Дүңгендердің Қазақстандағы тарихы

1023

Қазақстан мен ортаазиялық дүңгендер аталған аймақтарға қоныс аудару оқиғасы XIX ғасырдың соңынан бастап орын алды. Олар бұл аймаққа қоныс аударудан бұрын Қытайдың солтүстік-батыс бөлігіндегі провинцияларды мекендеген қытайтілді жалпылама «хуэйхуэй» (Huihui) деп аталып келген мұсылмандар болатын.

Қытайлық дүңгентанушылардың пікіріне жүгінер болсақ, Қытай мұсылман қауымының қалыптасуы мен этнос ретінде қа­лыптасуына ең әуелі арабтар мен пар­сылар, сонан соң моңғол дәуірі кезең­інде Қытайға барған – Орта Азиядағы мұсылман түркі халықтары негізгі рөл атқарған деп санайды. Түрлі тарихи дерек­терге қарағанда, арабиялық, персиялық мұсылмандардың алдыңғы легі VII ғасырдың ортасынан бастап Қытай жаға­лауларына дейін барып, сау­да жасап тұрған. Осы саудагерлердің кейбірі Қытай жерінде ұзақ уақыт тұрып, жергілікті халықпен сіңісіп, отбасын құрып, мекендеп қалды. Қытайлар оларды «Фанкэ» (番客-fаnkе, яғни «шетелдік қонақтар») деп атап оларға ерекше жеңілдіктер жасап отырды. Фанкэлер мұсылман әлемімен байланысын жо­ғалтпады. Мұсылман арабтар мен пар­сылардың Қытай елімен арадағы бұл қарым-қатынасы VII-XII ғасырлар арасында тұтастай жалғасын тауып отырды. Қытайлық дүңгентанушылардың пайымдауынша, мұсылман қауымының алғашқы тобы осы кезеңде қалыптасты деп санайды. Қытайда мұсылмандар санының еселеп артуы, сондай-ақ бүкіл Қытай аумағында ауқымды түрде таралуы Моңғол жорығынан басталды.

XIII ғасырдың бірінші жартысынан бастап Шыңғыс хан мен оның мұрагерлерінің Батыс Азия, Орта Азия, Персия және Арабияға жасаған жорықтарынан кейін моңғолдар жаулап алынған елдердің мұсылмандарынан арнаулы қосындар жасақтап, оларды Қытайға жорықтарға аттандырды. Олардың қатарында тек жауынгерлер ғана емес, ғұлама ғалымдар, діни адамдар, түрлі саланың білікті мамандары, қолөнер шеберлері, архитекторлар, құ­рылыс шеберлері, қару-жарақ жасау­­шы ұсталар, дәрігерлер, ірі саудагерлер, талантты қолбасшылар және т.б. бол­ды. Олар Шыңғыс ұрпақтарының Қы­тай­да құрған мемлекетінің дамуы мен кемел­денуіне де айтарлықтай үлес қосты.

Құбылай құрған Юань патша­лығы дәуірінде (1271-1368 жж.) мұсыл­ман­дардың қоғамдық орны басқалар­ға қарағанда жоғары болды. Себебі им­перияның бірінші деңгейлі халқы – моң­ғолдар болды. Мұсылмандар болса империяда моңғолдардан кейін екінші санаттағы азамат саналған «Сымужэнь» тобына жатты. «Сымужэнь» тобына жат­қандар арасында арабтар мен пар­сылар, моңғол дәуіріне дейін Орта­лық Азияда билік еткен бірқатар мұсыл­ман түркі тайпалары, соның ішінде қыпшақтар, қаң­лылар, қарлұқтар, арғындар, жетісулық бас­қа да түркі тайпалары, кавказдық халық­тардың уәкілдері, орыстар, Шығыс түркіс­тандық түркі тілді мұсылмандары, асут­тар болды.

Ислам дінінің жеткілікті деңгейде уағыздалуы әсерінде дін догмалары мен рәсімдерін тарататын Ислам орталықтары қалыптасты, мұсылмандар бар жердің бәрінде дерліктей мешіт-медреселер бой көтерді. Мұсылмандарды жаппай «хуэйхуэй» (дүңген) деп атау ресми түрде орныға бастады.

1368 жылы Юань патшалығы жойылып, Моңғол ақсүйектерінің Қытайда­ғы билігі құрдымға кетті. Қытайда этни­калық қытайлар құрған Мин динас­тия­сы орнады. Моңғол ақсүйектерінің бір бөлігі Моңғолияға көшіп кетті. Алай­да моңғолдармен бірге Қытай жері­не келген мұсылмандардың ұрпақ­та­ры Қытай жерінде қала берді. Олар Қытайдың Солтүстік Батыс және Оң­түстік Батыс аудандарында шоғырлы түр­де қоныстанып отырды. Олар Юань дәуірінде қалыптасқан дәстүр бойынша «хуэйхуэй» деп аталды. Кей жерде «хуэйжэнь» (回人) деп аталды. Юньнань провинциясы аумағына қоныстанған тобы «хань чуан хуэй» (汉穿回 – қытайша киінетін мұсылмандар) деп те аталды.

Манжүрлердің Цинь патшалығы билік жүргізген дәуірде (1636 -1912 жж.) күллі мұсылмандарды жаппай «хуэйхуэй» немесе «хуэйминь» (Huіmіn) деп атады. XVIII ғасырдың екінші жартысында Цин патшалығы Қашқарияны жау­лап алғаннан кейін ондағы түркі тілді мұсылмандарды (кейін келе бір тұтас ұйғыр атанған мұсылман түркілер) Қытай жеріндегі мұсылмандардан парықтау мақсатында «чань хуэй» (Chаn huі) немесе «чаньминь» (Chаn mіn) деп атай бастады.

Цинь патшалығы дәуірінде дүңген­дердің негізгі бөлігі Шаньси, Ганьсу және Юньнань провинцияларында шоғырлы түрде қоныстанды. Олар өз ата-баба тілін бірер ұрпақ өткеннен кейін мүлде ұмы­тып, қоныстанған аймақтарындағы этни­калық қытайлардың жерлік диалектісінде сөйлейтін болды.

Қытай Халық Республикасы құрыл­ғаннан кейін ресми Бейжің оларды «хуэйцзу» (回族) деп атап, «ұлт» мәртебесін берді әрі ресми түрде елдегі 56 ұлттың бірі деп санады. 2010 жылғы санақ бо­йынша Қытайда хуэйцзулардың (дүң­ген) саны 10 586 087 адам болған.

XIX ғасырдың екінші жартысында Цинь патшалығы жыл сайын салықты өсіріп отырды. Содан 1862 жылы Шань­си-Ганьсу провинциясындағы мұ­сылман дүңгендердің көтерілісі басталып, оның соңы алапат ауқымды қантөгіс шайқас­қа ұласты. 1874 жылы Цин үкіметі Шы­ғыс Түркістанда орын алған ұлт-азат­тық күрестерді жаныштауға бел бу­ды. Цин патшалығы генаралдары Цзо Цзунтан мен Шаньси-Ганьсуй және кө­тері­­лісшілердің басшылары Биянху (Бай Яньху), Ма Дажэн (Ма Далао-е), Ма Ахун, Да Сыфулар (Дидао Аде немесе Юсуф Хажы) арасындағы шайқас Шы­ғыс Түркістанда өз жалғасын тапты. 1875 жылы көктемінде Цин әскері Шы­ғыс Түркістанның шығыс бөлігіндегі қа­лаларды басып алды. 1876 жылдың күзінде Цзо Цзунтанға «дүңген қарақ­шы­ларының көзін бір жола құрту» туралы патша жарлығы түсті. 1877 жылы Цин патшалығы Тоқсун, Тұрфан, Корла, Қарашәр, Ақсу, Үш-Тұрфан және Қаш­қа­рияны толығымен басып алды. Енді дүң­гендерге Ресейге (Ресейге тәуелді Орта Азияға) қашудан басқа амалы жоқ еді.

Ма Дажэнь басқарған дүңгендер жазалаушы қосындардан жеңіліп 1 000 адаммен Ош қаласына келіп жетті. Да Сыфу бас­таған гансулық дүңгендер 1878 жылы көк­темде 1 130 адаммен Пржевальск қала­сына (Қаракөл) жетті. Биянху бас­таған топ (3 314 адам) Қырғызстан аума­ғындағы Тоқмаққа келіп жетті.

Одан Жетісу жеріне қоныс аударған дүңгендерге қазақ халқы ыстық құшағын ашып, жерінен енші бөліп берді. Атап айтқанда, Қордай ауданына келген дүңген жұртының алдынан шығып, қазақ халқының туа бітті дарқандығын танытқан, шұрайлы жерінен жер бөліп беріп, қоныстандырған Ноғайбай бидің (Ноғайбай Дәулетбақұлы) жомарттығы мен ізгі істері күні бүгін ел аузында аңыз болып айтылып келеді.

Дүңген көшінің екінші легі 1881 жылы Ресей мен Қытайдың Іле аймағында­ғы шекара мәселесін айқындауға ар­налған «Петербург шарты» негізінде мүмкін болды. Аталған келісімшарттың қатысты тармақтарында дүңгендер мен ұйғырлардың Қытайдың Іле айма­ғын­да қалуына немесе Ресей аумағына қоныс аударуына болатыны туралы нақты құқықтары қарастырылған. Осы тармақтарға байланысты Жетісу өңіріне дүңгендер мен ұйғырлар келе баста­ды. Себебі дүңген көтерілісін жаншу кезінде­гі Цин жазалаушыларының қатыгездігі­нен әбден түңілген Құлжа атырабында­ғы ұйғырлар мен дүңгендердің белгілі бөлігі Цин патшалығының тағылық би­лігінен құтылу үшін ата мекендерін тас­тап, Ресейге кетуге ынталы болды. 1884 жылғы мәлімет бойынша Іле (Құлжа) өлкесінен Жетісу өңіріне 4 682 дүңген қоныс аударып, Жаркент, Верный, Піш­пек уездеріне қоныстанған.

Дүңгендердің Қазақстанға келуі өткен ХХ ғасырда да жалғасты. Бұл жол­ғы қоныс аударушы дүңгендер негізі­нен синь­цзяндық дүңгендер болды. Олар­дың елеулі тобы 1950-1966 жылдары КСРО мен ҚХР қарым-қатынасында қа­лыптасқан жағдайларға байланысты Қазақстанға қоныс аударып, Алматы қаласына, Жаркентке және т.б. жерлерге орнықты. Дүңгендер Қазақстанға қоныстанғаннан кейін олардың өмірі қазақ халқының тарихи тағдырымен сабақтасып кетті. Жергілікті қазақтар оларды барынша бауырына басып, олардың ұрпақтарының осы топырақта бейбіт өмір сүруіне, өсіп-өркендеуіне аса зор қамқорлық жасап келеді.

150 жылдай дүңгендер мен қазақ­тар бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, достасып, ағайын-туыс болып кет­ті. Дүңгендер қазақтармен XX ғасыр­дың басында орын алған жұт пен ашар­шылық қиыншылығын бірге көрген. Ресей патшалығына қарсы көтерілісте дүңгендер қазақтармен бірге белсенділік танытқан. Мысалы, дүңген этносының батыры Мағаз Масаншы 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы, атақ­ты қазақтың батыры Амангелді Има­новпен бірге болған.

Дүңгендер қазақ жеріне орныққаннан бері қазақ халқының өздеріне жасаған бауырмалдығы мен жанашырлығын бір сәт естерінен шығармай келеді. Бұл ретте, әсіресе дүңген халқының батыр ұлы Бұлар Магуевтің қазақ халқына жасаған жақсылығын айрықша атап айтуға болады. Бұлар батыр 1870 жылы Қытайдың Шаньси өлкесінде өмірге келген. 1877 жылы дүңген көтерілісшілерінің басшысы Биянху батыр бастаған 3314 адамнан тұратын босқын топтың ішінде Бұлардың әкесі Магуй батыр да бар еді.

Қазақ, қырғыз, дүңген халықтарының тәрбиесін тең көріп, мәдениеті мен дәстүрін тел еміп өскен жас Бұлар іскер, шешен, әділетшіл, батыр болып есейеді. Өсе келе Бұлар Магуев Қарақоңыз (Николаев) болысына болыс болып сайланады. Ол қазақ-қырғыздың Шабдан Жантаев, Дүр Сауранбаев, Ғали Өзбеков, Барлыбек Сыртанов, Ыдырыс Садыбеков, Бекболат Әшекеев, Сәт Ниябеков, Ыбрайым Жайнақов секiлдi белгiлi кiсiлерiмен тығыз қарым-қатынаста болып, Жетiсу өңiрiндегi саяси және мәдени-көпшiлiк іс-шараларға да белсендi түрде қатысып отырады.  

1916 жылғы көтерiлiс басталғанда дүңгендердің басым бөлiгi қазақ-қыр­ғызға тiлеулес болды. Елге төнген тау­қыметті жылдарда қазақтар өзге этнос өкіл­деріне, соның ішінде дүңгендерге қамқорлық көрсетіп отырды. Ал дүңген этносы өз тарапынан қолдан келген кө­мегін берді. Мысалы, Қарақоңыз болысы Бұлар Магуевтiң басшылығы­мен ел болып, жабыла жүргiзген сулан­дыру жүйелерi қордайлықтарға әлi күн­ге қызмет етiп келедi. Қазақстандағы дүңгендердің 70 пайызына жуығы Қор­дай өңiрiнде тiршiлiк етуде. Соның бiраз бөлiгiн Бұлар батырдың ұрпақта­ры және ағайын-туыстары құрап отыр. Сондай-ақ Бұлар батырдың тікелей ұр­пақтары Қазақстанның ғылым, білім, өндіріс, ауыл шаруашылығы салаларында да жемісті еңбек етуде. Солардың бірі – көрнекті қоғам қайраткері Ілияс Жүсіпұлы Бұларов. Ол 30 жасында-ақ «Коммунистический» (қазiргi Сортөбе) ауылының колхоз төрағасы қызме­тi­не көтерiлiп, нарықтық экономикаға кө­шудiң алғашқы қиындықтары тұсын­да басшылық қызметте болды. Әрісі тұ­тас еліміздегі, берісі Қордай өңіріндегі көптеген қайырымдылық iс-шараға мұрындық болған Iлияс Жүсіпұлы рес­публикамыздағы екi бiрдей жоғарғы оқу орнын бiтiрген инженер, ұзақ жылдар «Казтрансгаз-Алматы» акционерлiк қоғамында абыройлы қызмет етті. Бүгінде Мәжіліс депутаты.

Жалпы, дүңген халқы қазақ хал­қының, оның ішінде Ноғайбай би баста­ған ел азаматтарының қамқорлығы мен жақсылығын ешқашан естен шығар­ған емес, әсіресе дүңген халқының уәкіл­дері өздерінің алғаш қазақ арасына келген кездегі азып-тозған тағдырын әлі күнге жиі еске алады әрі қазақ хал­қының «бауырым» деп ашқан ыстық құшағын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, мәңгі есте сақтауды насихаттап келеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қордайдағы дүңгендер Ноғайбай бидің басына ескерткіш орнатып, жанынан шағын мешіт салды. 2013 жылы дүңгендер қазақ халқына тағы бір ерекше құрмет көрсетті. Биянху батыр ұр­пақтары мен халық бірігіп «Сиань – Масанчи» атты қашықтығы 6300 ша­қырым болатын халықаралық велошеру өткізді. Велокоманда Масаншы ауылына қайта оралған сәтінде «Ұлы қазақ халқына дүңген этносынан» деген ескерткіштің ашылу рәсімін жасады. 2018 жылы «Вэнхуа» дүңген этномәдени орталығы, ақсақалдар және әкімшілік бірігіп Сортөбе ауылында Ноғайбай биге ескерткіш орнатты.

Дүңгендер өздерінің адал еңбегімен қазақ халқына зор құрмет көрсетіп, ел экономикасы мен өңірдің дамуына үлесін қосып келеді. Сонымен қатар дүңгендер еліміздің спорт саласының дамуына да айтарлықтай үлес қосып келеді. Есімі күллі әлем жұртына белгілі Мая Манеза, Зульфия Чиншанло, Рашид Дауров, Ша­мил Фушанло, Искандер Харсан секіл­ді жерлестеріміз Қазақстанның көк Туын әлемдік аренада сан мәрте желбіретті.

Кеңес Одағының ыдырауы қарса-­­
ң­ында, яғни 1989 жылғы санақ бойынша Қазақ­­стандағы дүңген халқының саны 30 165 адам болса, 2014 жылғы соңғы мәлімет­терде дүңген халқының саны 62 029 адамға жеткен. Мұны Қа­зақстан дүң­гендері­нің тарихында дүң­гендердің басына «қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған» бейбіт заманы орнап, бай-бақытты өмір кеше бас­тағанының нақты дәлелі деуге болады.

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,

филология ғылымдарының докторы, профессор,

Жанымхан ОШАНҰЛЫ,

тарих ғылымдарының
кандидаты, доцент

Дереккөз: https://egemen.kz/article/305327-dunhgenderdinh-qazaqstandaghy-tarikhy

https://pria.org/https://oia.umb.ac.id/https://empowerment.co.id/https://pustakailmiah.id/https://zonasultra.id/https://www.kendariaktual.com/wp-includes/site/https://himaindustri.unpam.ac.id/https://library.iainkediri.ac.id/https://newepaper.jawapos.co.id/thumbnail/dist/https://prakerja.nusatalent.com/file/https://ejournal.insuriponorogo.ac.id/config/https://www.rsudsyamsudin.co.id/gacor/https://eproc.jawapos.co.id/adminlte/plugins/site/https://rskiasawojajar.co.id/