ХХІ ғасырдағы Қытай Халық Республикасының сыртқы имиджі мәселесі

1626

А.М. Амиргалиева

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақстан Республикасы,Алматы қ.

E-mail: aizhan.tokkarina@list.ru

Мақалада бүгінгі таңдағы Қытай имиджінің «ішкі» және «сыртқы» аспектілері қарастырылды. ҚХР халықаралық қатынастардың ірі субъектісіне айналған кезеңде «имидждік фактор» маңызды рөл атқарады.

Түйін сөздер: Қазақстан, Қытай, имидж, «үйлесімді қоғам», Конфуций институттары.

А.M.Amirgaliyeva

Questions to the external image of the Republic of China in the XXI century

This article discusses aspects of the «internal» and «external» image of modern China. «Factor image» held an important role in the making of China as a major subject of the international relations.

Key words: Kazakhstan, China, image, «harmonious society», the Confucius Institute.

 

А.М. Амиргалиева

Вопросы внешнего имиджа Китайской Народной Республики в XXI веке

В данной статье рассматриваются аспекты «внутреннего» и «внешнего» имиджа современного Китая. «Фактор имиджа» занимал важную роль в период становления КНР как крупного субъекта международных отношений.

Ключевые слова: Казахстан, Китай, имидж, «гармоничное общество», институты Конфуция.

Мемлекетаралық байланыстар тұрақты даму үшін экономикалық, саяси, дипломатиялық және мәдени қатынастардан бөлек әрбір елдің «сыртқы әлемдегі» бейнесі үлкен орын алады. Бұл, әсіресе, жаһанданудың үдеп келе жатқан қазіргі кезеңінде маңызды.

Экономика саласындағы елеулі жетістіктер мен халықаралық деңгейдегі беделінің жоғарылауы оның геосаяси ұстанымдарына әсер ететіндігі белгілі. Халықаралық қауымдастықта Қытайдың сыртқы бейнесі мен онымен қарымқатынас жүргізу ерекшіліктері қайта қарастырылуда. Көптеген мемлекеттер Қытайдың ХХІ ғасырда жетекші державаға айналатындығын болжай отырып, қазіргі уақыттан тығыз байланыстар орнатуға қызығушылықтарын білдіруде. Дегенмен, Қытайдың ұстанымдары мен көзқарастарының өзгеріске ұшырауы өзге әлемдік «ойыншылармен» мүдделер қақтығысын тудыруы мүмкін. Жоғарыда аталған жағдаяттар ҚХР басшылығын мемлекеттің ішкі және сыртқы бейнесін жағымды етіп құруға итермелейді.

Мақалада назарға алынып отырған «имидж» сөзін ғылыми айналымға 1950-жылдардың соңына қарай америкалық экономист К. Боулдинг саясат пен бизнес саласына да енгізген болатын. Оның түсінік беруі бойынша, имидж – қоғамның әдептік, мінез-құлықтық стереотиптеріне, шынайы фактілерге еш қатыссыз адамдар пікірлеріне, мифологиялық өткен уақыт жайындағы ойлау мен қиялдағы болашақ жайындағы болжамдарға сүйенеді. К. Боулдингтің пікірінше, имидж жекелеген тұлғалар мен топтардың іс-әрекеттеріне, тұтастай ұлттардың мінез-құлықтарына әсер ете алады [1].

«Қытай бренді» еңбегінің авторы, Джошуа Рамоның пікірінше, Қытайдың ұлттық имиджімен (гуоцзя синсян) маңызды стратегиялық мәселелер (тұрақты экономикалық өсім Тайвань мәселесі және т.б.), сондай-ақ, тактикалық мақсаттар (тікелей шетелдік инвестициялар сапасын арттыру, өзге елдермен технология және білім беру саласында әріптестік орнату, қытайлық компаниялардың әлемдік нарыққа енуі мен т.б.) байланыстырылады [2].

ҚХР жағымды имиджінің болуы халықаралық мәселелерді шешу кезінде әріптес елдерге өзара сенімділік орнатып, жағымсыз имидж ұтымды келіссөздерді тежеп, экономикалық дамуды кешеуілдететіні анық. Дж. Рамо Дэн Сяопиннің еңбегін атап өте келіп, «Қытай басқа мемлекеттердің даму жолына жалтақтамай, өзіндік жеке бағытпен өркендейді» деген шешімін қазіргі ҚХР бейнесіне айтарлықтай әсер етті деп топшылайды.

Америкалық «Пью» зерттеу орталығының әлеуметтік сауалнамасының нәтижесі бойынша қытайлықтар әлемдегі өз өмірлеріне ең көңілі толатын халық болып саналады екен. Сауалнамаға қатысқандардың 86%-дан астамы мемлекеттің ұстанған бағытына көңілдерінің толатындығын айтқан, ал 65%-ы мемлекет алдына қойылған тапсырмаларды ойдағыдай жүзеге асырып келеді деп есептейді. Қытайлықтардың 3/4 бөлігі шетелдіктер Қытайға жақсы көзқараспен қарайды десе, тек 10%-ы ғана шетелдіктер Қытайға теріс көзқараста деген ой білдірген.

2008 жылы маусымда жарияланған «Global Attitudes Survei» сауалнамасы 24 елде жүргізіліп, 21 елде Қытайға деген оң көзқарас 46%-ға тең екендігін көрсеткен. Қарастырылған мемлекеттердің 15-інде сол елдердің жағдайына Қытайдың жағымсыз әсері бар дейтін адамдардың саны артық болып шыққан [3].

BBC агенттігінің сауалнамасы бойынша сұралғандардың көпшілігі (Ұлыбритания мен Бразилияда) қытайлықтарды заманауи және өздеріне дос ел деп есептейді, ал америкалықтардың жартысынан астамы қытайды өз одақтасына қарағанда қауіпті мемлекетке балайды.

Қытай өзін әрдайым әлемнің орталығында орналасқан ел деп есептеп келді. «Чжунго» немесе «Орталық патшалық» деп қытайлықтар өз мемлекетін атайды. Орталық түсінігі – көне өркениеттің отаны саналатын, бес мың жыл бойы өз-өзін орталық мекен санап келген ел атауының философиялық мағынасы болып табылады.

Мемлекеттің имиджін қалыптастырудағы негізгі бағыт ретінде ҚКП ХVІІ съезіндегі қабылданған «адам – барлық дүниенің бастауы» ұранын қарастыруға болады. Аталған съезде Ху Цзиньтао елде әлеуметтік қамтамасыз ету, халықты жұмыспен қамту, білім беру, денсаулық сақтау, баспана, өндірістегі қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп және басқа да бірқатар салаларда қиыншылықтардың бар екендігін мойындап сөз сөйлеген еді. Партия «Қытайды бай, қуатты, демократиялық, өркениетті, үйлесімді жаңашыл социалистік мемлекетке айналдырамыз» деп уәде берді [4].

ҚКП басшылығы кейінгі өткізілген партияның XVIII съезінде бүгінгі таңдағы қытайлық социализмді дамыту ісінде жауапкершілік көп және артылатын жүк ауырлай түскендігін талқылай келіп, «Үш негізгі тарихи міндетті: модернизацияны ілгерілетуді, Отанды біріктіруді аяқтауды, бүкіл әлемдегі бейбітшілікті сақтау мен ортақ дамуды үйлестіруді бұрынғыдан да зор ынта-жігермен орындау керектігін» анық айтты. Аталған баяндамада коммунистер сергек болуы, қарапайымдылықтары мен сана тазалығын сақтауы, ақиқатты берік түрде қолдауы, қателіктерін түзетуі, партия ісіне өз қажеттіліктерін сезінуі, орта деңгейлі қамтамассыз етілген қоғамды құруға табандылықпен қызмет етуі, қытай ұлтының және қытай еліндегі барша халықтың бақытты болашағын құруға үлес қосу қажеттілігіне баса назар аударылған [5]. Қытайдың былайша жоспар құруы мен мақсаттар қоюы елдің ішкі ортасында тұрақтылықты орнату арқылы сыртқы саясатында мемлекет беделін, имиджін жағымды түрде қалыптастыруды меңзейді. «Отанды біріктіруді аяқтау» идеясының астары біртұтас Қытай, яғни ұтымды бейбіт жолмен этно-аймақтық және геосаяси мәселелерді түгелдей шешу жолдарын жүзеге асыруды білдіреді.

«Үйлесімді қоғам» құру саясаты басталған уақытта Қытайда миллиард адамның 250 млн. (1/4) қайыршылықта өмір сүрді. Олардың әрқайсысының айлық табысы 5 АҚШ долларынан аспайтын көрсеткішті құраған. Қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 26 млн. адамға дейін қысқарып, халықтың 2%-ын ғана қамтиды. Қытайдың ішкі имиджі мемлекет тарапынан қатаң бақыланып отырады. Партия идеологтарының пікірінше, БАҚ бақылаудан шығып кету қаупі бар тақырып пайда болса, басылымдар және теле-радиобағдарламаларда қозғауға тыйым салынады. Қатаң шектеулер, негізінен, саяси тақырыптарға қатысты. Экономика жайлы басылымдар оған қарағанда либералды болып келеді. Интернет ресурстары да мемлекет бақылауында тұрған ақпарат көзі.

«Ішкі» беделге мемлекет абыройын білдіретін рәміздер анағұрлым ықпал етеді. Бұл контексте Қытай және басқа да мемлекеттердің тұрғындарына әсер ету үшін және әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеті болу құштарлығы қолжетімді екендігін көрсетуге бағытталған халықаралық деңгейдегі назарлық жобалар жасалады. Мысалы, әлемдегі ең биік ғимаратты, ең жоғары тау үстіндегі темір жол, әлемдегі ең ұзын көпір салу, Олимпиада ойындарын, ЭКСПО-2010 көрмесін өткізу және т.б.

Қытайдың «ішкі» имиджін қалыптастырумен қатар басшылық сыртқы саяси бейнеге де көп назар аударады. Әлем ҚХР-ды дүниежүзілік көшбасшылыққа ұмтылатын мемлекет деп қабылдайды. Бұл – едәуір басымдылыққа ие, кешенді қуаты бар мемлекет, әлемдегі аса үлкен нарық, БҰҰ ҚК бес мүшесінің бірі. ҚХР халықаралық беделі артқан сайын дүниежүзі қауымдастығында оны ұлы мемлекет деп мойындауға және тиісті құрмет көрсетуге лайықты деп есептелінеді. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін динамикалық түрде дамып келе жатқан экономика мен белсенді дипломатия арқасында Қытай АҚШ-қа тең келетін ұлы держава рөліне үміткерге айналды. Кейбір саясаттанушылар бұны АҚШ-пен шиеленіске алып келуі мүмкін дейді. Осы орайда Тайвань мәселесі сылтау болғанымен, шынайы себептер – Оңтүстік Қытай теңізіндегі мұнай қорлары, Қытайдың АСЕАН-дағы ұлғайып келе жатқан ықпалы негіз болуы ықтимал [6].

Өз ұстанымын демократияны насихаттау идеясы арқылы нығайтатын АҚШ-пен салыстырғанда Қытай жолы сауда-экономикалық байланыстарды дамытуды көздейді. Атап айтқанда, өз экспорттық капиталын ұлғайту, сыртқы нарықтың және қор көздерінің жалпылай диверсификациясы, инвестициялар мен технологиялар, әлеуметтік тұрақтылық жағдайындағы мемлекеттің ішкі нарығы мүмкіндіктерін сыртқа жарнамалау арқылы айқындайды.

2001 жылы ҚХР ДСҰ кіруі көбіне мемлекет дамуының әлеуметтік-экономикалық перспективаларын анықтайтын, сонымен бірге оның әлемдегі экономикалық ықпалын күшейтетін маңызды оқиға болды. ДСҰ мүшелігінің алғашқы екі жылында ҚХР сыртқы саудасының көлемі 2001 жылы 510 млрд.доллардан 2003 жылы 851 млрд. дейін көбейді, тікелей шетелдік инвестициялар көлемі тиісінше 46,9 млрд. доллардан 53,5 млрд. долларға дейін өсті. Қытай ашық дүниежүзілік сауда жүйесіне кіруі нәтижесінде өз экономикасының дамуы үшін белгілі бір басымдықтарға ие болды. ҚХР өнеркәсібінің халықаралық нарықта бәсекеге қабілетсіз деп танылған кейбір салалары (мысалы, автомобиль жасау) бұрынғыдан қарағанда жылдам қарқынмен дами бастады. Дегенмен, бұл жерде Аспан асты елі автомобильдерінің жапондық немесе еуропалық үлгілермен сыртқы ұқсастығына байланысты келеңсіздіктер орын алған еді, бұл мемлекет беделіне жағымсыз әсер етті.

Мемлекет бейнесінің саяси құрамдас бөлігін сараптаған кезде: соңғы сәтке дейін Бейжің әлемді бағындыру жоспарын көздемегенін атап өту керек. Біздің ойымызша, ҚХР үшін «әлемдік билеуге» үміткерліктен қарағанда, оның «теңқұқықтығын» мойындату анағұрлым көкейтесті болып табылады. Қытай халықаралық қатынастардың жаһандық жүйесіне лайықты шарттармен ғана кірігуді, аймақтық көшбасшы болуды ғана қаламайды, сонымен қатар жаһандық үрдістердің маңызды қатысушысы, дүниежүзінің алдыңғы қатарлы мемлекеттерімен тең құқылы келіссөз жүргізуді көздейді.

ҚХР үшін ішкі және саяси тұрақтылық – сәтті даму үшін абсолютті қажетті жағдай екенін Қытай саясаткерлері жақсы түсінеді. Бұндай тұрақтылыққа ұмтылу соңғы уақытқа дейін Қытай бейнесін қалыптастырудағы құлшыныстарды анықтап келді.

1990 жылдар ортасынан бастап реформа үстіндегі Қытай шетелдер тарапынан сын күшеюі бетпе-бет келді: оның ішкі саясатын жағымсыз бағалауға бұның тарапынан әлемдік қауымдастыққа әскери және экономикалық қауіптің ұлғаюы, тоталитарлық билік тәртібімен ынтымақтастығы туралы айыптаулар қосылды. Батыс пен Шығыста ХХІ ғасырда Аспан асты елі әлемдік істерде доминациялық рөлге ие болу мүмкіндігіне байланысты кейбір алаңдаушылық біліне бастады. Бұған жауап ретінде батыс сынының негізінде тұратын қарсы насихат басылымдары орын алды («Қытай коллапсы», «Қытай қауіпі», «Қытайдың дефляцияны экспорттауы» теорияларын жоққа шығару).

Қытайдың биіктен көрінуіне байланысты әлемдік қауымдастықтың бір бөлігінің алаңдаушылығын толық түрде тоқтата алмаса да, азайту қажеттілігін түсіне отырып, ел басшылығы көршілес мемлекеттермен пайда болатын дауларды күшпен емес, керісінше келіссөздер жолымен шешуді мемлекет бейнесінің қалыптасуына бағытталған бағдар ретінде анықтады. Бейжің өзінің күшеюі бейбіт сипатта екендігіне және қытай экономикасының өсуі ешкімге қауіпті еместігіне әлемдік қауымдастықтың көзін жеткізуге тырысты. Қытай бұдан да жоғары халықаралық мәртебеге ие бола алатын ұстанымға жақын тұрғанына қарамастан, ол өте ауқымды ішкі мәселелердің алдында тұр және негізгі басымдықты осылардың шешілуіне беріп өзінің халықаралық маңыздылығының нығаюы мәселесін шегере тұруы керек.

«The Peking Review» және «Government Work Reports» (чженфу гунцзо баогао) сынды ресми үкіметтік басылымдар деректері бойынша, ақырғы 40 жылда әлемдік арена үшін ҚХР беделінің келесі шартты түрлері болған: «бейбітшілікті сүйетін мемлекет», «шетелдік агрессия құрбаны», «социалистік мемлекет», «революция бастионы», «дамушы мемлекет» және т.б. Реформалар кезеңінде үкімет Мао дәуірі беделінің нұсқаларын қайта қарастырды («социалистік мемлекет», «революция бастионы») [7]. Қазір екпін «халықаралық ынтымақтастық үшін ашық ел», «ірі держава» ұғымдарына қойылады.

Мемлекет бейнесін үйлестіру үшін 1990 жылы ҚКП ОК Шетелдік насихат департаментін, ал 1991 жылы ҚХР Мемкеңесі жанында Ақпараттық орталық құрылды. Мемлекет беделін қалыптастыру бағдарламасы шеңберінде ҚХР 1990 жылдардан бастап түрлі тақырыптағы «Ақ кітаптар» – ресми үкіметтік құжаттарын тұрақты түрде басып шығарды (адам құқықтары, Тибеттегі жағдай, ҚХР ұлттық қорғанысы, экология мен қоршаған орта және т.б.)

«Ақ кітаптар» Бейжің өзіне қатысты халықаралық сынды жауапсыз қалдыруды қалаған, бұрынғы уақытқа қарағанда – халықаралық қауымдастыққа көптеген маңызды мәселелер бойынша Қытай ұстанымын көрсетеді. 2000 жылдар басында Бейжің қытай жолы дамуын негіздеу үшін сыртқы саяси насихат қаруының барлығын дерлік іске қосып, экономикалық реформалар үлгісінің ерекшелігі мен сәттілігін, «бірлесе даму» және «бейбіт өрлеу» жоспарының «мақсатқа сай келуін» Қытайдың басқын империялық құлшыныстарын жоққа шығара отырып, көрсетті. Ең бірінші кезекте экономикалық өрлеуге, жиынтықты пәрменділікке және өзінің дамуына қажетті жағдай туындатуға ұмтылатын мемлекет бейнесін қалыптастыру болжанды. Қоғамдық-саяси басылымдар бетінде «бейбіт өрлеу» туралы көптеген мақалалар шықты, ғылыми конференциялар өткізілді, аз уақыттың ішінде жалпылау материалдары дайындалды. Алайда, мемлекет бейнесін халықаралық алаңда осылай ұстанымдыру басқа мемлекеттер мен қауымдастықтар тарапынан жағымсыз реакцияға ие болуы мүмкін. «Қытай өрлеуі» туралы амбицияны еске салу тіпті «бейбіт» болса да (хэпин цзюеци) шетелдік аудиторияны алаңдатуды қоймады. Сонымен, 2004 жылғы жазда «бейбіт өрлеу» туралы ұран насихаттық қолданыстан шығарылды. Нәтижесінде, билік 1980 жылдар дәуіріндегі «бейбітшілік және даму» (хэпин той фачжань) ұғымына қайта оралып, «бейбіт дамуды» ҚХР сыртқы стратегиясының негізін құраушы деп жариялады. Бұл ұран Ху Цзиньтаодың ҚКП XVII съезіндегі баяндамасымен расталды: «Қытай бейбіт бірыңғай даму жолымен жүретін болады. Бұндай стратегиялық таңдауды дәуір дамуы беталыстарын және өзінің терең тамырлы мүдделерін ескеріп Қытай үкіметі мен халқы жасады. Қытай ұлты – бейбітшілікті өте сүйетін ұлт, ал Қытай әрдайым бүкіл дүниежүзінде бейбітшілікті қорғайтын сенімді күш болған және бола береді» [8].

Мемлекет бейнесін қалыптастыру мәнмәтініндегі «Бейбіт өрлеумен» байланысты сәтсіздіктен соң ҚХР билігі «үйлесімді» және «алтын орта аралықты» ертеден құрметтеген дәстүрлі конфуциандық ойдың гуманистік құндылықтарына жүгінді. Қытай теоретиктері американдық ғалым Д. Наймен ұсынған мәдениет және саяси идеалдардың «материалдық емес билік ресурстарын» білдіретін «жұмсақ күш» (жуанъ шили) ұғымына жиі жүгінді (28). «Жұмсақ күштің» бір көрінісі – айналадағы мемлекеттермен бейбіт көршілестік атмосферасын құруға бағытталған дипломатия. Басқа ресурстар ретінде мәдениет, оның ішінде «Қытай жылдарын» өткізу бойынша мемлекеттік бағдарламалар және ҚХР Мемкеңесімен дүниежүзіне қытай тілін тарату бойынша Конфуций институттарын құру болып табылады. Қазіргі уақытта әлемнің 75 елі мен аймағында осындай 253 институт қызмет жасауда. ҚХР Ағарту министрлігі 2010 жылы ғаламшарда 100 млн адам қытай тілін шет тілі ретінде үйренетінін санап шығарды, бұл уақытқа дейін бүкіл дүниежүзіндегі Конфуций институттарының санын көбейту жоспарлануда.

Трансұлттық корпорациялар үшін өнім шығаратын «бүкіләлемдік фабрика» түрінде орнықталған Қытай бейнесі Бейжіңді қытай билігінің «экономикалық керемет» және ІЖӨ таң қаларлық көрсеткіштерінен екпінді біртіндеп мемлекеттің жиналып қалған әлеуметтік және экологиялық мәселелерін көрсететін «үйлесімді қоғам» және «тұрақты даму» сияқты жаңа ұрандарға ауыстыруға итермелейді. Басты назар «Даму үшін қолайлы сыртқы ортаны құруға және бүкіл дүние жүзінің халықтарына пайдасын тигізу үшін Қытайға үйлесімді бейбітшілік қажет» деген ұранға аударылды.

2005 жылдың сәуірінде Джакартада Ху Цзиньтао алғашқы рет «үйлесімді әлемді бірлесе құрудың» идеясын қозғады (қытай дәстүрінің «үйлесімді» құндылықтарын, ҚХР заманауи мақсаттарын және мемлекеттің сыртқы саясатын біртұтас байланыстыруға талпыныс). Бір жыл өткен соң Йель университетінде сөйлеген сөзінде ол, Қытай өзара пайда мүддесінде ашық стратегияны ұстанатынын, ынтымақтастық арқылы басқа өркениеттердің жетістіктерін бейбітшілік пен дамуға жетуге жақындау үшін пайдаланатынын, үйлесімді әлемді құру, ұзақ бейбіт қатынастарды және жалпы гүлдену жолында өз рөлін атқаруға ұмтылатынын айтты. Қазіргі Қытай өз жетістіктерімен басқа елдермен «бөлісуге» дайын және осы арқылы оларды өзінің бұдан әрі дамуына қызықтыратын мемлекеттің қолайлы бейнесін қалыптастыруға күш жұмсауда.

Қытай мәдениеті мен ғылымының жетістіктерін алдыға шығаруға күш салынуда: жағымды өркениетті бейнені қолдау «Қытайдың әлемге шығуы», халықаралық қатынастардың үйлесімділік бағдары ашықтық саясатының құрамдас бөлігіне айналуда. Қытай басшылығының пікірінше, ҚХР абыройының өсуі, оның халықаралық ұстанымдарының нығаюы ішкі дамудың жетістіктерімен қатарлас жүруі керек, осы тұрғыдан Қытай «бірлескен дамуға» және «бірлескен гүлденуге» ұмтылатынына маңызды екпін болып табылады [9].

2008 жылғы 8 тамыздан кейін Бейжіңнің сыртқы бейнесінде жаңа кезең пайда болды, ол – Олимпиада. Оны өткізу Қытайдың жетістіктерін халықаралық дәрежеде мойындалғанын білдіреді. Олимпиада ойындары геосаяси маңызға ие – бұл мемлекет беделінің жоғарылауын, өзін жарнамалап және өз жетістіктерін көрсету арқылы ұзақ уақыт бойы жалпы назарды өзіне аудартуды білдіреді. Олимпиада ойындарын қабылдаудан бөлек олимпиадалық медальдар сынағындағы орын Қытай үшін үлкен бедел мағынасында аңғарылады. «Медаль жоспарын» орындау үшін адами және қаржылық қорлар қажет, спортқа жеткілікті қаржы құю керек. Ойындар иесінің жоғары сынамадағы ең көп медаль санын алғаны және жалпы медальдік сынақта 2-орынға шығуы ҚХР туралы ұлы спорттық мемлекет деп атау үшін қаншалықты күш жұмсалғанын көрсетеді.

Қытай ақпараттық орталығының бағалауы бойынша 2008 жылғы Олимпиада ҚХР беделін өзгертті; әртүрлі мемлекеттердің адамдары ел туралы білімдерін тереңдетіп қана қоймай, сонымен бірге оның игілікті болашағына сенімдерін нығайтқан. «Қытай әлем көзімен» атты сауалнама Олимпиада ойындары кезінде ҚХР болған шетелдіктер үшін жасалған. Олардың көпшілігінің көз алдына «заманауи», «дамыған», «ашық» мемлекет деген бейне қалыптасқан.

ХХІ ғасыр басында әлемдік қауымдастықтың көз алдында мемлекеттің жағымды бейнесін құру ісінде Қытайдың алдынан шыққан мәселелерді қосарлай келгенде, мынаны атап өту керек:

Шет мемлекеттерді ҚХР экономикалық қуатының артуы жаһандық экономиканың қалыпты дамуына қауіп төндірмейтініне сендіру қажеттілігі;

Қытай өзінің саяси институттары және адам құқықтары саласына қатысты сынға конструктивті жауап беруге үйренеді;

Қытай ерекше мәдени-өркениеттік дәстүрлерге ие болғандықтан (еуропалық-американдық дәстүрлерге ұқсамайтын) ол сыртқы әлемге өз құндылықтарының батыстықтар ұқсас болмауын, қақтығыс тудырмайтынын, бірақ өркениеттің жаһандық көптүрлілігінің маңызды элементі – дұрыс қалыптасқан халықаралық бейне ретінде ҚХР толыққанды және маңызды әлемдік «ойыншылар» қатарына қосуда елеулі үлес болатынын түсіндіру керек.

Мемлекет беделі тек қана БАҚ-та қалыпасып қоймайды, ол қоғам қызметінің басқа да салалары – мәдениетте, бизнес, ғылымдағы өзара қатынастар және т.б. қалыптасады. Мемлекетте өмір сүріп жатқан этностың ерекшелігі, оның көптүрлілігі, көне мәдени дәстүрлері, қытай тілі – Аспан асты елі мен халқының тартымды бейнесін құрудағы негіз. Маркетингтік ақшаның үлкен бөлігі шетелде өз мәдениеті мен тілін және қытайлық компаниялар жұмыс істейтін елдерде, әсіресе, Африкада қайырымдылық жасауға жұмсалады.

Халықаралық саясаттың көптеген бағыттары бойынша ҚХР жасалған қадамдардың көбі белгіленген мақсатқа аса мұқияттылық және сақтықпен әлемдік гегемонияға қарай қозғала алу қасиетін көрсетті. Экономикадағы және сыртқы саяси қызметтегі жетістіктерінен басқа – өз беделі туралы мәселені ең басты назарда ұстап Қытай сыртқы ортамен өзара әрекет етудің жаңа дәуіріне шықты.

Әдебиеттер

  1. Boulding K. The Image. Ann Armor, 1956. Цит. по: Галумов Э.А. Международный имидж России. – М., 2003. – С.7.
  2. Ramo J.C. Op. Cit. P. 12-http://www. Joshuaramo.com/_files/ Brand-China.pdf.
  3. Калин Д. Ослепленный самоизоляцией (The Washington Post. 2008. 7 Aug)-http:/www.inosmi.ru/stories/06/05/02/3479/243064. Html.
  4. Карпогольцев И. Задачи социально-экономического развития Китая на пленуме КПК от 13,10,2008//http://rodon. Org/ polit-081013153525
  5. Алдабек Н.А., Бектурганова П.Е., Сериккалиева А.Б., Дауен Д., Асыл М. Парадигма модернизации Китая и социально-экономическое развитие Республики Казахстан//Изд. КазНУ им. аль-Фараби, 2014. – 199 с.
  6. Луар Т. Китай – новая сверхдержава. http://www.news. bbc.co.uk./hi/in_depht/newside_4307000/4307933.stm
  7. Hongying Wang. National image building and Chinese foreign policy//China: an International Journal. 2003. March. P.52.
  8. Информационное агенство «Синьхуа». Пекин, 2007. 24 окт. Цит по: Ворох О., Ломаное А. Скромное обаяние Китая // Pro et Contra. 2007. N 6. C.42.
  9. Титаренко М.Л. ХVII Съезд КПК. Перспективы светлые, но путь извилистый// Проблема Дальнего Востока. 2007. N12. – C. 68.

References

  1. Boulding K. The Image. Ann Armor, 1956. Cit. po: Galumov Je.A. Mezhdunarodnyj imidzh Rossii. – M., 2003. – S.7.
  2. Ramo J.C. Op. Cit. P. 12-http://www. Joshuaramo.com/_files/ Brand-China.pdf.
  3. Kalin D. Osleplennyj samoizoljaciej (The Washington Post. 2008. 7 Aug)-http:/www.inosmi.ru/stories/06/05/02/3479/243064. Html.
  4. Karpogol’cev I. Zadachi social’no-jekonomicheskogo razvitija Kitaja na plenume KPK ot 13,10,2008//http://rodon. Org/ polit-081013153525
  5. Aldabek N.A., Bekturganova P.E., Serikkalieva A.B., Dauen D., Asyl M. Paradigma modernizacii Kitaja i social’no-jekonomicheskoe razvitie Respubliki Kazahstan//Izd. KazNU im. al’-Farabi, 2014. – 199 s.
  6. Luar T. Kitaj – novaja sverhderzhava. http://www.news. bbc.co.uk./hi/in_depht/newside_4307000/4307933.stm
  7. Hongying Wang. National image building and Chinese foreign policy//China: an International Journal. 2003. March. – P.52.
  8. Informacionnoe agenstvo «Sin’hua». Pekin, 2007. 24 okt. Cit po: Voroh O., Lomanoe A. Skromnoe obajanie Kitaja // Pro et Contra. 2007. – N 6. – C.42.
  9. Titarenko M.L. HVII S#ezd KPK. Perspektivy svetlye, no put’ izvilistyj// Problema Dal’nego Vostoka. 2007. – N 12. – C.68.

Дереккөз: ҚазҰУ ХАБАРШЫСЫ Шығыстану сериясы №4 (70) 

https://www.pria.org/https://ula.kemendagri.go.id/https://fkip.unsulbar.ac.id/https://rskiasawojajar.co.id/https://satvika.co.id/https://lpmpp.unib.ac.id/https://cefta.int/https://terc.lpem.org/https://empowerment.co.id/https://pgsd.fkip.unsulbar.ac.id/https://ilmuhukum.unidha.ac.id/http://ebphtb.linggakab.go.id/https://gizi.poltekkespalembang.ac.id/https://eproc.jawapos.co.id/https://lppm.unika.ac.id/