Өзекті тақырып, өрелі еңбек
Өзекті тақырып, өрелі еңбек
Кітаптағы беташар мақалада автор шығыстану ғылымының пайда болу тарихы туралы қысқаша шолу жасаған. Яғни, шығыстану ғылымын батыс ғалымдары 1312 жылғы Вьенде болған шіркеулік кеңестен таратқанын, осы істің нәтижесінде араб, грек және иврит тілдерін зерттейтін кафедралар Париж, Оксфорд, Болонья, Авиньон, Саламанкада ашылуы шығыстану ғылымының бастау алар үлкен бір баспалдағы болғанын тілге тиек етеді.
Жақында ғана Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, филология ғылымдарынвың докторы, профессор Дүкен Мәсімханұлының «Шығыс әлемі: Аңыз бен шындық» атты кітабы қолымызға тиді. Ең әуелі кітаптың аты бірден өзіне баурады. Өйткені Шығыс әлемі ашылмаған сыры мен қыры көп ежелгі өркениеттердің ошағы, мәдениеттердің мәйегі тараған, байырғы адамдардың ізі қалған мекен. Осы тұрғыдан алғанда, бұл еңбектің айтары көп, астары терең, ғылыми мәні жоғары, отандық шығыстану ғылымының өзекті мәселелері туралы түрен салған құнды еңбек екенін топшыладық. Әсіресе, түркітану мен қытайтану бойынша жүйелі ғылыми зерттеулер топтастырлыған. Кітап екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде Дүкен Мәсімханұлының соңғы жылдар беделінде жазылған ғылыми сараптамалық зерттеу еңбектері, екінші бөлімде қытайтануды негіз еткен сұхбаттары топтастырылған.
Кітаптағы беташар мақалада автор шығыстану ғылымының пайда болу тарихы туралы қысқаша шолу жасаған. Яғни, шығыстану ғылымын батыс ғалымдары 1312 жылғы Вьенде болған шіркеулік кеңестен таратқанын, осы істің нәтижесінде араб, грек және иврит тілдерін зерттейтін кафедралар Париж, Оксфорд, Болонья, Авиньон, Саламанкада ашылуы шығыстану ғылымының бастау алар үлкен бір баспалдағы болғанын тілге тиек етеді.
Автор аталған еңбегінде шығыстану ғылымы ғылым ретінде қазақ жерінде Шоқан Уәлихановтан бастау алатынын да дәйектеп береді. Ал қазақ халқы «Шығыстану» ғылымымен пән ретінде КСРО заманында танысқаны, одан кейін тәуелсіздіктен бергі жылдары Шығыстану институтының құрылуы және шығыстану ғылымының өркендеу қадамына аяқ басқаны баяндалады.
Аталған кітаптағы «Ежелгі түркі өркениетінің дәстүрлі қытай мәдениетіне ықпалы» дейтін көлемді ғылыми зерттеудің тағлымы терең, дерегі мол, айтары өзекті. Автор аталған зерттеуінде ежелгі түркі-қытай халықтары арасындағы мәдени-рухани байланыстарды тізбектей отырып, үйсін-ғұн дәуірінен бастап Қазақ хандығына дейінгі кезеңдердегі қытай елімен болған барыс-келіске талдау жасайды. Түркілердің ән-би, музыка өнерінің қытайларға жасаған ықпалы және Оңтүстік-Шығыс Қытай диалектісінде сөйлейтін қытайлардың тілдерімен қазақ немесе басқа түркі тілдерінің ұқсас немесе түбірі ұқсас сөздерін салыстыра отырып зерделейді.
Келесі тағы бір маңызды зерттеу «Қытайдағы Қазақстантану ғылымының даму беталысы» деп аталады. Автор бұл еңбекте Қытайда Қазақ халқы туралы, Қазақстан жайлы зерттеулер тым ерте замандарда басталғанын айта келіп, қазақтанушы қытай ғалымдарының құнды еңбектері жайлы құнды деректер береді.
Келесі тағы бір ғылыми сараптама «Әлемдік геосаясат және Орталық Азия аймағындағы жаңа жағдай: Бетбұрыстар мен тенденциялар» деп аталады. Қазіргі аса күрделі халықаралық жағдайлар Орталық Азияның қауіпсіздігіне қатер төндіріп тұрғаны жасырын емес. От қай жерден шықса, оны өшіруге немесе қайтадан көсеуге жүгіретін азулы елдер көп. Орталық Азия ядролық қарусыз аймақ саналғанымен, төңірегін ядролық державалар қоршап жатқан аса күрделі өңір. Бұл аймаққа бұрыннан-ақ көз салған көршілер де, дәмелі державалар да аз болған жоқ. Автор бұл ретте Орталық Азияның өткені мен кеткені, бүгіні мен ертеңіне үңіліп, АҚШ, Ресей, Қытай, Түркия, Үндістан қатарлы алпауыт елдердің Орталық Азиямен болған қарым-қатынасына талдау жасап, олардың Орталық Азияға қатысты стратегиясындағы жаңа бетбұрыстар Орталық Азияның әр қадамына ықпал етіп, тұрақтылығына әсер ететінін жан-жақты сараптайды.
Кітаптағы тағы бір маңызды зерттеу «Ұлы Жібек жолы және Қытай мәдениеті» деп аталады. Ғалым бұл зерттеу еңбегін екі бөлікке бөліп қарастырған. «1. Жібек жолы кезеңіндегі Қытай әдебиеті». «2. Жібек жолы кезеңіндегі Қытай өнері». Автор қытай әдебиеті мен өнерінің «Ұлы жібек жолы» кезеңіндегі даму жолдарына, ерекшелігіне айырықша жінтіктей тоқталған. Автор «Жібек жолы» кезеңінің поэзиясы қытай әдебиетінің ең жоғарғы жетістігі болғанын, оған көбірек Орталық Азия халықтарының әдебиеті мен мәдениеті, өнерінің игі ықпал еткенімен ойын түйіндейді. Ал Жібек жолы кезеңіндегі Қытай өнері туралы тоқталғанда, оны бірнеше түрге бөліп қарастырады.
Қысқасы профессор Д.Мәсімханұлының аталған зерттеу еңбегі Қытайдың әдебиеті мен өнерінің басталу, жаңғыру, даму кезеңі және оған «Ұлы Жібек жолы» бойындағы елдердің өнері мен мәдениетінің ықпалы жан-жақты қарастырылған әрі тың, әрі өте маңызды зерттеу.
Кітаптағы келесі бір өте қызықты да маңызды еңбек «Алаш азаттық идеясының Шығыс Түркістанға таралуы» деп аталады. Автор бұл жөнінде тарихты байыппен бағамдап, байсалды түрде баяндайды. Алаш азаттық идеясының Шығыс түркістанға таралуын бірнеше арналарға бөліп қарастырған. Бірінші арна: Ұлт-азаттығын, ұлттық ағартушылықты көздеген баспасөздің Шығыс Түркістан қазақтарына таралуы.
Екінші арна: Алаш идеясымен қаруланған, «ұлт-азаттық ұранды» ту еткен Алаш қайраткерлерінің Шығыс Түркістанға көптеп баруы.
Үшінші арна: шығыстүркістандық ақын-жазушылардың, зиялы қауым өкілдерінің іргелі Қазақ еліне келіп-кетіп тұруы. Осылайша, автор Шығыс Түркістанға Алаш азаттық идеясының таралу жолдарын жан-жақтылы баяндайды.
Келесі зерттеу «Қазақстандағы қытайтану ғылым: бүгіні мен болашағы» деп аталады. Автор бұл еңбегінде Қазақстандағы қытайтану ғылымының басында тұрған Шоқан Уәлихановтың еңбегі мен рөлін айрықша атап өткен. Одан кейін қытайтану ғылымының қалыптасу жолдарын, осы салада ұшан-теңіз еңбек еткен ғалымдарды және олардың еңбектеріне қысқаша талдау жасайды. Сонымен бірге қытайтану ғылымының мақсаты мен жетістіктерін бірнеше бағытқа бөліп қарастырады.
Бұл кітаптағы тағы бір құнды еңбек «Қытайдағы түркология: көне түркі жазба жәдігерлерінің зерттелуі және көрнекті зерттеушілер» деп аталады. Автордың бұл зерттеуінде Қытайдағы түркітану ғылымының мол жетістіктерін сараптап, түркі тарихы мен мәдениеті туралы бұған дейін отандық ғылымда беймәлім құнды мәліметтер беріледі.
Келесі зерттеу «М.Әуезов және Лу Шүн: Ұлттық дәстүр және жаңашылдық» деп аталады. Бұл еңбектің кіріспесінде автор ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қазақ халқы мен қытай халқының сыртқы отарлаушы күштердің езгісіне түскенін, табанына тапталғанын, феодалдық зорлық-зомбылықтың құлақ кесті құлына айналғанын баяндай келіп, осы тұста қос халықтан шыққан ұлт жанашырлары ұлт-азаттық бағытында қанын, жанын, барын салып күрескенін баяндай келіп, қазақ ойшылы М.Әуезов пен қытай ойшылы Лу Шүннің ХХ ғасыр басындағы ұлтты ояту мен ағартушылық бағыттағы жанкешті еңбектері мен жаңа әдебиетті қалыптастырудағы биік парасаттарын салыстырады.
Қытайтану ғылымы үшін «Қытайдың төлтума діні – Дао және оның ұлт мәдениетіндегі алатын орны» деген зерттеудің мәні мен маңызы айрықша. Автор бұл зерттеуінде алдымен Дао діні не деген сұраққа жауап іздейді. Даошыл даналар ештеңені дәлелдемейді де, уағыздамайды. Олар қандай да бір өмір салтын ұстануды да үйретпейді. Олардың мақсаты дұрыс өмірлік бағыт беру, олар мәңгі жоқ және барлық жерде бар өмірлік тәжірибенің түйініне қарай жол сілтейді, – деп, түсінік береді.
Кітаптағы «Қытай елінің білім беру жүйесі» деп аталатын зерттеудің мәні тіптене айрықша. Қытай елінің қысқа ғана қырық жылда әлемдегі дамыған елдердің бәрін басып озып, жер шарындағы екінші ұлы державаға айналып шыға келуінің сыры неде?! Әрине, оның сыры ғылым-білімде. Білім – адамдардың дүниеге көзқарасын жетілдіріп, сана-сезім танымын тереңдетіп, ойлау қабілетін арттырып, мәдениетін дамытатын алғы шарт. Автор Қытайдың оқу-ағарту саласының әр жылдық өзгерісін сандық мәліметтермен дәйектеп көрсетеді.
Қысқасы, әйгілі қытайтанушы-ғалым, профессор Д. Мәсімханұлының сөз болып отырған кезекті жаңа еңбегіндегі «Қытайдың діни наным-сенім жүйесі», «Қытайдағы халықтар құрамы», «Қытайдың сәулет өнері», «Қытайдың ұлттық спорт ойындары», «Қытайдың дәстүрлі музыка және би өнері», «Дәстүрлі қытай шипагерлігі», «Қазақ-қытай елдері мәдени-рухани қарым-қатынасының бастау көздері» қатарлы зерттеулердің де отандық шығыстану, оның ішінде қытайтану ғылымы үшін мәні мен маңызы айрықша. Зерттеулердің деректері мол, ой-пікірлері тың.
Кітаптың екінші бөлімі сүбелі сұхбаттармен толықтырылған. Ғалымның еліміздегі жетекші БАҚ журналистеріне берген сұхбаттарында Шығыстану институтының бағыты мен бағдары, атқарған еңбектері, жетістіктері туралы, қытайтану ғылымының – отандық шығыстану ғылымының өзекті де маңызды саласы екенін жан-жақты факторлармен түсіндіреді. Автордың сөз болып отырған жинаққа енгізілген сұхбаттарының өзі өте құнды ғылыми еңбектердей әсер етеді. Онда Қазақстан мен Қытайдың саяси, мәдени-рухани, сауда-экономикалық қарым-қатынастарына талдау жасай отырып, Қытайдың Қазақстан және Орталық Азия елдерімен жасасқан әрбір селбестігін назардан тыс қалдырмайды. Қысқасы, еліміздің қауіпсіздігі мен тәуелсіздігіміздің тағдыры үшін профессор Дүкен Мәсімханұлының қытайтану ғылымы аясында жазған еңбектері мен пікір-пайымдарының құны өте жоғары деп білеміз.
Сөзімізді қорыта келе айтарымыз, отандық қытайтану ғылымының қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан, бұл күнде еліміздегі бірегей ғылыми зерттеу ордасы – Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтын басқарып отырған филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дүкен Мәсімханұлының осы зерттеулері мен сұхбаттарының өзінен-ақ оның осы саладағы білікті де білімді маман екенін, қытайдың тілі мен мәдениетіне, тарихына жетік зерттеуші ғалым екенін анық аңғаруға болады. Ғалым қай зерттеуінде болмасын, қай сұхбатында болмасын, қытайтану ғылымының басталу жолдарына, қытайтану ғылмының өзектілігіне, мәні мен маңызына айрықша тоқталады. Яғни, қытайтану ғылымы арқылы ежелгі қытайдың жазбаша деректерінде сақталған ежелгі түрік және қазақ тарихы мен мәдениеті туралы құнды деректерді табуға болатыны да тілге тиек етіледі. Шынымен де қытайтану ғылымының еліміз үшін стратегиялық маңызы айрықша, берері де мол. Сонымен бірге Дүкен Мәсімханұлы сұхбаттарында өзінің өмірлік тәжірибесінен жиған, көзбен көріп, көңілге түйген көкейтесті мәселелерді де көтерген. Әр сұхбаттың айтары көп, астары терең ой салады.
Автор аталған еңбегінде сан-салалы ғылымды бір-бірімен ұштастыра отырып, әр тақырыпты әр қырынан ғылыми түрде жүйелі зерттеп, тың деректерді молынан пайдаланып, отандық шығыстану ғылымының қыр-сырын, өзектілігін жан-жақты зерделеп, оқырманға түсінікті тамаша тәсілдермен жеткізіп берген. Қысқасы, Дүкен Мәсімханұлының аталған зерттеулер мен сұхбаттар жинағын жалпы отандық шығыстануға, соның ішінде түркітану мен қытайтану ғылымына қосылған сүбелі еңбек, үлкен олжа деп сеніммен айтуға болады.
Ертай Жомарт,
шығыстанушы, мәдениеттану магистрі
Дереккөз: https://turkystan.kz/article/241455-zekti-ta-yryp-reli-e-be