АКАДЕМИК Р.Б. СҮЛЕЙМЕНОВТІҢ 90 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

1051

Кеше (22.09.2021) Алматыда Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ұйымдастыруымен шығыстанушы ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚазССР ҒА академигі Рамазан Бимашұлы Сүлейменовтің 90 жылдығына арналған «Академик Рамазан Бимашұлы Сүлейменов және Қазақстанда тарих ғылымының дамуы» атты Республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Ғылыми шараға зиялы қауым өкілдері, шығыстанушы-мамандар, белгілі тарихшы ғалымдар, т.ғ.д., профессор, ҰҒА академигі Х.М. Әбжанов,  т.ғ.д., профессор, ҰҒА корреспондент-мүшесі Әбусейітова Меруерт Қуатқызы, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры, т.ғ.к., доцент Исабек Қашқынқызы Баршагүл және Р.Б. Сүлейменовтің қарындасы Сүлейменова Жанна Бимашқызы, ұрпақтары – Еркін Рамазанұлы, Ләйла Рамазанқызы қатысты.

Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты директоры, белгілі шығыстанушы-ғалым, ф.ғ.д. профессор Дүкен Мәсімханұлы конференцияға қатысушы қонақтарды Р.Б. Сүлейменовтің 90 жылдық мерейтойымен құттықтай келе: “Егемен еліміздің Шығыстану ғылымы – Р.Б. Сүлейменов есіміне қарыздар. Өйткені, ол ең алғашқы Шығыстану орталығының құрушысы және тұңғышқы директоры. Ол 1992 жылдың 13 ақпаны еді. 1996 жылы шығыстану орталығы Шығыстану ғылыми-зерттеу институты болып қайта құрылса, 1998 жылы Қазақстан Үкіметтің шешімімен, институтқа Рамазан Бимашұлы Сүлейменовтің есімі берілді. Бүгінгі күні Шығыстану институты республика және шетелдерде өзінің ірі ғалымдары және іргелі зерттеулерімен кеңінен мәлім ғылыми орталыққа айналды” деді.

Конференцияға қатысушы ғалымдар өз баяндамаларында Р.Б. Сүлейменовке қатысты қызықты да тың деректерді ортаға салды. Әсіресе, академик ғалымның ұлы жазушы М.Әуезовтің шәкірті болғандығын, асқан талантты әнші екендігін, шебер ұйымдастырушы, іскерлігін тілге тиек етті. Сонымен бірге, Абылай ханның ұлы тұлғасын, елі үшін еткен еңбегін зерттемек түгілі, есімін айтудың өзі қиын заманда, ол туралы монографиялық еңбек жазғаны – Р.Б. Сүлейменовтің ерлікке парапар іс жасағандығының дәлелі екендігін еске алды.

Сонымен бірге, ғылыми жиында Р.Б. Сүлейменовтің Алаш арыстарын ақтауға сіңірген ерен еңбегі де лайықты аталып өтті. Айталық, Р.Б. Сүлейменовтің Т. Жүргенов, С. Асфендияров, Г. Тоғжанов, Т. Рысқұлов, Қ.Қ. Жұбанов туралы жазған мақалалары мен зерттеу кітаптары – оның бегзат болмысымен қатар, шын зиялыға тән адамгершілік қасиетін байқатады.

Биыл Шығыстану институты Р.Б. Сүлейменовтің 90 жылдық мерейтойына орай екі ғылыми шара өткізді. Сонымен бірге, Р.Б. Сүлейменовтің ұлы Еркін Сүлейменов мырзаның қолдауымен Р.Б. Сүлейменов кабинеті жасақталды. Алдағы уақытта Р.Б. Сүлейменовтің 90 жылдығына орай ғылыми-практикалық конференция материалдары жинақ ретінде жарық көрмек.

Құрманғазы ЖҰМАҒҰЛ, журналист.

https://www.pria.org/https://ula.kemendagri.go.id/https://fkip.unsulbar.ac.id/https://rskiasawojajar.co.id/https://satvika.co.id/https://lpmpp.unib.ac.id/https://cefta.int/https://terc.lpem.org/https://empowerment.co.id/https://pgsd.fkip.unsulbar.ac.id/https://ilmuhukum.unidha.ac.id/http://ebphtb.linggakab.go.id/https://gizi.poltekkespalembang.ac.id/https://eproc.jawapos.co.id/https://lppm.unika.ac.id/