Киелі Маңғыстау еліне сапар күнделіктері
МАҢҒЫСТАУДА ПІР БЕКЕТ
Қасиетті Маңғыстау жеріндегі бір күнімізді (16.05.2024ж. Бейсенбі) Пір Бекет атаның басына зиярат етуге, арнайы құран бағыштауға арнадық.
Бекет ата өсиеті бойынша жолай күйеубаласы Баһадүр әулиеге, одан Шопан атаның басына соғып құран бағыштадық.
Қасымда делегация мүшесі – экономист-ғалым Құрмет Қабылғазыұлы (Kurmet Kabylgazy) бар.
Бекет атаның басына келушілердің, зиярат етушілердің қарасы мол болды. Тіпті шетелдіктер де көп келеді екен.
Шетелдік демекші, солардың бір тобымен аз-кем тілдесіп қалдық. Италияның Рим қаласынан келіпті. Төрт адам. Бәрі де Шығыстанушы ғалымдар. Исламдағы сопылық ағымды зерттеумен айналысады екен.
Қияндағы Италиядан Бекет атаға арнайы келіпті.
БЕКЕТ АТА ТУРАЛЫ БІР ҮЗІК МӘЛІМЕТ
Жаудан елді арашалаған батыр, дауда әділетті арашалаған қази, озбырлықтан обал мен сауапты арашалаған пірәдар, әлсізге медет, күштіге айбар, зарыққанға жебеу, тарыққанға демеу, асқанға тосқан, сасқанға сая, ұрпаққа ұстаз, ұлысқа ұран, ел иесі, жер киесі деп үш жүздің баласы қадір тұтқан Бекет Ата Мырзағұлұлы шамамен 1750 жылқы жылы Жем бойындағы Ақмешітте өмірге келген делінеді.
Бекет ата – Мырзағұлдың төрт ұлының кенжесі екен.
Ататегі: Адай – Келімберді – Мұңал – Жаулы – Қосқұлақ – Жаналы – Мырзағұл – Бекет болып тарайды.
Бабасы Жаналы да, әкесі Мырзағұл да әулие кісілер болған дейді, жалпы Қосқұлақ әулеті зайырлы тұқым деп есептеледі.
Оның үстіне өңірдегі көнекөз қариялар Бекет атаның батырлығы арғы нағашысы тама Есет батырдан, көріпкелдігі мен әулиелігі өз нағашысы Назарқожадан дарыған екен дейді.
Ел аузында тоқсаннан асқан шағында Есет батырдың он екі жасар жиені Бекетке:
Үстіңнен дүбір кетпесін,
Құлағыңнан сыбыр кетпесін.
Ақ пен қараны айырар,
Жауды кері қайырар,
Атыңда айтып тұрғандай дүр боларсың.
Елге шуақ шашып нұр боларсың,
Үш жүзге танымал Пір боларсың,.. – деп бата бергені айтылады.
Қысқасы Бекет ата – сопылық жолын ұстанып, ондағы ең биік дәреже Пір мәртебесіне жеткен ислам әлеміндегі санаулы тұлғалардың бірі.
P.S.:
ШЕТЕЛДІКТЕРДІҢ БІР УӘЖІ
Италиялық ғалымдар:
“Ақтаудан таңғы асымызды ішпей ерте шықтық.
Біз Бекет атаның басына туристер көп келеді. Сол жерде тамақтанатын кафелердің болмауы мүмкін емес, сол арадан тамақтанамыз деп ойладық. Келсек қызметтің ондай түрі жоқ екен.
Қатты қиналдық. Сонымен амал жоқ, садақа ас-нәзір беретін жерге келіп өзек жалғап отырмыз.
Сіз осы елдің азаматы екенсіз, бір институттың директоры екенсіз, осындағы аймақ басшыларына айтсаңызшы, Бекет ата басындағы инфрақұрылымды жақсартсын, қонақүйлер, асхана-кафелер салсын….” деген уәжін бізге аманаттап айтып кетті.
Бұл уәжді
Алаштың азуын айға білеген ақыны, белгілі қоғам қайраткері Айтман Айтман бастаған ел азаттары, өңірдің кәсіпкерлері ескерер деп ойлаймыз.
12мамыр күні (2024) дәм тартып,
Қазақ даласының құйқалы да қастерлі бір пұшпағы,
362 әулиенің кіндік кесіп, кір жуған өлкесі,
Алашқа абыз Әбішті сыйлаған ұйық топырақ, қасиетті Маңғыстауға жұмыс бабымен келгенбіз.
Ақтаулық талантты ақын інілерім Аманжол (Amanzhol Serik) мен Еділбек (Еділбек Дүйсенов) қарсы алды.
Есімдері аталған осы екі інім мен Қазақстан Жазушылар Одағының Маңғыстау Филиалының жетекшісі, талантты ақын Әнуар (Anuar Bimagambet) бауырымның ұйымдастыруымен 13 мамыр күні сағат 15:00-де Қабиболла Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық кітапханада оқырмандармен кездесу өтті.
Кездесуге Ақтау қаласында тұратын біраз қаламгер ағайын, әдебиет сүйер қауым өкіллері қатысты.
Сөз құнын өз құнынан да жоғары қоятын өлкенің рухы биік, намысы наркескен азаматтарымен, ару қыздарымен дидарласып, алқақотан сыр бөлісу де бір бақыт емес пе….
Арғы-бергіден сыр шерттік, ақтаулық ағайындарды толғандырып жүрген сұрақтарға жауап бердік, жыр оқыдық….
Сөйтіп екі сағаттың атқан оқтай зу деп өте шыққанын сезбей де қалдық…
Бүгінгі кездесуді ұйымдастыруға мұрындық болған азаматтарға, бауырларыма мың-сан рахмет айтамын!
Өркендері өссін, Алла-құдай жар болсын деймін!
Ақтаудағы алқалы жұрт!
Д. Мәсімханұлы
Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас директоры,
ф.ғ.д., профессор