ҒЫЛЫМИ ЖОБА ЖОЛЫМЕН. ТАТАРСТАН САПАРЫ.
2024 жылдың 28 мамыры мен 8 маусым аралығында Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының қызметкерлері «Алтын Ордадан кейінгі қоғамның дәстүр мен мәдениетіндегі сабақтастық пен өзгерістер (Батыс Қазақстан, Еділ-Орал, Дағыстан, Хорезм аймақтарындағы эпиграфикалық ескерткіштерді салыстырмалы зерттеу)» атты бағдарламалы-нысаналы қаржыландыру жобасы аясында Еділ бойындағы ел Қазан, Бұлғар қалаларына ғылыми зерттеу экспедициясына барып қайтты. Экспедиция құрамында тарих ғыл. кандидаты Д.Е. Медерова және PhD докторант Б.Д. Дүйсенов болды.
Алтын Орда аясында болған елдердің тарихы мен мәдениетіндегі ұқсастықтар мен көнеден жеткен сабақтастықтар өте көп. Бұл дәстүр қорымдар мен құлпытастарда молынан сақталған. Татарстанның эпиграфикалық ескерткіштерін зерттеу ісі ертеден бері қолға алынған, жолға салынған, жүйеленген жұмыс. Бұлғар, Қырым, Қазан татарлары мен әр аудандарындағы эпиграфикалық ескерткіштерді зерттеп, кітап қып шығарып, дереккөз ретінде ғылыми айналымға енгізіп, жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Татар эпиграфикасын зерттеу ісіне мол үлес қосқан зерттеушілер: ахун Кадыр-Мухаммед Сунчалеев, Юсуф Ижбулатов, И. Лепехин, Н. Озерецковский, Ю. Клапрот, Ф. Эрдман, С. Шпилевский, И. Березин, Х. Фаизханов, Ш. Марджани, К. Насыри еңбектерінен бастау алып, қазіргі күні Дж. Мухаметшин, Ф. Хакимзянов, М. Ахметзянов, Р. Марданов, И. Хадиев, Н. Гариф, В.М. Усманов, И.Г. Гумеров, А.М. Ахунов және т.б. зерттеушілер еңбектерінде көрініс тауып отыр.
Экспедиция барысында Татарстан ҒА-ның Г. Ибрагимов атындағы Тіл, әдебиет және өнер институтының Жазба мұралар орталығының меңгерушісі, филол.ғыл.кандидаты Илхом Гумеров, ғылыми қызметкерлер, ф.ғ.к. Азат Ахунов және Нурида Насибуллиналармен кездесіп, эпиграфикалық ескерткіштерді зерттеудегі екіжақты жаңа табыстар таныстырылды. Сондай-ақ, Татарстан ҒА-ның Ш. Маржани атындағы Тарих институты директорының орынбасары М.М. Гибатдинов институт қабырғасында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып, Жаңа тарих бөлімінің меңгерушісі А.И. Ногманов татар эпиграфикасының заманауи жетістіктері туралы қысқаша баяндама жасады. Эпиграфикалық ескерткіштерді зерттеуші Айдар Гайнутдиновпен ортақ мәселелер талқыланды. Институт қызметкері Айдар Ногманов Қазандағы Жаңа татар зиратындағы арабжазулы құлпытастарды көрсетіп, жол бастап барды. Болашақта бірігіп жұмыстар жүргізу мақсатында Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас директоры Д. Мәсімханұлының Қазан қаласына сапары кезінде Ш. Маржани атындағы Тарих институты арасында меморандумға қол қою жөнінде алдын ала келісімдер жасалды. Бұдан бөлек, Татарстан ҒА-ның А.Х. Халиков атындағы Археология институтында болып, Археология музейінің меңгерушісі К.С. Гирфанова эпиграфикалық ескерткіштер бойынша жүргізілген жұмыстар жөнінде мол ақпарат берді. Экспедиция жетекшісі, т.ғ.к. Д.Е. Медерова Болгар мемлекеттік тарихи-архитектуралық музей-қорығының негізін салушы, эпиграфист ғалым Жамал Мухаметшинмен кездесіп, Болгар қаласында болып қайтты. Экспедиция мүшесі Б.Д. Дүйсенов Қазан Федералдық университетінің профессоры, филол.ғыл.докторы Ф.Ш. Нуриевамен кездесіп, Алтын Орда дәуіріндегі ескі қыпшақ тілінде жазылған жәдігерліктер жайында ақпараттар алмасты.
Бұдан бөлек, Татарстан ұлттық кітапханасы директорының орынбасары, эпиграфист Ирек Хадиевпен кездесіп, кітапхана қорындағы эпиграфикалық зерттеулер тізімін алып, кітапханада көп жұмыстар жүргізілді. Еділ бойы елдері мен Хорезм, Дағыстан, Қазақстан аумағындағы эпиграфикалық ескерткіштерді салыстырмалы зерттеу нәтижесінде Алтын Орда кезеңінен кейінгі қоғамның дәстүр мен мәдениетіндегі сабақтастықтарды зерделеу жұмыстары әлі де жалғасын табады.