Қазақстан өркениетті ел боламын десе, ғылымға көңіл бөлуі керек – Дүкен Мәсімханұлы

550

Бүгін Мемлекет басышының төрағалығымен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің алғашқы отырысы өтті. Онда отандық ғылымдағы өзгерістер мен өзекті мәселелері айтылды. Осы орайда еліміздегі ғылымда болып жатқан жаңашылдықтар туралы Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры Дүкен Мәсімханұлы айтып берді.

«Елімізде соңғы 3-4 жылда ғылымға ерекше көңіл бөлініп келеді. Оны айқын аңғаруға болады. Біріншіден, ғылымға бөлінген қаржының көлемі көрнекті түрде ұлғайды. Мысалы бұған дейін зерттеу институттарының қызметкерлерінің жалақысы мардымсыз болса,  кейінгі жылдарда көлемді түрде өсті. Ғалдымдардың материалдық жағдайы жақсарып келеді. Сондай-ақ ғылыми жобаларға бөлінетін қаржының көлемі де еселеп ұлғаюда. Бұрын 5 жылда бір рет ғылыми жобаларға конкурс жарияланса, жас ғалымдардың гранттық бағдарламасы жыл сайын 2-3 реттен конурс жариялап отырады.

Зерттеу институттарының 500 ғылыми қызметкері жылына 1-2 жыл өзінің зерттеу бағыты бойынша, озық елдерге «болашақ» бағдарламасымен тағылымдамадан өтіп келуге толық мүмкіндік алды.

Сонымен қатар жастарды ғылымға тарту мақсатында магистранттар мен докторанттардың да шәкіртақысы еселеп артып жатыр. Жақында Президент жанындағы ұлттық ғылыми кеңес құрылды. Оны бұрынғы ғылым саласындағы бармақ басты, көз қыстылықтан арылтып, іргелі ізденістерге, ғалымдарға қолдау көрсету мақсатында жұмыс істейді деп күтілуде. Одан бөлек, Президент жарлығымен «Ұлттық Ғылым академиясы» қоғамдық ұйымнан мемлекеттік меншікке қайта алынды және президенті Күнсұлу Закария болып тағайындалды.

Мұның барлығы Қазақстанда ғылымының жанданып, нақты бағыттарда жұмыс істей бастағанын көрсетеді.

Президентіміздің басшылығымен және қолдауымен соңғы жылдары ғылымға бөлінетін бюджет артты. Бұл отандық ғылымның еңсе көтеруіне және бағыттарды, ауқымды жобаларды игеруге кең жол ашады. Ғылым қай елде, қай заманда болмасын ол – мемлекеттің қозғаушы күші. Егер адамзат  XXI ғасырдағы өркениеттің шыңына жеткен тарихын қарасақ, оның бірден-бір қайнар көзі – ғылыми жаңалықтар, ғылыми зерттеу жұмыстары.  Қазақстан өркениетті, дамыған елдердің қатарында боламын десе, ғылымға жеткілікті көңіл бөлу қажет», – деді Дүкен Мәсімханұлы.

Дереккөз: https://turkystan.kz/article/219688-kazakstan-orkenietti-el-bolamyn-dese-gylymga-konil-bolui-kerek-duken-mesimhanuly/