АЛАШТЫҢ АСЫЛ ТЕКТІ НАР ТҰЛҒАСЫ

359

1982 жылы ҚХР Білім министрлігінің мемлекет­тік қабылдау емтиханынан өтіп, Пекин қаласындағы Орталық ұлт­тар университетіне (ол кез­де институт) қабылдандық. Қытай билігіне Дэн келген 1978 жылдан 1982 жылы біз мектеп бітіргенге де­йінгі төрт жылдың өзінде бұрынғы терістеліп келген көп нәрсенің беті бері қарап, көзіміз ашылып қалған кез. Бірақ ғылым-білімге деген ашқарақ көңілді қанағат­тандыруға әлі де кедергілер, қолбайлаулар аз емес еді. Ол кез­де қазақ тілінде оқитын, нәр алатын тұщымды дүние жоқтың қасы.

Ал қытай тілін жаңа үйреніп жүргендіктен, ол тілдегі ұшан-теңіз дүниеге әлі де тіс бата бермейді. Жеделдетіп үйреніп ала қояйын десең, ханзулардың өзіндей құжынаған иероглифтердің шеті-шегі көрінетін түрі жоқ. Осындай торыққан сәт­терде ұстаздарымыздан: «4-5 жылда қытай тілін үйреніп шығу мүмкін бе?» – деп сұраймыз. Біздің бұл сұрағымызға ұстаздарымыздың айтатын бір-ақ жауабы бар еді, яғни бәрі бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай: «Неге мүмкін емес?! Сендер секілді қазақ мектебін бітірген, сендер секілді қазақ ауылында туып-өскен Нәбижан Мұхаметханұлы деген тарихшы жас ғалым бүгінде зерт­теу еңбектерін қытай тілінде жазып жүр, тіпті еңбектерінде көне қытай жазбаларынан сілтемелер келтіреді. Соған қарағанда ол тіпті көне қытай тілін де өте жақсы меңгерген», – деп жауап берер еді…
Міне, осылайша 1980 жылдың басынан бастап Шыңжаң қазақтары мен қытай тілді ғылыми ортада «аңыз адам» бола бастаған жас ғалым Нәбижан Мұхаметханұлы біздің бірегей идеалымызға айналды. Нәбижанның жақын досы, қазір Түркияда тұратын профессор Зейнеш Смайыл ол кез­де біздің кураторымыз еді. Ол кісі сабақтың ара-арасында Н.Мұхаметханұлының Үрімші қаласындағы Шыңжаң қоғамдық ғылымдар академиясында ғылыми қызметкер болып істейтінін, Үрімшіге Күйтің қаласынан көшіп келгеніне көп бола қоймағанын, бір қызығы Нәбижанның қытайдың жұдырықшылық өнерін де керемет меңгергенін, ол келгеннен ке­йін қазақ жастары қаладағы бұзақылардан көретін қорлық-зорлықтан көздері ашылып, еңсесі көтеріліп қалғанын, қазір жұрт Нәбижанды жаппай «Вальтер Нәбижан» деп атап кеткенін әңгімелеп берер еді. Неге «Вальтер Нәбижан»?
Ұйғыр халқында ұқсас есімді адамдарға лақап ат қою дәстүрі берік орныққан. Ондай дәстүр негізінде қазақ халқына да жат емес.
Сол тұста Үрімші, Құлжа өңірінде есімдері елге танылып қалған 4-5 «Нәбижан» есімді азамат болды. Соның бірі – «Вальтер Нәбижан» атанып кеткен біздің кейіпкеріміз. Ал «Вальтер» деген – сол кез­де Қытайдағы кинотеатр­ларда айлап-жылдап экраннан бір түспейтін, бұрынғы Югославия дейтін елдің «Вальтердің Сараевоны қорғауы», «Көпір» деп аталатын көркем фильміндеріндегі ұрғанын жер қаптыратын партизан-жұдырықшының есімі. Бойы екі метр. Денесі – құрыштан құйғандай. Қора-қора немісті жұдырығымен-ақ жайратып салатын өнері мен ерлігіне қытайда еліктемеген жас кемде-кем… Нәбижанның Үрімшідегі қазақ жастарын қалалық сарт-сауан, сібе-солаң бұзақыларының қорлығынан «азат еткен» ерлігін естігенде, біздің ғалым Нәбижаннан гөрі, қазақтан шыққан «Вальтерге» деген құрметіміз тіптен арта түскен.
Өстіп жүргенде, «Вальтер Нәбижан» Пекин университетіне оқуға келіпті» деген хабар дүңк ете қалды. Шын екен. Зейнеш мұғалім бір күні аудиторияға сүйіншілей кірді де: «Сендерге айтып жүрген менің досым, жас ғалым Нәбижан Мұхаметханұлы Пекин университетіне екі жылдық ғылыми тағылымдамадан өтуге келді. Аз күннен ке­йін, Нәбижанды шақырып, өздеріңе қазақ тарихынан дәріс оқытамын», – деді. Бұл хабарды естігенде қуанышымызда шек болмады. Әрине, қазақ тарихы туралы дәріс тыңдайтын болдық деп қуанғандар да, қазақтан шыққан Вальтерді көретін болдық деп қуанғандар да аз болған жоқ.
Қазақ тарихы демекші, Қытайдағы қазақ мектептері жұмыс істеп тұрған сол еркін заманның өзінде Қазақ тарихы оқытылмайтын. Тек жоғарғы сыныпта оқытылатын Қытай тарихы пәнінің оқулығын қолға алып, әрі-бері парақтап отырғанда, бұл кез­де біздің ата-бабаларымыз қайда жүрді екен деген сұрақ сәби көңілді жиі мазалайтын.
Уағдалы күн де келіп жет­ті. Үлкен аудиторияда ине шаншар орын жоқ. Біздің университет­ті айтасыз, тіпті Пекин қаласындағы өзге де жоғары оқу орындарында оқитын қазақ жастары, қазақ, қытай, ұйғыры бар – біздің мұғалімдерге де­йін иін тіресіп отырып алған. Бір кез­де Зейнеш мұғалім бастап, күткен қонағымыз аудиторияға кіріп келді. «Вальтер» десе дегендей, еңсегей бойлы, екі иығына екі кісі мінгендей, нар тұлғалы жігіт көпшілікпен сыпайы амандасып, мінбеге жайғасты. Аққұба жүзіне бұйра-бұйра қоңыр шашы құп жарасқан. Танымаған адамға француз немесе неміс десең, күмәнсіз сенгендей. Қысқасы, қазағың қайсы дегенге, «мынау!» – деп көрмеге қойып, қарап отырғандай-ақ келбет­ті азамат екен. Зейнеш мұғалімнің аз-кем кіріспесінен ке­йін жас ғалымның «Қазақ тарихына шолу» деп аталатын сабағы басталды да кет­ті… Әр күні екі сағат­тан үш күнге жалғасқан, бас аяғы алты сағат­тық лекция біздің көзімізді шырадай жандырды… Дәрістің қызықты да, санаға жұғымды болған себебі, мектепте оқыған Қытай тарихы оқулығымен жарыстыра-қабыстыра оқылғандығында болды-ау деп ойлаймын. Мәселен, Қытайдың Таң, Хань патшалықтары кезінде біздің ата-бабаларымыз қайда еді? Олардың қытайлармен қарым-қатынасы қалай болды деген сұрақтарға жауап ретінде жалғасып жатқан дәрістің жұғымы мен әсері ерекше болды…
Ғалым лекциясын ежелгі дәуірден бері қарай сырғыған тарих көшін қуалай келіп, қазақтың екі елге бөлініп қалған кезеңіне әкеліп бір-ақ тіреді.
Бізге соншалықты маңызды дәріс қана емес, үлкен рухани күш-қуат, үміт сыйлаған ғұламаңыз – Нәбижан Мұхаметханұлы, сол кез­де бар болғаны отыздағы «жас бала» екен.
1987 жылы университет­ті бітіріп, жолдамамен Үрімші қаласындағы Шыңжаң қоғамдық ғылым академиясының Әдебиет институтына кіші ғылыми қызметкер болып орналастым. Нәбижан ағамыздың аталған академия­ның Орталық Азия институтында ғылыми қызметкер екенін бұрыннан білетінмін. Барған күннен-ақ аға-іні ретінде сыйластығымыз, араластығымыз басталып кет­ті. Содан 5-6 жылдай академияда бірге істедік. Жұмыста да көршіміз. Орталық Азия институты 4-қабат­та да, әдебиет институты 5-қабат­та. Аталған екі инс­титутқа да Қазақ­станның «Социалистік Қазақ­стан», «Казахстанская правда», «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Білім және еңбек», «Мәдениет және тұрмыс», т.б. газет-журналдары тұрақты түрде келіп тұрады. Бірде осы аталған басылымдарда жарияланған қазақ тарихы мен мәдениетіне, әдебие­тіне қатысты мақалаларды, енді бірде ел ішінде қытай немесе қазақ тілдерінде жарық көрген тарих, мәдениет, әдебиет өлкесінің өзекті мәселелерін қаузаған еңбектерді қызылкеңірдек болып талқылап жатамыз.
Әсіресе сол тұстағы Үрімшіде немесе ішкі Қытайдың ірі қалаларында күн құрғатпай өтіп жататын ғылыми жиындарға Н.Мұхаметханұлы жиі шақырылып, тың ой-пікірлерімен жарқырап көрініп, ұлт мақтанышына айналғанын бөле-жара айту – парыз.
Сондай-ақ, Нәкеңнің бойындағы асыл қасиет­тің бірі ретінде оның туған халқына деген шексіз сүйінпеншілігі мен ақберен ұлт­тық намысын айырықша атап айтуға тиіспіз. Оған дәлел-дәйек тізбектесек сөзіміз тіптен ұзарып кетуі ғажап емес. Әсіресе жас ғалымның арғы бет­те жүргенде-ақ қазақ тарихының ұзын ырғасын қытай тарихымен шендестіре, теңестіре зерт­теуі, әр деңгейдегі жиналыстарда, жоғары мінбелерде Шыңжаңдағы қазақ ұлтының жоғын жоқтап, мұңын мұңдауы, ғалым, зиялы басымен Үрімші, Құлжа, Күйтің секілді ірі қалаларға ауылдан оқу іздеп келіп, қаладағы бұзақылардан жәбір-жапа көріп жүрген қазақ жастарына туған ағасындай қорған болуы, сол ерлігі үшін «Вальтер Нәбижан» атануы, ең кереметі – басталғалы тұрған карьерасына қолды бірақ сілтеп, әйелін ертіп, бала-шағасын арқалап тарихи Отаны – Қазақ­станға қоныс аударуы… Мұның бәрі – қазір тек айтуға оңай. Шынтуайтына келгенде, қырықтың қырқасына шығып қалған, балалы-шағалы адамның жылы орнын суытып, жақсы, жайлы өмірін тәрк етіп, тарихи Отанына көш басын бұруға нар тәуекел етуі тек ұлтын ессіз сүйген оғланның немесе жүрек жұтқан баһадүрдің ғана қолынан келетін ерлік еді.
Сөздің осы тұсында, Нәкеңнің ұлт­жандылығын айғақтайтын мына бір жағдай ойға оралып отыр.
Біздің басшымыз, Шыңжаң қоғамдық ғылымдар академиясының вице-президенті Жақып Мырзаханов ағамыз 1989 жылдан бастап академия­ның хабаршысы «Шыңжаң қоғамдық ғылымы» журналының қазақ тіліндегі нұсқасын шығару мақсатында өрге-төмен шапқылай бастады. Ол кез­де Қытайдағы қандастардың жан саны ресми дерек бо­йынша 1 миллионнан асып қалған. Алайда елде қазақ тілінде бірде-бір ғылыми басылым жоқ еді. Жақып ағамыздың арқасында Академия ғылыми кеңесі мен академия парткомының оң шешімі шықты. Енді журналға тіркеу нөмірін алу үшін ең әуелі ШҰАР парткомы үгіт-насихат бөлімінің рұқсаты керек, одан ке­йін өлкелік еңбек департаментінен журналды шығаруға қажет­ті штат­тарды, өлкелік қаржы департаментінен қаржы мәселесін шешу секілді маңызды да күрделі өткелдер тұрған. Осындай қиын да шешуші сәт­те Жақаңа жан-жақты қолдау, көмек керек еді.
Біздің қолымыздан не келеді? Бұл тарапта Жақаңа қалай көмек бере аламыз деген сұрақтар академиядағы әр қазақ баласын толғандырмай қойған жоқ. Өстіп шиыршық атып жүрген күндердің бірінде Нәбижан Мұхаметханұлы маған телефон шалып, кабинетіне келіп кетуімді сұрады. Бардым. Нәкең бірден әңгімесін бастап кет­ті:
– Дүкен інім, Жақып ағамыздың «Шыңжаң қоғамдық ғылымы» журналының қазақ тіліндегі нұсқасын шығару жөніндегі ұсынысы өлкелік парткомнан қолдау таппай қала ма деген қорқынышым бар. Себебі біріншіден, өлкедегі қазақ ұлтының жан саны да, академиядағы ұлты қазақ қызметкерлердің саны да талапқа онша сай келмейді. Жоғары жақтағы – құзырлы мекемелердегі өзге ұлт өкілдері осы жағдайды көлденең тартып, академияның ұсынысын кері қайтарып жіберуі бек мүмкін. Тағы бір ойым, академияның бұл ұсынысын жоғары жақтағы ханзу ағайындар сөз жоқ ұйғыр басшыларға сілтейді. Ұйғыр ағайындар қолдаса жақсы. Қолдамай: «Өлкедегі қазақтардың бәрі ұйғырша оқып, жаза алады. Қазақ тіліндегі нұсқаның қажеті жоқ», – деп жауап берсе, ханзу жолдастар да оған қуанбаса ренжімейді. Сондықтан екеуміз бір үлкен қадам жасап, осы шаруа бойынша Жақаңа қолдау көрсетсек. Оның үстіне бұл Жақаңның ғана емес, әрісі тұтас ұлт­тың игілігі, берісі өзіміздің игіліміз емес пе?! Осыған қалай қарайсың?
– Оу, Нәке аға, оған айтар уәж бар ма?! Қалай қарайтын ештеңесі жоқ. Сонда біз қалай көмектесе аламыз? – дедім мен шын таңданып.
– Жанәбіл ақсақалға барайық (сол кез­дегі ШҰАР парткомының бас хатшысының бірінші орынбасары – Д.М.) Ол кісіге журналдың қазақ тіліндегі нұсқасының қажет­тігін айтып, қолдауын, көмектесуін сұрайық.
– Оған қалай жолығамыз? Қабылдауына кіре аламыз ба?
– Үйіне барамыз. Мен ара-тұра айт-мерекеде ол кісінің көршісі Ерғали ағамыздың (бұрынғы өлке төрағасының орынбасары – Д.М.) үйіне барып тұрамын. Бұл жолы да қақпадағы күзетшілерге: «Ерғали Әбілқайырдың үйіне барамыз», – деп аулаға кіріп кетеміз.
– Үйінің есігінде күзет жоқ па?
– Жоқ. Үлкен қақпадан кіріп алсақ болды.
Нәке ағаммен осы бәтуаға келістік.
Сонымен уағдалы күні, уағдалы сағат­та Нәбижан ағам екеуміз өлкедегі екінші тұлға – Жанәбіл Смағұлұлының үйін бетке алып жолға шықтық.
Қақпаға жақындай бергенімізде қасымызға сау етіп екі-үш қарулы Қытай әскері жетіп келді. Келді де: «Қайда барасыңдар?» – деп алдымызды кес-кестей берді.
– Ерғали Әбілқайырұлының үйіне барамыз.
– Үйінің телефонын білсеңдер қоңырау шалыңдар. Олар: «кірсін», – десе ғана жібереміз.
Нәкең: «Білем», – деді де, күзетшілердің кабинетіне кіріп кет­ті. Көп кідірмей жүзінен қуаныш лебі ойнап қайта шықты да, маған «жүр, кет­тік» дегендей ым қақты. «Қастерлі ауланың» жаяу жүргіншіге арналған шойын есігі ашылып, біз ішке ендік.
Жанәбіл ақсақалдың үйін нақты тауып алғаннан ке­йін, сырт­та, есіктің көзінде сәл аялдап ентігімізді басып шамалы тыныстадық. Сосын, «біссіміллә», – деп есік қоңырауының батырмасын басып қалдық. Үйден бір бойжеткен шықты. Жәкеңді іздеп келгенімізді айтып едік, әлгі қыз қайта ішке кіріп кет­ті. Ізінше Жанәбіл ағамыздың жары Зүпира апай шықты. Ол кісіге де бір маңызды шаруамен Жәкеңді іздеп келгенімізді айтып едік, апай кері бұрылып ішке кіріп кет­ті. Бір кез­де іштен Жанәбіл ағаның өзі шықты. Жәкеңді көргенде абдырап қалдық. Бізбен қол алысып амандасқаннан ке­йін, өзімізді таныстырдық. «Қандай шаруамен жүрсіңдер?» –деген Жәкеңнің сұрағына Нәбижан ағам: «Академиядағы қазақ ұлтының маңызды бір шаруасы туралы Сізге өтініш айтайық деп келдік»,– деп еді, неге екенін қайдам, Жәкең жымиып күліп қойды. Сөйт­ті де: «Ертең түстен бұрын, сағат 11:30-да жұмысқа келіңдер», – деді.
Біз бас шұлғып кері қайт­тық.
Қуанышымызда шек жоқ…
Ертеңінде уағдалы уақыт­та Жанәбіл Смағұлұлының кабинетінен табылдық.
Үлкен кісіге Шыңжаң қазақтарының жан саны қазір миллионға жеткенін, олардың дені қытай немесе ұйғыр тілін білмейтінін, гуманитарлық ғылым салаларымен айналысатын қазақ ғалымдарының өз зерт­теу жұмыстарын жариялайтын ресми мерзімді басылымы жоқ екенін, соның кесірінен, бір жағынан, қалың қазақ оқырманның ғылыми сауаты, ой-сана мәдениеті өспей отырғанын, тағы бір жағынан аталған сала мамандары зерт­теу еңбектерін жариялай алмағандықтан, жоғары ғылыми атақ-дәрежеге қол жеткізе алмай отырғанын, қоғамдық ғылым саласы бойынша арнайы басылымның жоқтығы – Шыңжаң қоғамдық ғылым академиясындағы қазақ ғалымдарының да алдында тұрған үлкен қолбайлау екенін, қысқасы Шыңжаңдағы қазақ халқына қоғамдық ғылым саласы бо­йынша қазақ тіліндегі зерт­теулерді жариялайтын арнайы бір ғылыми мерзімді басылымның қажет екенін, егер журнал қаржысы мен қажет­ті штат­тары шешілсе, Шыңжаң қоғамдық ғылым академиясы басшылығының қарсы емес екенін Нәбижан Мұхаметханұлы екеуміз кезек-кезек сөз алып, екі жақтап Жәкеңе баяндай келе, журналға қажет­ті штат пен қаржыны шешіп беруге көмектесуін сұрадық. Жәкең бізді мұқият тыңдады, сөзіміздің кей тұстарын қағазға түртіп алды.
Біз айтарымызды айтып болған кез­де:
– Түсіндім. Айт­қандарың орынды. Сонымен бірге қазақ ұлтының талант­ты жас мамандарын академияға тартыңдар. Өздерің бастамашы болып, өз салаларың бойынша зерт­теуді тереңдете беріңдер. Журналды шығарамыз. Қаржысын, штат мәселесін шешеміз, – деп бізді риза-хош етіп шығарып салды өлке басшысы.
Үрімші қаласындағы Шыңжаң гуманитарлық ғылым академиясының жанынан 1991 жылдан бастап қазақ тілінде тоқсан сайын шығатын «Шыңжаң қоғамдық ғылымы» деп аталатын журнал өлкедегі қазақтардың қоғамдық ғылым саласындағы ең абыройлы мінбері болып келеді, сонымен бірге, аталған басылым ондағы қандастардың қоғамдық ой-санасының өсуіне де айрықша маңызды рөл атқарып отыр десек, еш асырып айт­қандық емес.
Нәбижан Мұхаметханұлының ұлт­жандылығына айғақ болатын бұндай детальдар көп-ақ. Оның бәрін тізбелесек сөзіміз тым ұзап кетуі ғажап емес.
Атам қазақ: «Қандағы бар тектілік, шықпай қоймас еп қылып», – деп текке айтпаса керек, сөйтсек, ұлтқа адал қызмет ету, туған халқын шексіз сүю – Нәкеңнің қанында бар тектілік екен.
Арғы атасы Балапан қажы Қожаназарұлы (ХVIII ғ.) – әулиелігімен, батырлығымен аты шыққан, әділ билігімен, емшілігімен ел құрметіне бөленген адам. Сондықтан болар, ол кісі қайтыс болғанда қабіріне өте еңселі күмбез тұрғызылыпты, күмбезі күні бүгінге де­йін ел-жұрт арнайы барып тәу ететін киелі жер саналады. Балапанның баласы – атақты Шөңке би, одан Бәйеке би. Бәйеке би – Найманның Матайынан тарайтын бүкіл Қызай жұртының шып-шырғасын шығармай, жауға талатпай, шығынға ұшыратпай шұрайлы Іле өңіріне көшіріп апарып қоныстандырған атақты үш бидің бірі. Қытай-Ресей қазақтарының съезд-сотында үш мәрте төбе биі болған, әділдігімен, шешендігімен атағы алысқа тараған тарихи тұлға. Балапанның тағы бір немересі Әбіті – мыңғыртып жылқы айдаған, ерекше бай болған адам. Ақын Таңжарық Жолдыұлының бір өлеңіндегі: «Аман бол Текес, Күнес моңғолыңмен, Жылқысы Әбітінің мыңға ілінген», – дегендегі Әбіті – сол. Әбітіден Зікірия, Тәлім. Зікіриядан Мұхаметхан (біздің кейіпкеріміздің әкесі). Ал Тәлім Әбітіұлы – ақалақшы (болыс) болған, әкесінен қалған байлықты әспет­теп, көкшұбар жылқыны (ежелгі түркі дәуіріндегі жылқы тұқымы) көп өсірген, дегдар, тектілігімен, іскерлігімен аты алты Алашқа мәшһүр болған тұлға.
Қытайда 1949 жылы Компартия билігінің орнауымен бүкіл қоғамдық жүйе түбегейлі өзгерді, заман ауысты. 1950 жылғы Қытай Компартиясы жүргізген асыра сілтеу саясатының салдарынан сексеннің сеңгіріне шыққан Тәлім болыс, тек қана бай болғаны үшін өлім жазасына кесіліп, сол жылы атылып кетеді.
Міне, Нәбижан Мұхаметханұлы, осындай текті әулет­тің шаңырағында 1954 жылдың 12 сәуірінде, Шыңжаң өлкесінің Тоғызтарау ауданына қарасты Мұқыр дейтін ауылда өмір есігін ашты. «Мәдени төңкеріс» жылдарында байдың ұрпағы, қаракөктің тұқымы ретінде Мұхаметхан ақсақалдың да, қаршадай бала Нәбижанның да көрмеген қорлығы, тартпаған азабы қалмады. Ол да – ұзақ әңгіме. «Мәдени революцияның» соңғы жылдарындағы сәл-пәл бір жылымық сәт­тегі орайды ұтымды пайдаланып, қайткенде де жоғары білім алуды армандаған болашақ ғалым 1973 жылы Қытайдың Гуанчжоу қаласындағы Сунь Ятсен атындағы мемлекет­тік университетінің тарих факультетіне қабылданып, оны 1977 жылы тарих мамандығы бойынша бітіреді.
Университет­ті тәмамдаған Нәбижан Мұхаметханұлы жолдама бойынша ҚХР Іле Қазақ автономиялық облысы Парткомының үгіт-насихат бөліміне жұмысқа қабылданады. 1980 жылы ол конкурс негізінде Шыңжаң қоғамдық ғылым академиясының Орталық Азия институтына ғылыми қызметкер болып ауысып келеді. Содан бастап ол біржола ғылым жолына түседі. 1985-1987 жылдары Пекин университетінің тарих факультетінің профессоры, әйгілі қытай тарихшысы Чжан Гуанданың жетекшілігінде ғылыми тағылымдамадан өте жүріп, Пекиндегі қытай архивтерінің денін сүзіп шығады. Бізге келіп дәріс оқып жүргені осы кез.
Жалпы Нәбижан Мұхаметханұлы тарих ғылымына ерте келген әрі сол жолда табанды да жемісті еңбек етіп келе жатқан ғалым. Әсіресе ХVІІІ-ХХ ғасырлардағы Қазақ­стан мен Қытай байланыстарын жан-жақты зерт­теді. Сол тұстағы еңбектерінің дені ке­йін қазақ тілінде «Қазақ тарихынан зерт­теулер» деген атпен «Шыңжаң жастар-өрендер баспасынан» (1989 ж.) жарық көрді. Сондай-ақ жас ғалым осы жылдар ішінде Нығымет Мыңжанидың «Қазақтың қысқаша тарихы» ат­ты монографиясын, Жақып Мырзахановтың «Қазақ ұлты» ат­ты монографиясын қазақшадан қытайшаға, қытай ғалымдары Ван Бинхуа мен Ван Минчжэның «Үйсін туралы зерт­теу» ат­ты монографиясын қытайшадан қазақшаға тәржімалады.
Осылайша, ол өзінің қажырлы еңбегі мен шығармашылықтағы елеулі жетістіктерінің арқасында, өлкелік өкімет­тің назарына да ерте ілініп, 1989 жылы Шыңжаң Қоғамдық ғылым академиясының ұлт­тарды зерт­теу институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалды және академиядағы ең жоғары ғылыми атақ – «жетекші ғылыми қызметкер» дәрежесіне ие болды. Жалпы сол жылдарда Нәбижанды әрі қарай да бас айналар біраз биіктің күтіп тұрғаны жасырын емес еді…
Алайда Қазақ­стан тәуелсіздігін алғаннан ке­йін, бойдағы қан мен ұлт­тық сана-сезім Нәбижан Мұхаметханұлын атажұртқа алып ұшты. Сөйтіп ол 1993 жылы сәуірде, алғашқылардың қатарында елге оралып, ҚР ҰҒА Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология инс­титутына докторантураға қабылданды. 1995 жылы сәуірде академик М.Қ.Қозыбаевтың жетекшілігінде «Қазақ-қытай қарым-қатынастарының даму тарихы (ХVІІІ-ХХ ғасырлар арасында)» ат­ты тақырыпта кандидат­тық, 2001 жылы желтоқсанда «Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы (1860-1920 ж.)» тақырыбында докторлық диссертациясын сәт­ті қорғады.
Ол Отанға оралғаннан бері еліміздің жетекші ЖОО білім бере жүріп, табан аудармай ғылыми зерт­теумен шұғылданып келеді. Қазірге де­йін ол көптеген республикалық маңызды ғылыми жобаларға қатысып, ұжымдық көлемді монографиялар жазуға атсалысты.
Нәбижан Мұхаметханұлы – қазақтың тәуарихнама ғылымына үлкен олжа салған ғалым. Ол – бүгінге де­йін 300-ге жуық ғылыми-зерт­теу және ғылыми-аударма еңбектердің, оның ішінде оннан аса ғылыми монографиялар мен оқу құралдарының авторы. Бастылары ретінде атап айтатын болсақ, «Қазақ тарихынан зерт­теулер» (ғылыми мақалалар жинағы, ҚХР Үрімші. 1989), «Тарихи зерт­теулер» (ғылыми мақалалар жинағы. Алматы, 1994), «ХVІІІ-ХХ ғасырлардағы қазақ-қытай байланыстары» (монография. Алматы, 1996), «Чиң патшалығы кезіндегі қазақтар» (монография, ҚХР Үрімші, 1997), «Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы (1860-1920 жж.)» (монография, Алматы, 2000), «ХХ ғасырдағы Қытайдың тарихи үрдісіндегі қазақтардың әлеумет­тік дамуы (Оқу құралы. Алматы, 2006), «Қазақ мемлекет­тілігінің тарихы (ежелгі және ортағасырлар кезеңі)» (монография. Алматы, 2007), «Қазақ тарихының өзекті мәселелері» (ғылыми зерт­теулер. Павлодар, 2010), «Халықаралық феномен: Қазақ халқының бөлінуі мен тұтастану үдерісі» (монография. Алматы, 2022), т.с.с. зерт­теулері бүгінде жұрт қолында. Сондай-ақ, ғалымның көптеген еңбектері қазақ, ағылшын, жапон, қытай, орыс, түрік, моңғол және ұйғыр тілдерінде жарық көрді.
Н.Мұхаметханұлы – өз саласы бо­йынша елімізге қажет­ті маман кадрлар дайындау ісіне де белсене тер төгіп жүрген ұлағат­ты ұстаз. Оның ғылыми жетекшілігімен 4 ғылым кандидаты, 8 философия докторы (PhD), 30-ға тарта магистр диссертация қорғады. Сондай-ақ ол – әр жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Докторлық диссертациялық Кеңестің мүшесі ҚР ҒБМ жанындағы тәуелсіз ғылымыи кеңестің мүшесі. ҚХР жастар сыйлығының және ҚР «ЖОО үздік оқытушысы» грантының иегері, Талғар ауданының «Құрмет­ті азаматы».
Бүгін өзінің қазыналы белесіне шығып отырған тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА құрмет­ті академигі, көрнекті қытайтанушы, тарихшы-ғалым, ұстаз, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті қытайтану кафедрасының профессоры, ҚазҰУ жанындағы Қазіргі заманғы қытайды зерт­теу орталығының директоры, Алаш жұртының нар тұлғалы ұлы Нәкең – отбасында да жақсы жар, өнегелі әке. Аяулы жары – Гүлнұр Дәуенқызы екеуі бір қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. Қазір олардан немере сүйіп отыр. Қызы Зәуре – филология магистрі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де аға оқытушы, ұлы Мардан архитектура ғылымдарының магистрі, жетекші инженер.
Мерейлі мерекесінің тұсында Нәбижан Мұхаметханұлына зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шығармашылық толайым табыс тілейміз.

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ
Р.Б.Сүлейменов атындағы
Шығыстану институтының
бас директоры,
ф.ғ.д.
профессор
Қазақ­станның еңбек
сіңірген қайраткері

 

Дереккөз: https://qazaqadebieti.kz/46207/alashty-asyl-tekti-nar-t-l-asy?fbclid=IwZXh0bgNhZW0CMTEAAR3xKoBhDiDjByyfATIXeQ5SAio-SFKkZXQQWAi741vh3fFotDatMlHc9VU_aem_AYapNuzzInGH24wZ5Bgjy3r09Eg9k6cC72Pa_V36xaIje6RJu_6wUYxP2eQCZNhpwI0mKfdNVaPrMAh2UeE42vT9

 

https://perpustakaan-baubaukota.projectkoding.com/data/https://himaindustri.unpam.ac.id/https://fsb.ung.ac.id/https://library.iainkediri.ac.id/https://newepaper.jawapos.co.id/thumbnail/dist/https://prakerja.nusatalent.com/file/https://ejournal.insuriponorogo.ac.id/config/https://www.rsudsyamsudin.co.id/gacor/https://eproc.jawapos.co.id/adminlte/plugins/site/https://rskiasawojajar.co.id/https://pria.org/https://epaper.radarlombok.co.id/wp-includes/system/https://bapenda.sumbabaratkab.go.id/link/https://empowerment.co.id/https://simak.id/