МҰРАҒАТ ДЕРЕКТЕРІ МАҢЫЗДЫ
Клара Хафизова,
тарих ғылымының докторы
Жарты ғасырға жуық ғұмырымды Қытайды зерттеп-тануға жұмсасам да, Қытайды жете білемін деп айта алмаймын. Оның үстіне, Қытай да, мен де, бүкіл әлем мен қоршаған ортамыз да ұдайы өзгеріп отырдық емес пе? Бірақ Қазақстан қытайтанушыларының ішінде, тағдыры небір бел-белестерден өтсе де, жан-жақты қызметі тура менікіндей Қытаймен байланысқан жан аз-кем шығар. Қытай тілі, әдебиеті мен тарихынан орта мектеп пен университетте сабақ беру, Қазақстандағы қытайтану іргесін қалауға атсалысу, өз халқы мен Отаны туралы қытай дереккөздерін зерттеу, қытай мұрағаттарының есігін тұңғыш ашқан қазақ ғалымы болу, Қытайдағы түрлі ұлт өкілдерімен ресми және жеке деңгейде тығыз араласу – осының бәрі де өмір жолымдағы кездесулер.
Ташкент университетінің студенті ретінде Науаи атындағы Мемлекеттік кітапханада іс-тәжірибеден өткен шағымда Дуньхуан туралы және Дуньхуан әдебиетіне аннотация жазғанмын. Тағдырдың жазуы дегенге осыдан кейін, қалай сенбейсің? Осы кішігірім студенттік еңбегімнің өтеуі болар, Кеңес Одағының тарихшыларының ішінде Қытай Дуньхуан-Тұрфантану Қоғамы Лоян мен Пекинде өткізген ғылыми конференцияларға тұңғыш қатысқан мен болдым, Чай Цзяньхун, Дун Сицзю (қытай биі тарихы туралы кітап авторы, 1997), Сюй Цзыцян (Пекин кітапханасының қызметкері) сияқты тамаша адамдармен таныстым. «Лоян университетінің Хабаршысында» Қытайда алғаш рет Тәуелсіз Қазақстан ғалымдары К.Байпақов пен К.Хафизованың Жетісу өңіріндегі буддизм жәдігерлері жайындағы мақаласы жарияланды.
Мен үш мәрте Ланьчжоу сауда университеті мен Ланьчжоу университетіне сабақ беруге шақырылдым. Осы уақыт ішінде, Ганьсуды батысынан шығысына, Дуньхуаннан Тяньшуйға дейін аралап шықтым… Көз алдыма қыс пен күз кезінде таяз әрі тұнық, көктемде буырқанған сары лай болып ағатын Хуанхэ өзені елестейді. Хуанхэ дариясының жағасында бой көтерген мешіттер көрінісін де ұмытпаспын. Осы мешіттердің бірінде, мен Ланьчжоуда жүргенде дүниеден озған әкем марқұмды еске алып Құран да оқыттым. Тура бір жыл өткен соң, сол ахун маған Алматыға телефон шалып, жай-күйімді сұрап, жақсы тілектер айтты. Сөйлесіп болғасын, ахунның мен үшін қайғылы сол бір күнді есіне алып, әкемнің жылына бағышталған Құран оқығанын түсіндім. Менің әкем Қазақстанның ең алғаш жоғары оқу орны – сол кездегі Алматы мұғалімдер институтының түлегі болатын.
Хань дереккөздері Ганьсудағы Циляньшанның етегінде ежелгі «усунь» халқы тұрған екен деп, олардың аңыздарын баяндайды, одан біздің бір руымыздың аты шыққан. Ал Цзяюйгуань мен Юйгуань қамалдары арқылы Орталық Азия елдерінің елшіліктері мен саудагерлері кіріп-шығып, осында кедендік бақылау өтетін болған. Олардың ішінде қазақ хандықтарының елшіліктері мен саудагерлері де бар. Цин империясымен саяси және сауда қатынастарын орнатқан Абылай ханның ұлдарының бірі Ланьчжоудағы мұсылман бейітінде жерленген. Осы жердегі Хуанхэ жағасында Ұлы Жібек жолының поэтикалық символына айналған асыл жануарды дәріптеген «қарлығашты жаншыған тұлпар» қола мүсіні табылды. Өркениеттер диалогындағы жылқы тақырыбы мені ылғи да толқытады.
Отбасымыз Қазақстанның оңтүстігінде, Жібек жолының бойындағы ежелгі Тараз қаласына таман орналасқан бір ауылда тұратын. Сол кездегі газет-журналдарда Қытайдағы оқиғалар, қытай қайраткерлері мен қытай балалары туралы кішігірім мәліметтер шығып тұратын. Этникалық қытайларды кейінірек көрдім. Орта Азиялық Мемлекеттік университеті (қазіргі Ташкент Мемлекеттік университеті) шығыстану факультетінің қытай бөліміне оқуға түскенімде, КСРО жоғары оқу орындарында ҚХР студенттері оқитын. Ташкентке көбіне шыңжаңдық студенттер келетін, олардың әдет-ғұрпы, тілі, киімі мен тамағының бізден айырмашылығы көп емес еді. Нақ Қытайдың өзінен келген студенттер өте аз болатын.
Ташкент – Кеңестік дәуірде шығыстану әрі аймағымыздағы жалғыз қытайтану орталығы болатын. Мұнда Жазушылардың алғашқы конференциясы, Азия және Африка елдерінің халықаралық кинофестивальдары өткізілетін. Бізді осы шараларға тыңдаушы және көрермен ретінде тартып отыратын, біз де қолымыздан келген көмегімізден аянбайтын едік. 1958 жылы Азия және Африка елдері жазушыларының конференциясы өткені есімде, оған қытай жазушылары да қатысты, делегация құрамында шығармашылығын бізге 2 курста оқытатын жазушы Мао Дунның жесірі де болатын. Фестиваль басталғанда қытай тілінен енді сабақ ала бастаған едік, сондықтан амандық-саулықтан бөтен ештеңе білмейтінбіз.
Ташкент университеті студенттеріне КСРО Білім министрлігі білімін жалғастыру үшін Мәскеу мемлекеттік университеті, Ленинград мемлекеттік университеті және де Қытай жоғары оқу орындарына жолдама беріп отыратын. Бағым жанып, мен 1962 жылдың қазан айында Пекин университетіне жолдама алдым. Ланьчжоуда Қытайда аты шыққан Ма Маньли, Ван Силун деген тарихшылар, Ян Шу, Ван Цзиньго сияқты саясаттанушылар және олардың жас әріптестері жұмыс істейтін. Ма Маньли ханым қытай тіліне И.Я.Златкинның «Жоңғар хандығының тарихы» атты кітабын аударған, аталмыш кітапта Жоңғар хандығының патшалық Ресеймен, циндық Қытаймен, қазақ және ортаазиялық хандықтармен халықаралық қарым-қатынастары туралы мұрағат деректері алғаш рет қолданысқа енген болатын. Жиырмасыншы ғасырдың алпысыншы жылдары шиеленіскен көптеген мәселелердің тамыры біздің аймақтың топырағында жасырын жатқан еді. Илья Яковлевич Златкин жоңғарлар туралы маньчжур тілінен аударылған көп томдық қытай құжаттарының қолжазбасын тапқан адам. Ресей және Кеңес қытайтануы ҚХР-дың солтүстік, шығыс және батыс аймақтарын қоныстанған халықтардың тарихын зерттеу жөнінен дүниежүзілік ғылымның алдыңғы қатарында тұрғанын баса айтуым керек. Ван Силун профессор – атақты Юй Тайшанның редакциясымен шыққан «Сиюй тунши» атты ұжымдық еңбек авторларының бірі. Ланьчжоуда мен Солтүстік-Батыс Қытайдың әйгілі зерттеушісі Вэй Лянтао, орыс-қытай сауда байланыстарының зерттеушісі Ли Шэн, Цин империясының Қоқан хандығымен қарым-қатынасының тарихын зерттеуші Пань Чжипин, Ұлы Жібек жолы тарихын зерттеуші әрі менің монографиямның аудармашысы Ван Шанда атты профессорлармен таныстым. Қазір де мен олармен және олардың Қытайдың басқа қалаларындағы шәкірттерімен қарым-қатынасым үзілмеді.
Қытайға екінші сапармен 25 жылдан соң – 1988 жылы Қазақ КСР Ауыл шаруашылық министрлігі жанындағы Агроөнеркәсіп комитетінің делегациясының құрамында бардым. Ол кезде мен Қазақ КСР ҒА-ның Тарих және этнология институтына қарасты ұйғыртану институтында жұмыс істедім. Қытайдағы қазақтар, ұйғыр қожаларының Цин билігіне қарсы қозғалыстары туралы мәліметтер жинап, мақалалар шығара бастаған болатынмын. Қорғасқа дейін бірнеше машина болып бардық та, сол жерде бізді Мал шаруашылығы департаментінің жауапты қызметкерлері күтіп алып, Құлжаға алып келді. Қорғас, Ма Дачжэн әдемілеп айтқандай, қос елді шапанның екі етегін іліндіріп тұрған баға жетпес інжу ілгектей байланыстырып тұр. Сосын Талки асуынан асып, Үрімшіге бардық. Қорғастан бізге қытай археологы Лю Эньго, Синьцзян мұражайында қызмет ететін жұбайымен қосылды. Осы бір іскерлік, ғылыми сапар әсерлері маған өзгеріс жолындағы Синьцзянның толық бейнесін ашты.
Қытай – әлемдегі ірі ауылшаруашылық мемлекет. Алғашқы реформалар ең алдымен осы салаға оң әсерін тигізіп, жағымды өзгерістерге әкелді. ШҰАР Іле-Қазақ автономиялық округының экономикасы, негізінен, мал шаруашылығы мен диқаншылыққа бағытталған. Округ 1954 жылдың 27 қаңтарында 24 уезден құрылған, оның 3 округы дәстүрлі түрде Қазақстанмен тығыз байланыста болатын. Округ тұрғындары саны 3 млн 47 мың адамнан тұратын қазақтар еді.
Біз Құлжадан 180 км қашықтықта орналасқан Күнес мал өсіру фермасының жұмысымен таныстық. Ол 1939 жылы негізі қаланып, Шыңжаңдағы, Қытайдағы ірі шаруашылықтың біріне айналған екен. Іле-Күнес пен Текес бойындағы жерлер ежелден жайылымымен белгілі жерлер, мұнда жоңғарлар мен қазақтар малын жайған. 1988 жылдан бері бұл өңір басқа елдермен сауда-саттық орнатып, асыл тұқымды мал алмасуға құқығы бар екен. Алыс Албанияға да мал апарып үлгеріпті.
Мені әсерлендіргені, біздің Құлжадағы бұрын Ресей империясы, кейін Кеңес Одағы Өкілеттігінде қонғанымыз болды. Бұнда ұзақ жыл тұрған Петербор университетінің болашақ профессоры, консул Иван Захаровты, Х1Х ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы Шыңжаңның ахуалы жайлы керемет мәліметтер қалдырған басқа да өкілдердің тұрмысын елестеттім. Осындағы үйлердің бірінде орналасқан И.Захаровтың кітапханасындағы кітаптарды ақтарып отырған Шоқан Уәлиханов көз алдыма келе берді. Бұл жерге Шәуешектегі өкіл К.Скачков та келіп тұрған, оның Шыңжаң тарихы бойынша жинаған бірегей қолжазбалары қазір Мәскеудегі Ресей Федерациясы Мемлекеттік кітапханасының Қолжазба және сирек кездесетін кітаптар бөлімінде сақтаулы.
Қытай әріптестер Шыңжаң туралы мұрағат материалдарына қызығады, ал бізге қажеті – Қытай қазақтары туралы мұрағат мәліметтері. Екі елдің мұрағат басқармалары арасындағы ынтымақтастық тұрақтанып келеді.
Көп ұзамай Қытайға тағы да жол түсті. Енді Қазақстан өнеркәсіпшілерімен бірге Қытайдың солтүстік-батысындағы Хэйлунцзян провинциясының орталығы Харбинге бардық. Үскірік аязда Кеңестің Благовещенск қаласы мен Қытайдың Хэйхэ қаласы арқылы шекарадан өттік. Жаңа жыл мерекесі қарсаңы болғандықтан, қала саябақтарының біріндегі Мұз қалашыққа бардық. Ондағы мүсіндер мен қамалдар қытай аңыздары мен тарихы сюжеттерін суреттеген екен. 40 градус аязда қыз-келіншектердің жібек орамал тартып жүргені қатты таңдандырды.
1990 жылдардың аяғында Қытайдың Қазақстандағы елшілігі қытай әдебиетінің біртумалары «Қызыл үйдегі ұйқы», «Үш патшалық», «Батысқа саяхат» романдары бойынша қойылған фильмдер көрсетілімін ұйымдастырды. Маған осы романдарды көрерменге таныстыратын мақалалар мен фильмдерге пікір жазуға ұсыныс жасады.
1990 жылдардың басында Қазақ КСР Білім министрлігінің делегациясы Пекиндегі Солтүстік политехникалық университетке барды. Осы университеттің қытай тілін шетелдіктерге үйрету факультетімен келісімшарт жасасты. Осы келісім бойынша, ҚазҰУ-дың шығыстану факультетіне қытай тілінен сабақ беру үшін Ли Цзинь, профессор Ма Шуцин келді. ҚазҰУ-дың Ланьчжоу университетімен жасасқан келісімі тиімді болды. Келісім 10 жылға созылды, жыл сайын 5-10 студент, 1 оқытушы Ланьчжоу университетіне барды. Ланьчжоу университетінде, Сыртқы байланыстар бойынша проректор Ян Шудың бастамасымен, Орта Азия Институты құрылып, оған өзі басшылық етті. Кейінгі жылдары Қазақстан шығыстанушыларының, филологтарының, тарихшыларының, саясаттанушыларының осы университетпен қарым-қатынасы тереңдеп, кеңи түсті. Осы университет қазақ ғалымдарының ғылыми еңбектерін аударып келеді, 2003 жылы мұнда менің монографиям да қытай тіліне аударылып жарияланды. Ланьчжоу университеті ҚазҰУ-дағы Конфуций институтына да жетекшілік етеді.
ҚР мен ҚХР арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнап, Алматыда ҚХР елшілігі ашылғаннан кейін, олар бізге қажетті оқу құралдары мен арнайы әдебиеттер, сөздіктерді сыйға тартты. Біз, оқытушылар, студентерімізбен бірге біліммен сусындадық. Қытай жағы ҚазҰУ-да қытай тілін оқыту орталығын ашты, оның техникалық және әдістемелік жабдықталуын өз мойнына алды. Әрине, бұған Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени, гуманитарлық қарым-қатынастардың жыл санап кеңейіп, дамуы себепкер еді.
Орысшадан аударған: Қаламқас Есімова
Дереккөз: http://anatili.kazgazeta.kz/news/59004