Әбсаттар ДЕРБІСӘЛІ: ӘБУ НАСЫР ӘЛ-ФАРАБИ – ЕУРОПА ЖҰРТЫ ҰЙЫҚТАП ЖАТҚАНДА МУЗЫКА ТЕОРИЯСЫН ЖАЗҒАН ДАРА ТҰЛҒА

1960

2020 жыл – ұлы даланың дана перзенті, дара перзенті Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың туғанына 1150 жыл толды. Бұл даталы жыл ел ішілік және жаһандық дүбірлі жиындарымен ерекшеленді. Осы барыста біз белгілі шығыстанушы ғалым, ф.ғ.д. профессор, ҚР ҰҒА академигі Әбсаттар Бағысбайұлы Дербісәлімен әл-Фараби жылы, аталмыш жылдың аталып өтуі, әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығы сынды сауалдар төңірегінде аз-кем сұхбат құрған едік…

– Биыл Ұлы даланың дана перзенті – әл-Фарабидың туғанына 1150 жыл толды. Сіз фарабитанушы ретінде ұлы бабамыздың даталы жылының тойлануына қандай баға берер едіңіз! Әңгімені осыдан бастасақ…

Президентіміз Қ.Ж.Тоқаев өзінің “Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан” атты мақаласында: “Қазіргі өркениетті мемлекеттердің барлығы дерлік шоқтығы биік тарихи тұлғалармен мақтана алады. Олардың қатарында саясаткерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қолбасшылар, ақын-жазушылар, өнер және мәдениет майталмандары бар» деген болатын. Иә,  қазақ жұрты біртуар перзенттерден кенде емес. Сол біртуар перзенттеріміздің бірі, ортағасырлық энциклопедист ұлы ғалым, ойшыл гуманист Отырар-Фараб перзенті Әбу Насыр әл-Фарабидің (870-950) қазақ һәм қазақ қоғамы үшін орны бөлек.

Президент жарлығымен «Екінші Аристотель» атанған ұлы даланың дара перзенті Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық тойы  жаһандық деңгейде үлкен салтанатпен атап өтілуде. Бұл игілікті істі ЮНЕСКО да қолдап атаулы мерзімдер күнтізбесіне енгізді.

Әбу Насыр әл-Фараби қазақ халқының ғана емес, сондай-ақ ислам өркениеті мен мәдениетінің де айтулы тұлғасы. Оның атымен Қазақстанның бас білім ордасы (университет) аталса, респубиканың ғылым, білім жөніндегі мемлекеттік сыйлығы да Әбу Насыр әл-Фараби атында берілетін болып бекітілді. Халықаралық деңгейде ғылыми конференциялар өтті. Осының бәрі Ұлы даланың дара перзенті – әл-Фараби бабамыздың есімін ұлықтау, жас ұрпаққа оның ұшан-теңіз мол мұрасын насихаттау үшін жасалғаны даусыз. Әрине, ұлы тұлғаны дәріптеу, ұлықтау арқылы біз қоғамды, жастарды ізгілікке, адамгершілікке тәрбиелеуіміз керек. Биылғы әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығын ұлықтап, ұлан-асыр той, ұлы жиындар өткізудегі басты мақсат – жас ұрпақтың сана көкжиегін кеңейту деп ойлаймын.

Ал енді мен қызмет ететін Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтыда қарап қалмады. Өз деңгейінде Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық мерейтойын атап өтті. Оның бір дәлелі, Институтымыздың ұйымдастыруымен зиялы қауым, шығастанушы ғалымдар, фарабитанушылардың қатысуымен онлайн-кездесу өткіздім. Кездесу-сұхбаттың тақырыбы: “Әбу Насыр әл-Фараби – ұлы даланың дана перзенті” деп аталады. Шарада біз тарапымызға көптеген сұрақтар келіп түсті. Көбінесе, әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылық жолына байланысты қызығушылық басым екенін байқадым. Сонымен бірге, оның Отарарда туылуы жастарға ерекше күш беретіндей. Демек, ұлы даладан шығып әлемнің “екінші ұстазы” атанған Әбу Насыр әл-Фараби бабамызды ұрпаққа үлгі-өнеге ету арқылы жастардың патриоттық рухын өсіруіміз қажет.

– Сіз ұлы бабамыз әл-Фарабидің өмірін, ұрпаққа қалдырған еңбегін ұзақ жылдар бойы зерттеп келесіз. Осы тұрғыда, аз-кем әңгіме өрбітсеңіз…

Әбу Насыр ислам өркениетінің көрнекті ірі тұлғасы. Ол өз кезінің көптеген ғылым салаларына қалам тербеді. Оның ішінде философия, логика, математика, физика, химия, медицина, музыкаға байланысты аса құнды еңбектер жазды. Орта ғасырлық араб тарихшылары Әбу-л Хасан әл-Байһақи (1105-1169), Жамал ад-дин әл-Қифти (1167-1248), Ибн Аби Усайбиға (1203-1270), Ибн Халликан (1211-1282) ұлы ғалым еңбектеріне зер сала қарап, ол туралы өз шығармаларында жеке тараулар арнаған.

Өкінішке орай жұрттың көпшілігі күні бүгінге дейін тек Әбу Насыр әл-Фарабиді ғана біледі. Шынында да Отырар-Фараб тек Әбу Насырды ғана берді ме? Біздің зерттеулеріміз тек Фарабтан ғана 30-дан астам ғалымдардың шыққанын көрсетіп отыр. Олар әртүрлі ғылым, білім, мәдениет пен дін салаларының өкілдері. Бірқатарының өмірі жайлы мағлұматтар, еңбектері біздің заманымызға жетсе, бағзылары туралы деректер бірер жолдан да аспайды. Әйтсе де олар біз үшін аса кымбат.

Әбу Насыр 200-ге жуық шығармалар жазған деген деректер бар. Түрік ғалымдары оның 150-ден стам шығармаларының атын атаса, Еуропа, АҚШ ғалымдары (Recher N.) жүзден астамын атаған. Олардың біразын әлем ғалымдары зерттеп, ғылыми айналымға енгізді. Қазақстан фарабитанушылары да Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығына үлкен мән беріп зерттеулерін жалғастырып келеді. 2020 жылы менің де Алматыда «Әбу Насыр әл-Фараби – Ұлы даланың дара тұлғасы» атты монографиям (қазақ, орыс тілдерінде) жарық көрді.

Араб тарихшылары және жалпы жаһандық ғылымдар Әбу Насырды қазақ жерінің ежелгі қаласы, ғылым білімнің орталығы болған Отырарда (арабтар кейіннен оны Фараб деп атаған) 870 жылы туылған дейді. Әуелгі білімді ол өз отанында алды. Сонан соң жас Әбу Насырды ата-анасы (әскери қайраткерлер) сол кездегі өркениет орталықтары болған байырғы Шам (Дамаск, Алеппо), Ирактағы Бағдатқа аттандырған. Сол жерлерде ол араб тілін және көне грек тілін де оқып, оларды биік деңгейде меңгерді.

Әбу Насыр Х ғасырда «Музыканың үлкен кітабы» атты шығарма да жазған. Еуропа жұрты әлі ұйықтап жатқан кезде оның музыканың теориясын жазуы, музыканы  терең талдай алуы ғажап құбылыс.

Әбу Насыр әл-Фараби – өздігімен оқып жетілген ғалым. Ол ең алдымен ежелгі грек ғалымы Аристотельдің философиялық еңбектеріне ден қойған. Ибн Халликанның айтуынша, ол Аристотельдің «Метафизикасын» қырық, «Жан туралысын» жүз, ал «Риторикасын» екі жүз рет оқып шыққан. Осындай ыждаһаттылығының арқасында ғана ол грек оқымыстыларының ғылыми мұраларын игерген. Сөйтіп, Әбу Насыр әл-Фараби көне грек ғылымы мен ислам ғылымын үйлестіре алған кемеңгер.

Әбу Насыр әл-Фарабидің қарапайым, аса қанағатшыл, той-думан, сауық сайраннан бойын барынша аулақ ұстағандығын айтқан жөн. Күндіз ол көбінесе қаладағы бақта күзетшілік қызмет атқарып, тапқан ақшасына сатып алған шырақ жарығымен түні бойы қітап оқумен шұғылданған.

Әбу Насыр әл-Фараби ғылымды классификациялап, талдап жіктеуге де еңбек арнаған. Әрине ғылымды классификациялау Аристотель кезінде де болған. Ал Әбу Насыр әл-Фараби ислам дүниесінде осы саланың шебері, білімпазы де саналған.

Әбу Насырдың атақты шығармаларының бірі «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасында» мінсіз қоғам, әділетті патша жайлы жазылған. Сондай қоғам, мемлекет болуын ол армандаған. Оның бұл дүниесі бұрынғы Кеңес одағы, Қазақстан ғалымдарының да назарына ілігіп, ол орыс, қазақ тілдеріне аударылып, біршама зерттелді.

Осыған бірнеше жыл бұрын Қазақстан Сирия үкіметімен келісе отырып Әбу Насыр әл-Фарабиге мәдени орталық, кесене салды. Әбу Насыр зиратына оның туған жері Фараб-Отырар топырағы салынды. Әбу Насыр зиратының топырағы Отырарға жеткізілді. Осы істің бас-қасында болғанымды мен мақтан етемін. Ұлы даланың энциклопедист ғалым, гуманист ойшылын қазақ халқы бүгіндері осылай қастерлеп отыр.

– Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың өмір сүрген дәуірі мен бүгінгі заманды салыстыру қиын. Дегенмен, оның еңбектері бүгінгі қоғамға, жас ұрпаққа қажетсіз болмаса керек-ті. Керісінше, ізгілік пен адамгершілік, қарапайымдылық, әділеттілік қағидаттарын әл-Фараби еңбектерінен оқып, үйренуіміз қажет сынды…

Иә, дұрыс айтасың. Әбу Насыр әл-Фараби өмір сүрген кезең мен бүгінгі ғасырдың ортасында мың жылдан астам уақыт жатса да, адамдардың бойындағы артықшылықтар мен кемшіліктер өзгермеген сияқты. Өйткені, әл-Фараби бабамыздың еңбектеріне қарап отырсаңыз, онда айтылған адамгершілік, ізгілік мәселелері әлі күнге актуалды. Неге? Себебі адам бойындағы пәндауи қасиеттер бұрында болған, қазірде бар. Әл-Фараби бабамызда, ұлы Абайда адам бойындағы осы нашар ғадеттермен күрескен, түземек ниетте болған. Біздің де әл-Фараби еңбектерін зерттеуіміздің түпкі мәні – ізгі қоғамға деген ұмтылыста жатса керек.

Әбу Насыр әл-Фараби “Адамды бақытқа не нәрсе жеткізеді?” деген сауалға жауап іздеген. Оның ойынша, адам баласы бақытқа жету үшін талпынатын мақсат көп. Әуелі ол білімді, сонан соң қанағат, ақыл-парасат, жақсы мінез-құлық, кішіпейілділік секілді этика ғылымына қатысты жайттарды сөз еткен. Сондай-ақ, ұстамдылық, сөзге тапқырлық, ысырапшылдық, жомарттық, рахат сезім, абзал істер, адам мақсатының түрлері, білім мен өнер т.б. өзекті мәселелерді қарастырған.

“Жеке бас тұрғысынан қарағанда, бақыт дегеніміз адамның адамгершілігіне негізделеді”, – дейді әл-Фараби. Отарарлық кемеңгер әдепсіз, тәрбиесіз, біліксіз адам бақытты бола алмайды деп санайтын сияқты. Адам бақытты болу үшін жақсы іс істеуге, жақсылық жасауға, абзал әрекетке тырысуы лазым. Ол жомарттықты ізге іске, сараңдықты жаман қасиетке жатқызады. Әбу Насыр тойымсыздық, қомағайлық, ашкөздік секілді қылықтардан аулақ болуға шақырады.

Көлгірсуді жаман қасиет деп есептейді. “Жаман мінез-құлық (дөрекілік, сабырсыздық, ашушаңдық, төзімсіздік, жарамсоқтық, тәкаппарлық) – рухани кесел. Оны жою үшін тән кеселін емде қолданатын дәрігердің тәжірибесіне еліктеуің керек”, – дейді парасатты тұлға. “Адамның өз ожданы алдында абзал, шыншыл болуы өзіне-өзі ізгі қасиетті болуынан, жүріс-тұрысы ізгі болуынан ғана туады”, – деген ой түйеді ұлы даланың дана тұлғасы.

– Биылғы жылдың барша қазақстандықтарға оңай болмағанын білеміз. Алда 2021 жыл келе жатыр. Қазақстандықтарға жыл жабар сөз ретінде бір-екі ауыз лебізіңізді білсек…

Биылғы жыл елімізді ғана емес, жаһан жұртында біраз әбігерге салды. Тышқан жыл есімізде “ковит 19” деп аталатын аты жаман аурумен қалатын болды. Біз бұл жылы көптеген жақсы-жайсаңдарымыздан айырылдық. Олардың ішінде ғалымдарымыз, қоғам қайраткерлеріміз, дәрігерлеріміз, өнер адамдарымыз бар. Топырақтары торға болғай! Ал “тірі жанға тіршілік” деген… Алдағы жыл баршамыздың отбасымызға бақ-береке әкелсін! Деніміз сау, басымыз аман, бауырымыз бүтін болсын! Еліміздің еңсесі биік, елдігі бекем болсын!

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан: Құрманғазы Жұмағұл