. Бұл да тілге жеңіл тиген дүние болғандығында. Ал қайталай оқысаңыз терең ойға қаласыз, бұл аударманың жүрекке жылы тиіп, ой салып өткенін көрсетеді. Осыны жазып отырып маған мынадай ой келді: «Егер Ду Фудың немесе Юй Гуаңчжунның орнында Д.Мәсімханұлы болса, дәл осы тақырыпты қалай жырлайды екен?». Аударма нұсқасын осындай биік деңгейде сөйлеткен ақын өз ойы мен сезіміне еркіндік берсе, бұдан да артық болмаса, кем дүние жазбас еді. Өйткені аудармашының автор ойынан, ұстанымынан ауытқып кетуіне «болмайды». Бұл аудармашының еркін еріксіз «матап» тастауы мүмкін. Бірақ әлдебір сөз бен сөйлемдерді аудару барысында ептеп «көмектесуге» болады. Жазушы мен аудармашының басты айырмашылығы да осында. Жазушы – жүрек қалауындағы ойын, сөз арқылы еркінше өрнектейді. Ал аудармашы да ондай «ерік» жоқ десек те болады. Бұл тұрғыда жазушы өзін «бақыт­ты» сезіне алады. Аудармашы кей ойы мен сөзін «ішіне» жұтуға мәжбүр болады. Десе де, еңбекті бағалау тұрғысынан жазушыға берілген бағаның дәл сондайын аударушыға беруге тура келеді. Бұл сұрапыл аудармашы Дүкен Мәсімханұлының еңбегі мен талантына тікелей қатысты дүние.
Қысқасы, біз шағын шолуымызда талант­ты ақын, қытайтанушы ғалым, дарынды аудармашы, профессор Дүкен Мәсімханұлының түпнұсқадан жасаған «Қытай қаламгерлерінің таңдамалы шығармалары» ат­ты бес томдық еңбегі ұлтымыздың рухани өміріндегі айтулы құбылыс, қазақ әдебиетіне, қазақ көркем ойына қосылған үлкен олжа деп бағаласақ, артық айт­қан болмас едік.

Қастер Сарқытханұлы,
Абай атындағы ҰПУ профессоры,
жазушы, аудармашы

Дереккөз: https://qazaqadebieti.kz/43295/bederi-ajshy-ty-bereri-mol-bes-tom?fbclid=IwAR3gTmEy9JSTDaB33b6jeHV6mbBpzveY_6a5j2iIeSi1kfVr977YUqisjbo

 

https://perpustakaan-baubaukota.projectkoding.com/data/https://himaindustri.unpam.ac.id/https://fsb.ung.ac.id/https://library.iainkediri.ac.id/https://newepaper.jawapos.co.id/thumbnail/dist/https://prakerja.nusatalent.com/file/https://ejournal.insuriponorogo.ac.id/config/https://www.rsudsyamsudin.co.id/gacor/https://eproc.jawapos.co.id/adminlte/plugins/site/https://rskiasawojajar.co.id/https://pria.org/https://epaper.radarlombok.co.id/wp-includes/system/https://bapenda.sumbabaratkab.go.id/link/https://empowerment.co.id/https://simak.id/