2023 жылдың 12 қазанында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты және ҚР Ұлттық кітапханасының ұйымдастыруымен Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас директоры, көрнекті қытайтанушы-ғалым, белгілі ақын, аудармашы, ұлағатты ұстаз, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Дүкен Мәсімханұлының 60 жасқа толуына орай «Қазақстан және Шығыс елдері: тарихи-мәдени һәм саяси ынтымақтастықтың жаңа қырлары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өте жоғары деңгейде өтті.
Жиынды Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор З.Е. Қабылдинов жүргізіп отырды.
Алқалы жиынды Қазақстан Республикасы Президенті Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құттықтауын алып арнайы келген Президенттің кеңесшісі Отарбаев Мәлік Нұржанұлы ашты.
Ары қарай Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы М.С. Әшімбаевтың, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Е.Т. Қариннің, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі С. Нұрбектің құттықтау сөздері оқылды.
Мерейтой иесін Жетісу облысының әкімі Б.Ө. Исабаевтың атынан «Жетісу» газетінің бас редакторы, ақын Ж. Оспанұлы құттықтады.
Дүкен Мәсімханұлын Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымы, яғни ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшысы Р.С. Әкімұлы мен Қазақстан жазушылар Одағы басқармасының Төрағасы М.Ә. Құлкеновтің атынан Қазақстан жазушылар Одағы басқармасы Төрағасының бірінші орынбасары, жазушы Нұржан Қуантайұлы құттықтап, Түркі әлемінің мәдениеті мен өнеріне қосқан үлесі үшін «Түрксой» медалімен марапаттады.
Д. Мәсімханұлы 20 жылдай басшылық, ұстаздық қызмет еткен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Е.Б. Сыдықов Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті ғылым мен білімнің дамуына қосқан айырықша үлесі үшін «Күлтегін» медалімен марапаттады.
Одан кейін Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әли Әкбәр Джоукар, Қырғыз Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісінің атынан бірінші хатшысы Исмаилова Чолпон Нұрбекқызы, Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Цзян Вэй, Венгрияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісінің атынан Венгрияның Алматы қаласындағы Бас консулы Ференц Блауман, Әзірбайжан Республикасы Елшілігінің Алматы қаласындағы Өкілдігінің жетекшісі, кеңесші Анар Надир оглы Гусейнзаде және Қырғызстан Ош мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Қожобеков Құдайберді Галиакпарұлы Д. Мәсімханұлын мерейлі мерейтойымен құттықтады.
Шара барысында Д. Мәсімханұлының «Шығыс әлемі: Аңыз бен шындық» зерттеулер жинағы, «Қытай қаламгерлерінің таңдамалы шығармалары» атты 5 томдық көркем аудармаларының жинағы, «Жүрегімнің жұмбағы» жыр жинағы, «Ұлт пен рух» ғылыми зерттеулері, әдеби портреттер жинағы, «Ғалым. Ұстаз. Ақын. Аудармашы. Азамат» Д. Мәсімханұлы туралы жинақтың таныстырылымы өтті.
Ары қарай мерейтой иесіне әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректорының құттықтауы оқылды және ғылыми-зерттеу институттары мекемелерінің басшылары құттықтады.
Д. Мәсімханұлын шетелдік әріптестері де мерейтойымен құттықтап, ыстық ықыластарын жеткізді.
Сондай-ақ, Ә.Қ. Ахметов, Н.М. Оразалин, Х.М. Әбжанов т.б. ғалымдар, зиялы қауым өкілдері Д. Мәсімханұлының Қазақстандағы қытайтану саласының дамуына қосқан үлесі, ғалымдығы, ақындығы, ұстаздығы және қайраткерлік қасиеттерін жан-жақты ашатын баяндамалар жасап, мерейтойымен құттықтады.
Аса қадірлі Дүкен Мәсімханұлы! Әлі талай жасқа жетіп, қазақстандық шығыстану ғылымының даму жолындағы еңбегіңіз еселене берсін! Үлкен белестерді бағындыра беруіңізге шын жүректен тілектеспіз!
Шығыстану институтының ақпарат орталығы