ТӘҢІРІ ҚАЛАУЫ ТҮСКЕН ЖАН

190

«Тәңірі мені таңдады» 

Мұхтар Мағауин

Мандоки Қоңыр Иштван – отаны Мажарстан ғана емес, күллі түркі дүниесі қастерлейтін ұлық есімдер қатарындағы көрнекті тұлға. Шыңғыс жорығы тұсында Карпат қойнауындағы мадиярлар арасынан пана тапқан құман-қыпшақ жұртының тумасы Мандоки Қоңыр оннан аса тілді еркін меңгерген, бұған қоса зерттеушілік қарымы ерен, Тұран халықтарының фольклорлық-дүниетанымдық санасын бойына дарытқан ғалым.
Ол түркология ғылымымен дендеп айналысып қана қоймай, ХХ ғасырдың төртінші ширегінде Шығыс пен Батыс­тың арасында алтын көпірге айналды, миллиондардың ықылас алқауына бөленді. Яки ол халықтар арасын жақындас­тырған мәмілегер, озықтарға ой салған көреген еді.

Замана алға жылжыған сайын мерейтой иелері туралы айтылатын жайттар естелік пен өткен шақ еншісіне көшеді.
Көзі тірі болса сексеннің сеңгіріне аяқ басып, ортаны толтырып отыратын мажар мен түркіге ортақ тұлға, түркітанушы Мандоки Қоңыр Иштван Алматы іргесіндегі Кеңсай зиратында қазақтың марқасқаларымен мәңгілік ұйқыда. Небәрі төрт мүшелінде көз жұмған арысқа қатысты «түркі халықтарының арасында аңызға айналған тұлға еді, өлімінен кейін мифтік заңғарға көтерілді» деген байлам әсте кеміген емес. Мандоки Қоңыр 1970–80 жылдары Тұран жұрттарының ынтымағы жолында қайрат қылып, зиялы әрекет жасаған тұлға еді. Өкініштісі, заман күрт өзгеріп, қайта өрлеп, көгерген-көркейген тұсына куә болып, қуанышқа куә бола алмады. Дегенмен, ұлы өзгерістердің шет жағасына куә болды.
Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы кезінде ақпараттың Батыс баспасөзіне жетуіне барын салған Қоңыр Иштван «бұл қызыл жүйе кешікпей ақыры болады ғасырлар тоғысында» деп айналасындағыларға үмітін ұялатып, намысын қайрайтын. Алайда, жүйенің өте қысқа уақытта омалып, «темір шымылдық» оқыс түрілгеніне таң қалды, көппен бірге «өңім бе еді, түсім бе еді» деп таң-тамаша болды. Сөйтті де, өзінің ғылыми мұратын алаңсыз жалғастыра берді, дипломат Елші болудан бас тартты. Ол туралы Мажарстан дипломатиясындағы көрнекті тұлға Др Келемен Андраш «Мандоки өзінің тарихи миссиясы өзгеше екенін, мемлекеттік қызмет өзінің қолы емес екенін айтқан-тұғын» дейді. Сөйткен Қоңыр аға Түркияға Кайсері университетіне барып, ұлы мұрат жолындағы істерін еңсеруге кіріспек еді. Сөйтіп, байырғы жолымен бір айналып, келісіп келуге сапарға аттанған-тұғын: Солтүстік Кавказдан бастап, онан Еділ бойын адақтап, Алатооға соғып, онан Сарыарқа мен Үш қиянда сайрандап, тұңғыш қазақ Құрылтайына қатысып, қыркүйек соңында Анадолыға табан тіреу жоспарын құрды.


Алайда сапар Макачқалада кілт үзілді: Хазар теңізі жағасында сұржекей жаналғыш Қоңырға қол салған екен. Ақтық демі үзілерде қасында дағыстандық ақын Бадрутдин Магомедов болған. Дәл сол күні қарт Алатау да ыңырана теңселіп, тітіреніп өткен еді. Бұл 1992 жылдың 22 тамызы еді. Қоңырдың өсиеті бойынша Алматы iргесiндегi Кеңсай зиратында жерленді.
Заманында, айдарынан жел ескен Еуразия қосқұрлығын, солтүстік Африкамен қоса уысында тұтып, әмірін жүргізген айбынды қыпшақ-құмандардың Еуропадағы ұрпағы, мажар мен түріктің белбаласы, үмітті іске жалғайтын тұлға Мандоки Қоңыр­дың бақилық болуы түрікшіл-тұраншыл достарына, оның дидарын көріп, сөзін естіген мыңдаған жастарға, ойлы, аңсарлы жандарға соққы, өкініш, мұң болды…
Қоңырдың жас кезі. 1920 жылғы Триа­нон келісімімен бұтарланған соң қалған «шоңқиған» (мажарша-чонка, ергежейлі) Мажарстанда өз арғы тегін құман-қыпшақтармен байланыстыратын Құмания өлкесінде 1944 жылы ақпанда туған. Аузында тіспен туған сәби Қоңырға таңданған деседі әдебиетші Көрменди Лайош марқұм. Социализм жолына түскен елдегі кер кезең Қоңырдың балалық шағы ойрандалып, әкесі қайтыс болды, қиналды, намысты таптауды көріп өсті. Әкесінің әңгімесінен ауызша тарих пен фольклорлық санамен сусындауы бала Қоңырға рух берген. Оны жерлес зиялылар қолдап, сирек әдебиет­терді, тіл оқулығын беріп тұрды, сонан сусындадым дейтін марқұм.
Кәмелеттік аттестатты өзінің туған қаласы Карцаг ауылшаруашылық техникумында алған ол, біраз уақыт атбегі болып істеді. Бала кезден жақын маңдағы совет әскерлері қосынына барып, ондағы түркітілді жігіттерден бірлі-жарымды сөз үйренгенін сұқбаттарында айтатын (олар көп, әр ұлттан болған сыңайлы). Кейін заман өзгерген тұста жерлесі академик Немет Дьюланың партиялық кепілдемесі арқасында 1963 жылы Будапешт университетіне түркітанушы мамандығына оқуды бастайды. 1965 жылдан бастап студент Қоңыр Еуропадағы түркi этникалық топтарының ортасында ғылыми экспедицияға шығуды әдетке айналдырған. Ондағы мақсаты – Қоңырға дейін мажар зиялылары жасап кеткен істі жаңа белеске көтеру, «қыпшақ тілін тірілту» болды дейтін.
Қыпшақтанушы құман-қыпшақ Қоңыр. Ғылыми миссиясындағы бірнеше басым бағыттың төртінші бағыты – қыпшақтану саласы туралы жазу машинкасымен өзі терген анықтамада (Мандоки Қоңыр, 1985 жыл, 25 наурыз, Будапешт деп қолын қойған) аталған мәселе төңірегінде былай дейді: « …4.1. Қыпшақ текті халықтардың жаңа заманғы тілі мәселесі тақырыбында 1965 жылдан бері өз тарапымнан жылына 2-3 мәртеден (қазірге дейін 42 мәрте) тілдік-этнографиялық-фольклорлық экспедициялық зерттеуді Румыния мен Бұлғария аумағындағы Добружа, Делиорман өңірінде, өткен ғасырдың екінші жартысында қоныс аударылған татар шоғыры ортасында жүргізіп келемін. Аса көлемді лингвистикалық белгілеулерім мен деректерімнің сыртында 40 мыңдай сөзден тұратын татар диалектологиялық сөздігін дайын еттім (ерекшелеген – автор). Оны жуық арада Мажарстанда, бәлкім Түркияда баспаға ұсынбақ ойдамын» (Ұлы даланың біртуар ұланы. Мандоки Қоңыр мұрасы. Алматы: Орталық Ғылыми кітапхана, 2009. 124-б)
Қоңырдың Добружа өңіріне ықыласы ерекше ауған. Себебі кездейсоқ емес. Тарихтың әр кезеңінде де көптеген жұрттан құралған Добружа аймағының этникалық келбеті салтатты көшпелі халықтармен тікелей байланысты өрбіген. Ежелгі уақытта бұл аймақ Скития Минор – Кіші Скифия аталған. Батыс Ғұн империясы ыдырағаннан кейін Дунай Бұлғарларының хандығы бұл жерде біртұтас мемлекет құрған. Бұл өңір ғасырлар бойы Оногур – бұлғар түрік мемлекетінің ықпалында болған. Мадиярдың Карпат қойнауына қоныстанғаннан кейін печенегтер осы аймаққа ойысқан. Кейін құман-қыпшақ, түркі-татар халықтары осында қоныс тапқан. ХІV ғасыр­дан бастап тұтас Бұлғария және Дунайдың төменгі сағасы Осман түрік билігіне өтті. Кейін Қырым түбегі орыстардың иелігіне көшкеннен ондағы түркілердің бір бөлігі Добружаға қарай ысырылды. 1829 жылғы орыс-түрік, 1854 жылғы Қырым соғысының салдарынан көптеп босып келді. Мандоки Қоңыр зерттеуінде аталған тарихи жайттарды қарастыруды қалыс қалдырмаған. Алайда, румын диктаторлық режімі зерттеу жұмысына кедергі келтіргендіктен Бұлғария қарамағындағы (Делиорман өңірін) түрік-татарларды зерттеуге ауады.
Қоңыр ерекше ден қойған зерттеу нысаны вербальдық мәдениет үлгілері, әсіресе фольклорлық деректер болды. Себебі «онда сақталып қалған көне архаикалық пласттардағы жасырынған тілдік деректерді және мәдени кодты ашу арқылы лингвис­тикалық реконструкцияға жан бітіруге болады» деген ұстанымда болды.


1970 жылдардың басынан қыпшақ­тануға тереңдей бойлаған Мандоки Қоңыр «қыпшақтардың тілі мен мәдениетінің отаны, тірегі, ареалы – Қазақ жері» деген байламға келгенін, осы бағытта ізденуге кіріскенін оның зерттеулеріне сарап жасаған ғалымдар (мысалы, Башки Имре) айтады. Қоңыр алыс Азияға алғаш рет 1974 жылы сапарға шыққан. Онда Орхон ескерткіштері мен Моңғолиядағы қазақ, тува жұртының арасына зерттеу экспедициясында болған. Анадолыға жиі сапарлап тұрды.
Осы тұста заманындағы СЭВ аталған экономикалық блоктың келісімдері аясында Мажарстанға оқуға келген моңғолиялық қазақ жастарынан Қоңырдың қазақ тілін жете игеруге үлкен ықпал жасағанын айтып отыратын. Әлімхан Сақайұлы, Едіге Төлетайұлы, Уатқан Марат сынды жігіттермен араластығын ілтипатпен еске алатын. 1976 жылдың жазында жігіттердің ауылына барып, Моңғол Алтайдың тау мен тасын апталап аралап, жаңбырына малтығып, желіне тотыға жүріп, көне түркі балбалдарымен жылап қауышқанын, көшпелі мәдениеттің төлтума элементтері жайында қанықты мәлімет жинап қайтады (ол туралы БАҚ пен ғылыми есептерінде жариялап тұрған).
1977 жылдың 31 шілдесіндегі күнделік белгілеуінде Қоңыр қазақша былай толғайды: «Адам өмірінде қуанышты жағдай көп болғанмен, ерекше қуаныштар болады ғой! Арада 700 жыл (7 ғасыр) өткеннен кейін ата-бабамыздың туған топырағы асқақты Алтай тауының арасындағы салтанатты байырғы дәстүрмен өмір сүретін шымбайлы туыстар» деп бастайды. Осы жолғы сапарында Қоңыр Мұзтауға шығып, ежелгі қыпшақтардың «көкілташ» жосынымен рәсім атқарып, жан досы Едігенің ата-анасы Төлетай Қыдыралыұлы мен Риза Кәменқызының «тонды баласы» атанады. Әулеттің үлкені Бұлғарияда әскери академияда оқыған, түрікшені де еркін меңгерген Пірәудие Қоңырды інісі ретінде қабылдап, арасында түрікше «конычып», «иіліп жастық, жазылып төсек болады». Фольклорлық мол мұра жинап олжалы оралады (Ол туралы Қазақстандағы алғашқы мажар елшісі, түрколог Торма Йожефтің «Кровное братство Мандоки Конгура» мақаласында баяндалады. Горизонт. 1996. №1). Кейін Қоңыр дүние салғанда осы шаңырақта Құран оқылып, артын күту рәсімі атқарылған.
Ауыз әдебиеті нұсқаларын жинақтау­ды Қоңыр бір сәт те естен шығарған емес. Маған жазғы каникул кезінде ескі көздерден ән мен ертегі, аңыз мәтіндерін баяндалу қалыбы бойынша хатқа түсіріп әкелуді тапсырғанын орындап жүрдім. Мен Қоңыр ағамен танысқан тұста ол қазақ, қыр­ғыз, ноғай, құмық, қарашайлар арасында фольклор үлгілерін жинақтаумен белсене айналысып жүрген кез еді. Кейін аталған халықтардың халық әндерін жеке кітап етіп шығарды. Бұл туралы атақты құмық ақыны (ақтық демі үзілгенде жанында болған) Бадрудтин Магомедов өз еңбегінде баяндаған (Магомедов Б. Уьзюлген озьенги. Очерклер, шиърулар, ел язывлар. Махачкъала, 2008. – 432 с.)
Қоңырдың жансебіл зерттеуші, кесек концептуалдық мұраттар мен тың ғылыми қисындардың иесі болғанын әріптестері мойындаған. Ол оншақты түркі тілдерімен қоса еуропа тілдерін еркін меңгерген, методологиялық мәдениетті барынша игерген, әлеуеті мол зерттеуші ретінде танылды. Қоңырдың ерекшелігі жөнінде тұстастары «өз зерттеу саласына тек бір қырынан ғана емес, кешенді түрде, тілдік, фоль­клорлық, тарихи, этнологиялық жан-жақты қырынан зерделей алатын» алымдылығына сүйсінетін (Тіл және қоғам (альманах). 2005, №3. 76-83-б.)
Қоңырдың зерттеу сапарлары. Ол өзі көп аңсаған сапары – «Ұлы Қып­шақтың ордасы – Қазақ жеріне» (өз сөзі) баруға тек 1978 жылы ғана сәті түскені оған ғылым көкжиегінде жаңаша, тамаша мүмкіндіктер ашқанына риза. Бұл сапарлардың бірінде қазақ аруы, атыраулық Оңайша Мақсымқызымен тағдырын қосуы, оған жыл сайын Қазақстанға келіп тұруға жол ашады.
Қоңырмен етене жақын араласқан Анадолыдан Керуленге, Оралдан Алатауға дейінгі аралықтағы елдердің кіл мықтылары болды. Әсіресе, қазақтың озық зиялылары Ісмет Кеңесбаев, Ақай Нүсіпбеков, Кеңес Нұрпейісов, Әбдуәли Қайдар, Тұрсынбек Кәкішев, Рабиға Сыздық, Халел Арғынбаев, Марат Мұқанов, Кеңес Нұрпейісов, Құлмат Өмірәлиев, Өмірзақ Айтбай, Сапарғали Омарбеков, Ақселеу Сейдімбек, Бабаш Әбілқасымов, Әлімхан Жүнісбек, Көбей Шаяхметұлы, Равиль Шырдабаев, Әбіш Кекілбаев, Қалдарбек Найманбаев, Дәркембай Шоқпарұлы, Саламат Өтемісов, Ақселеу Сейдімбек, бүгінгі көрнекті қайраткерлер Болат Көмеков, Мұрат Әуезов, Нұргелді Уәли, Марат Сембі, Иманғали Тасмағамбетов, Ерден Қажыбек, Нұрсан Әлімбай, Сейсенбай Құдасов сынды жандардың есімдерін атасақ та жеткілікті. Ол туралы жүздеген жан Қоңырға арналған естелік мемуарларында, онымен арада алмасқан хаттарында жете баяндайды. Бұл жеке әңгіме тақырыбы.
Атақты Олжас Сүлейменовтің кепілдігімен Алатоо асып, Шыңғыс Айтматовқа сәлем бере барған Қоңыр 1981 жылдардан бері қырғыз зиялыларымен тығыз байланыс орнатып, шекаралық аймаққа дейін зерттеу экспедицияларымен барып, ғылыми олжаларын еселеп, құнды деректер жинақтап жүрді. «Қайта құру» лебімен Еділбойына, солтүстік Кавказға жиі ат басын тіреді. Өзбекстан мен Түркіменстанды, Анадолыны ұмыт қалдырған емес. Бұл кезде Совет одағына жылына бір мәрте ғана сапарлауға болады, орталықтың рұқсаты деген шектеулер ақыр болған-ды. Әсіресе, Теріскей Кавказдағы қараноғай, қобан ноғай, малқар, құмық, қарашай халқының арасына жиі барып, зерттеу еңбегіне қатысты материалдар жинақтап, ондағы ғылыми, шығармашылық өкілдерімен етене жақын байланысты орнатып үлгерді.


Қыпшақтанудағы Қоңырдың жаңа жоспары. Осылайша, тірнектей жинап, тереңдете қазып зерттей жүріп қордалаған аса бай мұрасын ендігі кезекте алаңсыз отырып, ғылыми айналымға салуға Түнжер Гүленсой профессормен бірге Түркияның Кайсері университетін таңдаған еді.
Қоңыр осылай «Мажарстандағы қыпшақ тілін қайта тірілту» ғылыми мұратын ендігі кезекте күллі қыпшақ және түркі тілдеріне бағыттауға бел буады.
Дунайдың төменгі сағасындағы Добружа ноғайлары, Анадолыдағы іздері, Теріскей Кавказды бойлай, Еділ бойы, Орталық Азия, Алтайға дейінгі аралықтағы түркі тілдерінің қыпшақ бұтағының ауыз әдебиеті үлгілеріне (халық әндері, аңыз, әпсана, мақал-мәтел), диалектологиялық еңбектерге ерекше ден қойды. Себебі, тілдік реконструкцияның басты құралы этимологиялық талдаудың ұрымтал тетігі – архаизмдер мен этнографизмдер, түрлі паремалық қолданыстағы дүниенің реалды бейнесі, архаикалық, мифтік дүниетаным элементтері мен архаизмдер аталған тілдік қазыналарда бұғып жататынын, тек оның семантикалық кодын, мәдени және тілдік тұрпатын анықтауға мүмкіндік жасайтынын Мандоки Қоңыр 1969 жылы қорғалған университет докторлығы (PhD) диссертациясында методологиялық және деректік арқау еткен екен.
Қоңырдың эпистемологиялық мұралары. Мандоки Қоңыр замандас­тары тәрізді хат жазысуға да уақыт тапқан, мол мұрасы бар. Оның бір мұқият қасиеті –жазған хаттарының алғашқы нұсқасы, қаралай жазып, қайтадан көшіру. Бірақ, шимайлау, түзету көп жасамағандығы, яғни ойды анық, стилді жатық бере алатындығы анық көзге ұрады. Хат пен жауабы бірге қою әдеті екен.
Қоңырдың хат мәтінінің стилінде қазақ әдеби тіліндегі, әсіресе сол замандағы роман мен публицистикаға ортақ, көбіне ұзын, аралас, сабақтас құрмалас сөйлем құру сипаты тән. Екіншіден, бұл қазақша мәтіндерден мажар публицистикалық, ғылыми қою стилінің ықпалы, логикалық реті байқалады. Сөз арасында, әдеби стилден гөрі күнделікті сөз қолданысына тән тіркестер мен сөз орамдары да кездесіп отырады. Бұл Мандоки Қоңырдың полиглоттығы мен басқа түркі тілдерінің ықпалынан болуы немесе қазақ достарының сөйлеспелі тілінің әсері де болуы да ықтимал.
Хаттарында Мандоки Қоңыр өмір мен саясатқа, тарихқа, әсіресе, сол тұстағы әлеуметтік тілдік ахуалға деген көзқарасын бүкпесіз, батыл түрде ақтарыла баяндайды. Мұндай жайттар Қоңырдың үлкен аудиторияларда, университет студенттерімен кездесуде, сондай-ақ газет пен радиоға берген сұқбаттарында жете айтылған. Қазақ радиосына Темірхан Түркістаниға берген сұқбаты, сол сияқты 1980 жылдары ­Б.Ыбыраймов, М.Тоқашбаев, Ж.Аупбаевтармен болған сұқбаттардан байқалады. Қоңырдың хат қоржынындағы  қазынаның бірі Қарақалпақстанда тұратын қаламгер Жаңабай Сапаровпен (1920 ж. туған) алмасқан хаттарында әлеуметтік және тарихи лингвистика үшін маңызы бар мәселелерге тоқталғанын жариялаған едік… (https://kazgazeta.kz/news/127263 Екеудің хаты 11 шілде, 2022 ж.).
Қоңырдың етене жақын достары. Басқалар отарбаның терезесінен ғана там­сана алатын Тұран сахарасында Қоңыр еркін ойқастады. Оған түркітілдес республика­лар­дың ғылым, білім саласындағы жетекші ғалым­дар мен айтулы ақын-жазушылардың қол­дауының арқасында қол жеткізді. Айталық, Қоңырмен етене жақын араласқан Анадо­лы­дан Керуленге, Оралдан Алатауға дейінгі аралықтағы елдердің кіл мықтылары болды. Әсіресе ол үшін өзі әркез аузынан таста­майтын ұлы Шыңғыс ­Айтматов, «бабасынан да үлкен қолдау жасаған» Олжас Сүлей­меновтің орны ерекше еді.
Қоңыр аға шаңырағында жиі кездесетін жандар университетте түрік тілін үйретуші лектор ізмірлік профессор Гүнай Қараағач (кейін Түркі Тіл құрылымының мүшесі,) пен жұбайы Түлай еді. Ерекше құрметпен қарайтын, америкалық Юлай Шамилоғлы, түркиялық Түнжер Гүленсой, етене жақын араласатын адамдары қазақ Ерден мен Ғалия (Қажыбектер), қырғыз Қадыралы мен Жамила (Қоңқабаевтар) құмық ақыны Бадрудтин Магомедов отбасылары.
Әмбебап Қоңыр немесе Қоңырдың шапағаты. Үш жайтты қана мысал ретінде келтірмекпін. «Еуропаға қоныстанғандар келбеті немесе XIII–XVII ғасырлардағы құман-қыпшақ көшпелілер ауылы атты» атты концепцияны 1984 жылы түзген екен. Ғылыми миссиясындағы нәтижені өмірге енгізіп, жаңалықты өміршең етудің тағы бір көрінісі «Құман-қыпшақ әнұранын» музыкант Кобзош Киш Тамашпен бірге өмірге әкелген. Алматыдағы Мажарстанның бас консулы Блауманн Ференц ұйымдастырған бір мәдени басқосуда автордың өзі орындап жұртты тәнті еткені бар (2016 ж.).
Үшінші дәйек (ондайлар оншақты) – Мажарстан Өнер академиясының мүшесі Видак Иштван өзінің әлемдік деңгейдегі киіз басу өнерін дамытуына тікелей Қоңырдың жол көрсетіп, ұстазы болғанын айтады. Басты себеп – Оңайшаның жасауы­на берген отауы еді. Соны өздері жасауды қолға алған мажар шеберлері Голливудқа киіз үй дайындайтын, екі жылда бір өтетін Тұран Құрылтайына жүздеген киіз үй тігетін дәрежеге жетті. Елде киіз үй жасайтын бес-алты цех істейді.
Жыл сайын киіз фестивалі өтіп тұратын Мажарстанда Еуропаға таңсық, мүлдем жаңа бағытты дамыттық. Мажарлар киіз өнері туралы жүздеген кітап, сан ондаған фильм дайындаған. Ақыры киіз саласында ноу-хау жасап, жаңа инновациямен ұштас­тыруға дейін жеткізе алған. Туризмді киіз жасау туры да танымал бағыттың біріне айналған. Онан қос Америка құрлығынан, Африкадан да мамандар келіп киіз өнерін үйренеді. «Мінекей, – дейді ағынан жарылған академик Видак Иштван. Мен Мандоки Қоңыр феноменін осындай маңызымен бағалаймын, бұл бастама миллиондар үшін кәсіпке де, нәсіпке де айналуымен құнды». (https://anatili.kazgazeta.kz/news/51403).
Тіл үшін күресте қоғамның «Қазақ тілі» деп аталуына шешуші себеп Қоңырдың уәжі болғанын тіл жанашырлары ұмытпайды. Қазақ айтысы кезінде төрешілер қатарынан табылған Қоңырдың ақынжандылығы туралы әңгіме де өзгеше.
Қоңыр мұраларының насихатталуы. Ұлы ғалым туралы Түркия, Қырғызстан, Дағыстанда кітаптар шықты. Осыдан он жыл бұрын Алматыдағы Орталық Ғылыми кітапханадан Мандоки Қоңыр Иштванның еңбектері «Ұлы тұлғалар» атты ғылыми-ғұмырнамалық сериясымен «Ұлы даланың біртуар ұланы» деген атпен (Алматы: ОҒК, 2008. 386 б.) жарық көрді.
Халықаралық Түркі Академиясының бұрынғы жетекшісі, қазіргі сенатор Дархан Қыдырәлі Қоңыр мұрала­рын әспеттеуге үлкен үлес қосты: алды­мен, жұбайының қолында сақтаулы бай кітап­ханасын Будапешт­тен Астанаға алдыртты. Академия­ның тікелей мұрындық болуымен Қоңыр еңбектері мадияр, ағылшын, қазақ тілінде екі кітап болып жарық көрді: Mándoky Kongur István. Kunok és Magyarok (құман-қыпшақтар және мадиярлар). Török-Magyar konyvtár I. A sorozatot szerkeszti Fodor Pál és Vásáry István (Budapest: Molnar kiado, 2015. 348 о.) және Newcomers from the East. Hungarians and kipchak-turks in Europe. With a historical introduction by Peter B. Golden. Edited by Ádám Molnár. – Bibliotheca Turcica, Volume I. (Molnar & Kelemen Oriental Publishers, 2017. – 324 p.+ ill.). Үзілмес тамырлар: Добружа татарларының тілі мен ауыз әдебиетіне қатысты зерттеулері. (Халықаралық Түркі Академиясы. Нұр-Сұлтан, 2020, 176 б.) және Мандоки Қоңыр Иштван:Толық библиографиялық көрсеткіші (Нұр-Сұлтан, 2020, 76 б.). Енді түрік тілінде шығаруға дайындалып жатыр.
Қоңырдың басты арманы – құман-қыпшақтардың ұмыт болған тілі мен діліне қайыра жан бітіру еді. Ата-баба аманатын орындау жолында өзінің бар саналы ғұмырын сарп етті. Тіптен осы мақсатқа жету барысында өз өмірін құрбан еткен «құман-қыпшақтардың құрбандығы» деп бағаланды. Ол тек тіл зерттеулерге ғана ден қоймады, оның тазалығын ерекше қадағалайтын. Жазмыш Мандоки Қоңыр өзінің ғылыми миссиясын толық еңсеруге мүмкіндік бермесе де, оны мейлінше жақындатуға бағыт-бағдарды салып кеткен тұлға ретінде тарихта атын ойып жазды. Оның аңсарлары жасампаздыққа айналып келеді.

Бабақұмар Хинаят,
тарих ғылымының кандидаты,
Дебрецен университеті 

МАЖАРСТАН

 

 

Дереккөз: https://anatili.kazgazeta.kz/news/62682