Ә.КЕКІЛБАЕВ: ТЫРАУ-ТЫРАУ ТЫРНАЛАР (Жапон сапарынан көргендер мен көңілге түйгендер)
Қызыл белдеулі аппақ самолетке «Жал» («Жапон аирлинез» фирмасының эмблемасы) деп жазылып, қанатын қомдап ұшқалы тұрған тырнаның бейнесі салыныпты. Бұл жолы біздің «тырна» түстіктен терістікке – Хиросимадан Токиоға ұшып келді.
Түнгі Токио – самсаған үйлер де, сапырылысқан машиналар да емес, қараңғы аспанның қап-қара бауырына жабысып қалған ақ, қызыл, көк, сарғыш, жасыл – сан-алуан жазулар. Бір-біріне тіркесіп тұңғиық қараңғыдан әлдеқайда бағыт тауып, шеру тартып бара жатқан латын әріптері… Жоғарыдан төмен қарай ала қанат көп көбелек ұшып келе жатқандай жапон иероглифтері…
Жаңа ғана көк қойнынан – самолеттен түсіп ек, қайтадан биіктеп барамыз. Әлгінде ғана арбай көз қысып тұрған көп жазу төменде, аяқ астында қалып қойды да, таң атқалы тасада тұрып, ғайыптан жарқырап шыға келген жаңа шоқ жұлдыздай жаңа жазулар быжынап қоя берді.
Астыңда жұлдыздай зулап ағып бара жатқан көп от…
Үстіңде де от толқын…
Қапталында қырық құбылып, билеп тұрған от әріптер…
Аспанда емес, жерде келе жатқаныңды машинаның терезесінен соққан еміс-еміс бензин иісі араласқан салқын лептен сезесіз.
От… от… от… Бірте-бірте тұла бойымды жалын шарпи түскендей.
Әлдекім қолтығыма қолын жүгіртіп бірдеңені суырып алды да, қасындағыларға сөйлей жөнелді.
Мені шөл қысып барады. Қызыл шағылдың үстінде тұрғандаймын. Аптап ыстық табанымды қариды. Тұла бойым дел-сал. Жаңа ғана көз алдымда қырық құлпырып тұрған қызыл-жасыл дүниені әлдекім от қойып өртеп жібергендей. Төңірегімді қоламтадай ып-ыстық бұлыңғыр қоршап апты.
Сол күмілжі пердені әлдекімнің азан шақырған ащы дауысы өткір пышақтай тіліп түсті. Көзімді аштым. Терезеге ұсталған шыпта перденің жарығынан мешіттің муәзіні емес, телевизия мұнарасы көрінеді.
Қайда жатқаным енді есіме оралды. Біз тұратын «Тоси сентер» мейманханасының қақ маңдайында әлдекімнің жеке меншік телестудиясының темір мұнарасы бар-ды.
Стол үсті дәріге толып кетіпті. Мен Хиросимадан сырқаттанып оралыппын. Көше жақтан әлгінде мені оятып жіберген биік қоңыр дауыс қайта шықты. Аумаған азаншының дауысы. Бірақ Жапонияда сан қилы шіркеулер көп болғанмен, мұсылман мешіті жоқ. Әлгі – велосипедіне мініп ап, картоп сатып жүрген саудагердің: «Ыссы картоп алыңдар!» деген айқайы. Соншалықты бір әдемі әуез, әсем нақышқа салып, күңіренте айқайлайды. Мұнда қысы-жазы көшеде ыстық картоп сатады. Өздері бал қосып қойғандай тәп-тәтті. Картоп сатып жүрген саудагердің бір сәт ауыз жабуы-ақ мұң екен, соны күтіп тұрғандай, телефон шылдыр ете қалды.
– Алло?!
– Денсаулығыңыз қалай?
– Жаман емес.
– Бұл совет елшілігінен… Әлгінде ғана біздің дәрігеріміз хабарласқан-ды. Сіздің қызуыңыздың қайтқаны жақсы болған екен. Әйтпесе, олар сізді әлі де бір жұма жатқыза тұрмақшы еді. Сонымен, ертең елге қайтасыз ғой.
– Әрине.
Екі апта зырғып өте шығыпты. Ертең елге қайтамыз. Күні кеше ғана еді ғой…
…«ИЛ-62» кенет астымызда түтіліп жатқан ақ мамық бұлттардың астына қойып кетті де, шалқыған көк мұхиттың үстінен бір-ақ шықты. Тып-тыныш теңіз. Ашық аспан. Самолет, тұп-тура теңізге қонатындай, қалқыған судың үстіне қанатын жайып, құлдилап келеді. Теңіз бізді бірте-бірте бауырына тарта түсті. Таң атқалы көз алдымызда жатқан көк бұйра толқын кенет иллюминаторға бір-ақ ырғыды. Сол-ақ екен, ауыр самолет әлдебір қатты нәрсеге тұяқ іліктіргенін сездіріп, солқ-солқ шайқалып қойды.
Халықаралық «Хонэдэ» аэропортының бетон алаңы теңізге тіреп кіріп жатыр. Әр алуан елдер мен авиакомпаниялардың лайнерлері быжынай қонған аэропорт қызылды-жасылды гүлге толы алып гүлзардай.
Таможня залына кіре бергенде қарсы есіктен сары былғары портфель ұстаған, көзілдірікті, қара торы ашаң еркек алдымыздан шығып, бір-екі қадамдай жер қалғанда қайта-қайта иіліп, кеудесін басып, тағзым етті. Ол совет-жапон туристер бюросының өкілі екен. Таможня бізді көп кідірткен жоқ. Онда отырғандар қырық шұқып, бір қарап жататын сауысқаннан сақ мінез байқатпады, ұсынған паспортымызға көздері түсер-түспестен иіліп-бүгіліп, ішкі залға оздырды.
Оңда да бізді күтіп бір шоғыр адам тұр. Бір өнді, орта бойлы, талдырмаш қара көз қыздар гүл тапсырды. Әр қайсымызға бір талы ақ, бір талы қызыл – екі-ақ тал қалампыр гүлін ұсынды. Қайта-қайта иіліп-бүгілген жапон тағзымы.
Бізді қарсы алуға аэропортқа Жапония – СССР қоғамының активтері, жапон-совет туристер бюросының қызметкерлері, бізді қонаққа шақырған жапон көркем тәрбие институты өкілдері келіпті.
«Хонэдэ» аэропортынан қала орталығына баратын автострада «ең жоғары жылдамдықтар жолы» деп аталады. Бірақ біз өгіз аяңнан аса алмадық, өйткені, Токиоға сенбі күні тап болдық. Қос қабат автостраданың асты да, үсті де ығы-жығы машина. Үстіне түрлі-түсті брезент шатыр жапқан жүк машиналары, әр алуан түске боялған жаппалы машиналар, жеңіл машиналар, бірін-бірі бөгеп, жүргендерінен тұрғандары көп. Жапонияның көше қозғалысы да бізге тосын. Онда көшеге шықсаң әуелі оң жағыңа қара, жолдың ортасына жеткенде сол жағыңа көз сал. Жапон машиналарында руль де оң жаққа орнатылған. Жеңіл машина шоферлары ақ жаға, қара галстук, мөлдір қара костюм, қардай аппақ, жұқа биялай киіп алыпты.
Әншейінде қырық минуттай ғана жүретін жолға екі сағат жіберіп, әзер дегенде «Тоси сентер» отеліне жеттік. Бұл елде мейманхананың үш түрі болатын көрінеді: таза жапон үрдісіндегі мейманхана, европа үрдісіндегі мейманхана, аралас, ала-құла үрдістегі мейманхана. Таза жапон үрдісіндегі мейманхананың номерлерінде мебель жоқ, тақыр татами, аласа стол; жатқанда да еденге жұмсақ бөстек төсеп, соның үстінде ұйықтайсыз. Ондай мейманханада бөлмелер «цифрмен» емес, өсімдіктің не жан-жануардың суретімен белгіленеді, өзіңіз жатқан номерді есігінде ненің суреті салынғанына қарап танисыз. Ал «аралас» мейманханада номерлердің бір қатары жапон үрдісін сақтаса, екінші бір тобы европа үрдісінде жиһаздалады.
Біз түскен таза европа үрдісіндегі мейманхананың өзінен де қай елде, қай топырақта екеніңізді айтқызбай-ақ білесіз. Жып-жинақы бөлме, тізеден асып жарымайтын аласа мебель, терезеге әуелі селдір перде, сосын жұқа ақ темірден шабақ-шабақ ысырма перде ұсталыпты; оның сыртындағы шыны әйнектің өзі де европа елдеріндегідей шалқайтып ашылмайды, жапон үйлерінің есігіндей сырғытпалы. Мұнда да жапон үйлеріндегідей кісінің бойынан асардай биікке орнатылған ештеңе жоқ. Төбеңе құлайтындай, не маңдайың тиіп кетердей оғаш тұрған нәрсе көрінбейді. Мебель, төсек орын, барша жиһаздардың түр-түсі сұрқай солғын да, тұнжыраңқы күңгірт те, шымқай ашық та емес, биязы бір өң.
«Тоси сентер» мейманханасының рестораны да тамақтануға келген әрбір топ өзін бір үйдің ошақ басындай оңаша сезінетін шағын-шағын залдардан тұрады; шағын залдар мен кабиналардың арасындағы қабырғалар ысырмалы, қонақтың санына қарай ұлғайту да, тарылту да оп-оңай. Мұнда бізді европалық асхананың тағамдарымен тамақтандырғанмен жапон үрдісі оған да өз салқынын тигізбей қоймаған. Онда да жапон үйінің дастарханындағыдай бұршақ дақылдар, теңіз шөбі, теңіз жәндіктері көп араласатын көрінеді.
Тағамдар ресторанның өздерінде әзірленбейді. Қалада не көп, жекелеген тағамдарды дайындауға маманданған арнайы кухнялар көп. Ресторан қызметкерлері тағамдарды заказ алған бойда барып, алып келеді.
Біз тамақтанып болып, қала аралауға шыққанда бір қолына жиырма-отыз табақшаны бірінің үстіне бірін мұнара құсатып қондырып ап, екінші қолымен велосипед рулінен ұстап, құсша зымырап бара жатқан сыптығыр бала жігіттерді көп көрдік. Сөйтсек, олар цирк жонглерлері емес, әлгіндей кухнялардан тамақ әкелуге бара жатқан ресторан қызметкерлері болып шықты.
Мейманханадан шыққан бойда император сарайын көруге аттандық. Жол жөнекей парламент үйінің жанынан өтті. Иін тірескен полиция. Император сарайына жақындадық. Онда да иін тірескен полиция.
Император сарайы бұрынғы әскери ақ сүйектер өкіметі – сегундар тұрған қорғанға орналасқан. Қорған шыр айнала су толы терең ормен қоршалыпты. Ордың екі беті ешкім түсіп шыға алмайтындай тықыр көк шөп өскен жылмағай жандатпа. Ордың көше бетінде кең тротуар. Егер алда-жалда тротуардан шығып, орға тайып кетсеңіз, тұңғиық қара судың түбінен бір-ақ шықтым дей беріңіз. Қара суда үйір-үйір аққулар жүзіп жүр. Ордың арғы бетінде тағы да әлгіндей ешкім шыға алмайтын жылмағай өр, оның үстіне биік тас дуал тұрғызылған. Тас дуалдың ішінде император сарайы мен император бағы. Император сарайына жан-жақтан кіретін әлденеше қақпа бар. Біз сарайды өзге елдердің мемлекет басшылары мен елшілерін қабылдайтын салтанатты қақпа жағынан барып көрдік.
Самырсын өскен алаңқайдың сарай жақ шетіне ұзыннан-ұзақ жылжымалы темір қоршаулар қойылыпты. Оның ара-арасында самсап, бастарына темір каска, үстеріне қара форма киген полиция сарбаздары тұр, алдарында күнге шағылысып жарқыраған төрт бұрышты ұзынша темір қалқан, қолдарында найза сияқты екі таяқ, белдеріне салбыратып қол тоқпақ асып апты. Олардан өтіп біраз жүрген соң тағы да әлгіндей уақытша орнатылған үзік-үзік темір қоршау. Олардың да арасында самсап тұрған полиция сарбаздары. Одан әрі өтіп, қақпа аузына жақындағанда міз бақпай тұрған темір қалқанды қарулы сақшыларға тірелесіз. Анадайда, қақпаның дәл аузындағы ұзынша жабық бастырманың астында, императордың айрықша күзет блімінің сары ала иық офицері тұр. Сарайдың ішіне халық жылына екі-ақ рет – жаңа жыл мейрамы мен императордың туған күні – 24 апрельде ғана жіберіледі.
Император сарайы мен парламент үйі маңындағы самсаған полицияның сырына көп ұзамай біз де түсіндік. Токиода да, Киотода да, Хиросимада да біз барған кезде күн сайын демонстрация өтіп жатты. Кешкілік жұмыс аяғында көшенің әдеткі мазасыз гүрілін кенет бажылдаған, баса-көктеп ысқырған, айқай-шу шығады. Көп ұзамай түрлі-түсті самсаған көп ту көрінеді. Олардың соңында бастарына темір каска киіп, бір-бірінің иығынан тас қын құшақтап, әлденеге айқайлап келе жатқан лек-лек адамдарды көресіз. Олар – демонстранттар. Біз барған тұста жапон парламенті жапон үкіметі мен америка үкіметі арасындағы Окинава аралы жөніндегі келісім-шартын талқылап жатты. Жапонияның оңтүстігіндегі Окинава аралы ұзақ жылдар АҚШ-тың қол астында болып, онда әлденеше американ соғыс базасы орнады, атом қаруы сақталды. Жапонияның демократияшыл күштерінің көп жылғы саяси күресінің нәтижесінде биыл екі үкімет Окинаваны қайтарып беру туралы келісім жасасты. Алайда, Окинава Жапонияға қайтарылғанмен, ондағы атом қаруы, соғыс базалары сол күйінде қала беретін түрі бар. Міне, соған ашынған демократияшыл күштер бір айдан бері жапон қалаларында күн сайын демонстрацияға шығады. Елдің түкпір-түкпірінен келген демонстранттар Токиодағы император сарайын, ханзада үйін, парламентті, американ елшілігін күн сайын қоршап ап, американдардан атом қаруын, соғыс базаларын алып кетуді, қазіргі кабинетті таратуды, премьер-министр Сатоның отставкаға кетуін талап етеді.
Қалың бұқара арасындағы мұндай ереуілшіл рухты пайдаланып қалуға тырысатын әсіре солшыл күштер Жапонияда да жеткілікті. Олар әлгіндей саяси демонстрацияны экстремистік дау-жанжалдарға ұрындырып тұратын көрінеді. Император сарайы алдындағы алаңқайда қарына қызыл шүберек байлаған дода шаш жігіттер жүр. Олар – троцкийшілдер. Әлгіндей бұзақылықтың көбін солар шығарады деседі. Олардың қолдан жасалған бомбаларынан полиция ғана емес, жай жұрттың өзі де қатты қорқатын тәрізді, қоразданған жігіттерге жуымай, анадайдан орағытып өтіп жатыр.
Император сарайы орналасқан қорғанды айналып өтіп, бір кезде «олимпия деревнясы» салынған паркке барып, олимпиялық жарыстар өткен стадиондарды көрдік. Жапон архитектура өнерінің қандай шырқау сатыға жеткеніне солардың өзі-ақ жеткілікті айғақ болғандай. Жапон архитекторлары мен инженерлерінің қолына тигенде бетон мен шыны саз балшықтай иленіп, жібек атластай жұмсарып жүре берсе керек. Олар жаңа құрылыс материалдарын тек геометриялық фигуралардың шеңберінде ғана құбылтуға болады деген қасаң қағиданың күл-талқанын шығарған. Өз басым Токиодағы қарық толқып билеп тұрған олимпиялық стадиондарды салған архитектор бетоннан райхан гүлін жасап береді десе сенер едім.
Алайда, жапон астанасы өңшең архитектуралық шедеврден тұрмайды. Токио мұнарасына көтерілгенде көзіңіз жетеді. Астыңызда тырнақтай да бос жер жоқ алып қала жатыр. Көп үйі аз қабатты, жатаған, көп қабатты үйлер мен мұндалап, сыйдиып оқшау көрінеді.
Токио – жиырма үш қалалық ауданнан және шектес жатқан Тиба, Какагава, Саитим префектураларынан тұрады. Әр ауданның өзіндік сипаты бар. Біздің отель тұрған Оскаса ауданың негізінен әкімшілік мекемелері орналасқан. Ал Токионың «бродвейі» атанған Гиндза – бай универмагтар мен сауық-сайран орындарының мекені. Кешқұрым қаланың қай-қай аудандарындағы жастар, мейманхана тұрғындары, шетелдіктер – бәрі лек-лек боп осы Гиндзаға қарай ағылады, Сол үрдіспен біз де кешкі астан соң сонда беттедік, алдымыздан өне бойы самаладай жарқырап, от самсаған тура көше жолықты, Гиндзамыз осы. Жапонияның бетке шығар фирма, трест, корпорацияларының түрлі-түсті рекламаларынан көз тұнады. Көшенің екі беті толған магазиндер, кіре қалсаңыз, бірдеңе сатып алыңыз, алмаңыз, дүкен қызметкерлері есік алдына дейін шығарып салып, қырық бүгіліп тағзым етіп, бас сұғып шыққаныңызға рахмет айтып, қоштасып қалады. Жапон дүкендерінде сатылатын бұйымның нарқына саудаласатын салт жоқ, әр бұйымның бағасы жазулы тұр. Жапон универмагтары әдетте жеті-тоғыз қабаттан кем болмайды, онда көбіне транзистор радиоқабылдағыштан тірі балыққа дейін – әр алуан бұйым табуға болады. Бұйымдардың бүкіл елге ортақ нарқы жоқ, бір бұйымның әр универмагтағы нарқы әр басқа, тіпті кейде үлкен универмагтың астыңғы қабатындағы қымбат бұйымның жоғарғы қабатта арзан сатылып жатқанын көресіз. Сол сияқты әр аудандағы баға әр басқа. Мәселен, Гиндза дүкендері тек қалтасы қалыңдарға ғана арналған. Мұнда дүкендер қандай көп болса, кинотеатрлар да сондай көп. Америка, Италия, Жапония киностудиялары жасаған секс-бомбалар мен ызы-қиқы, атыс-тартыс авантюралық фильмдер. Рекламалардан омырауына парафинді аямай құйып-құйып, екі төбе үйіп қойған апай төс арулар мен бура сан ағайлардың алапат құштарлық тұсындағы «хикматтары» кәрі-жастың көңілдерін аздырмақ боп, көзді арбап бағады. Бұл американ, итальян фильмдері. Ал енді қара мұрт жігіттерге аймалатып жатып, қақ жүректен қанжар салатын шаштарын ұстарамен алдырып тастаған тықыр бас келіншектер – ескі самурайлар оқиғасын өңін бүгінгіше айналдырған жапон кино өнеркәсібінің «бұйымдары». Соңғы жылдардың фильмдерінде көрпе асты ғаламаттары ешқандай көлегейсіз, тұспалсыз, анайы табиғи қалпында көрсетілетін тұп-тура «порнографияның» өзі экранды біржола иемденіп алды. Капиталистік кино өнеріндегі мұндай жаңалық миллиондаған тиражбен шығып жататын порнографиялық әдебиетке де әсерін аз тигізбепті. Сексуалдық өмірді көрсетудің кино ойлап тапқан «прогресі» порнографиялық әдебиетке де қамшы басты. Олардың әйелдерді тыр жалаңаштап, тек баспасөз бетінде өз атымен аталмайтын «мүшелерін» көлегейлеген боп, бадырайтып басқа түсті қағаз жапсырып қоятын бұрынғы түрлі-түсті суреттеріне қазір «Тұтынушы» табылмай қалды. Сондықтан ондай суреттер байсалды әлеуметтік қоғамдық иллюстрациялы журналдардың бетіне біржола көшті. Ондай журналдардың бір бетінде атақты мемлекеттердің бірінші басшыларының портреті тұрса, екінші бетінде масқара бейнеленген жалаңаш әйел жымың қағады. Капиталистік дүниеде жалаңаш әйелсіз ештеңе өтпейтін тәрізді. Тіс порошогы қалбырының сыртында да сол. Атақты автомобиль фирмасының рекламасында да сол… Шұлықты да, саясатты да жалаңаш әйелдің суреті арқылы өткізеді.
Бірақ мұндай «тамаша» арзанға түспейді. Кинотеатрларда билет өте қымбат. Сондықтан орта табыстың адамдарын, жастарды, студенттерді кешқұрым кинотеатрлар төңірегінен көру қиын. Олар көбінесе өз кештерін үйлерінде карта не домино ойнап өткізетін көрінеді. Жапон картасы біздегідей төрт қана түстен тұрмайды, әлде-қайда көп. Жапон қалаларындағы жұрттың көп ойнайтын ойыны – «патинко». Ол біздегі балалар бильярдын еске салады. Патинко ойнайтын салондар Гиндзада көп. Жұрт шұбырып шығып, шұбырып кіріп жатқан даңғаза музыка ойнап тұрған залға кірсеңіз, қатар-қатар тізілген автоматтарды көресіз. Соның алдында екі қолында екі рулетка, аяғымен әлдеқандай бір педальді үсті-үстіне басып, изеңдеп отырған бір адам. Автоматтың қабырғасындағы шыны экранның аржағында шым-шытырық көп тосқауылдардың арасында зыр қаққан шарлар. Сол шарларды қалаған ұяларға түсіріп, көп ұпай жинағандар «ұтыс» алады, Ұтыс ақшалай төленбейді, көбіне-көп шоколад, пластинка, т. б. ұсақ-түйек беріледі.
Кешкі сағат оннан кейін жапон көшесі қаңырап бос қалады. Гиндзадағы бай магазиндер де сатыр-сұтыр ысырмалы темір перделерін түсіреді. Кинотеатрлардың да оты сөнеді. Тек аспандаған неон рекламалар ғана әр алуан түрге ауысып, құбылып тұрады. Енді одан арғы сауық-сайран кең көшеден қалтарыс тар көшелерге ауысады. Гиндзадағы орталық кең көшенің екі беті тап-тар, бұлтарысы көп. Оған бұрылсаңыз болды, алуан түрлі көңірсіген иіс мүңкіп қоя береді. Париж салтымен көшеде отырып сурет салатындар «портретіңізді салып берейін» деп жеңіңізге жармасады. Әр қилы түнгі клуб, кафелер де осында, Әлдеқайда ымдап шақырып, өткен-кеткеннің жүзіне телміріп жүрген бейсауат жігіттер де жеткілікті. Жапонияда «жезөкшелікке» тыйым салынған. Алайда, әрқилы жеке меншік моншалар, түнгі клубтар, т. б. сезікті мекемелер бұл кәсіптің елде біржола құрып кетпегенінен белгі бергендей.
Жапондықтардың түнгі мекемелерінде меймандарға қызмет көрсететін арнайы мамандықтар бар. Атышулы гейшалар қонақтармен мәслихат құрады, би билейді, ән салады, музыка аспаптарында ойнайды. Олардың ондай өнерді жаңа бастап жүрген жастау түрін «майко» деп атайды. Ал, қонақтарға дастархан жайып, тағам ұсынып, әңгіме-дүкен құрып, кешті бірге өткізетін қызметші қыздарды «хостесса» дейді. Мұндай қызметте табыс табу үшін көбіне-көп студенткалар жүреді. Олар тек түнгі клубтарда ғана емес, жеке үйлер, жеке адамдар беретін қонақасыларда да қызмет көрсетеді. «Гейшалар» мен «майколар» өз мамандықтарын мақтаныш тұтады. Жеке адамдар берген қонақасының қандай дәрежеде өткені оған қандай гейша, қандай майко шақырылғанынан-ақ белгілі болатын көрінеді.
Жапон көшелеріндегі үйді негізінен үш типке бөледі. Европа үлгісіндегі көп қабатты үйлер – мекемелер. Екінші топқа транспорт жүріп жататын магистраль көшелер бойындағы жапон үйінің стилін сақтаған қос қабатты үйлер, олардың сырт кейпінде батыс әсері байқалғанмен, іші – интерьері таза жапон үрдісінде. Ондай үйлер негізінен дәулетті кісілердікі, астынғы қабаты – дүкендері үстіңгі қабатта өздері тұрады. Жапон көшесінде бұл екеуінің аралық сипатындағы осы заманғы құрылыс материалдарынан жапон архитектуралық стилінде салынған көп қабатты үйлер де кездеседі. Оларды «апато» дейді. Апатоның екі түрі бар: жеке коттедж іспетті мансион мен біздегі микрорайонды еске түсіргендей бүкіл бір аудан құрап орналасатын «данти» үйлер.
Мансионда пәтер ақы мың иенге дейін барады, онда көбінесе жазушы, артист сияқты интеллигенция өкілдері тұрады. Ал, данти үйлер техникалық интеллигенция өкілдеріне, кеңсе қызметкерлеріне, жалақысы жоғары жұмысшыларға тиеді. Ондай үйлердің пәтер ақысы бес мың иеннен он бес мың иенге дейін барады. Данти үйлер көбіне қаланың шет жақтарында орналасқан. Жапон қалаларында бұдан басқа таза жапон үлгісіндегі үйлер көбіне көше бойына емес, үлкен үйлердің ауласына салынған.
Жапон қаласының европалық қалаларға ұқсамайтын тағы бір ерекшелігі – көшелерінде ат болмайтыны. Үйлерінің көбінде номер жоқ. Бір номердің өзі үйдің рет тәртібіне қарай емес, қай үйдің қай жылы салынғанына байланысты қойылады. Сондықтан жапондар бірінші үйдің дәл іргесінде бес жүзінші үй тұрса, түк те таңғалмайды. Жапонияға барған саяхатшылардың қай-қайсысының сапарнамасын оқысаңыз да, Токиода қалай адасқанын жазады. Ол дәстүрді біз де аттап кете алмадық. Біз де Токиоға барған алғашқы күні-ақ адасып үлгердік.
Гиндзаға жарық барында жаяулап бара жатып, жол бойындағының бәрін ұмытып қалмайық деп жаттап-ақ едік. Қайтарда бәрібір адастық. Парламент үйіне жете берістегі бұрылысты біз оралғанша көше жөндейтіндер ағаш шарбақпен қоршап ап, қайдағы бір гүрілдеген құрылыс техникаларына толтырып жіберіпті. Бастарына қызыл ала темір каска киген жұмысшылар бүгін бір түнде көшеден жер астымен туннель салмақ екен.
Біз енді қалай бұрыларымызды білмей қалдық. Көп кісінің ақылдасқаны адасуға жақсы. Жапатармағай талқылап, қапысыз ақылдасып алған бағытымыз бізді әлдеқайда бұру әкетті. Оның үстіне біз бағдарға мейманхана алдындағы телевизия мұнарасын белгілеп едік, енді байқасақ, Токиода не көп, мұнара көп екен. Түнгі көшеде бейсауат жүрген ешкім көрінбейді. Бір-екі кісі түн ортасында дуылдасып келе жатқан еңгезердей біздерден (жапон көшесінде біздей денелі кісілер көп кезіге бермейді) сескенсе керек. Айқайлап шақырғанымызға қарамай, анадайдан-ақ сырт айналып зыта жөнелді.
Сөйтіп, адаса-адаса жүріп, бір үлкен қақпаға тап болдық. Қақпа алдында темір қалқанды, дулығалы, шоқпар ұстаған бір топ полицейлер тұр. Он шақты адам білген ағылшынша, французша, немісше, жапоншамызды ортаға салып, отелімізді сұрап ек, қызметке басқа аралдардан алынған жастар екен, астананың жай-жапсарын жақсы білмейтін боп шықты. Сөйтсек, олар ғана емес, токиолықтардың өздері де өз қалаларын біліп жарытпайтын көрінеді, Дегенмен, полицияның аты полиция ғой, қалалық басқармаларымен он минут рациямен сөйлесіп, біздің сөзімізден «Тоси сентер» отелінің жобасын аңғарса керек, рациямен сөйлесіп тұрған сержанттың аузынан «хай», «хай» деген сөздер шыққасын-ақ қуанып кеттік. Бірақ сержант полиция басқармасының сілтеген жөніне өзі түсінгенімен бізге түсіндіре алмады. Ортамыздағы ең кәріміз – эстонның белгілі суретшісі Марк Бормейстр сүйкімді, жаңғалақтау адам еді. Бейшара сержантты одан әрі қинауға аяп кетті білем, біраздан кейін түсінген бола салды. Қанша дегенмен лауазымы профессор оқымысты адам ғой, түсінген шығар деп, соңынан біз де ере бердік. Тағы да біраз салпақтаған соң, биік қорғанның тағы бір қақпасын күзетіп тұрған тағы бір полицейден жөн сұрауға тура келді. Сөйтсек, біз таң атқалы шыр айналып шыға алмай жүргеніміз императордың үлкен ұлы Акихито ханзада тұратын сарай мен бақ екен. Сөйтіп, ханзада сарайының оң жақтағы қақпасында күзетте тұрған сақшыларды бірінен соң бірін «тексере-тексере» жүріп, ең соңғы постыға да жеттік. Одан жөн сұрап тұрсақ, көше бойында өтіп бара жатқан бір бойжеткен біздің отельді біледі екен, өзі бұрылып кеп, бәрімізді қонақжайымызға ертіп, әкеліп салды.
Әбден қалжырап төсекке құласақ та, Токиодағы алғашқы түні ешқайсымыздың да ұйқымыз келмепті. Қанша дегенмен Москва уақыты мен Токио уақытының арасындағы алты сағаттық айырманың әсері аз болмаса керек…
Ертеңше біз жатқан отельдің конференц залында «Жас ұрпаққа эстетикалық тәрбие беру жөніндегі IV жапон-совет симпозиумы» ашылды. Симпозиумның эмблемасында жұмыстан қайтқан әкесінің алдынан жапатармағай жүгіріп шыққан бір топ бала бейнеленіпті, балалардың біреуі әкесінің қолтығына кіріп, біреулері тізесіне, қолына жармасып жатыр. Ал, ен үлкені мойнына мініп апты…
Конференц-залға көршілес салондарға совет балалары мен жапон балалары салған суреттердің көрмесі ұйымдастырылған.
Симпозиумды ашарда орта жастардағы, орта бойлы, қызыл ала кимоно киген жапон әйелі екі шәкірт қызымен бірге икэбана – гүл өру өнерін көрсетті. Бұл – тек жапондардан басқа ешқандай халықтың қолынан келмейтін аса сирек өнер. Ол европалықтарға тән букет өру өнеріне атымен ұқсамайды. Букет жасағанда гүлдер ең алдымен бояулар үйлесімі тұрғысынан таңдалатын болса, жапондар олардың табиғаттағы қалпын дәл беруге тырысады.
Табиғатта букеттегідей әр алуан гүл бір жерге ұйысып бітпейді, бірақ бір жерге бір өңкей гүл ғана боп дара да өспейді; икэбана өнері гүлдер табиғи аяда қандай үйлесімді болса, сол үйлесімді сол қалпында дәл жеткізуді мақсат тұтады. Жапон әйелдері жасаған букеттер бір не екі түрлі гүлден артқы көп гүл бас қоспайды, екі-үш түрлі түстен артық бояу да кезікпейді. Кәбана букеттерінде тек гүлдер ғана емес, олардан басқа табиғи шөптер мен ағаштың бұтақтары да молынан қолданылады. Мұндай өнерді жапон қыздары арнайы мектептерде бір-екі жыл оқып үйренеді.
Қызыл кимонолы әйел ең әуелі ұзын мойын қыш құмыраға қу ағаштың жыландай ирелеңдеген иір бұтағын салды да, оған үш жерден бір қызғылт, екі ақшыл гүлді қашап орнатып еді, гүлдеп тұрған шие ағашы болды да қойды. Оның қасындағы құмыраға шағыр тектес үш тарам шөптің алдыңғы жағынан төрт қызыл гүл, сосын бәрінен бойын асырып, бір тал қызыл гүл орнатып еді, түзде шөп арасында өсіп тұрған бір шоқ қызыл гүл боп шыға келді. Сосын тайпақ қыш табаққа су құйып, үстіне бір шоқ ақ гүл тастай салып еді, су шетінде гүлдеп тұрған бір шоқ лилиядан аумай қалды.
Ол сол ретпен он бес құмыра он бес түрлі букет орнатты, он бесі бір-біріне тіпті де ұқсамайды. Ол соның бәрін симпозиумның ашылу салтанаты жүріп жатқанда жасады. Жапон әйелдері көз алдыңызда жүріп, көрінбей, елеусіз қимылдап, ешкімді елеңдетпей, бәрін үнсіз істеп, үнсіз жайғастыруға қандай шебер десеңізші. Президиум столының алдындағы көлденең столдың маңында көлбеңдеп жүрген үш әйелдің не істеп жатқанын симпозиумның ашылу церемониясында отырған бүкіл бір зал толы адамнан ешкім байқаған жоқ. Алдымызда бірінен бірі асқан он бес букет самсап тұра қалғанда барып бір-ақ білдік.
Біз совет делегациясында он бес кісі болатынбыз. Делегация басшысы СССР Достық және мәдени байланыстар қоғамы одағының совет мәдениеті бөлімінің меңгерушісі, көп жылдар бойы шетелде қызмет істеген тәжірибелі қызметкер Виктор Петерсон, ғылыми жетекшіміз РСФСР Педагогика академиясының мүше-корреспонденті, Татар АССР оқу министрі Мирза Махмудов; делегация құрамында «Детская литература» журналының редакторы, мында «Детская литература» журналының редакторы, жазушы Сергей Алексеев, «Костер» журналының жауапты хатшысы, ақын Владимир Торопыгин, эстетикалық тәрбие институтының бөлім меңгерушілері, педагогика ғылымдарының кандидаттары Тамара Полозова мен Тамара Комарова, Қазан университеті педагогика кафедрасының меңгерушісі Тамара Шуртакова, Москваның В. И. Ленин атындағы педагогика институтының музыка кафедрасы меңгерушісі Эдуард Абдуллин, Таллин бейнелеу өнері институтының профессоры Марк Бормейстер, москвалық суретшілер Тамара Михайлова мен Олег Зотов, тбилиссилік театр зерттеушісі Вахтанг Лоладзе, армян зерттеушісі Генрих Игитян, дубнолық хормейстер Ольга Ионова және мен бармын.
Қызғылт кимонолы әйел мен шәкірттері жасаған он бес букет бізге еншіленіпті.
Симпозиумды жапонның көркем тәрбие институтының директоры Тодо мен бейнелеу өнеріне тәрбиелеу институтының директоры Ото мырзалар алма кезек кіріспе сөз сөйлеп ашты. Совет делегациясының құрметіне профессор Когай мырза құттықтау сөз сөйледі. Ол: «Біз СССР-де уыз татитын қара уылдырықтың әлі барына аса таңғаламыз. Өзіміз болсақ, балығымыздың дәмінен, шайымыздың жұпар иісінен әлдеқашан айрылып қалдық. Табиғи ортаның уланғанын былай қойғанда рухани дүниемізді күйретіп алу қаупі төнді. Бұл апаттан сақтанатын жалғыз-ақ жол – жас ұрпаққа жан-жақты эстетикалық білім беру», – деді.
Үш күнге созылған симпозиумның пленарлық мәжілістері мен үш секциясында екі жақтан отыздан астам баяндамалар, тыңдалды.
Маған әдебиет, театр, кино жөніндегі секцияда «Жастардың эстетикалық тәрбиесінде киноның алатын орны» туралы баяндама жасауға тура келді. Бұл үлкен симпозиумда театр мен кино өнеріне арналған жалғыз баяндама болды – Симпозиум жұмысына негізінен әдебиетшілер, суретшілер, музыканттар, өнер зерттеушілері мен педагогтар ат салысты. Кино мен телевизияны жастарды бұзғаннан басқа ешқандай тәрбиелік қызмет атқармайды деп ойлайтын жапон мамандары менің аузы-мұрным қисаймай, экранның тәрбиелік әсері жайында жарты сағаттан астам сөз сөйлегеніме қатты қайран қалды. Шамасы, олардың ұғымынша, кино сынды «бұзақы» өнердің атынан сөйлеген адамның аузынан дені дұрыс сөздер шыққаны, шынында да, таңғаларлық құбылыс болса керек. Ертеңіне сөз сөйлеген біраз шешендер совет елінде кино өнері де балаларды тәрбиелеуге пайдасын тигізеді екен және балалардың эстетикалық тәрбиесі проблемаларына кино қызметкерлері де қатты толғанады екен деп, менің атыма біраз қошамет айтты.
Олардың неге бұлай жерден жеті қоян тапқандай болғанын маған балалар әдебиеті жайында басылатын журналдың редакторы Исайго Отака ханым түсіндірді. Осы бір уыздай жап-жас, екі бетінен нұр төгілген әдемі әйелді журнал редакторы ғой деп кім ойлаған. Бүкіл мәжіліс бойына ешкімге көзін тура салмай, салқын қабақ та, кекірейме тәкаппарлық та танытпай, ешқандай орынсыз ыржалаң, әсіре қылымсусыз, сыпайы отырған сүйкімді келіншек бір уақытта сөз алды да, Жапония сияқты дамыған мәдениеттің елінде балалар театрының, балалар кітапханасының жоқтығын, сондықтан олардың мектептен тысқары эстетикалық тәрбиесінің негізгі салмағы аналарға түсетінін, бір кварталда тұратын әйелдер сол кварталдың балалары оқитын кітап жинайтынын тәптіштеп айтып берді. Ол: «Әлгінде Кекілбаев сан СССР-де арнайы балалар фильмдерінің студиясы барын, одан өзге студиялардың да балаларға арнап фильмдер шығарып тұратынын, балаларға кино көрсетуді проблемалары ғылыми тұрғыда зерттеліп жатқанын айтты. Ал, біздің дүниеде біршама атағы бар кино өнеркәсібіміз балаларға арнап бір де бір фильм шығармайды. Сондықтан олар қашан өз аузына өз қолы жеткенге дейін кинотеатрдың есігін де көрмейді. Ал, телевизиядан көрсетілетін, экраннан түскен ескі фильмдердің бұзақылық пен әдепсіздіктен басқа үйретері шамалы», – деді.
Отака ханымның күйеуі өзінен жиырма бес жастай үлкен екен. Өткен соғыста бізде жеті-сегіз жыл тұтқында болыпты, совет еліне достықпен қарайтын көрінеді, қазір балалар әдебиетінің бірлестігін басқарады дейді, ол басқаратын бірлестікке әдебиетшілермен қоса мектеп мұғалімдері де белсене атсалысатын тәрізді, симпозиумға ауырып келе алмай қапты.
Симпозиумға қатысқан жапон мамандары бізге аса үлкен меймандостық көрсетті. Орынсыз тәжіке сөз қағысу болған жоқ. Симпозиум біткен күні «Тоси сентер» отелінің банкет залында достық қонағасы берілді. Оған олар әйелдерін, ер жеткен балаларын, тіпті кішкене қыздарын да ерте келіпті. Шамасы, балаларымыз совет адамдарын көрсін деген болу керек.
Мәжіліс кезінде жапон еркектері аса байсалды, онша елпек қақпайтын да, кеуде көтермейтін де, не ойлап, не қойып отырғанын байқатпайтын ұстамдылық танытқан-ды, әйелдері ылғи ұяла күлімсіреген ұяң мінезбен жүретін-ді. Достық дастарханның басында бәрі де жайдарыланып кетті. Әсіресе ата-аналарына еріп келген жас қыздар мен жігіттер шүйіркелесіп, ән салып, би билеп, мәз-мәйрам боп қалды. Жалпы жапон жастарының батыл, ақжарқын келетінін бұрын да қаланы аралап жүргенде байқағанбыз. Әсіресе стадион, парктерде, оңаша аллеяларда екеу-екеу, үшеу-үшеу гитараға қосылып, қайдағы бір құлаққа жағымды, әдемі әндер айтып тұратын жапон қыздарына қатты сүйсінгенбіз.
Шағын болғанмен көгілдір неон жарығында сүтте жүзіп келе жатқандй боп көрінетін Токио метросының ақ шаңқай поездары да көңілді, өйткені ондағы жолаушылардың көбі жастар және бәрі де күлмей жүрмейді. Осы бір көңілді ақ жарқын қыз бен жігіттер күні ертең сызылған ибалы келіншектер мен артық сөз аузынан шықпайтын орнықты маңғаз еркектер боп қалай өзгеріп шыға келетініне адам қайран қалғандай. Жапондардың жан-дүниесінің әлі ашылмай жатқан жұмбағы көп. Оны жапон әдебиеті мен өнерінен де байқайсыз.
Жапон өнерінің ең бір жұмбақ саласы – театр. Симпозиумның екінші кешінде біз «Кабуки» театрына шақырылдық. Гиндзаның самала көшесінде таза жапон үрдісінде салынған, маңдайына тізіліп қызғылт шамдалдар іліп қойған әдемі үй тұр. Сыртқы есіктің алдына оңаша столда отырған он алты – он жеті жасар қыз театрға кіріп келе жатқан, шығып келе жатқандардың әрқайсысына орнынан тұрып, иіліп-бүгіліп тағзым етеді. Содан гардеробқа киіміңізді тапсырасыз да, қырық қалтарыс салондардан тұратын фойелерді аралай бастайсыз. Өңшең сувенир сататын магазиндер, ресторандар мен барлар, коктейль залдары. Қақ ортада керу залы. Бұрынғы ескі ағаш театр соғыстан кейін жер сілкінгенде зардапқа ұшырап, қайта түзетіліпті. Оған дейін көрермендер спектакльді жерге отырып көреді екен. Қазір европа театрларындағыдай партер, үш қабат балкон, қапталдағы екі ярусложа бар. Көру залы бір түрлі қызғылт рең танытады. Залда бірде-бір бос орын жоқ. Кішкене балалар да жүр. Жапондар үшін «Кабукиді» көру үлкен мереке. Театр билеті өте қымбат. Күнде-күнде театрға келуге еш мүмкін емес, кебі оны өмірінде бір-ақ көреді. Сондықтан олар театрға бүкіл үй-іші, тұқым-туысы, бала-шағасы боп жиналып, тек ұлттық киіммен ғана келеді. Олар әлгіндей шоғыр-шоғыр боп партерге орналасады, спектакль үстінде бірін-бірі үйлерінен термосқа құйып әкелген күріштен жасалған ішімдік – «сәкә» беріп сыйлайды. Шетелдіктерге ложалар мен балконнан ғана орын тиеді.
«Кабукиде» күні бойына бір шығарма көрсетіледі, екі сағат сайын орындаушылар құрамы алмасып тұрады. Екі сағат бойы тапжылмай отырып, бір спектакльді бастан-аяқ көріп шықсаңыз да, немесе ресторанда, не барда отырып, тек өзіңізге ұнайтын сахнаны ғана, не сахнаға әзіңіз жақсы көретін актер шыққан кезде ғана келіп көрем десеңіз де – өз еркіңіз; қалтаңыз көтерсе, күні бойы осы театр ресторандары мен залдың ортасында сенделіп жүре берсеңіз, тіптен құба-құп.
Біз кешкі спектакльге барғанбыз. Әуелі жапонның екі биін көрдік. Спектакльдердің алдында би көрсету бұл театр – дәстүрлі салты болса керек.
Сахнада күлтеленіп, гүлі төгіліп жалғыз түп ағаш тұр. Оның тасасынан биші шығады. Сахнаның сол жақ бұрышындағы авансценада жеті адам жапон барабандарында, ал оң жақ бұрышындағы авансценада он төрт адамның жетеуі прима тектес жапон аспабында ойнайтын музыканттар, келесі жетеуі алдарындағы пюпитерге нота қағаздарын жайып қойған әншілер. Бәрі де тізерлеп-тізерлеп еденге жайғасқан. Бәрі де қара киінген. Бір ырғақтан аспайтын да, түспейтін де жапон сазы. Европалықтар дыбыстар гармониясын ұнатса, жапондар музыка тыңдағанда бір биіктіктегі бір дыбыстың біраз уақыт бірқалыпты созылып тұрғанын қалайды. Олвп үннің шұғыл өзгергенінен, ойнақы ырғақтан, ашық бояу, айқын саздан гөрі дыбыстың құлаққа естілер-естілмес, еміс-еміс дірілінен көп ләззат алады. Олар мұндай музыкалық түйсікті де табиғаттан үйренген; табиғатта желдің зуылы да, толқынның шуылы да бір ырғақ, бір сарынды; онда европа музыкасындағыдай ойнақтаған үндер кездеспейді. Олар европа тыңдаушыларындай музыкалық калоритты әр алуан дыбыстардың әр алуан ырақта құбылуынан іздемейді, белгілі бір дыбыстың қатқыл вибрациясы «гори» мен нәзік, жұмсақ вибрациясы «сори» арасындағы үйлесімнен іздейді. Мұндай музыка әсіресе әншілерге оңай тимейтін болса керек. Сахнадағы жеті әнші бишінің жан-күйіндегі құбылысқа сәйкес жеке-жеке соло айтады да, биде ыстық құштарлық сезімдері бейнеленетін тұстарда барып бәрі қосылып кетеді.
Театрдың актерлық орындауы мен режиссурасында психологиялық драма, реалистік театр элементтеріне бой үру байқалады. Әсіресе декорация, жүріс-тұрыста реалистік элементтер нышан беріп қап отырады, Бірақ актерлер беті маска іспеттес, одан адамның жан-дүниесінде болып жатқан арпалысты аңғару аса қиын. Екі ғашықтың шынайы махаббат сезіміне берілген лирикалық сәті европалықтарға үн-түнсіз ұзақ отырған екі бөтен адамдай боп көрінеді. Олардың көңіл күйін сахнаның бір бұрышындағы әншілер триосының әнінен ғана аңғарасыз.
Сөйтсек, бұл театрдың спектакльдерін түсінудің күрделі жүйесінен жапондардың да көпшілігі бейхабар екен. Оған ілуде біреулер ғана түсінетін көрінеді. Сол ілудегі біреулер спектакльдің кейбір тұсында «биа» деп айқайлап қояды. Адам шошырлық ащы дауыс. Бірнеше кісі жапатармағай айқайламайды, бір не екі кісі ғана айқайлайды. Бірақ бүкіл залды дір еткізетін аса күшті дауыс.
«Кабуки» театры XVII ғасырдың бас шамасында дүниеге келіпті. Оның негізін салған Онуки дейтін биші әйел болыпты. Театр алғаш ашылғанда күллі труппа тек әйелдерден тұрған, одан кейін өңшең балалар ғана ойнаған, ал қазір онда еркектің де, әйелдің де ролін тек еркектер ғана орындайды.
Театрдың әлі күнге символикалық шарттылықтан арылып, реалистік арнаға түсе алмай жүруінің де негізгі себебі труппаның әлгіндей бр өңкей құрамынан болса керек. Мұндай театр Жапонияның екі-үш үлкен қалаларынан басқа жерде жоқ, оларды елдің түкпір-түкпірінен жұрт арнайы іздеп келіп көреді. Сондықтан спектакльдің әлгіндей тым жұмбақтығына, билетінің қымбаттығына қарамастан, оған орын тауып, кіру онша оңайға түспейді.
Жапонияда «Кабукиден» басқа театрдың «Но», «Есэ» деген түрлері бар. «Но» көшеде ойналатын ежелгі ұлттық ойындар үрдісін қайта жаңғырту негізінде туған. Оның «тіліне» түсінетіндер тіптен аз көрінеді. Театрда екі-ақ актер ойнайды, ол екеуінің ойынын екі құрамдағы хор сүйемелдеп тұрады. Репертуары жапон мемлекеті құрылмастан бұрынғы жекелеген аймақтарда туған фольклорлық шығармалардан жасалатын көрінеді.
Ал, «Есэ», біздің тілмен айтқанда, бір актердің театры. Оның залдары да шағын. Сондай шағын залға жиналған қауымды ортаға шыққан бір актер екі-үш сағат бойы ұстап отырар өнер табуы керек, өлең оқи ма, әзіл айта ма, жоқ жиналғандармен пікір таластырып айтыса ма, өзі біледі.
Жапонияда не көп, қуыршақ театры көп. Қуыршақтарының бойы адамның бойымен бірдей. Соншама үлкен қуыршақтарды бар болғаны екі-үш адам ғана жүргізіп отырады, қуыршақ жүргізетіндер көрушілерден жасырынбайды, қуыршақтарын құшақтап сахнада өздері жүреді, не төрт аяғына төрт доңғалақ орнатқан кішкене орындықтарға отырып ап қозғалады.
Бізді қай қалаға барсақ та, қуыршақ театрына шақырды. Қай-қайсысы да бізге қатты ұнады.
Симпозиум бітті, елді аралауға шықтық. Тағы да – Хонэдэ. Тағы да самолет. Егіз қозыдай екі стюардесса қыз самолет көтерілер-көтерілместе жолаушыларға тарелкаға сап беті-қолды сүртетін ыстық салфетка әкелді, артынша қаймақ пен кофе ұсынды.
Сол екі ортада жаңа ғана иллюминатордан көрінген эстон жол күзгі ашық күнде онан сайын құлпырып, кек торғын аралға айналды. Күн батыс қапталымыздан көк барқыт дастарханға төңкере салған кеседей боп атақты
Фудзияма тауы көрінді. Оның биіктігі 3777 метр. Жапон жері таулы. Тауларының бөктері тоғайлы келеді. Бұл елде жүз тоқсан екі вулкан бар, оның елу сегізінен басқасы сөнген. Елде жердің жиі сілкініп тұратыны халықтың тұрмыс салтына, психологиясына, дүниеге көзқарасына өз әсерін тигізбей қоймаған. Жапон үйінің есігінен аттаған адам оның ертең көшетін үйдей қаңырап бос тұрғанына қайран қалады. Онда қайда қарасаң да, айнадай боп жалтырап жатқан мұнтаздай тазалықтан басқа ештеңе таппайсың.
Тіпті жапон баспанасының архитектуралық негізінің өзінде ұзақ жыл өмір сүруге арналған есеп байқалмайды. Жапон баспанасы өзі орналасқан табиғи аядан оқшау шығып тұрмайды, көбіне-көп өз төңірегінің ландшафына сіңісіп кетеді. Тіпті үйдің төңірегінің ландшафына сіңісіп кетеді. Тіпті үйдің төңірегіндегі синтоистерге тән киелі мәні бар «п» әрпі тақылеттес қақпа «торий» мен онша биік емес жатаған тас тағанға орнатылған шамдалдан басқа әшекейдің бәрі де архитектуралық құрылысты табиғаттан оқшауламайды, қайта оның өз төңірегімен астасып, үйлесім табуына қызмет етеді. Үй-үйдің қасында шағын бақ болады; осы бір мұнтаздай таза, алақандай аланды ешкім қолдан жасамаған, табиғаттың өзі орнатып кеткендей, ондағы кішкене дөңес төбе – тау, сылдырап ағып жатқан бұлақ – өзен, аядай тоған – теңіз, ал аласа бұталар – тоғайлар тәрізді.
Үй иесі кешқұрым осындай шағын бақта отырғанда ұлан-асыр табиғаттың қақ төрінде отырғандай ләззат алады. Сол табиғаттан, төңіректен оқшауланбайтын психологиядан болар, жапон баспаналарының ешқайсысының қасынан шарбақ қоршау көрмедік.
Табиғатқа қарсыласпау, қайта оның тілін таба білу тенденциясы жапон баспанасының ішкі интерьерінен де байқалады. Ол негізінен онша қымбатқа түспейтін және оңай жаңартылатын, табиғи түсін сақтап жалтырата өңделген ағаш пен қағаздан ғана тұрады. Еденге төселетін татами күріштің сабағынан не бамбук шыпталардан тоқылады. Үйдің кендігі де 20 – 25 шаршы метрден асып жарымайды. Оның үш қабырғасы оңай ашылып, оңай жабылатын ысырмалы, өйткені елді жан-жағынан теңіз қоршап жатыр, ауа райы қапырық; әлгіндей ысырмалы қабырғалар – үй ауасын табиғи желдетіп, салқындатудың таптырмайтын тамаша бір жолы. Ал қозғалмайтын төртінші қабырғаға киім-кешек, ыдыс-аяқ, төсек-орын сақталатын шкафтар орнатылған, оның беті жып-жылмағай ағаш қабырғамен көмкерілген, сондықтан оның ар жағында не бар екенін ешкім аңғармайды, сол тұрақты қабырғаның бір шетінде осы үйдің адамдарының құлшылық ететін кішкене ойық михрабы – камидана бар. Оған әлгі үй табынатын құдай – камидың бейнесі, не сол үйде қаза болған аяулы адамның суреті ілінеді. Баспанаға аттаған мейман әлгі үйдің туысы, не көңіл тату сыйласы болса, ең алдымен камидананың алдына барып тағзым етеді, дұға оқымас бұрын камидің назарын өзіне аудару үшін алақанын шапалақтайды.
Жапон баспанасының төңірегі негізінен үш зондай тұрады: лас зона – үйдің алдындағы жер, паркет, коридор, тортуар; жартылай таза зона – үйдің едені, төселген кілем; таза зона – бөлменің еденіне төселген шыпта татами; сондықтан сырттан жер басып келген аяқ киіміңізді лас зонада қалдырасыз, онымен бөлмеге енуге болмайды.
Бөлмеге енген соң шыпта татамидің үстіндегі төрт бұрышты жіңішке столдың қасындағы алақандай-алақандай шүберек бөстекке отырасыз. Ұятқа қалғыңыз келмесе, аяғыңызды көсіліп, не бір жағыңызға жантайып сұлай кетпеңіз, салмағыңызды екі тізеңізге салып, жүгініп отырыңыз. Сәл ғана шыдасаңыз, жапондар шетелдіктерді көп азапқа салмай, амандық-саулық сұрасқаннан кейін өз қолайыңызға қарай отыруыңызға рұқсат етеді.
Жапондар өз үйіне қонақ шақыра бермейді, әлгіндей аядай бөлмеде көп қонақтың бәрібір жайы табылмайды. Төсек орын, ыдыс аяқтың әрқайсысы семьяның әр мүшесіне еншіленіп қойылған, әркім өз төсегіне жатып, өз ыдысынан тамақтануы керек; бейсауат біреу-міреу кіріп шыға қалса, дәм таттыру үшін сақталатын ыдыс-аяқ үш-төрт кісіге ғана жетеді. Сондықтан жапондар сізді үйін көрсетуге шақырса, қасыңызға екі-үш кісіден артық жолдас ерте көрмеңіз.
Жапон баспанасын көрудің екі-ақ жолы бар. Егер өте ет жақын туысқаны болсаңыз, қожайындар рұқсат етсе, қонып та шығуыңызға болады. Ондайда жатарда әуелі әбден жуынып-шайынасыз, сосын бір жағынан самауырдың мұржасы құсаған түтігі, астында от жағатын оттығы бар жапон моншасы – ішінде ыссы су құйылған күбіге сыйлы қонақ ретінде сіз түсіп, біраз терлеп аласыз, сізден кейін сол үйдің қожайыны, одан соң әлгі семьяның өзге еркектері, ең соңында әйел мен қыздары түседі. Моншадан кейін кимононың жеңіл түрі – белінен белбеу буынатын, алды әйелдерге гүлді, еркектерге торала шыт матадан тігілген жеңіл халат – юкатаны жалаңаш иініңізге сұға саласыз да, ерлі-зайыптылардың екі бөлшек төсегінің қасына салынған үшінші төсекке жата кетесіз.
Тар баспана қалыптастырған жыныстық айырмашылыққа мән бере қоймайтын психологияның салқыны тіпті осы заманғы қоғамдық орындарда да кездеседі. Жапонның қоғамдық моншасы – ортасында жұрт шомылатын бассейні бар кең зал. Бассейінді шыр айнала жұрт түрегеп тұрып сабынданып жуынатын душтар орналасқан; әр душ тізеден аспайтын әншейін шекара мезіретпен қоршалған; еркектер шомылатын, әйелдер шомылатын арнайы бөлімдер жоқ. Сіз жуынып тұрған душтың дәл іргесіндегі көрші душта әйел жуынып жатуы әбден мүмкін. Душтан соң ротадағы ыссы су құйылған бассейнге әйел, еркек боп бірге шомыласыз. Бірақ мұндай қолайсыздықтан қысылып-қымтырылып жүрген ешкімді көрмейсіз. Тіпті осы заманғы көп қабатты үйлерге орналасқан әйел-еркек бірге істейтін мекемелерде екі жынысқа екі бөлек бөлініп қойған туалет бөлмелері жоқ. Әрине, қоғамдық орындардағы мұндай қолайсыздық үйреншікті психологиядан әлі арылмай келе жатқан анахронизм. Бірақ жапон баспанасындағы тарлықтың шамалы уақытта жойыла қояр түрі көрінбейді. Осы заманғы құрылыс материалдарынан салынған «данти» үйлердің бөлмелер айналып тұруға келмейді. Үй төңірегінде бала ойнайтын, кір жаятын жер табылмайды, балкондарда әулиенің жалауындай әлем-жәлем боп кір жаюлы тұратынының да негізгі себебі сол. Бұл тек жапон саясатшылары көп айта беретін «өмірлік кеңістіктің» жетіспеуінен емес, сейсмикалық құбылыстарға байланысты қалыптасқан тар баспанаға бой үйреніп кеткен үйреншікті ұлттық психологияны орынсыз қанау.
Жапон баспанасын жата-жастанып, қонып көретін мейман нағыз бір ет бауыры немесе бір қимас досы болмаса, өте сирек кездеседі. Әсіресе шетелдіктерді ондай мүмкіндіктен атымен ада деуге болады. Біз жоғарыдағы мәліметтерді әңгімеге сараң, әсіресе өз басының жай-күйін, үй тұрмысын айтудан тайсақтай беретін жаңа жапон таныстарымыздан шым-шымдап сұрап білдік. Жапонияда көптен істейтін, ол елді біршама зерттеп үлгірген совет мамандарымен де жолықтық; жапон тұрмысының жай-жапсарын солар айтты.
Алайда, жапондарды үйіне жан жолатпайтын қарау жандар деп ұғуға тағы болмайды. Олардың күні-түні есігі жабылмайтын қонақжай болуға еш мүмкіндіктері жоқ екенін жоғарыда түсіндірдік. Бірақ олар өз үйіне туған-туысқандарынан өзгелерге де бас сұқтырады. Көңіл татулас жарандар да бір-бірінің үйіне сәлемдесуге, мереке кезінде кіріп шығады. Мұндай жай өте жиі болмайды, жылына бір-екі реттен аспайды. Сондықтан да, таныстар көшеде кездескенде әбден шұрқырасып қалады. Қазақтан кейінгі амандық-саулықты ұзақ сұрасатын халық жапондар ма деп қалдым. Қазақтардың шұрқыраса амандасуының сыры кен далада арасы алшақ-алшақ отырып, жиын-тойда, не мал жоғалтып, жолаушы кетіп бара жатып кездеспесе, бір-бірімен көп жолыға бермейтін сирек ұшырасуда жатса, ал, жапондардың ұзақ амандасуының сыры тағы да әлгіндей тар баспанада жатыр. Қоңсы отырғанмен бір-бірінің ошақ басын көре бермейтін болғандықтан көңілдерінің түзу екенін көшеде кездескенде білдіріп қалады; әсіресе қоштасқанда қайта-қайта иіліп-бүгіліп, тағзым етіп, бірін-бірі ұзақ уақыт жібермей қояды.
Мерекелер тұсында жапондар дос-жарандары мен туыстарына сыйлық апару салтына қатты мән береді. Сыйлыққа құнды заттар алынады. Ақша сыйлау әдепсіздік боп саналады. Жапон ресторандарындағы даяшылар шай пұлдық тиын-тебен алғанды қорлық көреді. Мекемелердің өздері жақсы қызметшілеріне ақшалай сыйлық бермейді, оның орнына әдемілеп әшекейленген чек береді, ол чекті кез-келген магазиннен қалаған уақытта өзіңізге керек бұйымға айырбастай аласыз.
Жапондар этикасында сыйлық беру үлкен әлеуметтік институт боп есептеледі. Жасы кіші жасы үлкенге сыйлық бере алмайды. Үлкен кісі өзінен кіші кісіге қалаған затын сыйлай алады. Ал, кіші кісі үлкеннің әлгіндей сыйына бола этикалық қарыздарлыққа ұшырайды, бұдан кейін оның бетіне қарсы келе алмайды, сөзін жыға алмайды, сөйтіп мұндай этикалық қарыздылық салты «онгаэси» жасы кішіні жасы үлкеннің алдында моральдік кіріптарлыққа ұшыратады.
Жапондар бір-бірінің үйіне әлгіндей көңіл білдіріп шығуға кіргенде ұзақ отырмайды, ондай меймандарға шай не салқын сусын беріп, дәм таттырады. Бұл елде құрмет қандай тағам ішкеніңмен есептелмейді, егер жаңа танысың саған өз есігін көрсетсе, онда саған шын ықылас, үлкен ізет білдіргені. Мұндай ілтипатын жапондықтар шетелдік меймандардан да аямайды. Сол ретпен біздің де бір-екі жапон үйінің есігінен аттағанымыз бар. Ондай кездесулерде үй иелері өздерінің меймандостығын білдіріп, шүйіркелесе әңгімелесті, ұлттық кондитер бұйымдары, мандарин, апельсин, жеміс-жидек қойып, шай жылытқан сэкэ ұсынып, дәм таттырды. Сэкэ ішіп болсаңыз, ыдысыңызды төңкеріңіз, одан әрі ешкім «іш-іш» деп сізді қыстамайды,
Мұндай жолығыстар ішкен-жегеніңмен емес, қысқа уақытқа болса да, өзге ұлттың тұрмыс-салтымен көзбе-көз ұшырасқаныңмен ерекше әсер қалдырады.
Жапондар ағайын-дос жарларын жинап, қонақасы бергісі келсе, оны ресторандарда өткізеді. Ондай той бүкіл бір әулет үшін есте қалатындай үлкен мереке боп есептеледі.
Олар баспаналарының тарлығына, бала-шағалылығына, күнбе-күн ұшыраса бермейтіндігіне қарамастан ағайын-туыстарына аса бауырмал келеді. Оның түп себебі елде әлі күнге ықпалынан айырыла қоймаған феодалдық үрдістерде жатса керек. Ол үрдістерді де о баста жапондардың өміріне күнбе-күн өз әмірін жүргізіп тұрған қатыгез табиғат қалыптастырған тәрізді, Ағайын-тумаларын ыдыратпай, бірге ұстайтын патриархалдық семья көбіне көшпелі халықтарға тәнді, өйткені олар жері бар, азды-көпті жылма-жыл түсіп тұратын тұрақты түсімі бар, сондықтан әр семья дербес күнін көріп кете беретін отырықшылар емес-ті.
Көшпелі мал шаруашылығымен күн көретін халықта семьяны тым ұсақ бөлшектерге бөле беру тиімсіз. Тым ұсақ семья ауа райына тікелей тәуелді мал шаруашылығының қиын-қыстауына бір өзі төтеп бере алмайды. Сондықтан да бір атадан тараған ондаған шаңырақ жұбын жазбай бірге көшеді, әріректен бірге туысатын жүздеген шаңырақ белгілі бір өріс пен қонысты бірге жайлайды. Олардың көшпенді тұрмыстың экономикалық заңдылығы «у ішсең руыңмен» дейтін моральдік-этикалық тенденцияға мойын ұсынуға мәжбүр еткен.
Осы тектес тенденция отырықшы өмір сүретін жапон тұрмысына да тамырын мықтап жайыпты. Оларды мұндай патриархалдық ынтымаққа итермелейтін құрығын сүйретіп келіп қалатын жұт емес, ойда жоқ жерде шаңырағыңды ортаға түсіріп кететін кездейсоқ апаттар. Ондай-ондай ойсыратып кететін материалдық, рухани соққыға бір бас, бір тас шағын семьялардың бір өзі төтеп бере алмайды. Тіпті күні бүгінгі дейін жапон деревнялары – «буракудан» яғни бір ру, бір әулеттен шыққандардан тұрады. Әр буракудың өз храмы, әр рудың табынатын өз киесі, өз әулиесі, камиі бар. Осындай руластар «буракуының» бірнешеуі ескі қазақ қырындағы болыс тәрізді «мура» атты әкімшілік бірлестікке бірігеді. Бұл елде тұрғыны отыз мыңнан асатын елді мекендер қала саналады. Қала тұрғындары да шыққан әулетіне қарай шоғыр-шоғыр боп бөлек отырады, сондай әр квартал өздері мінәжат ететін рулық храм ұстайды. Мұндай тәртіп өнеркәсіп қатты дамыған ірі қалаларда бірте-бірте жойылып келе жатқанмен, жергілікті ұсақ префектуралар мен шағын қалаларда әлі күнге қаз-қалпында көрінеді.
Жапондардың көпшілігі табынатын, тіпті ұзақ уақытқа дейін мемлекеттік дін боп есептеліп келген синтоизмнің өзі табиғатқа табынумен қоса ата-баба аруағына сиыну элементтерінен тұрады. Синтоистердің рулық храмдарының камиі сол рудың өткенде атағын шығарған киелі бабаларының бірі боп келуі де жиі ұшырасатын жәйт.
Синтоизм бүкіл жапон халқын арғы түбі құдайдан басталатын бір тұқым, бір әулет деп санайды; оның ұғындыруынша құдайдың жапон жеріндегі тікелей тұқымы – император; сондықтан ол жарты құдай саналуға тиісті. Ал, бүкіл ел әуелі сол құдай текті императорға, одан олардың вассалдары киелі тұқым ірі феодалдарға, одан ұсақ феодалдарға, одан соң әр семьяның бас қожасына сатылап бағынатын патрономиялық иерархия боп есептеледі. Оған елде кеңінен тараған «оябун-кобун» атты корпорациялық үрдіс себеп болса керек. Оябун – әлгіндей одақтың басшысы, кобун – оның бағыныштылары. Орта ғасырларда осындай сеньор мен вассалдар арасындағы тәуелділік қатынастың негізінде «бусидо» атты моральдық институттар жүйесің жасақталады. Кейін оны моральдық институттар жүйесі жасақталады. Кейін оны монархияшыл шовинистер «додзоку» деген моральдік ағымға, біз құдай әулетінен жаралған император басқаратын киелі халықпыз, әлемді біз билейміз деген фашистік дақпырттың идеологиялық қаруына айналдырады.
Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіліс ол ұғымды теріске шығарды. Император өзінің діни билігінен бас тартып, құдай текті емес, қарапайым адам екенін мойындауға мәжбүр болды. Синтоизмнің мемлекеттік діннен қалу себебі де сонда.
Бірақ халықтың ғасырлар бойғы қоғамдық тәжірибесі арқылы сүйекке сіңген сеньор мен вассал арасындағы тәуелдік психологияны жапон қоғамындағы осы заманғы капиталистік қатынастар шебер пайдаланады. Әр фирма мен кәсіпорынды семья тектес бірлестік деп қарайтын ұғым Қызметкерлер мен жұмысшылардың тек дене күшін ғана емес рухани-моральдық инициативасын да барынша сарқып пайдаланып қалуға қызмет етеді. Жапондар аты-жөні мен мамандығының орнына ол қызмет істейтін фирманың атымен атасаңыз, түк те ренжімейді. Мәселен, жапон адамына тіл қатқанда біздегі «пәленшеке», «түгеншекенің» орнына фамилиясына «сан» деген сөз қосасыз – «Ахметов-сан», «Акутагава-сан». Егер фамилиясын білмесеңіз, мамандығына әлгіндей сөз қоссаңыз да болады – «суретші-сан», «редактор-сан», «сатушы-сан»… Ал, оның бірінде білмей, «Атахи» фирмасында істейтінін ғана білетін болсаңыз, «Атахи-сан» дей салсаңыз, оған ол түк те ренжімейді.
Алайда, капитализм ұлттық психологияны қанша шебер пайдаланғыш болса да, монопольды өнеркәсіптің жедел дамуына байланысты ірі қалалардың қауырт өсуі, ауыл шаруашылығына қажетті жердің жылдан-жылға тарыла түсуі жапон семьясының материалдық өмірінен гөрі рухани өміріне өз ықпалын күштірек тигізуде.
Жапон семьясы – «иэ» ешқашан басшысыз болмайды. Әдетте сол үйдің әкесі басшылық етеді; әкесі өлсе, сол үйдің үлкен ұлы – «тенан» әлгі дәулетке басшы боп саналады. Әкенің баспанасы мен шаруа жайы да соған қалады. Оларда еншіні үлкен балалар емес кіші балалар алады. Кіші балаларды «дзиссанан» деп атайды. Дзиссанандардың отау үйі – хонкэ деп, ал үлкен үл тұратын үлкен үй – додзоку деп аталады. Отау үйлер үлкен үйге бағынышты; салт бойынша ірге ажыратпай, бірге отыруға, не істесе де, үлкен үйдің адамдарымен ақылдасып істеуге тиісті.
Алайда, жапон шаруасының аядай жері үлкен ұлдан ауысып жарымайды да, қалған ұлдары жұмыс іздеп қалаға кетуге мәжбүр болады. Жапондардың деревнясын, ауыл шаруашылығын әлі күнге ұстап отырған сол тенандар – тұңғыш ұлдар. Ал жапон қалаларында тұратындардың көпшілігі – сол баяғы әке үйінен құр қол шыққан, еті пысық кіші ұлдар – дзиссанандар. Мейманханаларға жүгіңізді тасып, зыр жүгіріп жүрген бойлар да, ресторандағы сызылған сыпайы даяшылар, да, кеңседегі чиновниктер де, жан-жағыңнан қаумалап, сан қилы сауал жаудыра жөнелетін журналистер де, осы заманғы электронды машиналарды құрастыратын инженерлер де, сол иненің көзінен өтетін дзиссанандар. Жапон буржуазиясының да, жапон пролетариатының да негізін құрған сол кіші ұлдар; соғыстан кейін күл-талқаны шыққан елдің өлмеші өнеркәсібін саналуы жылдарда капиталистік елдер арасында екінші орынға шығарған да солар.
Енді, міне, американдар шығарған самолеттің штурвалында отырған сондай дзиссанандардың бірі бізді көк бұра жапон жоталарының үстімен елдің түстігіне қарай алып келеді…
Көк бұйра жоталар, аралға жан-жақтан анталай бас қойған жырым-жырым шығанақтар әлдеқайда ғайып болды да, иллюминатордан тағы да сұп-сұр тас алаң, ала-құла самолеттер, солардың арасында зыр жүгірін жүрген көкшіл киімді кісілер көрінді. Самолеттің дәл есігінің алдынан басталатын ұзын-шұбақ шыны галерея аэропорттың кең залынан бір-ақ шығарды. Бізді бір топ жапондар қарсы алды, орталарындағы аласа бойлы ақ сұр кісі осындағы совет консулы.
Қызыл ала автобус зәулім-зәулім бетон үйлердің арасымен өрге тырмысқан дөңес көпірмен автостраданың үстіңгі қабатына көтерілді. Әлгі сап түзеп, самсап тұрған ұзын тұра үйлердің көпшілігі енді астымызда қалды. Тас тоғайды тас төбесінен аралап келеміз. Сонау діңкиген-діңкиген тас діңгектердің ара-арасында құмырсқаның илеуіндей жыбырлаған машиналар. Қала орталығындағы айналасы ашықтау оқшау қара сұр үйдің қалалық полиция басқармасы екенін маңдайындағы таблодағы цифрларынан таныдық.
Жапонияда көшедегі автомобиль апаты туралы мәліметті полиция басқармасының маңдайына жарқыратып жазып қояды. Біз оны алғаш рет Токиода көргенбіз. Токио полиция басқармасының маңдайына 1, 182 деген цифр тұрды. Сөйтсек, біз келген күні Токиода көше апатынан 1 кісі өліп, 182 адам жараланыпты. Бір ғана Токионың өзінде биылғы жылдың бастапқы он айында 12 мың адам көшеде транспорт апатынан қаза бопты. Жапондықтар ез еліндегі мұндай кеше апаттарының көптігінен «транспорт соғысы» дейтін сөз шығарыпты. Шынында да, Азия елдерінің ішінде соғысып жатқан Вьетнамнан кейінгі ең кездейсоқ кісі өлімі көп ел осы Жапония көрінеді.
Ал, Жапонияда көше апаты жағынан Токиодан кейінгі екінші орынды біз аралап келе жатқан Осака қаласы алады. Үш миллион тұрғыны бар бұл қала ірі өндіріс, сауда-саттық орталығы. Ол негізінен осы заманғы құрылыс материалдарынан салынған көп қабатты үйлерден тұрады. Юсакалықтар тамақсаулықтарынан өледі» дейтін жапондар мәтелі бар екен, өйткені оның тұрғындарының өзге аймақтардан гөрі дастарханға, тағам дайындауға көбірек мән беретіндігімен аты шыққан. Алайда, бүгінгі Осакада жұрт тамақсаулықтан гөрі транспорттың көптігінен апатқа жиірек ұшырайтын көрінеді. Әсіресе әр айдың 5, 15, 25 күндері көшеде жүріп болмайды деседі. Ол күндері қаладағы толып жатқан фирмалар мен банктердің иелері мекемелер мен жеке адамдардан түсетін түсім ақшаларын машинамен жүріп жинайды екен. Ал, біз барған 28 ноябрь тап осындай айтулы күн болмаса да, қалада 128 автомобиль апаты болыпты.
Біз мінген жеңіл машина бір-бірімен бой таластырған зәулім үйлер арасынан сытылып шығып, қала шетіне қарай беттеді. Енді көшенің екі бетінде әуелі төрт-бес қабат «дантилер» ұшырасып, бірте-бірте құрқылтайдың ұясындай ғып салған қос қабат үйлер көбейді. Біраз жүрген соң жолдың екі бетінен жалтыратып күміс бояумен сырланған алып шарлар, кісінің қиялы жетпестей ғып темір мен шыныдан алуан түрлі құбылтып салған ғажайып құрылыстар анталап қоя берді. Олар – әр елдің архитектураларының бір-бірінен өнер асырмаққа жарысып салған «ЭКСПО – 70» халықаралық кермесінің павильондары. Қазір көрменің орнына ағаштар егіліп, үлкен парк жасалмақшы.
Айнадай жалтыраған тас жол оқтын-оқтын ұзындығы екі-үш километрге созылатын туннельдерден өтеді.
Манадан бері бізден алыстап кеткен көк бұйра жоталар жол бойына қайтадан иіріле бастады. Ноябрьде жапон табиғаты август – сентябрь айындағы Алатау баурайы құсап, қаракөк, қошқы көк, нарт қызыл боп, алуан түрге боялып құлпырып тұрады. Біз келе жатқан Киото қаласын тап сондай бұйра таулар таға құсап шыр айнала қоршап жатыр. Сол көгілдір таға таулардан қалаға қарай сұғына кірген бес жотаның басына ағаштарды трактормен отап, тазалап бес түрлі әріп салыныпты. Мейрам кезінде сол бес әріптің үстіне алаулатып от жағады, сонда әлгі бес жотаның басындағы бес от әріп Киото деген сөз құрайды.
Киото… Токио… Өзіңіз де аңғарған шығарсыз, екі қаланың да есімін құрайтын екі буын бір-біріне өте ұқсас, тек орындары ғана ауысып түскен. Бұл екі қаланың атындағы буындардың орындарында ғана емес, мағынасында да сәл-пәл айырмашылық бар. «Кио» астана деген сөз, ал «то» әрі қала, әрі шығыс деген мағынаны білдіреді. Сонда «Киото» – астаналық қала деген сөз боп шығады да, ал «Токио» шығыстағы астана боп шығады.
Осы бір қитұрқы сөз жұмбақтың ар жағында тек лингвистикалық мағына ғана емес, үлкен тарихи мазмұн да бар. Екі астананың есімін құрайтын екі буын тегіннен-тегін орын алмастырып жүрген жоқ.
Киото – жапондардың ежелгі астанасы. Ол 794-жыл-дар шамасында салынған. Мұнда 1868 жылға дейін император тұрған. Атақты Мейдзи революциясынан кейін император Эйдо қаласындағы сегундар қорғанына көшіп қонды да, содан бастап Эйдо қаласы Токио атанып, елдің астанасы саналды. Елдің саяси орталығы Токиоға көшкенмен, Киото әлі күнге дейін Жапонияның рухани астанасы саналады.
Елдің ең ежелгі мәдени ескерткіштері осында Жапонияда синтоизмнің де, буддизмнің де ең атақты, ең сұлу храмдары да сонда.
Капиталистік өнеркәсіптің ірі өндіріс орындары маужыраған ежелгі астананың тыныштығы мен таза ауасын бұзып, баса-көктеп кіріп келуге бата алмай іргедегі Осакаға кеп тіреліп тұр.
Тамаша табиғат аясындағы ескі ескерткіштерге аса бай қала – демалыс пен туризмнің орталығы. Онда музейге айналған храмдарды былай қойғанда, жұрт барып мінәжат ететін храмдардың әзі екі мыңнан асады.
Жапондықтардан: «Ең әдемі архитектуралық ескерткіштер қайда?» деп сұрасаңыз, Киотоны айтады. «Ең тәтті ұлттық тағамдар қайда әзірленеді?» деп сұрасаңыз, тағы да Киотоны айтады. Ең сұлу қала да – Киото. Киотоның гейшасына гейша жетпейді. Оның майкосындай майконы басқа қаладан іздеп әуре болмаңыз, өйткені Жапониядағы ең сұлу қыздар – Киотоның қыздары. Киотоның ортасымен өтетін тау өзені бүкіл елдегі ең таза, ең мөлдір өзен. Оның суына шомылдырылған қыз баланың көркіне көз тоймайды. Киотоның барлық қызы жөргекке оралмас бұрын ең әуелі сол өзеннің суына шомылдырылған.
Міне, сөйткен Киотоға біз де келдік. Осакадан Киотоға тап болғанда тамұқтан шығып жұмаққа тап болғандай бейжай күйге ұшырайсыз. Құлағыңыздың құрышын жеп, күні-түні бір сембейтін мазасыз гүріл мұнда жоқ. Екі мыңнан астам храмның әрқайсысындағы үлкен парктерді былай қойғанда, көше бойы иін тірескен ағаш. Оның үстіне қаланы шыр айнала қоршап жатқан көгілдір таулар баурайындағы қалың ну жыныстан есетін жұпар ауаны қосыңыз…
Біз алғашқы күні қала тұрғындарының тілегі бойынша муниципалитет салдырған мәдениет сарайын көрдік. Онда жергілікті суретшілердің көрмесі ұйымдастырылатын салондар, жергілікті творчестволық интеллигенция бас қосатын клуб, көркемөнерпаздар коллективтері өнер көрсететін европалық үлгідегі көру залы мен жапон стиліндегі еденде отырып, спектакль көретін ұлттық зал бар. Мұндай мекемелер жапон қалаларында өте сирек кездеседі.
Мәдениет сарайынан шыққан соң Жапония – СССР қоғамының жергілікті бөлімшесі ұйымдастырған кездесуге барып, Киото интеллигенциясы өкілдерімен әңгімелестік. Оған осындағы әлденеше университеттердің оқытушылары, педагогтар, әдебиетшілер, суретшілер, музыканттар жиылыпты, Кездесуде негізінен біздің жолдастар сөйлеп, совет елінің өмірі, мәдениеті, оқу-ағарту жүйесі жайында жан-жақты мағлұмат берді.
Киотоның мәдени ескерткіштерімен танысуды ертеңіне бастадық. Ең әуелі буддистердің 1164 жылы салынған Мьехоин храмын көрдік. Аулаға кірген бетте аппақ гүл жарып тұрғандай аласа ағаштарға көзіңіз түседі. Сөйтсек, бұтақтағы үлпілдеп тұрған гүл емес, төрткілдеп бүктелген біздегі салфеткалар тәріздес жұп-жұмсақ жапон қағазы боп шықты.
Храмға келген адамдар арнайы ағаш қобдишаны шайқап көріп, оның кішкене тесігінен алақанына түскен цифрға қарап, бал аштырады, болашағын жорытады. Храм адамдары балдың жоруын әуелі әлгіндей ақ қағазға жазады да, бал аштырған адамға оқып береді; сосын оның өз қолына ұстатпай, осылай төрт бүктеген храм ауласындағы аласа ағаштарға әкеп іледі, сондай қағаздар жинала-жинала киелі ағаштар жаңа гүл жарып тұрғандай үлбіреп шыға келеді. Мьехони темір ағаш деп аталатын аса қатты самырсыннан салыныпты. Әлденеше ғасырды көрген ағаш храмның қабырғалары қарайып, іші күңгірт тартқан. Шырақ жағады.
Жапонияда буддистер храмы өте көп, өйткені буддизм – бұл елдегі ең көп тараған екі діннің бірі. Ол мұнда қытайлардан ауысқан. Бірақ жапонның буддизмінде синтоизм әсерін де молынан табуға болады. Онда будда екінші орынға ауысқанда, бірінші орынға пейіштің қожасы Амида шыққан. Булдизм тәңірлерінің ішінде жапондардың көбірек табынатыны – бақыт тәңірісі Дзидзо мен рахым және мейірім тәңірісі Кванно. Жапон буддистерінің үйінде буддамен қоса синтоистік михрабқа да орын қалдырады. Жапондар екі дінге бірдей табынып, екі храмға бірдей бара береді.
Біз көріп тұрған Мьехоин – атағы шыққан ең ірі храмдардың бірі.
Храмның қасында отыз мың шаршы метрлік бақ бар. Субтропикаға лайық ағаштар мен бұталар храмды шыр айнала қоршап жатқан көлшіктерді жиектей өсіпті. Бақтың арасындағы тар соқпақтар да, көлшіктердің ара-арасындағы тас көпірлер де храмды аралаған кезде туған жадыраңқы көңіл-күйіңізді онан сайын өршіте түскісі келгендей мың бұралып, ойнақтап жатыр. Бақтың ішінде шоғыр-шоғыр халық көп. Жапондықтар өз басы мен семьясындағы әрбір елеулі күнді ескерусіз тастамайды. Оның бәрін міндетті түрде храмға кеп атап өтеді. Әр он жыл сайын ері әйеліне асыл тастардың әр түрінен не сақина салады, не алқа тағады. Қай он жылда қандай асыл тас тартудың дәстүрлі тәртібі бар. Бір ғажабы – ерлі-зайыптылар қартайған сайын бір-біріне сыйлайтын асыл тастың түрі де бірте-бірте қымбаттай береді. Жапондықтар сыпайы әдеп, қарапайым тұрмысты қалағанмен, тіршілік рахаты мен ләззатына атымен немқұрайды қарайтын тақуалықтан аулақ. Қайта тапқан-таянғанын дүние-жиһазға жұмсамай, әлгіндей қысқа өмірінің санаулы қуаныштарын тек өз ошағының басын ғана емес, күллі ағайын-тума, дос-жаранды бір серпілтіп кетердей той қып өткізуге жұмсайды.
Баланың туғаны да, бір жасқа толғаны да – той. Жапонияда баланың туған айы мен туған күні есептелмейді, қар басқанды санайтын қазақтар құсап, тек туған жылын ғана есепке алады. Сондықтан балаларға арналған екі ұлттық мейрам бар, бүкіл ел қыздардың жаңа жасқа толғанын 5 майда тойлайды. «Қыздар мейрамында» қызы бар үйлердің қай-қайсысы да есігінің алдына баспалдақ-баспалдақ ағаш таған орнатып, оған қуыршақтар көрмесін ұйымдастырады. Көрмеге қыз баланың күнделікті ойнап жүрген қуыршақтары емес, мейрамға арнап әдейі сатып алынған су жаңа қуыршақтар қойылады да, мейрам өткесін ескі жылдың пәле-жәлесі сонымен кетсін деп өзенге ағызып жібереді, не енді ешкім пайдаланбайтындай қып, лақтырылып тасталады. Ал, «балалар мейрамында» ұл балаларға әрқилы ырым қылып, символикалық мәні бар сыйлықтар беріледі,
Жаңа туған жас балаға жеті күннен кейін ат қойылады, ал бір айдан соң оны алғаш рет синтоистер храмына апарып, екі шекесіне тұлым ғана қалдырып, қарын шашын алады. Ол күні балаға ең қымбат кимоно кигізіледі.
Әке-шешесі де мейрамдарда киетін салтанатты кимоно киеді. Сәбиді әжесі көтеріп барады.
Ер жеткен баланы үйлендіріп, бой жеткен қызды ұзату жапон – семьясы үшін үлкен мейрам. Қыз бен жігіт ата-анасының келісімі бойынша, көп ретте кісі жіберіп, құда түсу арқылы үйленеді, Тойға екі жақтың ағайындары да түгел шақырылады. Бұрын жас келін той өткен күннің ертеңіне күйеуінен басқа ешқандай еркектің көзіне түсіп, ұнағысы келмейтінін білдіріп, қасын ұстарамен қырып, тісінің бәрін қап-қара ғып бояп тастайтын болыпты. Қазір ол дәстүр, әрине, бірте-бірте үрдістен шығып барады. Үйленген соң үш күннен кейін күйеу қасына қалыңдығын ертіп, қайын жұртына барады, оны «сатокаэри» деп атайды; қайын атасы мен қайын енесіне біржола бағынышты болады.
Қай-қай жапон да бұл мерекенің бәріне тапқан-таянғанын аямай шашып бағады. Қай-қай мерекенің тұсында да міндетті түрде синтоистер храмына барып шығады.
Ондай тойлар көбіне ресторандарда өткізіледі. Соңғы кездерде храмдар да өз жандарынан үйлену тойларын өткізетін арнаулы залдар ашты.
Біз де аталмыш храмды аралап жүріп, храмға неке қидыруға келгендерді көрдік. Өңшең қара киінген жүз шақты адам. Тек қақ ортадағы қалындық қана биік ақ қалпақ тектес бас киім мен ақ кимоно киіпті. Оның оң қол жағындағы европаша киінген қара костюмді күйеу.
Неке қиылғасын құдаласқан екі семьяның бірге суретке түсуі жапондықтардың осы күнгі үйлену тойының бұлжымас қағидасына айналған.
Әрине, жапондар мерекесі үй-ішілік қуаныштармен шектелмейді. Әр храмның өз мейрамы бар. Ондай мереке күні храм тәңірісі – «ками» асыл жапқан балдаханға салынып көшеге алып шығарылады; оған еріп храмның абыздары жүреді, олардың соңынан дәулеттілер мен атақтылар, сосын былайғы жұрт ілеседі. Актерлер мен акробаттар көше бойында шеру тартып келе жатып өнер көрсетеді. Мұндай мерекеге, әсіресе, жастар құмар.
Жапондардың ең үлкен мейрамы – Жаңа жыл. Жаңа жыл келгенде барлық храм жүз сегіз рет қоңырау соғып, дабыл қағатын көрінеді.
Әлгіндей күлтелі балдахандағы киелі тәңір мен абыздардың соңында шолтитып шорт киген еркектер мен омырауын жарқыратып, осы заманғы көйлек киген әйелдер келе жатпайды. Жапондар тек мереке күндері ғана емес, храмға қай күні келсе де, ұлттық киіммен келеді. Олар европа киімін тек жұмысқа барғанда ғана киелі десе болғандай. Қалған уақытта көбіне ұлттық киімдермен жүреді. Жапондардың нағыз ұлттық киімін көргісі келгендер храмдар мен олардың жанындағы парктерді аралағаны дұрыс. Онда европа киімімен шетелдіктерден басқа ешкім жүрмейді.
Жапондардың ұлттық киімі әңгіме болғанда біздің аузымызға кимоно түседі. Ал, шын мәнінде, ұлттық костюмнің түгел ансамблі «рэйфуку» деп аталады. Оның негізгі элементі, әрине, қылқа мойыннан қара бақайға дейін түгел қымтап тұратын кимоно. Оның кеуде тұсы мен мықындықтан басқа бөлігінің бәрі де кең пішіледі. Әсіресе, етегі мен екі жеңі күлтілдеп төгіліп тұрады. Әйелдердің киінуі қайда да ұзақ қой, ал жапон әйелдерінің «рэйфукуді» барлық ережесін түгел сақтап киініп шығуы күйеуінің жүйкесін құртардай тым ұзақ болса керек. Тіпті екі әйел бірін-бірі киіндірмесе, жалғыз әйел бір өзі киіне де алмайтын көрінеді. Сондықтан, қазір жапон әйелдерінің кимоносы да киюге ыңғайлы болсын деп ықшамдалыңқырапты. Көшеде көретініміз көбіне сондай «оңайлатылған» кимоно. Ал, нағыз «рэйфукуді» тек тойлар мен храмдарда ғана көре аламыз. Әйелдердің салтанат киімі көбіне қара не қаралтым түсті матадан тігіледі, етек жағында алуан түсті гүлдер мен өсімдіктерді бейнелейтін кестелі өрнегі болады.
Кимоно кигенде оған ешқандай европа киімінің элементін араластырмайды, тіпті қолдарына портфель не сумка да ұстамайды. Кимоно киген әйелдер өз туалетіне керек-жарағын кішкене орамалға түйіп алады. Ал балалы әйелдер баласын арқалап жүреді. Содан болар, жапон әйелдерінің көбісінің аяғы қисық келеді. Олар опалану жағынан дүние жүзінде алдарына жан салмайды; косметикаға европа әйелдерінен екі-үш есе көп уақыт жұмсайды деседі.
Шамасы табиғатқа табынып қалған халық қандай қағиданы болса да мықтап ұстайтын тәрізді.
Архитектуралық шедеврлерді сәулетшілер салып, Дәулеттілер салдыратыны кім-кімге де өз-өзінен түсінікті жәйт. Демек, ол арқылы сәулетшілер өз халқы мен өз заманының эстетикалық көзқарасын, дәулеттілер өз тұсының саяси дидарын бейнелеп бағуға тырысады.
Біз Киотодағы сегундар сарайын аралағанда бұл ақиқатқа тағы да бір рет көз жеткіздік.
Феодалдық Жапонияның көне көзі – бұл сарайдың есігінен аттамай тұрып, әуелі тарихқа аз ғана көз жүгіртейік. Жапондар әзірге өз тарихын соңғы екі мың жылмен ғана шектейді. Бұл халықтың арғы тегінің қайдан шығып, қайдан келгені туралы басы ашылған тұрақты пікір жоқ көрінеді. Тарихшылардың көбі Шығыс Азия мен Тынық мұхиттың оңтүстік аралдары тайпаларынан құрылдық деген пікірге ден қояды. Жапондар өздерін III – IV ғасырларда осы өңірде үстемдік құрған Ямото тайпасынан тарадық деп санайды. Жапон императорларының арғы тегі құдай емес, әлгі ямото тайпасының көсемдері көрінеді. IV – VI ғасырларда Корея, Қытай сияқты көрші мемлекеттермен қарым-қатынасы нығаяды. Елге мата тоқитын станок та, кеме жасау да, медицина да, тіпті буддизм де сол шамада келіпті.
Астана алғашында 710 жылдан 784 жылға дейін Нара қаласында болыпты да, 794 жылы Киотоға көшіпті. Екі аралықтағы он жылда елде император тұрақтамаған соң, астана да тұрақтамаса керек.
Мың жыл бойы император тұрған Киото Қытай астаналарының үлгісінде салынған. Жаңа астана алғашқы күннен бастап өнерге оң көзімен қараған; жапондардың ұлттық мәдениетінің негізін салған Хейан дәуірі Киотоға астана көшіп келген күннен басталады да, 1192 жылмен аяқталады.
Киото ақсүйектері өнер қуып, сауық-сайранмен жүргенде, өзге аймақтағы әскери ақсүйектер бір-бірімен қырқысып, билікке таласып жатады. Әсіресе, бұрынғы императорлардың ұрпағы – Минамото мен Таира әулеті ұзақ жыл соғысып, ақыры 1185 жылы Ішкі Жапон теңізіндегі Данноура аралында Минамото жеңіп шығады. Содан бастап император тек діни өкімет өкілі боп қалады да, саяси билік әскери аристократия – сегундардың қолына көшеді. Минамото тайпасының басшысы Иоритомо 1192 жылы қазіргі Токио тұрған жерде әскери үкімет құрады. Олар бұрынғы Киотодағы императорлардың қолындағы барша әкімшілік билікті өз қолдарына алып, елде аскетизм мен жауынгерлікті пір тұтатын Бусидо – самурайлар идеологиясын уағыздайды. Жапон өнері мен өміріндегі ұстамдылық пен қарапайымдылық, міне, сол дәуірлерде қалыптасса керек. Содан бастап әскери аристократияның әр әулеті бірінен соң бірі билік алып, мемлекет тізгінін жеті жүз жыл бойы өз қолдарында ұстайды. Сегундар өктемдігінің кейінгі 265 жыл бойына билік Токугава әулетінде болды. Олар елді шеттің ықпалынан сақтау үшін 1639 жылы өзге мемлекеттермен байланысты біржолата үзіп, жапондар арасына жаңа-жаңа тарай бастаған христиан дініне тыйым салады. Бірақ екі жарым ғасыр үстемдік құрған «жабық есік саясаты» елде кең етек алып кеткен наразылықтар нәтижесінде 1867 жылы жеңіліс тапты. Император Мейдзи (1867-1912) Токугаваларды биліктен тайдырып, 1868 жылы астананы Токиоға көшірді, жаңа конституция қабылдады. Енді император дербес билеуші боп жарияланып, сегундар өкіметі жойылды. Жапон буржуазиясы Мейдзиді аса қатты дәріптейді. Мейдзи өлген соң елді 14 жыл бойы оның мұрагері Таишо басқарады да, ал 1926 жылы қазіргі император Хирохито таққа отырады. Мейдзи конституциясы екінші дүние жүзілік соғыстан кейін күшін жойып, 1946 жылы жаңа конституция қабылданды.
Жаңа конституция бойынша император мемлекет пен халық бірлігінің символы ғана саналып, ел басқарудың билігі парламентке көшті деп жарияланды. Атқару өкіметі парламент тағайындап, император бекітетін министрлер кабинетіне жүктелді. Министрлер кабинеті 16 министрліктен тұрады. Қазіргі премьер-министр бұл елді басқарған алпыс төртінші премьер-министр, ал Хирохито – Жапония тағына отырған жүз жиырма төртінші император. Жапон императорларында фамилия болмайды, әлгі жүз жиырма төрт императордың бәрі де бір династиядан өрбіген. Өздерін құдай әулетіміз деп санайтын жапон монархтары төңкерістер көбіне-көп бір-біріне тәуелді емес әскери аристократиялық семьялардан шыққан сегундар арасында жиі кездесіпті.
Қазіргі император биылғы 29 апрельде жетпіс бірге толды. Екі ұлы бар. Тақ мұрагері – үлкен Акихито отыз тоғызда. Ал кішісі Хитачи әкесімен тұрады. Император Хирохито қолы бос уақытында теңіз биологиясын зерттеумен шұғылданатын көрінеді, тіпті сол салада жазылған бірнеше кітабы да жарық көріпті. Қазір Жапонияда император семьясының мүшелерінен басқа ешкімге ақсүйектік атақ берілмейді. Ал ол семьяның қыздары тұрмысқа шыққан бойда әлгіндей ақсүйек атағынан айырылады.
Жапонияда әлі күнге дейін сақталған атақты қамалдардың көпшілігін сегундардың соңғы әулеті – Токугавалар салдыртыпты.
Киотодағы сегундар сарайы да солардың тұсында 1602 жылы салынып, 1624 жылы шыр айнала су толы ор қазылып, тас қорғанмен қоршалыпты.
Токутава әулеті өздері Эйдодода (Токиодағы қазіргі император сарайы тұрған қамалда) тұрған; ал Киотодағы біз көрген қамал әскери өкімет басшысы императорға жолығуға астанаға келгенде тоқтайтын резиденция іспетті.
Әдетте, Европа елдеріндегі феодалдық қамалдар анадайдан-ақ жанына жолатпай, қарудың қаһары, өкіметтің өктемдігін танытып, айбындырып тұрар болар еді, жапон феодалдарының сарайы да храмдарындай келушілерді кеудесінен итермей, ішке тартып тұрады. Оның сыры тарихтағы бір тектес құбылыстардың да әр сипатта ұшыраса беруі мүмкін екендігінде. Европа феодализмі де, Азия феодализмі де адамды адам қанаудың белгілі бір дәуірдегі бірдей көрінісі. Алайда, олардың әрқайсысы бір мақсатты екі түрлі амалмен жүзеге асырған; Европа сеньоры вассалын «бағыныштым» деп қорқытса, жапон «оябуны» өз «кобунын» бауырым, қандасым деп бауырына тартқансып, тәуелді еткен. Біреуінің қаруы – айбар да, екіншісінің қаруы – айла…
Жапон феодализмінің қаруға жүгініп, қаһарға мінген тұсындағы әскери феодал сұстан атымен ада. Қашан ішіне кіргенге дейін бүкіл елді билеген әміршінің сарайына келе жатқандай әсерде болмайсыз. Онда да барша жапон үйіне кіргендей есік алдында аяқкиім тастайтын саты тұр. Сегун сарайы алдында қарулы сақшы тұратын есік осы-ақ. Төңірегін қарасаң – тек үш-төрт сақшы тұра аларлықтай ғана кеңістік бар.
Аяқ киіміңізді шешіп, үлкен залға аттасаңыз болды – әлдеқайдан жүздеген бұлбұл сайрап қоя береді. Қай жақтан сайрап түр деп қайран қаласыз. Жан-жағыңызға алақтап қанша қарағанмен, бұлбұлды бәрібір көре алмайсыз. Оның сырын біраздан кейін аңғарасыз – жүре беріңіз…
Мұнда европалық сарайлардай, тіпті Орта Азия әміршілерінің ордаларындағыдай да, коридорлар, сатылы баспалдақтар, залдан-залға өтетін салтанатты есіктер жоқ. Жапондардың баспаналарындағы қарапайымдылық пен ұстамдылық, сыпайы сұлулық сарайларына да тән. Онда тек ұзыннан-ұзақ созылып жатқан кең галерея ғана; бір қапталда бір-біріне тікелей қатыспай әлгі галерея арқылы қатысатын залдар тізбегі. Біріншісі – сегунға келгендер қабылдау күтетін зал, біздің ұғыммен айтсақ, жай әншейін кең бөлме; оны Кано Паэни деген суретші көркемдепті. Қабырғаларға жапон самырсыны мен екі арыстан бейнеленіпті; суретші өмірінде арыстан көрмеген, ойша салған; соған қарамастан, аң патшасының сырт ұқсастығынан азын-аулақ ауытқу байқалғанмен, жүріс-тұрысы, көз тастасы соншалықты дәлме-дәл берілген; әсіресе көзін бейнелегенде, автор оптикалық айла тауыпты – арыстанға қай жағынан барып қарасаңыз да, өзіңізге бұрылып қарап тұрғандай.
Қабылдау бөлмесінен оң жақ қолдағы галереямен батысқа беттесеңіз, сегунға келген феодалдардың қару жарағы тұратын қойма, одан әрі ер-тұрманы сақталатын қойма, одан әрі тағы солай шаруашылық бөлмелері боп кете береді. Ал сол қол жағыңыздағы галереямен оңтүстікке қарай жүрсеңіз, екінші зал – сегунның феодалдарды қабылдайтын залы. Ол бір-бірінен тек едені ғана бір қарыстай биік, бірақ одан басқа ештеңемен бөлінбеген екі бөліктен тұрады. Түпкі бөлменің қақ төрінде балауыздан мүсінденген XV сегун Токугаваның өзі отыр, оның сол жақ қолында отырған деңгейден бір қадымдай төменіректе, билеушіге бір қырын қарап, қылышын ұстап баласы жайғасқан. Төргі бөлікке ол екеуінен басқа ешкім бас ұқпайды, өйткені әміршіге жақын келіп сөйлесуге, не қолдасып сәлемдесуге ешкімнің қақысы болмаған.
Қабылдау залының ауыз жақ бөлігінде, әмірші жақ бетте, алда екі қапталда, қос-қостан, бір-біріне қарама-қарсы төрт министр отыр. Олардың екеуінің сақалы бар, кәрі, екеуі жас.
Министрлерден бір қадамдай төменіректе, әміршілерге маңдайларын беріп, әр қатарда бес-бестен, әлденеше қатар боп қабылдауға келген феодалдар жер тізерлеп тізелесе қапты.
Сегундардың феодалдарды қабылдау тәртібі дәл осындай болған.
Ақырғы сегун – Токугаваның балауыз мүсініне қарағанда, ақыл мен айбарды бір-біріне жеңгізбей, таразының екі басын тең ұстайтын ойшыл қалып танытады.
Қабылдау залдарынан әрі галерея оңға бұрылады да, біраз жүрген соң терістіктен түстікке қарай созылып жатқан көлденең галереяға барып ұштасады. Терістік беттегі қанатта сегундардың император жіберген өкілді қабылдайтын залы бар. Ол да әлгі феодалдарды қабылдайтын залдағыдай екі бөліктен тұрады. Оның төргі бөлігінде императордың өкілі отырады да, төменгі бөлігінде сегун отырады, өйткені императордың өкілі – император семьясының мүшесі болғандықтан сегундардан дәреже жағынан биік болып есептеледі. Сөйтіп, олар екеуі залда отырып мәжілістеседі.
Ал әлгі ұзын-шұбақ көлденең галереяның оңтүстік қанаты сегундар семьясы тұратын бөлмелер. Мұндағы әшекейлер қабылдау залдарындағы әшекейлерден гөрі әлдеқайда биязы. Бұл қанаттағы бірінші зал әміршінің сейіл бөлмесі болса керек. Онда әмірші мен күтуші қыздар бейнеленген; әміршінің қарсы алдына қырын жайғасқан бас күтуші, одаң кейінгі екі күтуші – екінші дәрежедегі күтушілер, ол бөлменің екінші бөлігіндегі қыздар – жас күтушілер.
Қабылдау залдарын аралағанда жамыраса сайрап тұрған бұлбұлдар сегундар семьясы тұратын қанатқа келгенде жым бола қалды. Сөйтсек, бұлбұл даусы еденнен шығады екен. Қабылдау залдары тұрған қанаттағы еденге абайлап қарасаңыз, тақтайлар жымдаспаған, арасында көзге көрінер-көрінбес жарық қалған. Сондықтан аяғыңыздың астындағы тақтай әр басқан сайын солқылдап тұрады да, содан бұлбұлдың сайрағаны сияқты дыбыс шығады. Көп адам жүрсе, көп бұлбұл сайрайды. Еденнің астына бұлбұлдың дауысындай дыбыс беретін бірдеңе төсеген бе, жоқ оған төселген ағаштардың сондай қасиеті бар ма – осынау акустикалық қулықтың технологиялық сырың ешкім түсіндіріп бере алмайды. Ал әмірші сарайындағы мұндай музыкалық қитұрқы тың саяси астарын түсіну онша қиынға түспейді. Токугавалар елде азаматтық соғыстар кең етек алған тынышсыз дәуірде билік құрды. Феодалдар арасында сегунның қолындағы әскери-саяси билікке көз алартушылар көп болды, Сондықтан, олар қабылдауға келетін феодалдарға сене қоймаған, қастандық ойлайтын қара ниет біреулер болса, қапыда қалмас үшін осындай акустикалық айла-шарғы ойластырыпты.
Қабылдауға келген феодалдар түсетін қанаттағы еден кісі аяғы тисе болды, сайрап қоя береді. Сол дыбыс арқылы сегун өзі тұратын бөлмелерге қарай келе жатқан адам болса, алдын-ала біліп отырыпты.
Сөйтіп, феодалдық қоғамның қайшылыққа толы күрделі шындығын сыр шашпайтын, аса қарапайым, аса сыпайы, аса ұстамды стильде салынған жапон сегундарының сарайы да жасыра алмапты.
Сегундар сарайының әсіресе бағы тамаша. Сарайдың дәл терезесінің алдында үш аралдан тұратын шағын тоған бар. Тоған маңайы мен аралдар сегунға әр өлкедегі феодалдар тарту еткен неше алуан қой тастар және декоративтік ағаштармен безендірілген. Үш аралдың үшеуінің кейпі үш түрлі. Оң жақтағы ең кішкентайы жорғалап келе жатқан тасбақаға ұқсайды. Сондықтан болар, ол Тасбақа аралы деп аталады. Ортадағы үлкен арал – Пейіш; сол жақтағы орташа арал – Тырна. Жапондар мың жыл өмір сүретін Тырна мен он мың жыл өмір сүретін Тасбақаны кие тұтады.
Тоғанның ар жағында су толтырылған ішкі ор бар, одан аспалы көпірмен ішкі қорғанға өтесіз. Ішкі қорған сегундардың соғыс жағдайында қорғанатын қамалы болған.
Бізді сегундар сарайының алдында мэрдің екі орынбасары мен муниципалитеттің мәдениет бөлімінің меңгерушісі күтіп алған. Екі орынбасар амандық-саулық сұрасқаннан кейін сарайдың ішіне кіргенше бірге еріп келді де, табалдырық алдында қоштасып, қалып қойды.
Ал мәдениет бөлімінің бастығы бізге сарай мен паркті бірге жүріп аралатты. Ол езі орысша біршама жақсы сөйлейтін қапсағай қара кісі. Соғысқа дейін Харбинде тұрыпты, Харбин университетін бітіріпті. Орысшаны да сонда үйреніпті.
Ол бізді шай ішетін үйшіктердің біреуіне бастап барды. Кәдімгі жапон үйі. Есік алдында аяқ киім шешетін шағын алаңқай. Бөлмеде татами төселген. Бір бұрышта – камидана. Оған букет қойылып, гравюра ілініпті. Сол киелі орын жаққа шай құятын әйел отырады да, сыйлы қонақтар жаңа ғана біз кірген сырмалы қабырғаларды бойлай жайғасады. Бұл үйшікте баяғыда сегунға келген феодалдар шай ішеді екен. Шай ішу церемониясы бір сағаттан астамға созылады. Самурайлар шайды өте жақсы көрген. Олар мұнда қаруын тастап кіреді. Шай ішу тұсында ешкімнің сөйлеуге, күлуге қақысы жоқ. Жер тізерлеп отырып, ұзақ уақыт үн-түнсіз шай сораптауға, жетсе, сол баяғы самурайлардың ғана төзімі жеткен шығар.
Әлгі шай ішетін үйшікте муниципалитет өкілі Киото мэрінің біз келді деп естіп, әрқайсымызға беріп жіберген сәлемдеме пакетін тапсырды. Онда Киото туралы альбом, қала кілтінің миниатюрасы және мэрдің орыс тілінде ежелгі қалаларын келіп көргенімізге рахмет айтқан сәлем хаты бар.
Киото мэрі мен біздің жанымыздағы өкіл жуырда ғана Киевке барып қайтыпты. Шамасы, мэр бізге үш бірдей жауапты қызметкерін жіберіп, сәлем тапсырғанына қарағанда, әлгі сапарынан аса разы боп оралса керек.
Киотоны жылына үш жүз мыңнан астам шетелдіктер келіп көреді екен; сонда олардың бәрі де осы паркті тамсана мақтайды деседі. Сондай биылғы жылғы үш жүз мың мейманның санына біз де қосылдық.
Муниципалитет өкілі бізге жапондардың ұлттық тағамдарынан дәм татып көруді ұсынды. Біз тамақтанатын жапонның ұлттық тағамдар рестораны «Минокихи» қаланың терістігіндегі тау бөктеріндегі шет кварталда болып шықты. Бұл – тап-таза жапон стиліндегі квартал. Үйлері де жапон архитектурасы үрдісін Қаз-қалпында сақтап салынған. Гейшалар мен майколардың көпшілігі тап осы кварталда тұратын көрінеді. Діни мейрамдарда да мерекелі шеру осы арадан басталады деседі.
Тіп-тік ағаш сатылармен үшінші қабатқа көтерілдік. Жиырма кісі сыятындай шағындау бөлменің қақ ортасына бір-біріне тіркестіріп тік бұрышты аласа столдар қойылыпты. Столдың екі жағына тізілтіп бір кісі отыратындай шағын-шағын мамық бөстектер тастапты. Әрқайсысының арт жағына біздегі креслолардың арқалығындай ағаш арқалық орнатылыпты. Ол мейман белі ұйыса, шалқайып отырсын деп, әдейі жасалса керек. Соған қарағанда, бұл жапон тағамдарынан дәм татқысы келген европалықтарды қабылдайтын арнайы бөлме. Бірақ онда әлгіндей арқалықтар мен стол үстіне әр жерге қойылған дөңгелек-дөңгелек газ қазандықтардан басқа ешқандай европалық мүлік жоқ. Төр жақта жұп-жұқа ағаш шыбықтардан жасалған жапон стеллажы, оның бір бұрышы – такомоно; мұнда «ками» бейнесінің орнына жапон стиліндегі натюрморт ілінген.
Біз әлгі бөстектердің әрқайсысын иемденіп, жерге жайғастық. Жерге отырып үйренбеген менің серіктеріме арқалық қойылғаны аса дұрыс болды; аяқтарын столдың астына жіберіп, отырмай жатып, шалқая-шалқая кетті. Тек олар ғана емес, осында келген шетелдіктердің көбі солай ететін болса керек; мұны көргенде манадан бері екі босағада иіліп-бүгіліп тағзым етіп тұрған қызметші қыздардың ибалы жүзіне еріксіз күлкі жүгірді.
Әрқайсымыздың алдымызға салфетка, қыш тостаған, кофе ішетін кішкене қыш тостақ, одан да құрдым «сэкэ» ішетін ыдыс қойылыпты. Қағаз қапшықтағы қасық орнына пайдаланатын «хаси» – екі тал ағаш шыбық пен арша тәрізді қатты самырсыннан жасалған «едзи» – тіс шұқуыштан басқаның бәрі керамика.
Екі кісінің арасынан бір-бір қызметші қыз «хостесса» отырып, бізге берілетін тағамды стол үстіндегі дөңгелек газ қазандыққа өз көзімізше пісірді. Олар тағам әзірлеп болғанша, бізге көк шай ұсынылды. Қазандықтағы жайпақ табақшаға әуелі өсімдік майын құйды, салат, капуста, пияз туралды, оның үстіне ар жағынан күн көрінетіндей қып жұқалап кесілген шелпек-шелпек сиыр етін тастады, сосын соя ұнынан иленген брынза іспетті іркілдек-іркілдек шикі қамыр мен өзіміздің лағмандай, бірақ одан әлдеқайда жіңішке, әрі тап-таза крахмалдың бір өзінен илегендіктен шөлмектей боп, мөлдіреп тұратын жапон кеспесі салынды. Сол-ақ екен, он-он бес минут өтер-өтпесте бір-бір кесе «сукиаки» деп аталатын жапон тағамы алдымызда тұрды; оның қасына бір-бір кесе суға ғана пісірілген саудыраған ақ күріш әкеп қойды. Әуелі сукиаки, сосын күріш – екеуі екі бөлек желінеді,
Жапондар сукиакиді бұрын тек көшеде ғана жейді екен, өйткені көпке дейін мал етін жеу кешірілмес күнә саналыпты. Ондай күнә өз ошағының басында істелсе, үйінді шайтан жайлап алады деп қорқыпты.
Ет тағамдары осындай ресторандарда болмаса, жапон үйінің дастарханында әлі де сирек ұшырасады. Таңертеңгі тамақ «асамэси», түскі тамақ «хирумэси», кешкі тамақ «бам-мэси» – қай-қайсысы да көбіне-көп балық пен теңіз жәндіктерінен, овощ пен күріштен тұрады. Таңғы ас пен кешкі ас, түскі астан гөрі, молырақ болады, көбіне-көп ыссы сорпа таңертең мен кешке беріледі, ал түскі тағам көк шай мен құрғақ күрішпен ғана шектеледі. Жапон тағамдарында крахмал мен өсімдіктерге кездесетін белок көп те, ал мал өнімдеріндегі белок пен мал майы тым аз. Барлық тағамның бәрі де өсімдік майына пісіріледі; сорпа да балықтан не овощтан дайындалады; елге европалықтар келгенге дейін сүт тағамдарды болмаған. Сусынға сыра, жеміс шырындары, шай ішіледі. Жапондардың кек шайы да, қара шайы да аса дәмді. Олар елдерінде минералды бұлақтар аса кеп болғанмен, минерал суын сусынға пайдаланбайды. Жапондар күріштен жасалған «сэкэні» ішпес бұрын ысытып алады.
Жапондар өзге шығыс халықтарындай бұрыш, тұз, ащы жағына құмар емес. Сондықтан да олардың тағамдарыңда ет ет дәмімен, көк көк дәмімен бірден сезіліп тұрады. Олардың мұңдай салты бізге тосын көріңді, әсіресе арамыздағы грузин жігіті мен армян жігітіне тым обал болды. Ол екеуі қай ресторанға барсақ та, даяшыдан тағамдарына «тұздық» сұрайды. Жапон ресторандарында итальяндардың «тобага» деп аталатын ащылынан басқа ащы тағам да жоқ екен. Қай ресторанда тамақтансақ та соны әкеледі. Сұрауын әлгі екеуі сұрағанмен қызығын біз көреміз. Жапон даяшылары өздерін мазалай беретін ол екеуіне әзілдеп, «Тобагасан» деген атақ тақты.
Жапондар жазуды қытайлардан үйренген. Бірақ, лингвистердің айтуынша, жапон иероглифтері әлдеқайда жеңілдетілген. Иероглификалық жазу жүйесін жапондар «катакана» деп атайды. Кейін шет тілдерден ауысқан сөздердің көбеюіне байланысты жапон жазуына «жаңалық» енгізу қажет болды да, елде «хирагана» деп аталатын жаңа жазу туыпты, ол елу екі әріптен тұрады.
Жапондар соның екеуін де үйренеді. Бірақ күнделікті тұрмыста, баспа ісінде жапон сөздері «катакана» бойынша жазылады да, өзге тілдерден ауысқан сөздерді жазғанда «хирагана» әріптері қолданылады.
Иероглифтерді үйрену оңайға түспесе керек.
Иероглифика – жапондар арасында каллиграфияның, тіпті сурет салу өнерінің кеңінен тарауына шешуші ықпал еткен, өйткені иероглифтің негізі – көркем образ, ұғымды суретпен бейнелеу.
Көре-көре кейбір иероглифтердің не мағына беретінін дөп баспағанмен, тұспалдап түсінуге болатын тәрізді.
Иероглифтер кейбір абстракциялық ұғымдарды философиялық ой жинақтау не поэтикалық символ арқылы бейнелейді. Мәселен, бала арқалаған әйелдің тұспал бейнесі «жақсы» деген ұғымды білдіреді.
Шынында да, жапондар жас балаға керемет табынады. Кейде ақша қардай аппақ қып киіндірген бүлдіршіннің лас асфальтта аунап жатқанын көресіз. Құйрықтан шапалақпен бір тартып, тұрғызып жіберетін жер емес пе? Жоқ, әлгі сәбидің ата-анасы кішкене қиқарға ұрыспай да, қол да қатпай «түрегеле қойсайшы» деп жалынып тұрғаны.
Олар балаларға үйде де ұрыспайды деседі, көшеде де балаға зекіріп жатқан ешкімді көрген емеспіз.
Бала мектепте де емін-еркін. Біз қай қалада да мектепке соқпай еткен жеріміз жоқ. Соның қайсысына барсаң да, улап-шулап, күліп, асыр салып жүрген мәз-мәйрам балаларға тап боласыз. Олар бірін-бірі қуалап жүріп алдыңнан кесіп те өтеді, жол-жөнекей қағып та кетеді, оны әдепсіздік санап жатқан өшкім жоқ. Жапон мектебінің әлденеше сабағына да кірдік. Онда да шыбынның ызыңы ғана естілетін жым-жырт тыныштықты көре алмайсыз. Балалар сабақ үстінде бір столдан екінші столға барып, ерсілі-қарсылы жөңкіліп жүр, жапатармағай сөйлеп, жамырай күледі. Мұндай у-шуға мұғалімдер қабағын да шытпайды. Сұрастырып көрсек, не мектеп мүлкін сындырып, не жолдасына қол қатып, тіл тигізіп, зәбір көрсетпесе, әлгіндей айқай-ұйқайға, коридорда жүгіріп жүргенге, не мұғалімді абайламай қағып кеткенге бола оқушыға ешкім ескерту де жасамайды. Тәрбиенің жалғыз-ақ әдісі – айту, баланың өзі істеген жөнсіздігіне өзінің көзін жеткізу.
Жапон мұғалімдері балалардың жастайынан бұйығы боп, қорғалап қалмауына, оз пікірін ашық айтып, ез көзқарасын батыл қорғай білуіне көбірек көңіл бөледі. Сондықтан олар қол жұмсау баланың тәніне қандай зақым келтірсе, зекіру де оның жан-дүниесіне одан кем зақым түсірмейтін жәбір санайды.
Жапон мектебіндегі оқушы білімін бағалау жүйесі де қызық. Онда да біздегідей бес балдық баға. Бірақ барлық мектепке бірдей ортақ бағалау жүйесі жоқ. Ондай бағаға лайық шәкірт табылсын-табылмасын, әр кластағы балалардың он процентіне «бірлік» баға алатындардың саны он проценттен аспауға тиісті.
Мұғалімдердің бірқатары мұндай міндеттілік оқушының шын білім дәрежесін айыруға бөгет келтіреді деп санаса, екінші біреулері мектепте баға қоюға атымен қарсы. Олардың ұғымынша, сабақ үлгерімге баға к,ою балалардың арасына жастайынан бәсекеқұмар психология мен эгоизмнің етек жаюына әсер етеді. Сондықтан олар сабақты жақсы үлгіретін баланы мадақтап, нашар үлгіретін баланы жазғыру практикасын атымен қолданбайды десе де болғандай. Әр баланың оқуға қабілеті айқындалғасын, олардың әрқайсысынан қабілетіне қарай өмірден өз орнын табуға көмектесу мұғалімдерге міндет саналады. Сурет сабақтарында сурет сала алмайтын балалар көбіне-көп қол өнерімен шұғылданады.
Жапонияның жалпы білім беру мектебі алты кластық бастауыш мектеп, үш кластық төменгі орта мектеп, үш кластық жоғарғы орта мектеп деп аталатын үш сатыдан тұрады. Балалар мектепке алты жасында барады. Әлгі үш сатылы мектептің әрқайсысының класс реті әр сатыда бөлек-бөлек саналады. Мәселен, «бастауыш мектептің бірінші класс оқушысы», «төменгі орта мектептің бірінші класс оқушысы», «жоғарғы орта мектептің бірінші класс оқушысы», т. б.
Шәкірт әр сатыны бітіріп, келесі сатыға көшірілерде оның «білім дәрежесінің деңгейі» тексеріледі. Ол барлық балаларға бірдей таратылатын сұрақтарға – «тестерге» берген жауаптарына қарай анықталады. Осындай тексерулердің қорытындысында балаларға келесі сатылы мектепте оқуға қабілеті жетеді деп жолдама беріледі де, кейбіреулеріне «одан әрі қарай оқуға қабілетсіз» деген үкім шығарылады. Жас баланың оқу қабілетін мұндай жолмен анықтау кей ретте оның бүкіл болашағына зиян тигізуі мүмкін.
Жапон балалары төменгі орта мектепте айына 2000-нан төлеп оқиды, ал жоғарғы орта мектепте одан гөрі көбірек ақы төлейді. Оқудың мұндай ақылы екеніне қарамастан, жапондар өз балаларының қалайда орта білім алып шығуына қам жасайды. Киото қаласының түбіндегі Дино дейтін жердегі мектеп шәкірттерінің сексен проценті жұмысшылардың, жиырма проценті шаруалардың балаларынан тұрады. Мектеп түлектерінің 99 проценті жылма-жыл жоғарғы орта мектепке түсіп, білімін жалғастыратын көрінеді. Ал жоғарғы оқу орнына түсіп оқу мүмкіндігі кез-келген жастың қолына түсе бермейді. Елдегі жүздеген жеке меншік Университеттің қай-қайсысы да оқуға түсушіден миллионнан ақы талап етеді. Ондай миллионер-студент болу кім-кімге де оңай тимейді.
Біз көбіне-көп жапон мектептеріндегі эстетикалық білім беру практикасына көбірек зер салдық.
Симпозиумда танысқан мамандардың да, біз болған мектептердегі мұғалімдердің де айтуынша, екінші дүниежүзілік соғыс біткенге дейін Жапонияда жастарға техникалық білім беруге баса назар аударылыпты, ол тұста мектеп программасындағы уақыттың кебін математика, физика, табиғаттану пәндері алыпты. Эстетикалық тәрбиенің күн тәртібіне қойылуы екінші дүниежүзілік соғыстың нәтижелерімен тығыз байланысты көрінеді. Миллитаристік күштер жапон халқын адамзат тарихындағы аса бір құбыжық соғысқа айдап салды да, ел тек орасан зор материалдық шығындарға ғана емес, үлкен рухани зардаптарға ұшырады.
Кейінгі жылдары мектепте ұлттық өнердің тарихы мен ұлттық эстетикалық дәстүрлерді оқып-үйренуге көбірек көңіл бөлінуде. Сурет сабақтарында бұрынғы көп жылдар пайдаланылып келген импрессионизм мен осы заманғы ағымдар үлгісінің орнына ұлттық бейнелеу енерінің өнегесі, музыкалық білім беруде сонау Мейдзи дәуірінен пайдаланылып келе жатқан неміс жүйесінің орнына ұлттық музыка ерекшеліктеріне негізделген жаңа жүйе пайдаланылуда.
Жапон мектебінде эстетикалық білім беруде сурет өнері айрықша орын алады. Ол елде ежелден кеңінен етек алған каллиграфия, сурет, керамика, қол өнері дәстүрлерінің әсері болса керек. Сурет сабақтары түр-түс пен бояулар ажыратуға тәрбиелеу, бейнелеу өнері шығармасын ұғынуға тәрбиелеу және баланың өз бетімен сурет салып үйренуіне тәрбиелеу сияқты үш құрамдас бөліктен тұрады. Жапон мектептерінде түр-түс пен бояулар әлемін тәрбиелеудің жолға қойылғанына сексен жыл болыпты. Балаларды эстетикалық тәрбиелеудің бұл саласының проблемаларын зерттейтін арнайы институттың құрылғанына қырық жыл толыпты. Бұл пәннің әр класқа арналған әдейі программасы бар. Бастауыш мектептің алты класының өзінде-ақ бала түр-түсті ажырату, табиғаттағы қай бояудың қандай аты барын білу, оларды бір-бірімен астастыру, колоритті айыру, бояудағы контраст (кереғарлық) пен гармонияны (келісімді) пайдаланып, белгілі бір ой мен көңіл күйін бейнелеуді біліп шығады. Ал, орта мектептің екі сатысында оқушы бояу әлемінің одан гөрі де күрделі заңдылықтарын меңгереді.
Сурет салу сабақтарын өткізетін арнайы мастерской – кластар бар. Онда балалар көбіне-көп графикамен шұғылданады. Шәкірттер бастауыш мектептің өзінде-ақ гравюра техникасын біршама жақсы меңгеріп шығады. Қай мектепке барсаңыз да, балалардың графикалық шығармаларының үлкен көрмесіне тап боласыз. Ең үздік туындылар бүкіл елдік не халықаралық көрмелерге жіберіледі.
Сурет пәнінің мұғалімдері өз сабақтарында шәкірттеріне графика сыры мен гравюра техникасын ғана үйретіп қоймай, адамдардың қоғамдық өміріне барынша тереңірек үңілуге баулиды. Олар, әсіресе, тақырыптық сабақтарға баса мән береді. Ондай сабақтарда бүкіл класс балалары белгілі бір ортақ тақырыпқа сурет салады.
Жапон мектептеріндегі сурет сабақтары өзінің қоғамдық, әлеуметтік өмірді танытуға бағытталған батыл қадамдарымен бағалы. Елдің барлық мектептерінде «Бізден табиғатты тартып алмақсыздар!» деген ұранмен өткізілетін тақырыптық сурет сабақтары табиғи аяны бүлдіруге қарсылық білдіреді. Сол сияқты жұмысшылар мен шаруалар тұрмысын сурет арқылы зерттеу сабақтары да мектеп балаларына әлеуметтік өмірдің көп сырларын танытып береді. Ондай сабақта балалар өз суреттерінде жұмысшылар мен шаруалар еңбегін, тұрмысын бақылаудан туған әсерлерін бейнелейді.
Әлеуметтік өмірді тануға деген осындай айрықша құштарлық әдебиет сабақтарына да тән. Әдебиет пәнінің мұғалімдері әз сабақтары жас ұрпақтың өмірге деген көзқарасы мен түсінігін тереңдетуге, оларды адамгершілік рухта тәрбиелеуге тиісті деп ұғады. Олар әдеби шығарманың эмоциялық әсері әлеуметтік шындықты тануға өлшеусіз қызмет етеді деп санайды. Сондықтан қандай шығарманы талқылағанда да, оның мазмұнын нақты қоғамдық шындықпен, жапон өмірімен салыстыра қарастырады. Біз Асадиро Кидсэнэй деген мұғалімнің бастауыш мектепте Л. Толстойдың «Үш аю» атты ертегісі бойынша өткізген сабағына қатысып, қайран қалдық. Әншейінде сезге сараң мұғалім екі беттік ертегіні екі сағат түсіндірді. Ол сабақты балалар түгіл біздің өзіміз қызыға тыңдадық.
Бірақ бізге жапон мұғалімдері әдеби шығарманы талдағанда идеялық-әлеуметтік сипаттарына баса көңіл бөліп, көркемдік қасиеттерін назардан тыс қалдыратындай керінді.
Жапон мектебі елдегі демократияшыл қозғалыстан аулақ тұрмай, қайта өз шәкірттерін қоғамдық белсенділікке, елдің әлеуметтік тіршілігіне барынша сергек қарауға тәрбиелейді екен. Қай мектепте де мұғалімдер оқу министрлігі бекіткен программа жас ұрпақтың азаматтық санасын тәрбиелеуге осы заман қойып отырған талаптарға сай келмейтінін сынады.
Ертемен Нагояға жүретін болдық. Киотоның теміржол вокзалы. Перронда әр вагонның тоқтайтын жері алдын-ала көрсетіліп қойылған. Әйтпесе, бір-екі минутқа ғана тоқтайтын экспреске отырып үлгеру қиын. Бір уақытта ойда жоқ жерде жанымызға жыландай сумаңдаған сүп-сүйір ақшыл состав жетіп келді де, тоқтай қалды. Жұмсақ креслоға отырып үлгірер-үлгірместе қайта қозғалды. Перроннан ұзап шықпай жатып, жүйтки жөнелді. Оның қалай тез тоқтап, қалай қайтадан осынша ұшқыр жылдамдық үдете алатынына қайран қап келеміз.
Сағатына екі жүз-екі жүз елу километр. Ұшып келе жатқандаймыз. Терезеден әр жеріне ойдым-ойдым күрең түсе бастаған күзгі аймақ үзік-үзік көрініп қалады. Теп-тегіс қып тықырлап орып тастаған шаршы – күріштің орны. Аңыз-аңызға орылған күріштің сабанын киіз үйге ұқсатып маялап үйіп қойыпты. Егістік алаңы мұнтаздай таза. Мая-мая сабандардан өзге еш қылау жоқ. Ара-тұра шүйке-шүйке түтін көрінеді. Ол өртеліп жатқан сабан маялар…
Экспресс күзгі алқаптағы көп тірліктің қыры мен сырын байқатар емес, көзің түсер-түспесте зырлап өте шығады.
Сол зулаған қалпымызбен Нагоя вокзалынан бір-ақ шықтық. Бізді тосып тұрған өңшең сыптығыр қараторы жігіттер аланда күтіп тұрған автобусқа жеткізді.
Нагоя өткен соғыс тұсында қатты бомбалауға ұшырапты, бірақ қазір ол зардаптардың ізі байқалмайды.
Киото дін мен өнер орталығы болса, Нагоя өндіріс пен ғылыми-техникалық ойдың орталығы. Қалаларда кеш болса, жұрт шықпайтын «патинко залдарынан» бастап, жаңа ғана біз түскен құсша зымырайтын экспреске дейінгі жапон өміріндегі техникалық прогрестің қай-қайсысына да осы қаланың үлесі бар көрінеді.
Қаланың шетінде су орныңа ақ сүт ағып жатқан өзенге тап болдық. Бұл төңіректегі таулар ақ саздан тұрады да, ая, саз таудан шыққан өзен аппақ сүттей боп лайланып ағады екен. Ондай саз керамика, фарфор өндірісіне іздесе таптырмайтын ырыс көрінеді. Бұл өлкеде аталмыш өнер кеңінен етек алған, Талай бәйбішенің жатса-тұрса армандайтын іңкәрі, дүниеге атышулы жапон фарфоры мен фаянсының отаны да – осы аймақ.
Біз де сол керамика шеберлері тұратын Тадими, Токи қалаларына бағыт түзеп келеміз. Жапонияда бір қада мен екінші қаланың шекарасын ажырату аса қиын. Қайда беттесеңіз де, ылғи көше бойында келе жатасыз. Қай қаладан өтіп бара жатқаныңызды жол-жөнекей ұшырасатын муниципалитет үйлерінен аңғарып қаласыз.
Тадими мен Токи де бір-біріне тиіп тұр. Әуелі Тадимидегі орталау мектепте болдық. Бұған дейінгі біз көрген жапон мектептері өз шәкірттерін бейнелеу өнері ішінде көбіне-көп сурет өнеріне, әсіресе графикаға баулитынды. Ал, мына мектеп өз түлектеріне керамика өнерін үйретеді екен. Тадими тұрғындары шетінен керамиканы кәсіп қылғандықтан балаларының да сол ата дәстүрді бұзбағанын қалайтын көрінеді. Көп қабатты мектеп үйінің қасында керамика шеберханасы бар.
Кірер жерде ағаш астауда саз балшық тұр. Он бір-он екі жастағы екі бала содан қалақпен балшық іліп алды да, анадай жердегі ағаш тақтаның үстіне апарып, кәдімгі нан илегендей кішкене жұдырықтарымен төмпештей сабап, ара-тұра білектерімен шыр айналдыра шымырып жаншып, әбден иі қанғанша, есін кетіре ұрғыштап, илей бастады. Мұғалімдердің бірі екі бала илеп берген балшықты көз ілеспес жылдамдықпен шыр айналып тұрған шарықтың үстіндегі дөңгелек табақшаға салды. Балшық шыр көбелек айналған дөңгелек табақта ашыған қамырдай боп күмпиіп, өз-өзінен өршіп, көтеріле жөнелді. Соның қаң төбесінен шебер бас бармағын сұғып қуыстап алды да, бармағы және сұқ қол саусағымен делдие көтеріліп келе жатқан балшықты өзі қалаған ыдыстың формасына келтірді, ал екінші қолымен қасыңдағы шелектен су алып, әлгі мүсінді үзбей шылап отырды. Қалаған формасы көңілдегідей боп шыққан кезде жіңішке жіппен қиып түсірді. Содан кейін қыш бұйымның сыртына сызып түсіретін өрнек пен бедер салып, сыртқа күн көзіне жайып қойды. Бір шама дегдіген соң оны пешке күйдірді. Егер әлгі бұйымға бояулы ою-өрнек салынатын болса, оны шала күйдіріп, пештен суырып алады да, бояп, қайтадан пешке салып, сосын әбден күйдіреді.
Пеш кәдімгі тандыр тақылеттес. Соның ішіне текшелеп Қыш қалыптар салынған болашақ құмыраны сол қыш қалыптың ішіне қойып күйдіреді. Пештің температурасы 1250 градус. Құмыра сондай қызыл шоқ пештің ішінде 35 сағат бойы тұруға тиісті.
Әлгі мектептегі біз көрген пешті мұнай жағып, қыздырады екен. Өткен жылы Жапонияның ұлттық сыйлығын алған белгілі керамист Раккава осы мектептің түлегі көрінеді.
Мектептен шыққан соң өне бойы саз қазылып алынған шұрқ тесік көк бұйра таудан әрі асып түсіп едік, алдымыздағы тар қойнаудың табаны мен шыр айнала бөктерін гүпілдете толтырған аппақ үйлі шап-шағын әсем қалаға тап болдық. Токи қаласы осы. Тау арасындағы ирек-ирек тар жолмен қала орналасқан алқапты айналып өтіп, төбе басындағы жапон зиратының қасына кеп тоқтадық. Жапондардың зираты да мұп-мұнтаздай. Өңшең бірінен-бірі аумайтын ескерткіштер. Зират та, оның ішіндегі қабырғалар да ештеңемен қоршалмаған. Қабірдің үстіне әуелі қалың төрт бұрыш плита орнатылыпты да, оның үстіне ешқандай әшекейсіз құлпытас қойылыпты. Жапондар өлген кісілердің кейбірін осылай жерлесе, кейбірін арнайы пештерге салып өртейді,
Жолдың екі бетіндегі үйлердің қай-қайсысының да есігінің алдында тай-тай жәшіктер жинаулы. Іші толған сол үйде тұратын шебер жасаған керамика, фарфор, фаянс бұйымдар. Құлды бір өз бағынан алынған жеміс-жидекті базарға апарып сатайын деп тай-тай жәшікке сап, жиып қойғандай.
Ирек жолмен өрге шығып келеміз. Кенет алдымыздағы мүйістен үш қабатты әсем вилла жарқ ете қалды. Бұл әйгілі шебер Раккавасанның вилласы. Қалың жыныс өскен тау бауырындағы тоғай арасында жапа-жалғыз оңаша үй. Бір жағындағы анадай жердегі қос қабат шағын үй – музей, екінші жағында, бұлақ қасындағы шай ішетін үй. Ішінде сылдырап су ағып жатқан арық та, өрге қарай тырмыса көтерілген саты жол да табиғи малта тастармен көмкеріліпті, ал саты-саты баспалдаққа қалақ тастарды ешқандай қол тигізіп өңдеуден өткізбей, табиғи қалпында текше-текше қып тастай салған. Тек су ағып жатқан арықтың табаны ғана цементтеліпті.
Вилланың үстіңгі қабатындағы күнбатыс шеткі бөлме – қонақ қабылдайтын кең зал. Ортада ұзыннан-ұзақ қойылған аласа стол. Үстінде әр жер әр жерге қыш табақтарға салынып мандарин қойылыпты. Жағалай көк шай ішетін қыш тостаған мен «сэкэ» ішетін көзгелдектер тізіліпті.
Раккавасан үйінде жоқ екен. Іс бабында басқа бір қалаға кеткеніне екі-үш күн болыпты. Бізді бәйбішесі Тадими мен Токиде тұратын әріптес достары қарсы алды.
Кең бөлменің барлық қабырғасын іргелей балалар жасаған қыш бұйымдар орналасыпты.
Осы вилла тұрған маңайдан біраз жыл бұрын археологтар жапондардың керамика өнерінің көп ескерткіштерін тауыпты. Вилланың күн шығыс бетіндегі қос қабат үйдегі керамика музейінде сол ескерткіштердің көбі сақталады екен.
Төрт ғасыр бұрын өмір сүргендер тұтынған ыдыс-аяқтар дәл бір осы заман шеберінің қолынан шыққандай. Әшекей жағынан аса сараң. Табиғи тастардың өңіне келетін бір бояу, бір түс. Пішіндері де табиғи. Табиғатта дәлме-дәл төрт бұрышты тастар, домалақ, овал, сүйір тастар атымен ұшыраспайды. Сондықтан ондай түзу пішіндер жапон шеберлерінің қолынан шыққан қыш бұйымдарда да кездеспейді. Әлгі музейдің сақтаушысы қаба сақал жас жігіт он саусағынан өнер тамған шебер боп шықты. Біздің көзімізше жапондар тұтынатын ыдыс-аяқтың талай түрін жасады. Бірақ шарықтан мінсіз шыққан таза геометриялық форманы әдейі қолымен қисайтып, бұзып қояды, өйткені, жапондардың ұғымынша табиғат мінсіз, табиғат қателеспейді. Түзу пішін деген геометрия қисындары өлшеп-пішкен санаулы он шақты фигура емес, табиғатта қандай пішіндер кездесетін болса, соның бәрі түзу пішін. Өнердің табиғатты түсіндіруге қақысы бар болса, бар шығар, бірақ түзетуге қақысы жоқ.
Ертеңіне тағы да экспреске отырып, Осакаға қайтадан жол тарттық. Одан әрі… астымызда тағы да ит жыртып тастаған көк мауыт шапанның жырым-жырым жиегіндей тілім-тілім жіңішке аралдар. Соған жан-жағынан жапатармағай жармасып жатқан көп су…
Бірақ көз алдымнан баяғы балалық шақтың ұмыт бола жаздаған бір елесі кетпей қойды. Оны осы қазір есіме алып келемін,
… Соғыс біткен жылы, Бір жағы – майда құмақ, бір жағы – сусылдаған еспе құм. Сол екеуінің қақ ортасынан қалай ылғал табылып жүргеніне әлі түсінбеймін, екі беті жарлауыт ащы ағар арна бар. Оның бойындағы ойдым-ойдым дөңгелек суға аяғыңызды малсаңыз, біраздан кейін балтырыңызға ақ қырауланып тосап тұрып қалғанын, ал ертеңіне тілік-тілік боп жарылып кеткенін бір-ақ көресіз. Сондай оппа ойпаңдардың арасында әр жер әр жерге тасталған сирек тастардың бірінен-біріне секіріп өтетін өткел болатын. Ол тірсегі ұзын ересектерге болмаса, біз құсаған бала-шағаға атымен қараң. Сондықтан әлгі күнбатыс беттегі құрым туырлықты бес-алты киіз үй оңаша ауылдың соғыс тұсында тобы көбеймеген үш-төрт қара сирақ баласы күні бойы ащы ағар арнаның жарлауыт жағасына кеп, арғы жағаға телміреміз де отырамыз. Оның аржағындағы он шақты ақ шатырлы үй шахтерлер поселкасы. Біздің ауылдың ересектері сары ала таңнан сол арғы бетке өтеді. Түс қыза дүкендегі ащы ішектей ұзын «шіретте» тұрып-тұрып, нанға әзер қолы жетіп, шаршап-шалдыққан ағаларымыз бен апаларымыз оралады.
Түс ауа жеген бір үзім нан қанша кенеу болсын. Көп ұзамай әлгі шат-шадыман бақыт көзден бір-бір ұшады. Енді тағы бір үзім нан беруге ересек бауырларымыздың билігі жетпейді. Күн кешкіре ащы ағардың аңғал-саңғал жарының басына тағы қонжиямыз. Кешке ымыртта арғы жағадан адам қорыққандай ебіл-себіл әлденелер қозғалып келе жатады. Бірақ біз олардан қорықпаймыз. Олар – шахтадағы жұмыстан жаңа қайтып келе жатқан аналарымыз. Қалжырап келе жатқан олар кешкі көбең алаңда ащы ағар бойындағы тастардан тайып кетпей, әрқайсысынан аман өткен сайың жүрегіміз дүрс-дүрс, етіп, қашан қасымызға жеткенше тағатымыз таусылып, тыпыршып тосамыз. Олар келген бойда-ақ күйе-күйе омырауларына бас қоямыз. Есімізден аштығымыз да, таң атқалы жолдарына қарай-қарай көзіміз талған талма сағынышымыз да ұмытылып, нағыз бақытқа шын кенелеміз. Бетімізді күс-күс алақандарға көміп, қажыған адамның қаяулы көкірегінен ғана шығатын ежелгі қоңыр күйлердей күңіреніс аралас күбір-күбір үнді үнсіз тыңдап, мынау әбеқоңыр дүниеде де осындай аса бір ыстық қуаныш сәттер болатынын ақылмен емес, түйсікпен ғана аңғарып, мәз-мейрам боп келе жатамыз.
Ащы ағардың арғы бетіндегі үлкен дүниедегі өзгеріс пен жаңалық та біздің кер құлақ бергі бетке солармен бірге өтеді. Олардың жалп-жалп жанған кешкі оттың басында айтқан хабарларының көбіне түсінбейміз, онсыз да күні бойы елегізіп жүретін үркек көңілді одан сайын үрейге бөлейтін ертегілерді тыңдағымыз келмейді. Біз ылғи кешқұрым ересектер ертегі айтса, «қорқам, айта көрмеңіз» деп жалынатынбыз.
Бірақ кешке ошақ басында аналарымыз айтып отырған әңгіме ертегіге ұқсамайтын. Түсінбесек те, анамыздың көзіне жаутаң-жаутаң қарап қойып, тыңдай беретінбіз. Біздің олар айтқан әңгімеден алғаш түсінгеніміз «жеңіс» деген сөз еді.
Оны да олар әлгіндей кешқұрым жұмыстан қайтқанда айтып келген. Ертеңіне таң атар-атпаста ересектердің бәрі ащы ағардың арғы бетіне өтіп, жеңісті көруге кетті. Біз бала-шаға, олармен бірге өте алмай, бергі бетте қалдық. Сондықтан жеңістің шын қуанышына көп уақытқа дейін түсіне алмай жүрдік. Тек әйтеуір, сол күні қай-қайсысымызды да үлкендердің; «Айналайындар-ай, бақыттарың бар екен ғой!» – деп маңдайымыздан сипағаны есімізден кетпейді. Күні бүгінге дейін күйбең тірліктің кей мінезіне налығанда, сонда айтылған әлгі бір сөздер көңілге басу болады… Біз бақытымыздың бар екеніне ол кезде де қатты қуанғанбыз. Бірақ оның дәл қандай екенін жыға білмейтінбіз. Ересек бауырларымыз сандық, кебежелерден түк қоймай қопарып, ыс жеп тастаған жылтырақ сарғыш суреттер тауып ап: «Мынау көкең, қандай екен көріп ал, ертең келгенде танымай қалып жүрме!» деп қоятын. Ол суреттегі адамға қанша қарағанмен, тапжылтпай тани қояр ма екенбіз деп күмәнданатынбыз, өйткені біз барлық еркекті шал-шабыр көретінбіз. Көкемізді ойлағанда да, түсімізге сақалы салбыраған шалдар кіретін, Ол асылдары ауылда біз көрген еркектің бәрі шал еді… Енді біз ащы ағардың арғы бетінде еркек адам көрінетін болса, «көкем емес пе екен?» деп алдынан жүгіретінді шығардық.
Ащы ағардың жарлауыт жағасын қанша тапалағанымызбен, шілде ортасынан ауса да көкелеріміз келе қоймады…
Бір күні біздің ауылға атқа мінген бір-екі бейтаныс адам келді. Үй-үйдің іргесіне дәрі септі, Ересектермен әңгімелесті. Босағаның сыртында тұрып, біз де тыңдаймыз. Әлдебір алыс елдің қаласына бұрын-соңды ешкім көрмеген үлкен бомба тасталыпты. Әлгі қала түгел өртелініп, тігерге тұяқ қалмай қырылыпты. Пәлен күн бойы қаланың орнында қып-қызыл шоқ жатыпты,..
Біз ол кезде көп нәрсеге түсінбегенмен, «бомба» деген сөзге жақсы түсінетінбіз. Әлгіден екі жыл бұрын күздігүні бомба өз іргемізге де түскен. Бір тұманды күн еді. Сәскеге таман бұрын соңды біздің өңір естіп көрмеген әжептарқы гүрсіл шықты. Үйдің ығында ойнап отырған біздер анадай-анадай жерге ұшып кеттік. Ауылда қалған азғантай кемпір-шал біздерді үй-үйден жиып ап, күні бойы қайта-қайта жағаларын ұстап, кәлималарын қайырумен болды. Кештете милиция кісілері келіп, үй аралап, есік-терезені қымтатып, шам жақтырмады. Дүкеннен нан алып қайтқандар кірпіш заводының қасындағы тегістікте түсінен адам қорыққандай қара сұр самолет тұрғанын айтып келді. Біздің маңайға үрей шашқан жат самолет немістердің диверсант самолеті екенін есейген соң естіп білдік. Ал, ол кезде әлгі сұмдықтан кейін самолет көрсек, тығыларға жер таппайтынбыз. Қашан қанатындағы қызыл жұлдызға көзіміз түскенде барып көңілді бірлейтінбіз.
Қазақ ауылдарының ішінде бомба тастағанның қандай болатынын өз көздерімен көрген біздің ауылдың адамдарын әлгі дәрігерлер айтып кеткен жаманат хабар қатты шошытты. Кеше «жеңдік» деген хабардан соң естілмей кеткен әйелдердің зарлы көй-көйін қайта ести бастадық. Маңдайымыздан сипап отырып, «балапаным-ай, алдарында не күн тұр», – деген шошып қалған жүректі шоқша қаритын үрейлі сөздер қайта айтыла бастады…
Күз түсті. Азғантай сауып отырған ешкілеріміз суалды. Тас үйлерге қайта көштік. Әкелерден әлі хабар жоқ. Біздің үйдің майданнан хат алмағанына жылдан асып кеткен. Бірақ үмітіміз үзілмеген. Қыс келді. Еш хабар жоқ. Бұл әсіресе менің досыма қатты батты. Күз түскеннен-ақ жағы қуарып, қабағы бір ашылмай қойған бала қыс түсе қызылшамен ауырып, қайтыс болды.
Менің кішкене абзал досым, сен көкеңді көре алмағаныңа арманда кеттің. Тірі қалған мен де көкемді көре алмадым. Сенің көкең Қиыр Шығыс майданынан қайтпай қалса, мен сенімен бірге ащы ағардың жарлауыт жағасына отырып ап, өткен-кеткенге бекер телміріп жүр екенмін. Әкем әлдеқашан Ленинград майданында қазаға ұшырапты. Соғыс тұсында келіп, кеңсе қағаздарының астында жатып қалған қаралы қағаз біздің қолымызға елуінші жылдары тиді. Оның бәрі өтті. Ел «өткен ереуіл, қалған салауат» дейтін қарық заманға көшті. Бірақ ара-тұра сен есіме түскенде, мынау шат-шадыман заманның әлдебір бұрышынан суық леп соққандай көңілім алағызып қоя береді.
Міне, күздің ашық аспанында, көк мұнарға оранған көркем аралдардың төбесінде ұшып келе жатып, ойыма тағы да сен оралдың… Баяғыда маған алғаш рет сен айтқан Жапонияның көгінде келемін.
Әлгі бір атқа мініп келетін бейтаныс дәрігерлер айтқан алапат бомба түскен қала да осы елде екен. Сөйтсек, американың алғашқы атом бомбаларының әлемтапырық гүрсілінен тек Хиросима мен Нагасакидің шейіт болған балалары ғана емес, сонау жеті қиян жер түбіндегі біздер де шошып ояныппыз.
Өткен соғыстың қанды майданынан оралмай қалғандардың біреуінің ұлы – мен өткен соғыста ең ауыр апатқа ұшыраған қалаға келемін…
… «Күл-талқаны шыққан қаланың орнында пәлен күн бойы қызыл шоқ жайнап жатыпты»…
Самолет жан-жақтан шыр айнала тау қоршап жатқан көк қойнаудағы тарам-тарам өзендер арасындағы аралдарға орналасқан қаланы әуелі бір айналып шықты да, қонуға беттеді.
Аэропортта СССР – Жапония қоғамының өкілдері қарсы алды. Автобус жасыл мәуе көмген мұнтаздай тап-таза қаланың тұп-тура көшелерімен жүйткіп келеді. Самсаған сәнді үйлер. Ерсілі-қарсылы ағылып жатқан халық. Шат-шадыман жастар. Біз түсетін «Нью-Хиросима» отелінің маңдайына біздің құрметімізге СССР мен Жапонияның мемлекеттік тулары ілініпті. Мейманханаға жайғасып бола бере қала үстіне ымырт орнады. Қызылды-жасылды жарнамалар. Отельдің жан-жағы алаң. Көше ызыңы көп естіле қоймайды.
Жер бетінде алғаш рет атом бомбасы түскен қаладағы маужыраған тыныштық пен тыныш ұйқы. Кісі сенбестей идиллия. Есіңе баяғыдағы атқа мініп келген бейтаныс дәрігерлер айтқан әңгімелер түседі…
… «Күл-талқаны шыққан қаланың орнында пәлен күн бойы қызыл шоқ жайнап жатыпты»…
Таңертең бізге Жапония – СССР қоғамы Хиросима бөлімшесінің президенті Фукуй-сан мен әлгі бөлімшенің вице-президенті Ямака-сан келді. Фукуй орысша жақсы біледі екен. Ол осындағы бір мектептің директоры болып қызмет істейді. Ұзын бойлы тарамыс қара кісі.
Ямака – осы префектурадағы демократияшыл қозғалыстың шежіресін жазып жүрген тарихшы. Бет әлпеті, дене пішіні жапондар арасында сирек кездесетін етженді, толық, жазық маңдай, бадырақ көз кісі. Сөзуарлау, ашық мінез. Көбіне-көп президенттің алдын орап, өзі сөйлеп кетеді де, Фукуй-санға оның не айтып тұрғанын аударып беретін тілмаш қызметін амалсыз атқаруға тура келеді.
Нью-Хиросиманың жан-жағындағы кең алаң – «Бейбітшілік паркі» деп аталатын атом бомбасының құрбандарына арналған мемориал. Бомба түскен эпицентр одан бар болғаны алты жүз метрдей жерде. Қақ маңдайындағы шыны мен бетоннан салынған қос қабат үй – мемориалдық музей. Оның күн шығыс беті – атом соғысының шейіттеріне қойылған ескерткіштер.
Біз ең әуелі атом бомбасынан қаза болғандардың туысқандық зиратына барып гүл қойдық. Оған бомба түскен күні бірден қаза болған 250 мың адамның жетпіс бес мыңының күлі қойылыпты. Осы мемориал парк тұрған жерде бұрын тұрғын үйлер жатақханалар болыпты. Содан тірі қалған он шақты-ақ адам бар деседі. Сол күні қаза болғандардың мүрделері осы күнге дейін табылып жататын көрінеді. Жақында да бір аралдан бір топ өлік табылыпты. Ана бір жылы жол салып жүргендер қаз-қатар тізіліп жатқан алты жүз мүрденің үстінен шығыпты.
Хиросиманың төрт жүз мың тұрғынының екі жүз елу мыңы бір күнде қырылған. Қалғандары күйікке, сәуле ауруына ұшырап, кейін өлген. Бомба түскендегі төрт жасар Қыз Сасаки Тейко он жыл бойы қатерлі дертпен арпалысса да, ақыры дауасыз ауру алмай қоймайды. Жапондар тырна ұзақ өмір сүретін киелі құс болғандықтан, дауасыз ауруға ұшыраған адам өз қолынан мың тырнаның бейнесің жасаса, жазылып кетеді деп сенеді. Сасаки де сол сенімге иланып қағаздан алты жүз тырна жасапты, бірақ 1956 жылы дегеніне жете алмай он төрт жасында көз жұмады. Халық осы күнге дейін, егер ол мың тырна жасағанға дейін жарығы таусылмағанда, тірі қалатын еді деп өкінеді. 1958 жылы оған осы паркте балалар жинаған қаражатқа ескерткіш қойылыпты. Атом бомбасының корпусына ұқсайтын сүйір тұмсық тағанның үстінде кішкене қыз тұр. Ескерткішке ұшып бара жатқан бірнеше тырналар ілінген. Әлемнің көп елдеріндегі мыңдаған балалар жылма-жыл Сасакидің ескерткішіне қоюға миллиондаған қағаз тырналар жіберіп тұрады.
Паркте әлденеше туысқандар зираты, мәңгі өшпейтін от, шейіт балаларға қойылған ескерткіш бар. Хиросимада тұрған белгілі ақындар Сузики Мякити мен Санкити Тогэ ескерткіштері де осында.
Санкити Тогэнің ескерткішіне оның:
Қайта оралт менің әкемді.
Қайта оралт менің анамды,
Қайта оралт бала-шағамды.
Қайта оралт менің өзімді,
Қайта оралт бәрін-бәрін де,
Адамға деген сенімді,
Қайта оралт бүкіл дүниені,
Қайта оралт бейбіт заманды! –
деген бір ауыз өлеңі қашап жазылыпты.
Бір шетте атом бомбасы түскенде өртенген үйдің біреуінің қаңқасы тұр. Ол бұрынғы сауда палатасының көрме залы. Хиросима мэрі біраз жыл бұрын радиация таратады, қала тұрғындарына зиянды деп оны құлатып тастағысы келіпті. Ол мынау көзге сүйелдей көрінетін үй сүлдерін біржола жоқ қылып жіберуге тырысқан американдықтардың әрекеті екен. Бірақ елдегі демократияшыл күштер мэрге ондай шешімін жүзеге асыруға рұқсат бермепті. Амалы таусылған мэр халықтан үй қаңқасын іш жағынан темір бетон каркаспен тіреу салуға ақша сұрапты. Оған тек Хиросима тұрғындары ғана емес, бүкіл жапон халқы ат салысыпты. Жинаған ақшаға тек әлгі үйге тіреу ғана емес, осы күллі мемориалдық парк салыныпты. Фукуйсан мемориалдық паркті қақ ортасынан тіліп өтетін Мутуясан өзенінің бір жақ жағасына ұйлыға біткен бір топ қара күңгірт лашықтарды көрсетті. Ол бомбалау зардабына ұшырағандардан тірі қалған жетпіс мың адам тұратын бөлек квартал. Олар көбіне-көп кәсіпорындарға қызметке алынбайды. Қалада сәуле ауруынан емдейтін жүз орындық госпиталь бар екен.
Хиросимадағы қазіргі бес жүз мыңнан астам халықтың көбі кейінгі жылдары өзге аймақтардан көшіп қоныстанғандар көрінеді.
Атом бомбасынан аман қалған азын-аулақ «бақыттылардың» бірі – біздің жанымыздағы Ямака-сан. Ол әлгі күні кызмет бабымен қаланың түстік жағындағы жотаның күнгей бетіндегі поселкеге кетіпті. Қайтып келгенде от құшағындағы қаланы көріпті; үй ішінен, туысқандарынан, көп дос-жарандарынан айырылыпты. Мемориалдық музейдің кино залында бізге Хиросима трагедиясы жайлы сол кездегі хроника түсірген материалдар негізінде жасалған фильм көрсетілерде, ол: «бұл бомбылаудан кейін келген кинооператорлардың түсіргені. Сондықтан олар әлгі бір сұмырай күннің бар сұмдығын өз қалпында көрсете алмайды. Ол күні аспан сондай ашық еді. Таңертең жұрт орнынан тұрар-тұрмаста әлгі пәлеге тап болдық. Табан астында аспанға бұлт айналып, жаңбыр төгіп қоя берді. Өртеніп жатқан қаланың қақ ортасынан аспанға көтерілген ыстық ауа өзімен бірге күйе мен күлді де шырқау биікке ала кетіп, атмосферадағы ылғалға араласып, қайта жауғанда, аспаннан жаңбыр емес, мұнай құйып тұрғандай болды. Мұндай сұмдықты бұрын көрмеген жұрт қапелімде қаланы өртеу үшін әуелі аспаннан мұнай төгіп, сосын бомбалар тастаған екен деп ойлайды. Олар мұның бір бомбаның ісі екеніне ол кезде қайдан түсінсін. Алғашқы күні қаза тапқандардың көбі өздерінің атом бомбасының құрбаны болғандарын білмей өлді десе де болады», – деді де, өзі бастан кешкен сол қияметті экраннан көргенде көңілі бұзылатынын айтып, кешірім сұрап, көрші бөлмеге шығып кетті.
Тек кинотехника ғана жеріне жеткізе көрсете алатын бұл зіл-заланы тілмен айтып жеткізу қиын. Экранда соғыстан бұрынғы көркем көк аралдарға орналасқан курортты қаланың бейбіт тірлігі. Жұмысқа асығып бара жатқан еркектер. Айна алдында таранып тұрған әйелдер. Ұйқыдан тұрып жатқан мәз-мәйрам балалар. Кенет соның бәрі күрт үзілді де, операторлар өздері келіп түскен күні түсірілген быт-шыты шыққан әлі қаланың панорамасын көлеңдетіп, көз алдыңа тартады, Ағаш атаулы, шөп атаулы атымен жоқ. Әр-әр жерден құлап бітпеген үйлердің аңырайып-аңырайып құр қаңқалары көрінеді. Балқып кеткен тастар. Тас бетіне мәңгі түсіп қалған адамның көлеңкесі. Ол да атом бомбасы жарылған кездегі көз қаратпас жарықтың бұрын соңды адам баласы естіп-көрмеген бір сұмдық сыры сияқты. Күйе-күйе сүйектері қалған адам қаңқалары. Тұла бойын күйік жайлаған адамдар. Көше-көшеден кеудесінде жаны барларды теріп жүрген әскерлер. Бірінен-бірі өткен мәңгі мүгедектерді еденге қатар-қатар тізе салған уақытша госпитальдар. Қара көмір бөкселерін көтере алмай жан-тәсілім жылап жатқан сәбилер. Дәрігерлердің алдына от жалап кеткен омырауын көрсетуге қымсынып-қымтырылған жапон қыздары. Өліп бітуге айналған құр сүлделердегі әлі тірі адамгершілік, ұят, ізет пен ибаны көргенде ет жүрегіңді бір шоқ шыжғыра күйдіріп бара жатады. Ол – адамгершілікті таптау тек адамдардың ғана қолынан келетінін тап осы сәтте даусыз мойындаған сананың қайнаған зығырданы, ашынған ашу-ызасы. Біздің жиырмасыншы ғасырда Хиросима дәрігерлерінің алдында әлгі пәк, періште жүз қыздар емес, күллі адамзат қызаруы керек. Міне, дәрігердің қолы тигенде адам терісі өз-өзінен сыпырылып, түсіп жатыр. Шыны көз әйнектің ар жағындағы дәрігер көзі мұны көргенде дір ете қалғандай болды. Ол ол ма, оның қасындағы екінші мүгедектің білегінің еті өз-өзінен сылынып түсіп жатыр, ар жағынан ақсиып сүйектері көрінеді. Дәрігер бір тамшы қан алып, шыны пластинкаға жағып еді, көп ұзамай әлгі қып-қызыл қан әуелі сия көктеніп, сосын күлгін түске еніп жүре берді.
… «Күл-талқаны шыққан қаланың орнында пәлен күн бойы қызыл шоқ жайнапты да жатыпты»…
Көрмей-білмей айта салған дақпырттың шындықпен дәлме-дәл келгенін көріп тұрғаным осы. Мемориалдық музейдің экспозицияларын аралағандағы әсерімді тілмен жеткізу де, қағазға түсіру де еш мүмкін емес. Сондықтан тек қойын дәптеріме музей ішінде жазылған үзік-үзік сөйлемдердің кейбірін сол қалпында келтірмекпін.
«Дүкенде ме, әлде аптекада ма – қайда сақталғаны белгісіз. Бір жәшік бос шыны. Бомбы түскенде бәрі де балқып, бір-біріне жабысып қалыпты.
…Балқып кеткен қоңыраулы сағаттар, қол сағаттар, солдат құтылары.
…Бомба түскен жерден алынған магма сияқты балқыған тастар.
…Балқып балшыққа айналып кеткен теміржол рельстері, мылтықтар, автоматтар.
…Күйіп жатқан үйлердің тасынан да домна пешіндегі металдай қызыл күрең шоқ шашырап жатады екен.
…Бомба дүмпуінен жүріп келе жатқан жерінде рельске көлденең тұрып қалған трамвай вагондары.
… Екінші мүсінде денесінің жартысы күйген жиырма жастағы әйел – Тадахи Фунивача бейнеленген…
…Ал нағыз үлбіреген алма мойын, тана көз жиырма жасар ару Асако Хиранаконың кеудесі, екі қолы, екі тізесі құж-құж күйік…
…Жаралылардан шешіліп алынған жалба-жұлба киімдер; жаралылардың жарасын сүрткен мақталар; жара таңған дәкелер».
Сол күнгі үш жүз мың градустық от ойранына ұшырағандардан қалған қасіретті жұрнақтардың қайсысын санап тауыса аласың.
Алтыншы август…
Сол бір өртті кім ұмыта алады?
Көзді ашып үлгергенше көшеде
Отыз мың жан күлге айналып құлады.
Күрс-күрс күйреген үйлер астында –
Еңіреген елу мың жанның жылауы…
Сайтандар мінген өңшең сары ат секілді
Сайқымазақ сары жал түтін алаулар
Көкке бір-ақ, секірді…
Балшық боп балқып,
Жанып жатқан қара тас…
Бас пенен тас,
От пенен сүйек,
Қан менен күйе
Ию-қию аралас…
Хиросимам – қиямет шеккен байғұсым,
Көрем деп пе ең осынша жанұяның қайғысын…
Артынша-ақ айқай,
Лап қойған нөпір жалаңаш,
Жолыңда не тұр қарамас,
Біреуі келеді жұлымы шыққан
жалба-жұлба терісін
Қолымен басып жасырып,
Біреулер келеді бөкседе еш лыпа жоқ,
Абыройы ашылып.
Жолдарыңда тас алаңда самсағаны
Мың-сан өлік, мың-сан адам
Тәңірден бақыт аңсаған…
Кешке дейін тажал оты есірді,
Бір үйіктен бір үйікке секірді,
Пақыры іздеп тапты менің үйімді,
Ақыры іздеп тапты менің анамды –
Екеуінің көзін бірдей өшірді,
Екі тілеу бір-ақ сәтте кесілді…
Сол күнді қайтіп ұмыта алам?
«Құтқарыңдар» деп жалбарынған
Жаутаң көздер –
Жанымды шок, боп жаралаған
Сендерді қайтіп ұмыта алам,
Меңіреу тылсым бәріңді жалмап,
Мәңгілік одан оралмай қалған
Сендерді қайтіп ұмыта алам.?!
Бұл өлеңді жазған Санкити Тогэ. Хиросимадағы қиямет-қайымды өз көзімен көріп, өлеңге түсірген үш ақын бар. Тамики Хара 1951 жылы Америка Кореяға соғыс ашқанда наразылық білдіріп, өзін-өзі өлтірді. Санкити Тогэ 1953 жылы өкпе ауруынан өлді. Ал үшеуінен тірі қалған Сиогама Мунотосимен біз Хиросимадан кететін күні Жапония СССР қоғамы активтері ұйымдастырған достық кешінде кездесіп, әңгімелестік. Ол бізге Москвада басылған «Хиросиманың үш ақыны» атты кітапты көрсетті.
Дереккөз: http://www.elarna.net/kitap_kk.php?id=1447&oku=8867