«Орталық Азияның зияткерлік тарихы контекстіндегі түркі ренессансы (X–XVI ғғ.)» атты халықаралық конференция
2022 жылғы 28 қазанда Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтында «Орталық Азияның зияткерлік тарихы контекстіндегі түркі ренессансы (X–XVI ғғ.)» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференция осы тақырыпта орындалып жатқан ғылыми жоба аясында ұйымдастырылып, ҚР ҒЖБМ ҒК Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты Ұйғыртану орталығының жетекшісі, т.ғ.д., профессор, жоба жетекшісі Р.У. Каримованың 70 жылдығына арналды.
Жиынның ашылуында Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты бас директоры, ф.ғ.д., профессор, әйгілі шығыстанушы-ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, “Парасат” орденінің иегері Дүкен Мәсімханұлының іссапарға кетуіне байланысты, Бас директордың атынан ғылым жөніндегі орынбасары, экономика ғылымдарының докторы, доцент Ғ.М. Дүйсен мерейтой иесі Р. Усманқызына «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы мен институттың атынан алғыс хат пен «Шығыстану ғылымына қосқан үлесі үшін» төсбелгісін салтанатты түрде табыс етті.
Конференция барысында «Орталық Азияның зияткерлік тарихы контекстіндегі түркі ренессансы (X–XVI ғғ.)» ұжымдық монография мен Р.У. Каримованың «Орталық Азияның өркениеттік үдерістеріндегі Шығыс Түркістанның ортағасырлық қалалары» монографиясының тұсау кесері өтті.
Конференцияға қазақстандық және алыс-жақын шетелдік ғалымдар, ЖОО оқытушылары, мамандар, докторанттар, магистранттар қатысып, өзекті тақырыптарға баяндамалар жасады.
Конференция тақырыбы шығыстанудың өзекті бағыттарын, сондай-ақ Орталық Азияның тарихы мен мәдениетін зерттеудегі жаңа жетістіктерді қарастыруға арналды.