Рамазан Бимашұлы Сүлейменов

Академик Рамазан СҮЛЕЙМЕНОВТІҢ туғанына 85 жыл толуына орай

Республикамыздағы «Әділет» тарихи-ағарту қоға­мының 1989 жылғы сәуірде өткен ұйысу конферен­ция­сында академик  Рамазан  Сүлейменов сталинизм  қылмыс­тарын әшкерелеген баяндама жасады. Сонда ол азаматтардың осындай бірлестікті құруына қажеттілік пісіп-жетілгеніне көп болғанына, қазіргі бастаманың кемі отыз жыл кешігіп көтеріліп отырғанына назар аударған-ды. Мұндай кешігуге кінәлі қатардағы қарапайым  адам­дар емес, жоғарыдағы бюрократиялық билеуші қабат екенін  ашып айтқан, өйткені, осынау топ – пар­тия­лық-кеңестік жалаң ұранның дабылшылары қоғамдық пікірді ауыздықтап, әміршіл-әкімшіл жүйенің түп-тамырына шаң жуытпай, оны қилы тәсілмен қорғап келген-ді.

Сол кезде оны тыңдай отырып, мұндай тұжырымға ғалым өзінің ғылыми сараптаушылық танымы нәтиже­сінде келген ғой деп ұйғарған едім, бұл, шынында да, солай-тын. Дегенмен, осы жолдарды жазар алдында мен оның мұраларын ақтарып-қарастыра отырып, жалаң ұран күзетшілерінің қысастығын ғалымның өзі де ғылы­ми-зерттеушілік ізденістері барысында әрдайым тікелей сезініп жүргенін, сондықтан да әлгі ойын мол сеніммен айтқанын ұқтым…   

ҮЛКЕН ЖОЛ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

Рамазан Бимашұлы Сүлейменов 1931 жылы 17 ақпанда Ақмола (қазіргі Астана) қаласында туды. Ұзамай ата-анасымен Алматыға қоныс аударған. Балалық шағы соғыс жылдарына дөп келгендіктен, сол шақтағы мақсаткерлікке тұнған тыныс-тіршіліктің қызу ортасында өсті. Заманы­ның  өскелең ұрпақты отаншылдыққа, білімге құштарлыққа баулыған тәрбиесін көріп, бойына сіңірді.

Ол көп балалы отбасындағы әке денсау­лығының нашарлағандығынан туындаған тұрмыстық қиыншылыққа байланысты, еңбек жолын ерте, тіпті, мектеп бітірмей жатып бастауға мәжбүр болды. Бірақ, оқуға деген ынтасы зор еді, сол себепті Алматыдағы түрлі мекемеде жұмыс істей жүріп, онжылдықты бітірді, одан Қазақ мемлекеттік университетінің философия факультетіне сырттай оқуға түсті.

Алайда, жас жігіттің білімге құштарлы­ғын сырттай оқу қанағаттандыра алмай­тын-ды, сондықтан ол бірінші курсты сырт­тай бітіргеннен кейін, 1952 жылы күндізгі бөлімге ауысты.

– Рамазан сырттай оқу кезіндегі сынақ­тарда үздік үлгерім көрсеткен болатын. Күндізгі оқуға ауысқанында да, үй-іші күн­көрісіне қажет қаржы табу мақсатында, сабақтан бос уақыттарында түрлі жұмыс істеп жүргеніне қарамастан,  сынақ-емтихандардың бәрін тек үздік бағаға тапсырды, – деп еске алды зайыбы Нұр­камал Нығметқызы Қамбарова (олар бірге оқыған екен), – бірақ, неге екенін, оған стипендия берілмеді. Ал ата-анасының жұмыс істеу мүмкіндігі шектеулі көп балалы отбасы бюджеті үшін оның стипендия алуы едәуір маңызды болатын. Ақыры Рамазан университет ректоры Асқар Закариннің қабылдауына баруға мәжбүр болды. Сонда ол үздік студенттің тек стипендия алуын ғана емес, соған дейін берілмей келген айлардағы алашағын түгел орнын толтырып төлеп беру мәселесін табан астында шешті. Ректордың бұл сергек жақсылығын Рамазан ешқашан ұмытқан емес, өтеуіне ұдайы университеттегі озық шәкірттер қатарынан табылды…

Үшінші курсты аяқтағаннан кейін, философия факультетінің таратылуына байланысты, ол білім алуын тарих факультетінде жалғастырды.

Рамазан тек үздік оқумен шектелген жоқ, ол жоғары мектеп қабырғасында жүр­ген кезінде-ақ өзінің ғылыми-зерттеушілік жұмыстарға бейімдігін танытты. Шығыс елдеріндегі ұлт-азаттық қозғалыстың өріс­теуіне бірінші орыс революциясы қалай әсер етті және оның мәнісі неде екенін айқындау орайында өзінің тырнақалды ғылыми зерттеуін жазды. Осы тақырыппен студенттердің ғылыми конференциясында жасаған баяндамасы бірден жақсы бағаланды: Қазақ университетінің бірінші сыйлығын алып, Қазақстан комсомолы орталық комитетінің грамотасымен марапатталды.

Оқудағы өте жақсы үлгерімі мен универ­ситеттің қоғамдық өміріне белсене қатыс­қаны үшін ол ректорат алғысына да ие болды. Тағы бір айта кететін елеулі жәйт – студент Сүлейменов университетті бітірмей жатып-ақ партия мүшелігіне кандидат болып қабылданды. Ол шақта бұл – үздік те озық ойлы, қоғамдық белсенділігі жоға­ры студентке көрсетілген үлкен құрмет, оның ірі жетістігіне саналатын.

Университеттің соңғы курсында, 1956 жылы, Рамазан Сүлейменов әйгілі орыс ойшылы Георгий Валентинович Плеханов­тың тарихи көзқарастарын қарастырып, осы тақырыпқа диплом жұмысын жазды да, оны үздік бағаға қорғады. Өзіндік зерттеушілік қолтаңбасын байқатқан осы дипломдық еңбегі жыл бойындағы ең үздік студенттік жұмыс ретінде бағаланды. Оған аспирантураға  түсуге жолдама берілді.

ҒЫЛЫМ ШЫҢЫНА БЕТТЕГЕН СОНЫ СОҚПАҚ

Еліміздегі мәдениет құрылысының тарихын зерттеудегі Рамазан Бимашұлы­ның еңбегі  ерекше, ол, тіпті, ізашарлық сипатқа ие. Оның ғылым орманындағы мүлдем тың жолға түсуіне, сөйтіп тарихи елеулі орны бар зерттеушілік бағытты бас­тауына себеп болып, дүниетаным көкжие­гін кеңейтуіне айрықша әсер еткен жәйт – аспирантурада оған аса көрнекті жазушы және ғалым Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің ұстаздық еткендігі болатын. Рамазанның алғашқы ғылыми диссертациясы Әуезовтің ақыл-кеңесімен, тікелей қамқорлығымен дүниеге келген еді.

– Мұхтар Әуезов өзіне аспирант таңдап алу үшін аспирантураға емтихан тапсы­рып жаңадан түсіп жатқандарды әңгіме­лесуге шақыртыпты, – деді Нұркамал Нығ­метқызы алыс жылдар естелігіне шомып.– Сонда Рамазан да көптің бірі болып алдынан өткен-ді. Кездесуден толқып оралды. Ғұламаның сұрақтарына тыңғы­лықты жауап берген тәрізді, бірақ, қандай әсер қалдырғанын шамалай да алмайды. Ол өзі сөйлескен үміткерлердің бәріне әңгіме қорытындысын кейін басшылықтан естисіңдер депті…

Ақыры, қуанышты күн де туды: Ғылым академиясы Тарих, археология және этнография институтының директоры Ақай Нүсіпбеков 1956 жылғы 25 қазанда Рама­зан Сүлейменовтің «тапсырылған қабылдау емтихандарының, сондай-ақ, Қазақ КСР Ғылым академиясы Қоғамдық ғылымдар бөлімшесі бюросының шешімінің негізінде» аспирантураға қабылданғаны және «ғылыми жетекшісі етіп  Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі М.О. Әуе­зовтің бекітілгені» жайында бұйрыққа қол қойды.

Мұхаң оны әзір ешкім қолға ала қой­маған тың тақырыпқа жұмылдырды – Қазақстандағы 1933–1940 жылдарғы мәде­ниет құрылысы. Қазақ халқының жаппай ашаршылық тұзағы төндірген ұлттық апаттан ес жиюға енді бет алған, одан ұлт қаймағын жалмаған жаңа қасірет – «үлкен террор» жылдарын бастан кешкен кезеңін­дегі мәдени жаңғыру мен өрлеу тарихы. Қиын да қызық, жұмбағы мол кезеңдегі мәдениет құрылысы тақырыбы. Жеке басқа табыну әшкереленіп, ащы шындықты көлегейлеген қымтаудың түрілгеніне қара­мастан, тоталитарлық идеология салған жаңаша да қитұрқы шектеуі көп тақырып.

Міне осы ит тұмсығы өтпес шілікті нуға ол бірінші болып түрен салды. Содан, данышпан Әуезовтің  басшылығымен көп еңбектеніп, ақыры, тарих ғылымының кан­дидаты ғылыми атағын алу үшін жазған ғылыми диссертациясын Рамазан Сүлей­менов 1961 жылғы 16 сәуірде сәтімен қорғап шыққан.

Рамазан Бимашұлының кандидаттық диссертация қорғау салтанатына байла­нысты, «полуторка» деп аталатын жапсар­лас бөлмелі кішкентай пәтерлерінде қонақ күткендерін, басқа ғалымдармен бірге Мұхаң­ның да дастархандарына келіп, қалай рахаттана әңгіме-дүкен құрғанын, көңіл серпілісіне сәйкес шырқалған әндерді қайтіп сүйсіне тыңдап  отырғанын, ғалым­ның туғанына 75 жыл толуы қарсаңында кездескенімде, зайыбы Нұркамал Нығмет­қызы толқи есіне түсірген еді. Ұлы жазушы­ның өздерімен бірге отбасылық дастар­ханда жаймашуақ демалып отырғанын соңғы көруі екен, содан арада қырық шақты күн өткенде, төбеден жай түскендей болып, Мәскеуден қаралы хабар жетті…

Сүлейменов аспирантураны бітірген 1959 жылдан бастап ұзақ жылдар бойы институт қабырғасында істеген-тін. Кіші ғылыми қызметкерден институт директоры лауазымына дейінгі барша ғылыми баспалдақтардан өтіп, өсті. Сол жолында аса көрнекті қаламгер, академик, КСРО-ның Лениндік және Мемлекеттік сыйлық­тарының иегері ұлы Мұхаңның ғылыми жетекшілігімен қазақ мәдениеті тарихының өктем саясат еркімен жабық жатқан қабат­тарына зерттеу жұмыстарын жүргізгенде естіген ақыл-кеңестері мен оқып-тоқы­ғандары оның санасында ұдайы өшпес шамшырақтай жарқырап тұрды.

Ғалым өзінің ғылыми ізденістері мен ойларын қилы ғылыми конференцияларда ортаға салып отырды. Әсіресе, 1965 жылы Мәскеуде КСРО-дағы мәдени революция­ның тарихы жөнінде  болған Бүкілодақтық ғылыми сессияға қатысып, республикадағы тарих ғылымының  өкілі ретінде баяндама жасағаны ғылыми жұртшылыққа қатты әсер етті. Ол қазақтың ұлттық мәдениетінің тағдыры туралы өткір сыни сөз сөйлегенде, тұтасқан сеңді бұзып келе жатқан мұзжар­ғыштай көз тартып, сессияға қатысушы­ларды түгел елең еткізді. Солардың тілегіне орай,  баяндама жасауға белгіленіп беріл­ген он минуттың орнына, мінбеде қырық минуттан астам тұрып, одақтың шартара­бынан жиналған, тоталитарлық идеология қыспағына тұншығулы өзгелерді де толғандыратын өзекті мәселелер хақында сөйлеуге тура келген-ді.

Бағдары айқын ғалым аз жылда қазақ мәдениетінің тарихы саласындағы бірден-бір жоғары дәрежеде кәсібиленген  ірі де білікті маман ретінде қалыптасты.  Терең зерттеп, «Мәдени революцияның лениндік идеялары және олардың Қазақстанда жүзеге асырылуы» деген тақырыпта доктор­лық диссертация жазды. Диссертацияны Мәскеудегі КСРО Ғылым академиясының КСРО тарихы институты жанындағы мамандандырылған кеңесте 1972 жылы қорғады.

Ал докторлық диссертациясының негі­зінде жазып шыққан, капитализм дәуірін аттап өткен халықтардың социалистік дәуірде өз мәдениетін дамытуы жолындағы жинақтаған тарихи тәжірибесі жайлы монографиясы өзіміздің республика­мыз­дағы ғана емес, Кеңес одағындағы белгілі ғалымдардың да ірі бағасына ие болды. Осы еңбегі үшін Рамазан Бимашұлы 1973 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы бірінші дәрежелі сыйлықпен марапатталды.

…Мәдениет тарихы саласындағы бола­шағы зор ғылыми бағыт мен ғылыми мектептің негізін қалағандығымен танымал болған ғалым Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография инсти­тутында 1974 жылы Қазақстан мәдение­тінің тарихы бөлімін ашуға бастамашы болып, оны үздіксіз басқарды.

ТАРИХИ ТҰЛҒАЛАР ЕСІМІН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУГЕ АТСАЛЫСУ – АБЫРОЙЛЫ ПАРЫЗ

Зерттеу нысанына ғылыми парасатты­лық­пен, биік адамгершілік сезіммен, кіршіксіз тазалықпен қарау – Рамазан Сүлей­меновтің мәдениет тарихы мәселе­лерін қарастырғанда ұстанған  ғылыми көзқарасының құрмет тұтуға әбден лайық қыры болып табылады.

Ол жаппай саяси репрессия жылдары жазықсыз жазаға ұшырап, озбыр саясат құрбаны болған ғылым мен мәдениет қай­раткерлерін ақтау және олардың ғылыми мұраларын қалпына келтіру ісіне белсене қатысты.  Халқымыздың аяулы ұлдарының Темірбек Жүргенов, Тұрар Рысқұлов, Ғаббас Тоғжанов, Құдайберген Жұбанов, Санжар Аспандияров (уақытын­да қазақ­ша осылай жазылған, орысша әдебиетте – Асфендияров) секілді бірқата­ры жайында кітап, мақалалар жазу арқылы бұл іске тікелей еңбек сіңірді. Ал ол идео­логиялық сақшы-бюрократтар жайлаған заманда атқарылуы оңай-оспақ шаруа болған жоқ.

Мәселен,  Аспандиаровтың ғылыми қызметі мен қайраткерлігі туралы алғашқы мақалаларын Рамазан Бимашұлы 1959 жылы, «жылымық» тұсындағы жас ғалым шағында жазған-ды, алайда, қарау саясат опат еткен осынау аса көрнекті ғалым және қайраткердің мерейтойына орай Қазақстан мен Орта Азия ғалымдарының ғылыми-практикалық конференциясын өткізу әрі оның есімінің қалпына келтіріліп, қоғам тыныс-тіршілігіне қайтарылуын жұртшы­лық алдында атап өту істерін отыз жылдан кейін – қайта құру саясаты жеңісті өріске шыққан 1989 жылы ғана, Қазақ КСР Ғылым академиясы Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің академик-хатшысы, КСРО  Ғылым академиясы Тарих бөлімі Ғылыми кеңесінің мүшесі болған кезінде барып жүзеге асыра алды.

Сүлейменовтің жекелеген тұлғалар жайлы зерттеулері тарих ғылымындағы олқылықтардың орнын толтырып қана қоймай, халықтың тарихи санасының көтеріліп-өсуіне де ықпал етті.

Шынында да, көп жыл бойы аталмай келген тұлғалардың өмірі мен қызметін, соңдарында қалған ғылыми, әдеби мұра­ларын қарастырған ғалымның ізденістері іштей әділдік аңсаған көпшіліктің көкейі­нен шығып жататын. Ал оның жұмыс­тарының толыққанды болуының бір себебі сол, оған репрессияланған қайраткерлердің туыстары, жерлестері, көз көргендері, үзеңгілестері мен шәкірттері де мұрағат деректеріне қосымша пайдалы мағлұматтар беретін-ді.

Бұл жерде айта кетерлік бір жәйт –  «халық жауы» таңбасы таңылып, есімі әлдеқашан ұмыттырылған қайраткерлердің солақай саясат салдарынан әр жақта шашырап  жүрген жақындарын табу қиын-тын. Міне осы ретте Рамазан Бимашұлына риясыз көмек көрсеткен патриоттар болғанын айту ләзім.

Әсіресе, отызыншы жылдарғы мәдени құрылысқа қайталанбас үлес қосқан мемле­кет қайраткері Темірбек Жүргенов туралы зерттеу кітабын жазарда (бұл алпысыншы жылдардың бас кезі еді) – әдебиет институтының ғылыми қызметкері, тынымсыз еңбекқорлығымен кезінде ұлы Мұхаңның сүйіспеншілігіне бөленген Мардан Байділдаев «темір наркомның» зайыбы мен жақындарын, қызметтес, жерлестерін тауып беріп, кездестіріп, маңызды деректер жинауына жәрдемдесті.

Ал Санжар Аспандиаровтың жақында­рын Орта Азия республикаларынан іздеп табуға геолог  Молдияр Серікбаев көмек­тесті.

Бұл екі азаматтың да Рамазан Бимаш­ұлына деген ақ көңілдерімен атқарған қызметтерін Нұркамал Нығметқызы бізбен әңгімелескенінде жылы сезіммен еске алып отырды…

Осындай ізденістерімен ғылыми шығар­машылығының бастауында-ақ наза­рына алған ұлттық интеллигенция мәсе­лесіне Рамазан Бимашұлы өзінің көптеген жұмыстарында арнайы тоқталды. Осы бағытта арнайы ғылыми тақырыптың зерттелуіне белсенді түрде үлес қосты.

Мынаны атап өткен орынды болмақ – кеңестік интеллигенцияны қалыптастыру саласындағы партиялық-мемлекеттік саясат, республиканың қоғамдық-саяси тари­хын­дағы шығармашыл зиялы қауым­ның орны мен рөлі, олардың жиырма­сыншы ғасырдың алғашқы ширегіндегі мәні елеулі болған «Алаш», «Үш Жүз» партия­лары мен ислам (мұсылман) және улема (ғұламалар) одақтарына қатысуы, қазақ ұлтының мәдениетін қалыптастыруға елеулі үлес қосқан сол интеллигенцияның заңсыз жазалануы жөніндегі шындықтарды айтуға бағытталған алғашқы талпыныстар Рамазан Сүлейменовтің   басшылығымен жасалды.

ШЫҒЫСТАНУШЫЛЫҚ – ТАРИХ ҒЫЛЫМЫНДАҒЫ МАҢЫЗДЫ ТАҚЫРЫП

Қазақтардың материалдық және рухани мәдениетіне Орталық Азия кеңіс­тігінде қоңсы өмір сүрген шығыс халық­тары ғасырлар бойы түрлі дәрежеде әсерін тигізіп келді.  Шығыс елдерімен Қазақ­станның саяси және мәдени бай­ланыс­тарын қарастырған Сүлейменовтің көпте­ген жұмыстары осы мәселені зерттеуге арналған-ды.

Бұлардың қатарында «Шоқан Уәли­ханов – шығыстанушы», «XVІ-XVІІ ғасыр­лардағы Қазақстан, Орта және Орталық Азия», «XVІІ ғасырдағы Қазақстан тари­хынан (Абылайдың сыртқы және ішкі саясаты туралы)» – (бұл  еңбектің алғашқы аты «Абылай» екен, алайда, жарияланға­нына үшінші жылға аяқ басса да қайта құру саясатына көндіге қоймаған биліктегі партияның жергілікті идеологиялық күзетшілері оны солай қалдыру зиянды деп тауып, кітап атын міндетті түрде өзгертуді талап етіпті), «Қазақстандағы шығыстану­шылық зерттеулер: тарих пен қазіргі ахуал­дың кейбір мәселелері» деген кітаптары, республикалық, одақтық және шетелдік басылымдарда жарияланған көптеген мақалалары бар.

Ғалымның басшылығымен «Қазақстан­ның шекаралас елдермен XІІІ-XІX ғасыр­лардағы қарым-қатынасының тарихы: араб, парсы, түркі шығармаларынан үзін­ділер» деген ғылыми тақырыппен жүргі­зілген зерттеулер де өте танымды да қызғылықты жұмыс ретінде танылды.

Рамазан Бимашұлы 1979 жылы Тарих институтында шығыстану бөлімін ашуға мұрындық болып, оған өзі алты жыл бойы жетекшілік етті. Ол дайындаған ғылыми кадр­лар жаңадан ашылған Ұйғыртану институтының жасақталуына,  тез қалып­тасып ырғақты жұмыс істеуіне ықпалын тигізді. Кейін бұл ғылым ордасы Шығыс­тану   институтына айналды. Бүгінде оған ірі ғалым Рамазан Сүлейменовтің аты берілген.

ТАРИХТАҒЫ “АҚТАҢДАҚТАРДЫ” КЕТІРУ ЖОЛЫНДА

Билеуші партия жариялаған қайта құру саясаты арайымен ғылыми зерттеушілігін табысты дамытқан Рамазан Бимашұлы Сүлейменов қоғамға пайдалы нақты іске де белсене атсалысты. Ол тоталитаризм қыс­па­ғынан зардап шеккен тарихи әділет­тілікті қалпына келтірушілердің алдыңғы сапына тұрды. «Қазақ Республикасы Ғылым академиясы Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің тарихтың «ақтаңдақтарын» жою жайындағы және өткен шақтың келеңсіз мұраларын жеңіп шығу жөніндегі кешенді бағдарламасы» деп аталатын құжатты жасаушы әрі оны орындау­шылардың бірі болды.

Осы бағдарлама ауқымында ол бірнеше тақырыпта жүргізілген ғылыми зерттеулерге басшылық етті. «Қазақстан тарихы: «ақтаңдақтар» атты мақалалар жинағын жазуға қатысты. Жұртшылықтан жасыры­лып келген Шәкәрім Құдайбердиев, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов пен Ахмет Байтұр­сынов есімдері мен шығармашылықтарын ақтау жөнінде 1988 жылы құрылған Қазақ­стан Компартиясы орталық комитеті комиссиясының шешімін орындау мақса­тында жүргізілген ауқымды ғылыми-ұйым­дастырушылық жұмыстарға басшылық жасады.

«Өткенді қалпына келтіру – жеке адам мен халықтың егемендігін қалпына келтіру үшін мүлтіксіз орындалуы тиіс бұлжымас талап болып табылады». Ол жоғарыда еске алынған «Әділет» атты тарихи-ағарту қо­ғам­ның  құрылтайшы жиынында осылай деген еді. Рамазан Бимашұлының өзі осынау ережеге сенімділікпен, еліміздің шыншыл тарихын жаңғырту жолында жанқиярлықпен адал еңбек етіп келе жатқан.

Алайда, содан бар болғаны үш жыл өткенде, мезгілсіз келген сұм ажал оның  үлкен жоспармен дамыған ғылыми шығар­машылығын кілт үзіп тастады.

Адамгершілігі мол, ғылымға адал беріл­ген отаншыл азаматтың кең көлемде жүр­гізген істерін ғалымдардың кейінгі буыны табысты түрде жалғастырып келеді. Көңілге демеу – сол.

Биылғы мерейжыл қарсаңында оның бірқатар ғылыми мұрасы жинақталып  шығарылды. Қазақтың Рамазан Сүлейме­нов тәрізді айтулы оқымыстысы жазған ғылыми еңбектер қоғам игілігіне әлі де ұзақ уақыт бойы пәрменді қызмет ете береді.

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары,

тарих ғылымдарының кандидаты, жазушы.

Дереккөз: https://almaty-akshamy.kz/m-zzhar-y-sh/ алынды.

https://www.pria.org/https://ula.kemendagri.go.id/https://fkip.unsulbar.ac.id/https://rskiasawojajar.co.id/https://satvika.co.id/https://lpmpp.unib.ac.id/https://cefta.int/https://terc.lpem.org/https://empowerment.co.id/https://pgsd.fkip.unsulbar.ac.id/https://ilmuhukum.unidha.ac.id/http://ebphtb.linggakab.go.id/https://gizi.poltekkespalembang.ac.id/https://eproc.jawapos.co.id/https://lppm.unika.ac.id/