Ош мемлекеттік университетіне 85 жыл
2024 жылғы 30-31 мамыр күндері Қырғыз Республикасы Ош қаласында Ош мемлекеттік университетінің 85 жылдығына арналған «Кәсіпкерлік, білім беру, ғылым және мемлекеттік органдардың өзара қызметі: өңірлердің даму мүмкіндіктері мен жолдары» атты халықаралық форум өтті.
Форумда өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуының факторлары ретінде мемлекеттік, жергілікті билік органдарының, ғылыми және бизнес-қоғамдастықтардың бастамаларын біріктіру; қалалар мен аймақтардың тұрақты дамуына бағытталған стратегияларды әзірлеу үшін білім, ғылым, бизнес және үкіметтің мүмкіндіктерін біріктіру; өңір экономикасын трансформациялау жағдайында тұрақты біліммен, озық тәжірибемен, инновациялармен және технологиялармен алмасу алаңын құру мәселелері қарастырылды.
Жиын аясында Ош мемлекттік университеті Мәскеу қаржы-заң университетімен, Орталық Азия университетімен, Қытай Халық Республикасының Тарым университетімен, Өзбекстанның Андижан мемлекеттік педагогикалық институтымен, Джизак мемлекеттік техникалық институтымен, Нанкин технологиялық институтымен келісім-шарттар жасады.
Ош мемлекеттік университетінің 85 жылдық мерейтойына арнайы шақырылған Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас директоры, ф.ғ.д., профессор Дүкен Мәсімханұлы университетті мерейтойымен құттықтап, арнайы сыйлықтар табыс етті. Сондай-ақ, университет пен институт арасындағы екіжақты ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
Мереке барысында Д. Мәсімханұлы Ош мемлекет университетінің Шығыстану институтында жаңадан ашылған «Кәріс тілі мен мәдениеті» орталығы мен «Шығыс қолжазбалары мен мұрасы қорының» ашылуына қатысып, лентасын қиып, орталық пен қордың жұмысына сәттілік тіледі.
Ош мемлекеттік университеті басшылығы Д. Мәсімханұлы мен Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтын «Көп жылғы адалдығы мен қызметі үшін» дипломымен марапаттады.
Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты мен Ош мемлекеттік университеті бірлесіп ғылыми кадрлар дайындау, шығыстану ғылымының өзекті бағыттары бойынша бірлесіп ғылыми жобалар әзірлеу бағытында жұмыс жасайтын болады.