КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ БҰҰ –ДАҒЫ ӘСКЕРИ ТҰТҚЫНДАРДЫ РЕПАТРИАЦИЯЛАУ МӘСЕЛЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ САЯСАТЫ
ҒТАМР 11.25.49
Аңдатпа. Мақалада Кеңес дипломаттарының әскери тұтқындарды репатриациялауға қатысты қызметі зерттеледі. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде антигитлерлік коалиция көшбасшылары халықаралық қауіпсіздікке жауап беретін «Халықаралық ұйым» құру туралы келісімге келген болатын. Соғыстан кейінгі кезеңде БҰҰ-да босқындар мен әскери тұтқындарды туған елдеріне репатриациялау мәселесі өткір түрде көтерілді. Алайда, ол кездері әскери тұтқындарды қайтарудың құқықтық аспектілері мен тетіктері толық пысықталмаған еді. БҰҰ Бас Ассамблеясының Үшінші комитетінде босқындар туралы жарғының ережелерін талқылау барысында Кеңес Одағы барлық әскери тұтқындарды өз елдеріне қайтару жайлы түзету енгізген. Ал, бұл уақытта Батыс елдері саяси диссиденттер мен реципиент елдерге оралғысы келмейтіндерді бөлуді ұсынған. Ол кезде КСРО-ның БҰҰ-да қолдаушылары аз болғандықтан, оның әскери тұтқындар мен босқындар мәселесіне қатысты бастамаларының барлығы дерлік қолдау таба алмады. Сондықтан КСРО Халықаралық босқындар ұйымының Жарғысына қарсы дауыс бере отырып, Үшінші комитеттің жұмысына уақытша қатысудан бас тартты.
Түйін сөздер: КСРО, Біріккен Ұлттар Ұйымы, әскери тұтқындар.
Кіріспе. Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі соғыс қимылдарының нәтижесінде миллиондаған адамдар баспаналарын тастап, босқындарға айналды, ал әскерилер тұтқынға алынып, өз әскери бөлімдері орналасқан жерден жырақ жерге көшірілді. Антигитлерлік коалиция елдерінің күн тәртібінде өткір тұрған мәселе босқындар мен әскери тұтқындардың мәселелері болды. Соғыста жеңіске жеткенге дейін одақтастар Біріккен Ұлттар Ұйымының Көмек және қалпына келтіру әкімшілігін құрды (ЮНРРА). Агенттіктің алдында соғыстан зардап шеккен елдерді қалпына келтіру, сондай-ақ соғыс құрбандарына дереу көмек көрсету мақсаты тұрды. Қоныс аударушы адамдар жағдайында ЮНРРА қоныс аудартумен жаңа көші-қонға емес, репатриацияға үлкен дәрежеде жәрдемдесті (Oyen, 2015: 550). Сарапшылардың бағалауынша, сол кездегі Германияда, Австрияда және Италияда, сондай-ақ бұрын басып алынған көрші елдерде тірі қалған құрбандардың саны 9,6-дан 15 миллионға дейінгі адам санын құраған. Жаңа агенттіктің мандатына жатқан жер аударылғандардың болжамды саны 12 миллионға дейін жеткен, оның ішінде «Оси елдеріндегі еріксіз жұмысшылар, азаматтық тұтқындар, соғыстан қашқандар және интернационалдық концлагерьлердің қашқындары» болған (Rass Ch., 2020: 8).
Материалдар мен әдістер. Мақаланы жазу кезінде Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) дерек көздері базасының кең ауқымы пайдаланылды. Мақала БҰҰ Бас Ассамблеясының (БА) Үшінші комитеті отырыстарының стенографиялық жазбаларына, Экономикалық және Әлеуметтік кеңестің баяндамаларына, зерттеу барысында анықталған БҰҰ БА қарарларының жобаларына негізделген.
Бұл материалдар американдық, британдық, кеңестік дипломаттардың әскери тұтқындар, жер аударылғандар мен босқындар туралы мәселеге қатысты негізгі бастамаларды анықтауға мүмкіндік берді. Пікірталас барысында, отырыстарда социалистік блоктың және батыс елдерінің әскери тұтқындары бойынша елдердің негізгі дәлелдері мен ұстанымдары ашылады.
Зерттеу барысында тарихшылдық қағидаты, нарративтік, жүйелік әдістер және т.б. қолданылды.
Талқылау. БҰҰ-да Қазақстанның саясаты туралы естеліктер, диссертациялар, кітаптар мен мақалалар жазылған. Олар Кеңес Одағының БҰҰ-ның құрылуына қосқан үлесін, сондай-ақ Кеңес Одағының БҰҰ-дағы сыртқы саяси бастамаларын ашады. Қазақстан Президенті Қ.Қ. Тоқаев «Біріккен Ұлттар Ұйымы: әлемге жарты ғасырлық қызмет» [Токаев, 1995], «Жаһандану жағдайындағы Қазақстанның сыртқы саясаты» [Токаев, 2000], «Қазақстан Республикасының дипломатиясы» [Токаев, 2005] атты кітаптары мен естеліктері Кеңес Одағы мен БҰҰ арасындағы қарым-қатынастардың тарихын ашады. Алайда, Қ.Қ. Тоқаев Қазақстанның ұлттық мүдделеріне тікелей қатысы бар сәттерді сипаттайды.
БҰҰ-ң тұңғыш елшісі А.Х. Арыстанбекова Қазақстандағы БҰҰ-ң қызметіне байланысты диссертациялық жұмыс арнаған. Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Кеңес Одағына қатысты ол Семей ядролық полигоны ретінде Қазақстанға кеңестік мұрадан қалған проблемаларды, Қазақстан аумағындағы, Арал теңізіндегі ядролық қаруды жою мәселелерін және т.б. қарастырады [Арыстанбекова, 2004]. Алайда қазақстандық авторларының арасында БҰҰ-да Кеңес Одағының әскери тұтқындарға қатысты саяси жеке мақалалары жоқтың қасы.
Кеңестік әскери тұтқындарға келетін болсақ, олар өздерінің монографиялары мен мақалаларында қазақ және жапон соғыс тұтқындары туралы архив құжаттарын пайдаланған Қ.С. Алдажұманов [Алдажұманов,1997], С.Ділманов [Дильманов, 2002], Ғ.Қ. Кокебаева [Кокебаева, 2007], Б.О. Жангуттин [Жангуттин, 2008], Б.Ғ. Аяған [Аяған, 2014], Т.С. Құлтаев [Құлтаев, 2021], А.Михеева [Михеева, 2007], т.б. авторларды атауға болады. Олардың еңбектерінде әскери тұтқындардың тарихы мен Қазақстан аумағындағы орналасуы, саны, тұрмыс жағдайы, ұлттық құрамы, Түркістан легионына тиесілігі, олардың тағдыры, қуғын-сүргінге ұшыраған әскери тұтқындарды ақтау, т.б. мәселелерді қамтыйды. Бірқатар авторлардың еңбектері әскери тұтқындар мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастық аспектілерін қозғайды, бірақ БҰҰ-да әскери тұтқындарға қатысты кеңестік саясат мәселесі әлі қарастырылмаған.
Зерттеу нәтижелері. ЮНРРА жұмысы аяқталуға жақын болғандықтан, гуманитарлық мәселені талқылау және шешім қабылдау, оның ішінде қоныс аударған адамдар мәселесін БҰҰ Бас Ассамблеясының (БА) Үшінші комитетіне беру туралы шешім қабылданды.
Босқындар туралы баяндаманы талқылау кезінде Кеңес Одағы босқындар мен жер аударылған адамдардың лагерьлерінде БҰҰ-ның немесе оның мүшелерінің мүдделеріне, сонымен бірге олардың туған елдеріне оралуына қарсы үгіт-насихат жүргізуге тыйым салуды ұсынды [Question: 2]. 1945 жылы ұйымның негізін қалаушылар 52 мемлекет болды.
Кеңес Одағының екінші ұсынысы: «Квислингтерге, сатқындарға және әскери қылмыскерлерге Біріккен Ұлттар Ұйымының дұшпандарымен ынтымақтастықта кез келген нысанда өзінің беделін түсірген тұлғаларға БҰҰ-ның қамқорлығы ұсынылатын босқындар ретінде қарамау тиіс. Осы уақытқа дейін босқындар ретінде жасырынып жүрген квислингтер, сатқындар мен әскери қылмыскерлер өз елдеріне дереу қайтарылуы тиіс». Алайда босқындар туралы баяндаманың мәтініндегі кеңестік түзетулерді БА Үшінші комитетінде көптеген елдер мақұлдаған жоқ (СОД. Question: 2).
Босқындар туралы баяндамада кеңестік түзетулерді мақұлдау қандай да бір себептермен Еуропа елдерінде қалуға шешім қабылдаған опасыздарды, әскери қылмыскерлерді, әскери тұтқындарды және кеңес өкіметіне әскери жолмен немесе насихаттаумен қарсы шыққан адамдарды репатриациялау жөніндегі халықаралық құқықтық тетікті құруы әбден мүмкін еді.
Әскери тұтқындар арасында репатриациядан бас тартудың айқын себебі неміс қатарындағы ынтымақтастық немесе ұрыс қимылдары үшін жазадан жалтару болғанын атап өткен жөн. Бұл санатқа «қайтарылмағандардың» шағын бөлігін жатқызуға болады. КСРО-ға оралғысы келмеген әскери тұтқындардың негізгі бөлігін қуғын-сүргінге ұшыраған бұрынғы патша офицерлері мен шенеуніктері, азаматтық соғыста большевиктерге қарсы шыққандар, кулактар (ауқатты шаруалар), (ұжымдастыруға қарсы), діни немесе ұлттық азшылық мүшелері, тазалық құрбандары құрады. Кеңес өкіметімен қуғын-сүргінге ұшырамай тұрып, тоталитарлық саяси жүйенің қысымы мен шектеулерін мақұлдамағандар да болды. Кейбір әскери тұтқындар Кеңес Одағынан тыс жерлерде өмір сүру деңгейінің жоғары екендігін көріп, кеңестік қайта құрудың қиындықтарынан аулақ болу үшін Еуропа мен АҚШ-та қалып, сонда тұруға шешім қабылдады (Rucker, 1949:66).
Кеңес әскері тұтқындарын мәжбүрлеп репатриациялау кезінде неміс концентрациялық лагері Дахауда 10 адам қаза тауып, 21 адам жараланды. Американдық дипломат, Нью-Йорк Таймс газетімен 19 қаңтарда америкалық сарбаздар орыстарды казармалардан көзден жас ағызатын газбен күштеп қуып жібергендері жайлы мәліметпен бөлісті. Жараланған орыстар отанына оралудан гөрі сол жерде өлуді жөн көріп, америкалық сарбаздардан оларды атып өлтірулерін жалынышпен сұраған. Бұл американдық қоғамға айтарлықай дәрежеде әсер етті (Elliott, 1973: 254).
Кеңестік түзетулер Британияның мүддесіне сай келмегендіктен, ол босқындарға екі негізгі әдісті қолдануды ұсынды: 1) қоныс аударған адамдарды ірі көлемде көшіруді ұйымдастыру немесе 2) босқындарға жеке немесе отбасылық негізде қарау. Оның үстіне, Британия БҰҰ-ның қандай да бір органы Ассамблеяның жалпы басшылығымен жұмыс істеп тұрған үкіметаралық мекемелердің қызметтерін өзіне ала отырып, босқындар мәселесін анықтау мен ажырату үшін жауапкершілікті өз мойнына алуы керек дегенді жақтады (СОД. Fourth: 9). Сондықтан, Бас Ассамблея босқындар жарғысы туралы мәселені дайындауды Экономикалық және Әлеуметтік Кеңеске тапсырды.
Дания Ұлыбританияның бастамасын қолдай отырып, босқындарды жаңаша түрде анықтаудың және оны жіктеудің қажеттігін атап өтті. Стокгольм, бұл арада өз қызығушылығын неміс босқындарының көбі шығыстан батысқа және солтүстік-батыс шекараларына қоныс аударғандығымен түсіндірді. Оған қоса, 1945 жылдың көктемінде нацистер Данияға 210 000 неміс бейбіт тұрғындарын әкелген болатын, олар әлі де сол жерде қалуымен елдің ресурстарына айтарлықтай тұрғыда ауыртпалық түсірді (СОД. Fifth: 13).
Бельгия әскери қылмыскер де, сатқын да болмаған, бірақ, кейбір жағдайларда түрлі себептермен өз елдеріне оралғысы келмеген саяси диссиденттерді әскери қылмыскерлер қатарынан алып тастауды ұсынды. Адамның пікір бостандығы құқығын негізге ала отырып, бельгиялық тараптан үш нұсқа ұсынылған болатын: олар тек баспана берген елдің қамқорлығында қала алады; немесе олармен әлдебір халықаралық агенттік айналыса алады (СОД. Fifth: 14).
Босқындар мен әскери тұтқындардың мәселелерін талқылау кезінде Экономикалық және Әлеуметтік Кеңес баяндама дайындап, оның екінші бөлігінде босқындар бойынша талқылаудан келесідей санаттарды алып тастауды ұсынды:
- Әскери қылмыскерлер, квислингтер мен сатқындар.
- Келесідей болып көрінуі мүмкін кез-келген басқа адамдар:
а) БҰҰ мүше елдердің бейбіт тұрғындарын қудалауда жауға көмектескен адамдар; немесе
ә) Екінші дүниежүзілік соғыстың басынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымына қарсы операцияларда жау әскерлеріне өз еркімен көмектескендер, мұндай көмек таза гуманитарлық және әскери емес сипатта болмаған жағдайда;
б) Шарт бойынша экстрадициялануы мүмкін қарапайым қылмыскерлер (орыс тілінде: қылмыскерлер).
Неміс текті тұлғалар (егер, олар Германия азаматтары немесе басқа елдердегі неміс азшылықтарының мүшелері болса), олар:
(а) басқа елдерден Германияға берілген немесе берілуі мүмкін;
(ә) Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Германиядан басқа елдерге көшірілгендер;
(б) одақтас әскерлердің қолына түспеу үшін Германиядан гөрі Германиядан басқа елдерге немесе Германияға қашып кеткендер.
- Өз елдері олар үшiн халықаралық көмек сұрататын жағдайларды қоспағанда, қаржылық қолдау мен өздерiнен қорғау алатын адамдар.
- Екінші дүниежүзілік соғыста ұрыс қимылдары аяқталған сәттен бастап:
(a) өзінің шыққан елінің үкіметін, Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесін қарулы жолмен құлатуға немесе Біріккен Ұлттар Ұйымының кез келген басқа мүше мемлекетінің үкіметін күштік жолмен құлатуға, сондай-ақ кез-келген террористік ұйымға қатысу мақсаты болған адамдар;
(ә) БҰҰ мүшесі немесе босқындарды туған елдеріне оралмауға шақыратын қозғалыстардың демеушісі болып табылған үкіметке немесе олардың туған еліне дұшпандық қозғалыстарда жетекшілік еткен адамдар» (СОД. Question,1946: 3-4).
Социалистік лагерь елдері – әскери қылмыскерлер мен жәрдемшілердің босқындар санатына кірмеуін көздеп, оларды соттау үшін өз елдеріне қайтаруды талап етті. БҰҰ-дағы пікірталас барысында Украина КСР өкілі Батыс Германия, Австрия және Италияда әлі де бостандықта жүрген көптеген «германияланған украин фашистерін» жауапқа тартуға ұмтылды. Украина үкіметі БҰҰ әскери қылмыскерлері мен сатқындарының толық тізімін ұсына отырып, оларды Украинаға берулерін талап етті. Онда олар Лаваль мен Квислингке қалай қараса, басқа да сатқындарға да солай қарайтын болған (СОД. Sixth.1946:15).
Босқындар мәселелері жөніндегі жарғыны талқылау барысында Кеңес Одағы босқындарды репатриациялау жөніндегі баспана, ел немесе шыққан елдер арасында екі жақты келісім орнату қажеттігін мәлімдеді (СОД. Ninth.1946:24-25).
АҚШ, Оңтүстік Африка және Канада кеңестік ұсыныстан кемшіліктерді байқаған болатын, өзінің шыққан елінің үкіметінен жаңа елге қоныс аударуға рұқсат алу міндеттемесі босқынды өз билігіне тәуелді етеді, ал бұл өз кезегінде жеке адамның еркіндігін айтарлықтай дәрежеде шектейді. Мұндай жаңашылдықтар бюрократиялық кедергілер тудырып, босқындарды қабылдау мен қоныстандыруды кешіктірер еді. Үкіметтен қоныс аударуға рұқсат алу рәсімі, яғни бұдан қоныс аударушылар шыққан, көп уақытты алатын еді, өйткені олардың көптегеніне бұл рұқсат олардың шыққан елдері тарапынан берілмеген-ді. Бұл босқындардың өз елдерінде қалуға мәжбүр болуына әкеп соғар еді (СОД. Ninth.1946:25).
БҰҰ-дағы кеңестік делегация басшысы Вышинскийдің мәліметіне сәйкес, 1200 000-нан астам көбінесе КСРО, Польша және Югославия аумақтарынан қоныс аударған, босқын адамдар, әлі де Германия мен Австрияның батыс аймақтарында және Батыс Еуропаның кейбір елдерінде болған (СОД. Sixteenth. 1946:84).
Репатрианттардың әлеуетті көпшілігі тез арада репатриацияланғандарына қарамастан, көпшілігі Германияның батыс аймақтарынан баспана іздеп, оралудан бас тартқан. Олардың тағдырлары батыс одақтастарына байланысты болды. Одақтастары репатриациялаудан бас тартқандар негізінен Балтық елдерінен және КСРО-ның шабуыл жасамау туралы Германия-Кеңес пактісінің нәтижесінде аннексиялаған басқа аумақтардан болды. Олар соғысқа дейінгі КСРО азаматтары болмағандықтан, батыстық одақтастар бұндай «қоныс аударған адамдарды» кеңес азаматтары деп танудан бас тартты. Кеңестік ресми тұлғалар түрлі уақытта тек Германияның өзінде ғана олардың саны 100 000-нан 200 000-ға дейін болды деп есептеді. 1946 жылдың ортасына қарай олар батыстық одақтастар даулы халықты КСРО-ға күшпен жібермейтінін мойындады (Bernstein. 2017: 722).
БҰҰ-дағы кеңес делегациясының басшысы А.Я. Вышинский «бұл адамдардың басым көпшілігі өз Отанына оралуға тырысты, бірақ лагерьлердегі фашистік элементтердің саяси қысымы олардың бұл арманын жүзеге асыруға кедергі келтірді. Олар үгіт-насихат және терроризм арқылы босқындар мен жер аударылған адамдарды азаматтық елдеріне қарсы қоюға ұмтылды және олардың үйлеріне оралуына жол бермеуге тырысты. Бұл фашистік элементтер өздерінің агрессивті империалистік жоспарларында нағыз босқындар мен жер ауыстырған адамдарды тірек ретінде пайдалануға ұмтылды. Кеңеске қарсы бұл әрекеттер олардың келісімімен және одақтық биліктің тиісті лагерьлерде пассивті, үнсіз мақұлдауымен жүзеге асырылды» деп мәлімдеді (СОД. Sixteenth. 1946:85).
Американдық тарихшы М. Эллиот Кеңес Одағы Ялта келісімін өз кампаниясында толық репатриация үшін қару ретінде пайдаланып, АҚШ пен Ұлыбританияның кеңестік азаматтармен қарым-қатынасына қатысты айыптаулар мен шағымдарды жалғастырғанын айтады. Американдық тарихшының пікірінше, Кеңес Одағының толық репатриацияны талап етуінің бір себебі алда тұрған Кеңес Одағын қалпына келтірудің орасан зор міндетімен байланыстырылады. Бұдан әрі, М.Эллиот соғыс кезіндегі барлық кеңес халықтарының ымырасыз адалдығы туралы мифтің насихаттық құндылығы да сенімді болды деп санайды. Өз азаматтарының елге қайтып оралуы, Ресейге кез-келген оппозицияны білдірмес бұрын оларды шетелде бақылауды қалпына келтіруге мүмкіндік берер еді, себебі репатриацияға қарсылықтың драмалық тұрғыдағы үлгілері Кеңес Одағының беделіне нұқсан келтіреді. Сондықтан, қажетсіз жариялылықты бейтараптандыру үшін Мәскеу қайта оралмағандарды фашистер немесе батыс қолжаулары деп атады. Алайда кеңестік эпитеттер, сондай-ақ шет елдердегі кеңес азаматтарының көпшілік алдында көрсетілімі батыс алпауыттарын Кеңес Одағының репатриация мәселесіне келіспейтініне көндірді (Elliott, 1973: 263).
Бұдан басқа, кеңестік делегация жарғы жобасы елеулі өзгерістерді талап етеді деп санады. Конституцияда Халықаралық босқындар ұйымының (ХБҰ) негізгі міндеті босқындар мен қоныс аударған адамдардың туған елдеріне тез арада оралуына ықпал ету және осы мақсатқа қол жеткізуге барынша ықпал ету болып табылатыны айтылған (ХБҰ конституция жобасы, 2-бап, А/127 құжаттың 1 (а) тармағы). Кеңес делегациясы босқындар арасынан квислингтерді, сатқындар мен әскери қылмыскерлерді, сондай-ақ туған еліне оралудан бас тартқан адамдарды алып тастауды ұсынды (СОД. Sixteenth. 1946:85).
А. Вышинскийдің ескертулеріне жауап ретінде, АҚШ өкілі Рузвельт «босқындарды лагерьлерде ұстау олардың тұлға ретіндегі тоқырауына алып келеді, сондай-ақ әлем үшін елеулі экономикалық залал болып табылады…» деп санайтынын мәлімдеді. Сонымен бірге, ол Германия мен Австрияның оккупация аймақтарында тұратын АҚШ-қа үш жарым миллион адам оралғанын атап өтті (СОД. Seventeenth. 1946: 92).
Канада конституцияға қол қоюды қолдап, соғыс кезінде босқындардың белгілі бір санатын қабылдағанын атап өтті. Бұдан басқа, қосымша 4000 полякты, сондай-ақ кейбір жаңа босқындар санаты үшін, атап айтқанда Канадада тұратын адамдардың туыстары үшін қабылдауға дайын екендігін мәлімдеді (СОД. Seventeenth. 1946: 92).
Британдық тарихшы – Энтони Глис еуропалық босқындарды қабылдау Ұлыбритания, Канада, АҚШ, Австралия және Жаңа Зеландияның мүддесіне жауап бергенін жазады, олар Шығыс Еуропадан қоныс аударған адамдардың көшіп келуіне белсенді жәрдемдесу арқылы ел ішінде жұмыс күшінің жетіспеушілігі мәселесін шешуге тырысты, кейін олар Германия мен Австриядағы лагерьлерде қалған болатын. Бірақ, басқа қоныс аударушылар және босқындармен бірге бұл елдерге әскери қылмыскерлер де кірді. Сондай-ақ, ол этникалық себептерге байланысты бұл топтардың иммиграцияға аса қолайлы деп есептелгенін, себебі басқа бір қоныс аударған адамдар тобынан, холокосттан аман қалған еврейлерден айырмашылығы – олар солтүстік Еуропадан шыққан, сонымен бірге христиандар болғанын айтады (Glees.1992: 189).
Үшінші, комитеттегі делегациялардың кезекті кездесуі кезінде поляк өкілі Пружинский Канадада жұмыс істейтін эмигрант әйелдер туралы мәселені көтерді. Канада парламентіндегі пікірталастар барысында алынған мәліметтерге сүйене отырып, Пружинский Канадада жұмыс істейтін жас поляк әйелдерге ұсынылатын өмір сүру жағдайлары канадалық жұмысшыларға ұсынылған жағдайлардай болмағаны туралы ақпаратпен бөлісті. Мысал ретінде, ол зауыт директоры өзі жалдаған әйелдердің жалақысының бір бөлігін ұстап тұрған жағдайды келтірді, алайда бұл жалақы осы провинция үшін ең төменгі жалақы болып табылғаны белгілі болған. Жас қыздардың жалақысы аптасына небәрі 10,08 долларды құраған, одан басқа қызметтерге ақы төлеу кезінде басқа да түрлі шегерімдермен бірге тұрғын үйлері үшін белгілі бір сома шегерілгені белгілі болған. Ал, одан қалған сомасы 1,58 долларды құрады (СОД. Fifty eighth. 1947: 54-55).
Ұлыбритания өкілі Бесвик Жарғыға қатысты кеңестік ұстаныммен келіспей, британдық басып алынған аймақтардағы он екі миллион босқынның он бір миллионы үйге оралғанын ескерсек, Халықаралық Босқындар Ұйымы конституциясының жобасын әзірлеу кезінде үкіметтің бірқатар жеңілдіктерге барғанын мәлімдеді (СОД. Eighteenth.1946; 96).
Британдық тарап кеңес өкіметіне генерал Андерстің әскеріндегі поляктарды бергісі келмей, олардың ХБҰ құзырына кірмегенін мәлімдеді. Кеңестік ниетке қарсы тұра отырып, Бесвик «… Олар фашизммен күрескен алғашқы адамдардың бірі болды және Біріккен Корольдік оларға өз борышын төлей алғанын мақтан тұтты. Егер, Солтүстік Италиядағы Корольдік Югославия әскерінің босқындарының кейбіреулері әлі де әскери негізде ұйымдастырылған болса, онда бұл тек әкімшілік себептерге байланысты болды. ХБҰ міндеті – оларды тарату және көшіру» екенін белгілеп өтті (СОД. Eighteenth.1946; 97).
Американдық тараптың соңғы миллион босқындар Отанына оралғысы келмейді деген уәжіне жауап ретінде кеңес делегациясы тек қазан айында поляктардың 50 000-ы Польшаға оралғанын мәлімдеді. Кеңес делегациясы егер, олар өз тілектерін еркін білдіре алса, қайтқысы келетіндердің саны әлдеқайда көп болуы мүмкін деп ойлады. Кеңестік нұсқаға сәйкес, әскери биліктің лагерьлердегі сатқындар мен әріптестердің бөлімшесі репатриацияны жеделдетуге мүмкіндік береді. Кеңестік делегация қосымша дәлел ретінде қоныс аударған адамдардың лагерьлік өмірдің ауыртпалықтарына ұшыраудан гөрі өз елдерінде өмір сүруі жақсы болды, себебі тиісті елдер репатрианттардың әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдады (СОД. Nineteenth. 1946: 105).
Кеңес тарапы – КСРО халқы немістермен ынтымақтасқан адамдардың енді Біріккен Ұлттар Ұйымынан неге қорғаныс іздеп жатқанын түсіне алмайтынын мәлімдеді. Кеңес делегациясы Комитеттен осы факторды назарға алуын сұрады (СОД. Thirtieth Meeting. 1946: 175).
КСРО өкілінің пікірінше, саяси диссиденттерді қорғағысы келетін делегациялар бір мезгілде БҰҰ мүшесі болып табылатын үкіметтердің жауларын қорғайды. Ол, саяси диссиденттерді қалай қорғап, сонымен қатар халықаралық ынтымақтастықты қалай қолдау керектігін білу маңызды деп санады. Ол өзінің Үкіметі әрқашан босқындар мәселесін халықаралық негізде шешу керек деп санайтынын еске салды (СОД. Thirtieth. 1946: 176).
Украиналық делегация соғыс тұтқындары туралы тақырыпты жалғастыра отырып, Украинаның неміс басқыншылығы кезінде жауларға мәжбүрлі түрде жұмыс істегендері тыныш жұмыс істейтінін және елде қудаланбайтынын атап өтті. Бірақ, немістердің игілігі үшін өз еріктерімен жұмыс істегендер, олар: украиндық шаруаларды тонаған жабдықтау агенттері; бір күнде 93000 адамды мәжбүрлі түрде депортациялауға куә болған Киев мэрі; ауру азаматтарды Рур шахталарына өлуге жіберген дәрігерлер, олардың ешқайсысы әскери қызметтерді орындамағанына қарамастан жауға көмектесті деп саналды. Сондықтан, украиндық ұстанымға сәйкес, дұшпанмен ерікті ынтымақтастық халыққа қарсы қылмыс болып табылады (СОД. Thirty first.1946: 180).
Кеңес делегациясы Рагозиннің эмигранттық құрамаларын, тәуелсіз казактарды, четниктерді, усташыларды және поляк әскерін генерал Андерстің қолына беруге ұмтылды, бұл ұйымдардың басшылары өз елдерінің үкіметтеріне қарсы әскери операцияларды бастауға үміттенді деп есептеді. Қару контрабандасымен айналысу және жоғарыда аталған топтардың репатриациясына қарсы белсенді әрекет ету, Кремльдің наразылығын тудырды. Сондықтан, кеңес делегациясы мұндай құрылымдарды таратып, оларға ХБҰ тарапынан көмек көрсетуден бас тартуды талап етті (СОД. Thirty second. 1946: 187).
Соғыс тұтқындары туралы мәселе бойынша Жаңа Зеландияның ұстанымы әскери тұтқындар мен интернацияланғандарға арналған лагерьлерге бөгде адамдарды қабылдау кезінде үлкен сақтық сақтау қажеттігі болды. Репатриацияға қарсы кез келген насихатқа қарсылық білдіре отырып, Жаңа Зеландия делегациясы шығу тегі елдерінің лауазымды тұлғаларының репатриацияланғысы келмеген адамдарға қысым жасау әрекеттеріне қарсы болды. Дегенмен, БҰҰ-дағы Жаңа Зеландияның өкілдері шенеуніктерге репатриацияланғысы келетін адамдармен байланыс жасауға мүмкіндік беру орынды деп санады (СОД. Thirty-sixth. 1946: 210).
Кеңес делегациясының мәліметінше, «КСРО азаматтары британдық аймақта жалған есімдер мен құжаттардың көмегімен жасырынған. Сондай-ақ жаппай қамауға алу да болды. Мұндай оқиғалар француз аймағында да орын алды. Нәтижесінде одақтық аймақтарда репатриацияға жататын 39 600 КСРО азаматының 12 000-нан астамы британдық аймақта, 21 600-і америкалық және 6000-ы француз аймағында болса, қыркүйек айында британдық аймақтан 39 адам ғана репатриацияланды». Қалыптасқан жағдайды шешу үшін кеңес делегациясы тікелей мүдделі елдер ретінде КСРО, Югославия және Польшаны қоса алғанда, жеті-тоғыз мүшеден тұратын лагерьлерде комиссия құруды ұсынды (СОД. Forty-third. 1946: 262).
Американдық делегация лагерьлерде комиссия құруға қарсылық білдіріп, бұл орын ауыстырған адамдарға арналған лагерь әкімшіліктеріне қарсы айыптаулардың шексіз қайталануына алып келеді деп есептеді. Басқыншылық биліктің социалистік елдерге репатриацияға жәрдемдескісі келмеді деген айыптарға жауап ретінде американдық өкіл Рузвельт ханым екі миллионнан астам КСРО азаматы, 600 000-ға жуық поляк және 100 000-ға жуық югославтар репатриацияланғанын айтты. Сондықтан, ол неге олар қалған миллион адамды репатриациялауға деген қызығушылығын жоғалтуы керек деген сұрақ қойды, оның үстіне оларды қамтамасыз етіп, ұстауға жұмсалатын шығын басқыншылық елдерінің салық төлеушілеріне айтарлықтай ауыртпалық болды(СОД. Forty-third. 1946: 262).
Мәскеудің ескертулері мен талаптарының көпшілігі орындалмады, сондықтан, Кеңес Одағы Югославия, Украина, Беларусь және Польшамен бірге осы мәселе бойынша Үшінші Комитеттің жұмысына қатысуды тоқтатып, ұйымның Жарғысына қарсы дауыс беріп, Босқындар ісі жөніндегі халықаралық ұйымға қосылудан бас тартты (Oyen, 2015: 556).
Қорытынды. БҰҰ-ның босқындар мәселелері жөніндегі Жарғысын әзірлей отырып, Кеңес Одағы тек соғыс уақытындағы қылмыскерлерді ғана емес, коммунистік құрылысқа қарсы болған саяси диссиденттерді де қайтаруды көздеді. Оларға Канада, АҚШ және Батыс Еуропа елдеріне көшіп келген Шығыс Еуропа елдерінің Кеңес Одағына жаңа қосылған тұрғындарын жатқызуға болады. БҰҰ шеңберінде босқындар мен әскери тұтқындар мәселелерін белсенді түрде талқылау Кеңес Одағында жұмыс қолдарының жетіспеушілігінің үлкен мәселесімен түсіндіріледі. Сондықтан, Кеңес Одағының делегациясы антигитлерлік коалиция бойынша одақтас елдердің барлық азаматтарын міндетті түрде қайтаруды жақтады. Бірақ, жұмыс күшінің тапшылығы мәселесі антигитлерлік коалициядағы одақтастар арасында да болды, ол коммунизмге, еркін емес әлемге қарсы құндылық-идеологиялық қарама-қарсылықпен шиеленісе түсті. Антигитлерлік коалиция бойынша одақтастар арасындағы алшақтық жақында құрылған Біріккен Ұлттар Ұйымында ерекше сезілді. Кеңес Одағы мен социалистік лагерь елдерінің әскери тұтқындар туралы бастамалары Батыс елдерімен бұғатталғандықтан, Кеңес Одағы ХБҰ-ға қатысудан бас тартты.
Бұл мақала 2022-2024 жылдарға арналған «Жас ғалым» жобасы бойынша жас ғалым постдокторанттардың іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерін гранттық қаржыландыру аясында орындалған мақала болып табылады.
ӘДЕБИЕТТЕР МЕН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ:
Алдажуманов К.С. Депортация народов в Казахстан. – Ин-т истории и этнологии им. Ч.Ч. Валиханова Акад. наук Респ. Казахстан — Алматы: Фонд XXI век, 1997 — 16 с.
Арыстанбекова А.Х. Казахстан и Организация Объединенных Наций: история, проблемы, перспективы: Диссертация на соискание степени доктора исторических наук. – Алматы, 18.02.2004. – 347 с.
Аяган Б. Туркестанский легион: горькие страницы войны// https://e-history.kz/ru/news/show/6252/ [Кіру күні: 03.08.2022]
Bernstein S. Burying the Alliance: Interment, Repatriation and the Politics of the Sacred in Occupied Germany// Journal of Contemporary History, Vol. 52, No. 3 (JULY 2017), pp. 710-730 (21 pages)
Дильманов С.Д. Исправительно-трудовые лагеря НКВД-МВД СССР на территории Казахстана (30-50-е годы ХХ века): дис. на соискание ученой степени доктора исторических наук: 07.00.02. – Алматы, 2002. – 344 с.
Жангуттин Б.О. ГУПВИ: Военнопленные и интернированные на территории Казахстана (1941-1951 гг.) // Российская история. – 2008. – № 2. – С. 107 -114.
Elliott M. The United States and Forced Repatriation of Soviet Citizens, 1944-1947// Political Science Quarterly, Vol.88, No. 2 (Jun., 1973), pp. 253-275
Glees A. The Making of British Policy on War Crimes: History as Politics in the UK// Contemporary European History / Volume 1 / Issue 02 / July 1992, pp 171 – 197
Кокебаева Г.К. Официальная политика Германии и СССР по проблеме военнопленных (1918-1955 гг.): дис. док.. ист. наук (2007). Алматы, 2007. – 337 с.
Құлтаев Т.С., Оспанов Н.М. Арнайы комиссия: Әрбір тұтқында болған азаматтың тағдырын зерделеуіміз қажет // https://adyrna.kz/post/91015
Михеева Л.В. Иностранные военнопленные и интернированные в Центральном Казахстане (1941 – начало 50-х гг. ХХ в.): автореф. дис.…канд. ист. наук. Караганда, 2007. – 30 с.
Oyen M. The Right of Return: Chinese displaced persons and the International Refugee Organization, 1947–56//Modern Asian Studies / Volume 49 / Issue 02 / March 2015, pp 546 – 571
Rass Ch. &Tame I. Negotiating the Aftermath of Forced Migration: A View from the Intersection of War and Migration Studies in the Digital Age// Historical Social Research / Historische Sozialforschung
Vol. 45, No. 4 (174), Special Issue: Violence Induced Mobility (2020), pp. 7-44 (39 pages)
Rucker A. The Work of the International Refugee Organization. International Affairs (Royal Institute of International Affairs 1944), Vol. 25, No. 1 (Jan., 1949), pp. 66-73 (8 pages)
Система официальной документации ООН. (СОД) Question of Refugees // https://undocs.org/en/a/45 [Кіру күні: 03.08.2022]
СОД ООН. Fourth Meeting. 28 January 1946// https://undocs.org/ru/a/c.3/4 [Кіру күні: 03.08.2022]
СОД ООН. Fifth Meeting. 30 January 1946 // https://undocs.org/ru/a/c.3/5 [Кіру күні: 03.08.2022]
СОД ООН. Question of Refugees. Report of the Economic and Social Council and Consideration of the International Refugee Organization. 22 October 1946//https://undocs.org/en/a/127 [Кіру күні: 03.08.2022]
СОД ООН. Sixth Meeting. 1 February 1946 // https://documents-dds-ny.un.org/doc/UNDOC/GEN/NL3/412/40/PDF/NL341240.pdf?OpenElement [Кіру күні: 03.08.2022]
СОД ООН. Ninth Meeting. 8 February 1946 // https://documents-dds-ny.un.org/doc/UNDOC/GEN/NL3/412/43/PDF/NL341243.pdf?OpenElement [Кіру күні: 03.08.2022]
СОД ООН. Sixteenth Meeting. 6 November 1946 // https://documents-dds-ny.un.org/doc/UNDOC/GEN/NL3/412/50/PDF/NL341250.pdf?OpenElement [Кіру күні: 03.08.2022]
СОД ООН. Seventeenth Meeting. 8 November 1946 // https://documents-dds-ny.un.org/doc/UNDOC/GEN/NL3/412/51/PDF/NL341251.pdf?OpenElement [Кіру күні: 03.08.2022]
СОД ООН. Eighteenth Meeting. 9 November 1946 // https://documents-dds-ny.un.org/doc/UNDOC/GEN/NL3/412/52/PDF/NL341252.pdf?OpenElement [Кіру күні: 03.08.2022]
СОД ООН. Nineteenth Meeting. 9 November 1946 // https://documents-dds-ny.un.org/doc/UNDOC/GEN/NL3/412/53/PDF/NL341253.pdf?OpenElement [Кіру күні: 03.08.2022]
СОД ООН. Thirtieth Meeting. 21 November 1946 // https://documents-dds-ny.un.org/doc/UNDOC/GEN/NL3/412/64/PDF/NL341264.pdf?OpenElement [Кіру күні: 03.08.2022]
СОД ООН. Thirty first Meeting. 22 November 1946 // https://documents-dds-ny.un.org/doc/UNDOC/GEN/NL3/412/65/PDF/NL341265.pdf?OpenElement [Кіру күні: 03.08.2022]
СОД ООН. Thirty second Meeting. 25 November 1946 // https://documents-dds-ny.un.org/doc/UNDOC/GEN/NL3/412/66/PDF/NL341266.pdf?OpenElement [Кіру күні: 03.08.2022]
СОД ООН. Thirty sixth Meeting. 29 November 1946// https://documents-dds-ny.un.org/doc/UNDOC/GEN/NL3/412/70/PDF/NL341270.pdf?OpenElement [Кіру күні: 03.08.2022]
СОД ООН. Forty-third Meeting. 6 December 1946//
СОД ООН. Fifty eighth meeting. 4 October 1947. // https://documents-dds-ny.un.org/doc/UNDOC/GEN/NL3/412/91/PDF/NL341291.pdf?OpenElement [Кіру күні: 03.08.2022]
Токаев К.К. Организация Объединенных Наций: полвека служения миру. – Алматы : Атамура, 1995. – 192 с.
Токаев К.К. Внешняя политика Казахстана в условиях глобализации.- Алматы : САК, 2000. – 584 с.
Токаев К.К. Дипломатическая служба Республики Казахстан: учеб. пособие. – Алматы : Эдельвейс, 2005. – 560 с.
Н.М. Оспанов
Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғылыми қызметкері/
Әл-Фараби атындағы университетінің оқытушысы, e-mail: osp_nurlan@mail.ru
Дереккөз: https://edu.e-history.kz/index.php/history/article/view/60/207
Фото: https://www.google.com/search?q=%D0%9E%D0%9E%D0%9D+%D1%81%D0%BE%D0%B2%D0%B5%D1%82%D1%81%D0%BA%D0%B8%D0%B9+%D1%84%D0%BB%D0%B0%D0%B3&tbm=isch&ved=2ahUKEwiop-n785H9AhXEtioKHf5JDGMQ2-cCegQIABAA&oq=%D0%9E%D0%9E%D0%9D+%D1%81%D0%BE%D0%B2%D0%B5%D1%82%D1%81%D0%BA%D0%B8%D0%B9+%D1%84%D0%BB%D0%B0%D0%B3&gs_lcp=CgNpbWcQAzoECCMQJzoECAAQQzoFCAAQgAQ6BggAEAgQHjoHCAAQgAQQGFAAWOIkYKgoaABwAHgAgAGFAYgB4AuSAQQxMS40mAEAoAEBqgELZ3dzLXdpei1pbWfAAQE&sclient=img&ei=dt3pY6iUAsTtqgH-k7GYBg&bih=969&biw=1920#imgrc=y0agDqj_xoEENM