Д. Мәсімханұлы. ПАТРИАРХТАРДЫҢ ЖАЛҒАСЫ

636

ҚР Мемлекеттік сыйлығының, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың, Жамбыл атындағы сыйлықтың, Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты, ТМД аймағындағы ғылым және білім кеңістігін дамытуға қосқан зор үлесі үшін мемлекетаралық «Достастық Жұлдыздары» сыйлығының иегері, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор Сейіт Асқарұлы Қасқабасов деген есім-сойды алғаш қашан, қайдан естідім? Әңгімені содан бастағанды жөн көріп отырмын. Себебі бұл оқиға менің «Қасқабасов» деген адамның атымен алғаш қалай танысқанымды ғана емес, өз кезегінде қазақ ғалымының шетелдердегі танымалдығы мен атақ-абыройынан да азды-көпті хабар берері хақ.

Қытайдағы атышулы «Мәдени төңкеріс» 1976 жылы аяқталды. Бірер жылдан кейін ҚХР-ның билік басына реформатор Дэн ­Сяопин келді. Келе сала реформасын едел-жедел бастап жіберді. Экономика мен ғылым-білім саласы Дэн реформасының өзегі болды. 1978 жылдың өзінде-ақ «Мәдени төңкеріс» жылдарында қақпасы тарс жабылған ғылыми-зерттеу орталықтары, ЖОО-лары, сондай-ақ тек «қызыл қорғаушылар» (хуңвэйбиң) дайындаумен айналысып келген мектептер тұтас қалпына келтіріліп, ырғақты жұмысын бастап кетті. Түлектердің ЖОО-ға түсу үшін тапсыратын «мемлекеттік бірыңғай емтихан» жүйесі қалпына келтірілді. «Оқимын, жоғары білім аламын» деп талаптанған жасқа жол ашылды. Ертеңін ғылым-біліммен ғана байланыстыратын елдегі өскелең ұрпақ жаппай ғылым-білімге бас қойды.

1982 жылы туған ауданымыздан орта мектепті бітірген біз де «мемлекеттік бірыңғай емтиханға» қатысып, бақ сынадық. Емтиханнан өтіп, талап ­еткен университетімізге қабылданыппыз. Сол жылы қыркүйек айының  басында Шынжаңның түкпір-түкпірінен келген 30 бала (7 қыз, 23 ұл) Пекин қаласындағы Орталық ұлттар университетінің (ол заманда институт) ауласынан табылдық. Бірінші  курсымыз негізінен қытай тілін үйренумен өтті. Екінші курстан бастап әртүрлі пәндердің лекциялары қытай тілінде оқыла бастады. Сондай  пәннің бірі «Фольклортануға кіріспе» деп аталатын еді. Ұстазымыз – бүгінде қытай еліне кең танымал, шетелдерге де есімі белгілі әйгілі фольклорист-ғалым, профессор Би Сюнь мырза болатын. Ол фольклор тарихы, фольклорлық жанр түрлері, фольклордың ұлттық сипаты, өңірлік ерекшелігі, т.б. тақырыптар бойын­ша лекция оқып тұрып, осы мәселелер ­туралы әлемдік ғалымдардың ой-пікірін алға тартады, өз тұжырымын ұсынады. Осындай сәтте ұстазымыз еуропалық, ресейлік, жапондық, америкалық әйгілі фольклортанушы ғалымдардың қатарында,  «бұл мәселе туралы советтік Қазақстанның фольклорист-ғалымы  Сейіт Қасқабасов былай дейді» деп Қасқабасовтың да ғылыми пікірінен үзінді келтіріп, тұжырымдарына жүгініп отырар еді. Мұндайда кеудемізді мақтаныш сезімі кернеп, жүрегіміз шымырлап сала берер еді.

«Сейіт Қасқабасов шынымен де қазақстандық ғалым ба? Қай дәуірде өмір сүрген адам? Қандай еңбектері бар?» деген сұрақтар бізді жиі мазалап жүрді.  Содан бір күні Би Сюнь мырзамен оңаша  әңгімеде ол кісіден  «Сейіт Қасқабасов» туралы өзімді мазалап жүрген сұрақтарымды қойып едім: «Сейіт Қасқабасовтың өмірі мен шығармашылығы  туралы менде  де  толық ақпарат жоқ. Тек қана Мәскеудегі КСРО Ғылым академиясының М.Горький атындағы Әлем әдебиеті институтында аға ғылыми қызметкер екенін, ғылым кандидаты, фольклорист-ғалым екенін, 1940 жылы советтік Қазақстанның Семей облысында өмірге келгенін ғана білемін. Қазақ фольк­лорына қатысты, фольклортану ғылымына қатысты орыс және ағылшын, жапон  тілдерінде жарық көрген еңбектерінен хабарым бар» деп жауап берді Би Сюнь мырза.

Ары қарай «Сейіт Қасқабасов» есімді ғалымның өзімен, өмірімен танысуды былай қойып,  шығармашылығымен танысуға да мүмкіндік болған жоқ. Дегенмен,  «Мәскеудегі КСРО Ғылым академиясының М.Горький атындағы Әлем әдебиеті инс­титутында аға ғылыми қызметкер» болып істейтін қазақ ғалымының барына  іштей мақтанып жүрдік.

Содан не керек, 1987 жылы оқуды ­т­а­мамдап, жолдамамен Үрімші қаласын­дағы Шынжаң қоғамдық ғылымдар академиясының әдебиет институтына ғылыми қызметкер болып орналастым. Аталған ғылым ордасында  атағы алты Алашқа танымал тарихшы, этнограф, фольклортанушы, тілші, аудармашы Нығымет Мыңжани ақсақал қызмет етеді екен. Бастабында атағы Алатаудай ағамыздан қорқасоқтап, именіп, қашыңқырап жүрдік те, бірер жылдан кейін дастарқандас болудың, сөйлесудің реті келді. Сөйте-сөйте жақын араласып кеттік. Бір күні әлдеқандай бір сөздің этимология­сына қатысты  сұрақпен іздеп барып ем, кабинетінде отыр екен. Келген шаруамды айттым, «мәселем» тез шешілді. Сосын аз-кем кідіріп, әңгімелесіп қалдық. Сөз арасында ол кісі менің зерттеу бағытымды сұрады. Әзірге әдеби сын жазып, азды-көпті ғылыми һәм көркем аудармамен шұғылданып жүргенімді, болашақта қазақ мифологиясын зерттеумен айналыссам деген  ойым бар екенін айттым.  «Өте дұрыс! Қолдаймын, – деді Нығымет аға, – академиялық ғалымға әдеби сын ғылым болып есептелмейді. Аударманың аты ­аударма. Ол қашанда шығарма авторына тән еңбек. Ал қазақ фольклорын, оның ішінде қазақ мифологиясын зерттеймін дегенің маған ұнап қалды. Ол салада менің де азды-көпті зерттеулерім бар. Қажет материалдармен қарайласып, білген ақыл-кеңесімді айтып тұрам» деп бір тоқтаған Нығымет аға «Айтпақшы, советтік Қазақстанда Сейіт Қасқабасов дейтін ғалымның «Қазақтың халық прозасы» деп аталатын іргелі зерттеу еңбегі шығыпты деп естідім. Екі елдің шекарасы ашылып, барыс-келіс жанданып келеді ғой, мүмкіндігің болса барған-келгеннен сол кітапты алғызсаң өте дұрыс болар еді» деді…

Тек ол кісіден шыққасын «Сейіт Қасқабасов», «Қазақтың халық прозасы» деп күбірлеген күйі кабинетіме   келгенім есімде. Марқұм Нығымет Мыңжани  айтқандай, КСРО мен ҚХР елдері арасындағы тоң  1980 жылдары жібіп, екі ел қарым-қатынасы қалыпқа түсе бастады. Сол-ақ екен, арғы беттегі ағайынның тілі өткені мен пұлы жеткені советтік Қазақстандағы жарты ғасырдай көрмеген туыс-туғанына лап қойды. Бұл жақтан да әртүрлі мақсатпен  сапарлап барушылардың қатары күн санап арта түсті.

Сейіт Қасқабасовтың «Қазақтың халық прозасы» атты еңбегі туралы Нықаңнан естіген күннен бастап, барғанға да, келгенге де «маған осындай кітап керек еді» деп өтініш айтам. Бәрінің жауабы «таба алмадық» деген бір-ақ сөз.

Содан, дәм айдап, 1989 жылы ата-анамды алып, Алматыға қыдырып өзім де келдім. Келген бойда іздегенім Сейіт Қасқабасовтың «Қазақтың халық прозасы» атты еңбегі болды. Бірақ Алматы қаласындағы кітап дүкендерінен таба алмадым. Бір күні Алматының іргесіндегі ағайынның үйіне қонаққа бара қалдық. Үй иесі – туысқан ағамыз мектеп директоры екен, әжептәуір бай кітапханасы бар екен, қалың кітаптың арасынан «Қазақтың халық прозасы» көзіме оттай басылды. Ат-түйедей қалап сұрап алдым. Үрімшіге қайтып барғасын С.Қасқабасовтың аталмыш зерттеуін әлденеше рет қайталап оқыдым. Миф туралы әлемдік әдебиеттер мен қытай ғалымдары еңбектерінің біршамасы бұрыннан қолда бар болатын. Дегенмен, «Қазақтың халық прозасындағы» миф туралы зерттеудің жөні мүлде басқа еді.

1991 жылы ҚХР Ғылым-техника коми­теті алдағы 1992 жылға «ғылыми жоба­ларға» конкурс жариялаған екен, оған біз «Қазақ мифологиясы: түрлері мен басты образдары» атты жобамызды жолдадық. 1992 жылдың соңында аталған ғылыми жобамыз Пекиннен бекітіліп келді. Біз бұл кезде «Азат Отанға – Қазақстанға кетеміз» деп төсек-орынды буып-түйіп қойғанбыз. Содан не керек, жоба да қалды, ақшасы да қалды. Жобаңыз былай тұрсын, талайға арман болған Үрімші де қалды, академиядағы абыройлы жұмыс та қалды. Бәріне қолды бір сілтедік те 1993 жылдың басында «азат Отан қайдасың» деп Алматыға тартып отырдық.

Иә, Отанға оралуын оралдық. Алайда тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы елде қалыптасқан экономикалық жағдайларға байланысты, әрі университеттегі жұмысы­мыз шамадан тыс қауырт болып кетті де, ғылыми ізденіс, зерттеу тақырыбы дегендерге мойын бұруға мұрша болған жоқ. Тек 1996 жылы ғана, факультет басшылығы тарапынан «Жастар, ғылыми әлеуеттеріңді көтеріңдер. Ғылыми жетекші тауып, тақырып алып қорғаңдар» деген пәрмен түскесін, тақырып туралы, зерттеу жұмысы туралы, қорғау туралы қайта ойлана бастадық. Баяғы миф туралы тақырыпты әрі қарай қаузасақ деген оймен, Сейіт ағамды іздеп Академияның М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына бір-екі мәрте барып таба алмадым. Кейін ол кісінің Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-ге ауысып кеткенін естідік. Сөйтіп жүрген күндердің бірінде академик Р.Нұрғалиға шәкірт болып, мүлде басқа тақырыпқа кеттік. Бірде Астанадан Алматыдағы ғылыми жиынға Сейіт ағам келген екен, Рымғали ағаның қасында жүргем. Жиынның бір әредігінде Рағам Сейіт ағамен таныстырды…

1999 жылы кандидаттық диссертациямызды сәтті қорғап, 2000 жылы «ғылым кандидаты» деген қатырма қағазды қалтаға салғанымыз сол еді, бір күні Абай атындағы ҚазПУ профессоры Балтабай Әбдіғазиұлы телефон шалып: «Астанаға – Еуразия университетіне барасың ба?» деді. Күтпеген, мүлде тосын сұрақ. Қапелімде не айтарымды білмей дағдарып қалғанымды сезген Балтабай ағам: «Сейіт аға Қасқабасов Еуразия университетінен Шығыстану факультетін ашқан екен, соған ғылыми дәрежесі бар қытайтанушы кадр іздеп жатыр. Сенімен сөйлесіп бер деп маған қолқа салды. Барам десең, ол кісіге жауабыңды айтам» деді. Ойланып, «барайын» дедім. Кейін басқа адам тауып алса керек, бұл шаруа аяқсыз қалды.

2008 жылы докторлық диссертация қорғауға қам қылдық. Жетекші ұйым – М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инс­титуты болып бекітілді. Бұл кезде Инс­титут директоры Сейіт ағам екем. Белгіленген мерзімде келдім. Шынайы ғалым­дығымен ғана емес, ғылыми жұмысқа деген талапшылдығымен, принципшіл­ді­гімен, қаталдығымен де аты мәшһүр аға­ның алдына имене-имене кірдік. Жоқ, біз ойлағандай емес, жылы, жақсы қабылдады. «Тақы­рыбың жақсы екен. Әуезовті өмір бойы орыстың шекпенінен шығара алмай қойып едік, миллиардтың ұлы жазушысымен салыстыра зерттегенің өте дұрыс болыпты. Екеуі бір жағынан замандас, бір жағынан әдебиеттегі дарыны мен атқарған миссиясы шамалас тұлғалар ғой. Сәттілік тілеймін» деп көңілімді бір көтеріп тастаған Сейіт ағам бөлім меңгерушілерін шақырып, жұмысымды оқып шығып, талқылау ­туралы тапсырма берді. Талқылаудан сәтті өтіп, ғалымдардың оң бағасын алғасын, қоштасып, рақмет айтайын деп Сейіт ағама кірдім. Тағы жылы қарсы алды. Біраз әңгімелестік. Маған сәттілік тілеп, батасын берді.

2002 жылы мен отбасыммен біржола Астанаға қоныс аударып, «еуразиялық» болып кеттім. Сейіт ағамен Елордада өтіп тұратын ғылыми жиындарда ара-тұра кездесіп қалып жүрдім. Кейін, нақтырақ айтқанда 2012 жылы Сейіт Асқарұлы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ филология факультеті қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болып Астанаға қоныс аударды. Мен аталған факультетте қытай филологиясы кафедрасының меңгерушісі едім. Бір ұжымда қатар қызмет істедік. Оның үстіне үйіміз іргелес көрші болып қалдық. Содан бастап Сейіт ағамен отбасымызбен араласып кеттік. Сейіт ағамыздың құдай қосқан қосағы Тамара тәтеміз де жансарайы таза, көңілі дарқан, қабағы ашық, дастарқаны берекелі де мерекелі адам екен. Осылайша, ЕҰУ-де қатар қызмет еткен 7-8 жылда Сейіт аға екеуміз туған аға-інідей, Тамара тәте мен Айнұр туған апа-сіңлідей болып кеттік. Бір-екі күн хабарсыз кетсек Сейіт ағам телефон шалып: «Әй Мәсімханов, Нарынқолға көшіп кеткен жоқсың ба?» деп әзілдеп іздей бастайды.

Сол жылдардағы менің Сейіт ағаның бойынан көрген зиялылық, тектілік, кішілік пен кісілік, отансүйгіштік пен азаматтық, ірілік пен әділетшілдік қасиеттер туралы тәптіштеп жазсам, бір кітапқа жүк болар еді. Ал Тамара тәтеміз тек қазақ қызына, нағыз анаға тән асыл қасиеттерімен бүкіл көршіге сыйлы болды. Сейіт ағаның домбыраны қағып-қағып Арқаның әндерін шырқап салатыны, ал Тамара тәтенің Абай әндерін нақышына келтіріп, сызылта шырқайтыны өз алдына бөлек әңгіменің арқауы. Төртеуміз ғана отырып, кезекпе-­кезек ән салып, әңгіменің көрігін қыздырып, ағарып таң атып кеткенін аңғармай қалатын кездеріміз де көп.

2019 жылдың күзінде Сейіт ағам Алма­тыға қоныс аударды. Ауламыз аңырап, маңайымыз ел көшкен жайлаудай құлазып қалды. Күн құрғатпай телефонмен сөйлесіп тұрдық. Дегенмен, кездесіп, жүздесіп қауқылдасқандай қайдан болсын?! 2020 жылдың 1 маусым күні Р.Б.Сүлейменов атын­дағы Шығыстану институтының директоры қызметіне тағайындалып, Алма­тыға Сейіт ағамды «қуалап» біз де келіп қалдық. Алайда биылғы пандемия кесірінен Астанадағыдай сапырылысып араласуға мүмкіндік болмай қалды. Алла қаласа, жер бетінен ковид көшіп, жайма-шуақ күндер қайта оралса, Сейіт ағам мен Тамара тәтеме әлі талай ән шырқатамыз.

Енді бірер сөз, Сейіт ағамның азаматтық, ғалымдық келбеті туралы. Жалпы Сейіт Асқарұлы – Алаш рухани әлеміндегі болмысы бөлек асқар шың. Ол Қазақ ­фольклортану ғылымында өз мектебін қалыптастырған ғалым. Сейіт Қасқабасов есімі мен еңбегі Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар көптеген ­шетелдерде зор ілтипатпен аталады. Сейіт Қасқабасовтың ғылыми тақырыбы фольклортанудың бірқатар мәселелерін қамтиды, соның ішінде фольклорлық жанрлар мен эпикалық шығармалар теориясына, мифологияға ерекше назар аударады. Ғалымның текстология мәселелеріне жіті назар аударып, көпжанрлы қазақ фольклоры мәтіндерін хатқа түсіру мен жариялау ісіне де елеулі үлес қосып келе жатқанын айту парыз.

Сондай-ақ академик С.Қасқабасовтың пәнаралық зерттеу әдістемесі мен ұстанымы да оның өзіне дейін өрнегі жоқ үрдіс еді. Атап айтқанда, ғалымның халық ауыз әдебиеті үлгілерін зерттеу ісінде, әсте бір ғылым аясымен тұйықталып қалмай, алдына қойған фольклорлық мәселелерді шешу үшін этнография, тіл білімі, әдебиеттану, өнертану салаларының жетістіктеріне де үнемі жүгініп отырды. «Жүгініп отырды» деген сөз айтуға ғана оңай. Яғни ғылымның басқа саласына жүгіну үшін де сол саланы кемел меңгеруге тура келеді. Көрнекті ғалымның осындай тың да жанкешті зерттеулерінің арқасында мифология, фольклорлық ертегі және халықтық проза, қазақ халқының эпостарын зерттеу саласы табысқа жетті.

Қазақ фольклортану ғылымындағы академик Сейіт Қасқабасов еңбектерінің теориялық және әдістемелік жаңалығы – бірқатар тың тұжырымдамалық ұғымдар мен тәсілдерді енгізді. Оның «Казахская волшебная сказка» (1972), «Қазақтың халық прозасы» (1984), «Родники искусства» (1986), «Колыбель искусства» (1990), «Казахская несказочная проза» (1992), «Абай және фольклор» (1995), «Золотая жила» (2000), «Жаназық» (2002), «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу. Қыз Жібек. Қазақтың ғашықтық жырлары» (2003), «XV-XVIII ғасырлардағы қазақ әдебиеті» (2005), «О фольклоре и не только» (2005) «Елзерде» (2008) сияқты монографиялар мен зерттеу­лер кітаптарының қай-қайсысын алсаңыз да қазақ фольклорын зерттеу ісі бойынша отандық фольклористикадағы іргелі, тың пікірлер мен соны тұжырымдарға толы еңбектер. Әсіресе ғалым қазақ фольклорлық шығармаларының жанрлары мен поэтикасын ішкерілей зерттеді. Ең бір сүйінерлігі – дүниежүзіндегі көптеген ел ғалымдары өз фольклорының қай тұсынан қалай кірісерін білмей жүргенде, Сейіт Қасқабасов халқымыздың ауыз әдебиетіндегі барлық құбылысқа анықтама бере отырып, қазақ фольклоры нысандарының ­алуан түрлілігіне баса назар аударып, қазақ фольклорлық шығармаларының сан ­алуан үлгілеріне, атап айтқанда эпос, аңыз, ертегі, миф, шешендік сөз, тұрмыс-салт жырлары, шежіре, жұмбақ, жаңылтпаш… т.с.с. ара-жігін анықтап, олардың сипаты мен құрылымына ғылыми талдау жасады. Халықтық прозаны індете зерттеу, ғалымды осы жанрдың ішіндегі егіз қозыдай туыстас үлгілердің аражігін айқындауға итермеледі. Нәтижесінде ғалым бұрыннан жалпылама «ертегі» деп аталып, соның ішіндегі бір түрі делініп келген мифтер мен аңыздардың, әпсаналардың түрлерін ажыратып, мазмұнын айқындап берді. Фольклорлық жанрлар мен құбылыстардың бәріне ­жеке-жеке ат беріп, айдар тағып, олардың ғылыми термин ретінде орнығуына ерекше ықпал етті. Ол туралы терминтанушы-ғалым, ҚР ҰҒА академигі Ш.Құрманбайұлы бүй дейді: «Кейінгі уақытқа дейін «легенда», «предание» терминдерінің орнына қазақ тілінде бір ғана «аңыз» термині қолданылып келді. Фольклортанушы-ғалым осылардың аражігін анықтап, «аңызды» – «предание», ал «легенданы» – «әпсана-хикаят» деп қолдануды ұсынды. Миф, аңыз, тарихи аңыз, топонимикалық аңыз, жануарлар жайындағы ертегілер, батырлық ертегілер, новеллалық ертегілер, классикалық ертегілер, этиологиялық ертегілер, мысал ертегілер, хикая (быличка), қиял (вымысел), ғажайып қиял (фантастический вымесел), некелік сынақ (брачное испытание), кәмелеттік сынақ (обряд инициации), бастама (зачин), текерлеме (присказка), аяқтама (концовка), аңыздық проза (несказочная проза), ертегілік проза (сказочная проза), қазақ мифі, халық прозасы, рух-ие (духи-хозяева), рух-иелік мифология (мифология духов-хозяев), «көпқұдайлық мифология» (мифология многобожества), «бірқұдайлық мифология» (мифология единобожия), мифологиялану (мифологирование), мифологиялық алғышарттар (мифологические предпосылки), мифологиялық сана (мифологическое сознание), мифологиялық ойлау (мифологическое мышление), мифтік кейіпкер, (мифичес­кий персонаж), жасампаз қаһарман, ілкі-ата (­демиург), көркем жинақтау (типизация), романтикалық дәріптеу (идеализация), тұтастану (циклизация), ғұмырнамалық тұтастану (биографическая циклизация), шежірелік тұтастану ­(ге­неа­логическая циклизация), сюжеттік тұтастану (сюжетная циклизация) сияқты көптеген терминдерді еңбектерінде қолданып, ғылыми айналымға түсірген де фольклортанушы-ғалым Сейіт Асқарұлы. Бұлардың дені өз қаламынан туындаған авторлық терминдер».

Академик Сейіт Қасқабасов әзірлеген фольклористиканы зерттеу тұжырымдамасы бұрынғы кеңестік кеңістікте ғана емес, әлемге ертеде-ақ танылып үлгерген болатын. Оған дәлел ретінде осы жазбамыздың басында айтқан қытайдың әйгілі фоль­клорист-ғалымы, профессор Би Сюнь мырзаның сонау 1980 жылдардың өзінде-ақ С.Қасқабасов тұжырымдарына жүгінгенін айтуымызға болады.

Іргелі һәм әлемдік әдіснамалық және ғылыми негіздерге сүйену ғалымға ұлттық әдебиеттің мифологиялық формалардан жазба әдебиетке дейінгі дамуының дәйекті­лігін анықтауға мүмкіндік берді. С.Қасқабасов қазіргі ұлттық әдебиетке, оның ішінде әсіресе көркем проза үшін сарқылмас қайнар көз бен шабыт берер бастау-бұлағы – бай да мазмұнды халық шығармашылығы екенін дәйектеді. Сейіт Асқарұлының біз сөз еткен жеке қасиеттерін айтпағанның өзінде, ол өз бойындағы сирек кездесетін ерекше талантымен де, сондай-ақ ғылымдағы өте білікті ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленеді. Бұл сөзімізге дәлел ретінде ғалымның өмір жолының соқталы да соқпақсыз кезеңдеріне бір сәт назар аударып көрейікші. 1988 жылы Қазақстан КПОК кеңесші қызметіне тағайындалып, әдебиет және өнер саласына жауапты болды, әрі ертеде саяси репрессияға ұшыраған Ж.Аймауытов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Дулатов бастаған Алаш арыстарын ақтау жұмысына қатысып, қажетті құжаттарды дайындады. 1990 жылы Орталық Комитетте жаңадан құрылған Саяси процестер ­социологиясы орталығын басқарды. Мұнда сондай-ақ Идеологиялық комиссияның мүшесі әрі Орталық жетекшісі ретінде кезінде қате қабылданған саяси-партиялық құжаттардың күшін жою және жазықсыз тыйым салынған ақын-жазушылар мен қайраткерлерді ақтау қажеттігі туралы Жұмыс тобын басқарды. 1991-92 жылдары Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің Аппаратында Мәдениет секторының жетекшісі, Білім, ғылым және спорт, жастар ісі бөлімінің орынбасары болып істеді. 1994-97 жылдары М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында институт директорының орынбасары, Қолжазба және текстология бөлімінің меңгерушісі болды, 1997-2001 жылдары Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ­«Еуразия» ғылыми орталығын, шығыстану факультетін ұйымдастырып, басқарды және қазақ фольк­лоры мен әдебиет ­тарихы бойынша дәріс оқыды. 2001-2011 жылдан М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры қызметін, 2012-2019 жылдары Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарды. Осы біз тізбелеп-санамалап көрсеткен өмір жолында ғалымның ылғи да тыңнан түрен ашып отырғанын аңғару қиын емес. Барған жерінің бәрінде тәртіп орнатып, өзі басқарып отырған саланы белеске көтеріп, құлпыртып жіберетіні туралы да естіп-біліп, көріп жүрміз. Бір ғана айғақ, ҚР Тұңғыш Президенті, ­Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» бағдарламасына Сейіт Қасқабасов «Фольк­лористика, әдебиеттану және өнертану» секциясының төрағасы бола жүріп, аталған саланы үйлестіру мен ұйымдастыруға белсене атсалысты. Ол жылдарда ғалым М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры ретінде «Бабалар сөзі» атты қазақ фольклорының 100 томдық жинағының, «Қазақ музыкасының антологиясы», «Әдеби жәдігерлер» серияларының, Мұхтар Әуезовтің 50 томдық шығармалар жинағының жарыққа шығуына жетекшілік етті. Осынау жойқын бағдарламалардың ұйымдастыру жұмысының ауыртпалығын былай қойғанда, осынша дүниенің қолжазбасын оқып шығудың өзіне кеткен жүйке мен көз майды есептеген жан бар ма екен?!

Атамыз қазақта: «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген мақал бар. Бұл да әрине көшелі мақал. Бірақ мұнда «ұстаз» деген тұлғаның жеке тағдырына басымырақ акцент беріп тұрғаны жасырын емес. Ал Сейіт Асқарұлы бұл мақалды одан да ауқымдырақ, одан да салмақтырақ деңгейде қабылдаған секілді. Өзі өмір бойы бір пұшпағын илеп, ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген фольклортану ғылымының тоқтаусыз дамып-өркендеуін ойласа, екінші жағынан, ғалымның көбірек фольклортанудың жандануын армандағанын да аңғару қиын емес. Сейіт аға ол туралы өзі ылғи да айтып та, жазып та жүр. «Қазақ фольклоры жалпыадамзаттық мәдениеттің бір бөлігі және ол ұлттық қана емес, жалпыадамзаттық сипатқа да ие. Онда таза қазақтармен қатар, көптеген халықтардың ауызша халық шығармашылығына тән толып жатқан сюжеттер мен мотивтерді кездестіруге болады. Бұл фольклордың біздің қоғамда әсте кертартпа рөл ойнамайтынын, рухани мұра немесе мұрағаттық-мұражай жәдігерлері ғана емес екенін, ең бастысы, ол Қазақтың дәстүрлі мәдениетін одан әрі дамыту барысында азаматтарымыз бен өскелең ұрпақты идеялық-эстетикалық және патриоттық бағытта тәрбиелеу мақсатында шығармашылықпен меңгерілуге тиіс ұлт оқулығы екенін көрсетеді» дейді ғалым бір еңбегінде. Бүгінгідей жаһандану заманында ұлттық кодымыздан ажырап қалмай, ұлттық құндылықтарымызды сұйылтып алмай, ұлттық менталитетімізді қожыратып алмай «ҚАЗАҚ» болып қас­қайып тұрамыз десек, «Мәңгілік ел» болып қаламыз десек, өскелең ұрпақты отаншыл-патриот етіп тәрбиелейміз десек, ака­де­мик С.Қасқабасовтың жоғарыдағы жанай­қайына ел болып құлақ түруіміз керек-ақ!

Ал енді, «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген мәселеге келсек, бұл тарапта да ғалымның өмірін тәлімгерліксіз елестету мүмкін емес. Сейіт Асқарұлы Қасқабасов ғылымның фундаменталдығы мен дамуы ұрпақтар сабақтастығында, жас буынға лайықты білім беруде, сондай-ақ олардың ғылым көгінде еркін самғауына кең жол аша білуде, барынша қолдау көрсетуде екенін түсіне отырып, өзінің шығармашылығына онсыз да жетпей жататын қымбат уақыты мен күш-жігерін жас ғалымдарды қолдауда, баулуда аянып қалған емес. Себебі академик С.Қасқабасов ғылымның болашағы жастардың қолында деп біледі. Сондықтан да ол Қазақстанның Жоғары аттестаттау комиссиясын (ЖАК) құру үшін зор күш-жігер жұмсады. Оған дейін қазақстандық жастар жоғары ғылыми дәреже алу үшін, ғылыми жұмыстарын орыс тілінде дайын­дап, тек қана «Мәскеудің батасын» алуы керек еді. Бұндай «азапты сапарға» екінің бірі бармайтын. Осы жағдайды түбегейлі өзгертіп, ғылымға келгісі келетін жастарға кең жол ашып беру мақсатында Сейіт аға отандық ЖАК-ты құрып, оған төраға болып тағайындала отырып, «ҚР ЖАК туралы ережені» әзірледі, елімізде жоғары білікті ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадр­ларды аттестаттау жүйесінің негізгі буыны болған диссертациялық кеңестер ашылды. Ал Сейіт ағаның жетекшілігімен ғылымға келген жаңа буын ғалымдардың тұтас шоғыры қалыптасып, отандық ғылымды дамыту жолында тер төгіп келеді. Олар туралы айтсақ, сөзіміз тіптен ұзап кетпек. «Елім!» деген бір азамат үшін, ендей барлап, көктей шолып айтылған осы еңбектердің өзі аңызға айналған ғажайып ерліктерден несі кем?! Тек көре білетін ел, бағалай білетін қоғам болса, қане?! Сейіт ағама ылғи да: «Ер бала көбірек нағашысына тартады дейсіз. Ол рас болса, Сіз нағашы атаңыз – ұлы Жәкеңнің (Ж.Жабаев) жасына жетпей тоқтамауға тиіссіз. Әрі ол межеге жалғыз бармай, ұлы Абайдың қызымен – Тамара тәтеммен бірге баруыңыз керек» деймін әзіл-шыны аралас…

Мүмкін бұл сөзді аузыма Құдай салып тұрған шығар… Періштелер «әумин» десін.

 Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,

Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының

директоры, филология ғылымының

докторы, профессор

Дереккөз: https://anatili.kazgazeta.kz/news/58704?fbclid=IwAR0VAi7z4Q0d4-TdDqEKQ55XkW8JIvNWsXo8eZNwTP5MLOFISE12DCyjnJQ