Зейнолла Сәніктің шығармашылығына арналған «Дәнекер тұлға», «Халық мұрасының жанашыры» кітаптарының таныстырылымы және республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

1145

2022 жылғы 15 сәуірде, сағат 11.00-де Алматыдағы Ұлттық кітапхананың Н. Дәулетов залында белгілі жазушы, этнограф, баспагер Зейнолла Сәніктің шығармашылығына арналған «Дәнекер тұлға», «Халық мұрасының жанашыры» кітаптарының таныстырылымы және республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Жиналысты белгілі ақын-журналист Жарқын Сәленұлы жүркізіп отырды.

Алғашқы сөз жазушы Зейнолла Сәніктің жары, көрнекті ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Шәмшиябану Қамзақызына берілді. Ш.Қамзақызы жиналған қауымға алғысын айтып, батасын берді.

Келесі сөздің кезегі Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Дүкен Мәсімханұлына берілді. Ол “Зейнолла Сәнік феномені: мәні мен маңызы” атты маңызды баяндама жасады.

Одан кейін сөз алған Қазақстан жазушылар одағының төрағасы,  мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақтың көрнекті ақыны Ұлықбек Есдәулет З.Сәніктің шығармашылық қырлары мен азаматтық келбетіне кеңінен тоқталды.

Осыдан кейін аталған екі кітаптың лентасы қиылып, тұсауы кесілді.

Тұсаукесер рәсімін өтеу үшін сахнаға ақын Ұ.Есдәулет, ақын, шығыстанушы-ғалым Д.Мәсімханұлы, ақын, ғалым Б.Жақып, әдебиеттанушы-ғалым Б.Әбдіғазиұлы шақырылды.

Осыдан кейін М.Әуезов атындағы институтының жетекші ғылыми қызметкері профессор Г.Ордаға, кітап авторы Дүйсенгүл Жаһанға сөз берілді.

Әрі қарай алыс-жақыннан келген ғалымдар мен ізденушілердің баяндамалары тыңдалды.

«Дәнекер тұлға» кітабына белгілі қаламгер Зейнолла Сәніктің өмірі мен шығармашылығына арналған естеліктер, зерттеу мақалалары топтастырылған.

Фольклортанушы-ғалым Дүйсенгүл Жаһанның «Халық мұрасының жанашыры» еңбегінде жазушы, этнограф Зейнола Сәніктің этнографиялық және фольклорлық мұрасы алғаш рет жүйелі түрде талданып, ғылыми ой-тұжырымдар мен қорытындылар жасалған.

Қос кітапта қаламгер, этнограф, баспагер Зейнолла Сәніктің шығармашылығын насихаттау, зерттеу, ғылыми айналымға енгізу және сол арқылы біртұтас қазақ әдебиетінің жинақталуы мен дамуына үлес қосуды мақсат етеді.

Ал жазушы-этнограф Зейнолла Сәніктің шығармашылығына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға Елорда, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда, Шымкент, Семей, Талдықорған,т,б өңірлерден әдебиетттанушылар, әдеби-ғылыми институт басшылары мен қызметкерлері, жоғары оқу орындарының оқытушы-профессорлары, жас зерттеушілер қатысты. Түрлі тақырыптарда мазмұнды баяндамалар жасалып, қаламгер болмысы жан-жақты ашыла түсті. Сондай-ақ, зиялы қауым, әдебиет пен БАҚ өкілдері, студент-магистрлер де іс-шара қонағы болды.