Ә.ДЕРБІСӘЛІ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ШЫҒЫСТАНУ ҒЫЛЫМЫ

1229

М.Б. Салқынбаев

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақстан Республикасы, Алматы қ. E-mail: m.salkinbayev@mail.ru

Мақалада қазақ шығыстану ғылымының негізін қалаушылардың бірі, белгілі ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлінің ғылыми еңбектері сараланып, талдау жасалады. Автордың қаламынан шыққан «Араб әдебиеті», «Арабоязычная литература Марокко» сияқты араб әдебиетінің тарихына арналған монографиялары мен «Шыңырау бұлақтар», «Қазақ даласының жұлдыздары» және т.б. іргелі зерттеу кітаптарының ғылыми құндылықтары зерделенеді.

Түйін сөздер: араб әдебиеті, әдеби байланыс, ислам, шығыстану, рухани мұра.

M.B. Salkynbayev

ABSATTAR DERBISALI AND KAZAKH ORIENTAL STUDIES

This article submit an analysis of scientific works of the famous scientist and one of the founders of Kazakh Oriental Studies Absattar kazhy Derbіsalі . And also investigated scientific values such as his monograph “Arab adebietі “, “Arabic-language literature of Morocco” and fundamental work such works as “ Shynyrau bulaktar “, “Kazak dalasynyn zhuldyzdary” and etc.

Key words: Arab literature, literary connections, Islam, oriental studies, spiritual heritage.

М.Б. Салкынбаев

Ә. ДЕРБИСАЛИ И КАЗАХСКОЕ ВОСТОКОВЕДЕНИЕ

В данной статье предоставлен анализ научных трудов известного ученого, одного из основоположников казахского востоковедения Әбсаттар қажы Дербісәлі. А также исследуются и определяются научные ценности таких его монографии, как «Араб әдебиеті», «Арабоязычная литература Морокко», и таких фундаменальных работ, как «Шыңырау бұлақтар», «Қазақ даласының жұлдыздары» и т.д.

Ключевые слова: арабская литератаура, литературные связи, ислам, востоковедение, духовное наследие.

Адамзат баласының әлемді тануы оның жалпы ұлттық дүниетанымымен, болмысымен байланысты болса да, географиялық жағынан әртүрлі қашықтықта орналасқан елдердің әдебиетіндегі жақсылық пен жамандық, ақ пен қара, махаббат пен зұлымдықты бейнелейтін әдеби кейіпкерлер туралы ой-пікірлердің, таным-түсініктің ұқсастығы мәселесінде халықтар арасындағы рухани қарым-қатынастардың рөлі ерекше, ықпалы зор. Қандай халық болсын өзімен-өзі, оқшау тіршілік етпейді. Тұрмыстық қажеттілік оларды өзге халықтармен, әртүрлі елдермен саяси-экономикалық, әлеуметтік, мәдени қарым-қатынас жасауға мәжбүр етеді. Біздің ата-бабаларымыз да ежелден бері Үндістан, Қытай, Мысыр, Византия, Иран, Бағдад, Шам және т.б. елдермен түрлі байланыстар жасағаны тарихтан белгілі. Соның ішінде мәдени, әдеби байланыс сияқты рухани қарым-қатынастар түрлі халықтардың мәдениетінің жақындасуына, рухани құндылықтарының өркендеуіне үлкен үлес қосары сөзсіз.

Орта ғасырда қазақ жеріне Ислам дінімен бірге келген араб мәдениеті мен әдебиеті біздің бүгінгі ұлттық әдебиетіміздің өсіп-өркендеуіне, көркемдік көкжиегінің кеңеюіне ықпал еткені белгілі. Қазақ және араб халықтарының өзара рухани байланысының басты себебі қазақ жеріне ислам дінінің енуімен байланысты болғанымен, ел арасында кеңінен тараған әдеби шығармалардың ішінде діни емес, өзге де көркем дүниелер молынан кездеседі. Сонымен қатар қазақ жерінде дүниеге келіп, араб жерінде өмір сүрген және ғылыми трактаттарымен әлемге танымал болған ғалым бабаларымыздың өмірі мен шығармашылығы екі халықтың рухани қарым-қатынасын тереңдете түсті. Мұның өзі жоғарыда атап өткеніміздей халықтардың дүниетанымдық ортақтығы, жақсылық пен жамандыққа, ақ пен қараға деген көзқарасының жақындығынан болса керек. Осыған орай сол ортағасырлық қазақ ғұламаларының ғылыми мұраларын, шығармаларын саралап, оқырман қауымға танытуда, қазақ және араб халықтарының арасындағы нәзік тіндей қалыптасқан рухани байланыстарды зерттеуде қазақ шығыстану ғылымының алдында өте маңызды істер тұрған еді. Ал, қазақ шығыстану ғылымы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алғаннан кейін өз көкжиегін кеңейтіп, қарқындап дами бастағанымен оның бастауын өткен ғасырдың 50-жылдарынан қалыптаса бастады деп айтсақ, артық айтқандық болмас. Себебі Азия мен Африка ақын-жазушыларының рухани ынтымақтастығын нығайтуға байланысты алғаш Азия-Африка ақын-жазушыларының конференциясы 1958 жылы Ташкентте ұйымдастырылды. Одан кейін Каирде, Делиде, 1973 жылы Алматыда өткізілді. Осы кездері Қазақ мәдениеті мен әдебиетінің Шығыспен үзілген рухани байланысы қайта жалғанды, жанданды деп айтуға болады. Демек, қазақ шығыстану ғылымы өзінің даму ғұмырында өрді де, еңісті де көрді, жеңісті де жемісті де теріп келе жатқанын байқаймыз.

Ұлт руханияты мен ұлттық рухтың туын берік насихаттау жолында қазақ және араб халықтарының арасындағы саяси, рухани байланыстарға дәнекер болған дипломат, еліміздің шығыстану ғылымының негізін қалаушылардың бірі профессор Әбсаттар қажы Дербісәлі екені белгілі. Кейінгі толқын шығыстанушыларға ұстаз ретінде саналатын көрнекті фарабитанушы, шығыстанушы ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлі қазақ халқының рухани мұраларын түгендеп, зерттеудегі қажырлы қайраткерлігі мен ерен еңбегінің арқасында Тәуелсіз Қазақстанның шығыстану ғылымына жаңа қадам басқан жас ғалымдарға Темірқазықтай жол сілтейді. Кешегі кеңес заманында араб десе, Ислам діні елестейтін тұста Қазақ шығыстану ғылымына тыңнан түрен салған Әбсәттар қажы Дербісәлі араб әдебиеті мен қазақ әдебиетінің арасындағы сабақтастыққа дәнекер болып, келешек арабтанушы ғалымдар үшін маңызды ғылыми бағытқа жол ашты. Қазіргі егемен ел болып, дербес даму жолына түскен тұста, дініміз бен ділімізді түгелдеп, өз болмысымызды, дәстүрімізді саясаттың салқынынсыз жаңаша зерделей бастаған кезде, қазақ-араб әдебиеттерінің тарихи сабақтастығын, ықпалдастығын тереңірек зерттеу қажеттігі күн тәртібіне қойылған кезде ғалымның зерттеу еңбектерінің алар орны ерекше. Ғылыми жолын бабалар тарихын зерделеуге арнай отырып олардың кейінгі ұрпаққа мирас етіп қалдырған еңбектерін ұлтымыздың рухани қорына қосып, мәдениетіміздің мәңгілік мұрасына айналуына үлкен үлес қосып келе жатқан Әбсаттар қажы Дербісәлінің кеңестік солақай саясаттың кесірінен зерттеу нысанынан шет қалған қаншама әлемдік деңгейдегі ғұлама бабаларымыздың әдеби, діни туындылары беймәлім болып келген ұлттың рухани қазыналарын еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізіп дербес даму жолына түскеннен кейін зерттеп жариялаудағы еңбегі ерен, үлесі зор деп білеміз.

Шығыстану саласына алғаш қалам тартқан қазақтың алдыңғы толқын ғалымдары М. Әуезов, Ә. Дербісәлин, С. Талжанов, С. Ғылмани, А. Машани, Ш. Сәтбаева және т.б. тұлғалардан кейін қазақ елінің Шығыс елдерінің мәдениетімен, әдебиетімен қарым-қатынасы аясында қазақ жерінде дүниеге келіп, білім алып, араб жерінде шығармашылығымен әлемге танылған Әбу Насыр Әл-Фараби басқада ортағасырлық түркі текті тұлғалардың өмірімен, туындыларымен профессор Әбсәттар қажы Дербісәлінің қажырлы еңбегінің арқасында таныс болғанымыз, әлі де біле түсетінімізді баса айтуға болады. Оның бүкіл шығармашылығына араб әдебиеті мен Ислам діні және ұлт мұрасын түгендеу арқау болды десек, асыра айтқандық болмас. Себебі профессор Ә. Дербісәлі қазақ-араб мәдени, әдеби қатынастарын зерттеу барысында екі халықтың мәдени сабақтастығына алғаш сүрлеу салған Әбу Насыр Әл-Фараби, Әл-Жауһари Әл-Фараби, Исхақ Әл-Фараби секілді отыздан астам Фарабтан шыққан ғұламалар мен басқа да қазақ жерінен шыққан, әлемге танымал даналардың әдеби мұраларын тек араб елдерінен ғана емес, сондай-ақ, әлем елдерінің архивтерінен тауып, жариялауда үлкен еңбек сіңіріп келе жатыр. Сонымен қатар ғалым Ә. Дербісәлінің қаламынан «Араб әдебиеті», «Марокконың араб тілді әдебиеті», «Шыңырау бұлақтар», «Қазақ даласының жұлдыздары», Мұхаммед Хайдар Дулати. Өмірбаяндық-библиографиялық анықтамалық, күні бүгінге дейін өзінің тарихи-танымдық және көркемдік құндылығын жоғалтпаған түркі халқының рухани мұрасы әрі мәдени жәдігерлерінің бірі көрнекті мемлекет қайраткері, әскери қолбасшы, тарихшы, әдебиетші, ақын Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидің 500 жылдан соң жарыққа шыққан «Жаһан Наме» дастаны, «Ислам және заман» Тарихи-филологиялық зерттеулер, эсселер мен очерктерден тұратын «Исламның жауһарлары мен жәдігерліктері», «Ислам – религия мира и созидания» және тағы да басқа үш Кердери, үш Сайрами (Исфиджаби), жеті Түркістани, 31 Тарази, Байлақ Қыпшақи, Хасан Әли Жалайыри, Гийас ад-Дин Женди, Хусам ад-Дин Сығнақи, Қауам ад-Дин әл-Итқани (Иқани) әл-Фараби ат-Түркістаниларға арналған сүбелі дүниелер жарыққа шықты. Әсіресе, көрнекті мемлекет қайраткері, әскери қолбасшы, тарихшы, әдебиетші, ақын болған Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидiң «Жаһан наме» поэмасының Қашғар қаласынан табылып, оны елге алып келген шығыстанушы, профессор Әбсаттар қажы Дербiсәлiнің қазақ мәдени мұрасына қосқан үлесін ерекше атап өтуге тиіспіз. Әбсаттар қажы бұл дастанды Берлин және Қашғар нұсқаларын салыстыра зерделей отырып, араб, парсы сөздерi аралас жүретін М.Х. Дулатидың дастанына нағыз кәсіби маман көзімен қарағаны байқалады. Өйткені ол – әрі әдебиетші, әрі араб тілінің білгір тiлшiсі, әрі ірі дiнтанушы. Осындай зерттеушіге қажетті салаларды еркін меңгерген шығыстанушы ғалым жыл сайын Қазақстанға тиесілі, бірақ белгілі бір себептермен ғылыми қауымға беймәлім болып келген құнды дүниелерді, әдеби ескерткіштерді араб тілінен қазақ тіліне аударып, түсіндірмелерін жасап, түпнұсқа қолжазбасының факсимелесін де қатар беріп зерттеуі еңбектің ғылыми құндылығын арттыра түседі.

Өткен жылы ғана ғалымның қаламынан түркі халқының рухани кеңістігінде, орта ғасырда дүниеге келген, бірақ бүгінгі күнге дейін өзінің тарихи-танымдық және көркемдік құндылығын жоғалтпаған мәдени жәдігерлеріміздің бірі – «Қауам ад-дин әл Итқани (Иқани) әл-Фараби ат-Түркістани (1286-1357) өмірі мен мұрасы» атты еңбекті жарыққа шықты. Бұл жолғы автордың жарыққа шығарған кітабына арқау болған ортағасырлық ғұлама Қауам ад-дин әл Итқани (Иқани) әл-Фараби ат-Түркістани тек қазақ халқының ғана мақтанышы емес, сонымен қатар әлем руханиятының тарихында ғылыми құндылығы өте жоғары дүниелерді қалдырған ірі шығармашылық тұлға. Зерттеуші Қауам ад-дин әлИтқани әл-Фараби ат-Түркістанидің өмірі мен шығармашылығын зерделейді [1].

Жалпы қазақ шығыстану ғылымы туралы сөз қозғағанда, ең алдымен, профессор Ә. Дербісәлінің ғылым еңбектері қолға алынады. Оның еңбектерінде қазақ әдебиеті мен араб әдебиетінің ірі өкілдерінің шығармашылық байланыстары, араб әдебиеті бойынша ғылыми зерттеулері, Ислам діні мен қазақ жерінен шыққан ортағасырлық ғалымдардың мұралары кең қамтылады. Мәселен, көрнекті жазушы М. Әуезовтің араб әдебиетінің белгілі өкілдерімен достық қарымқатынасы арабтанушы ғалым Ә. Дербісәлінің «Шыңырау бұлақтар» атты зерттеу еңбегінде аталып өтеді. М. Әуезовтің Египет Араб Республикасының көрнекті ақындарының бірі Абд ар Рахман Әл-Хамисимен таныстығы атап өтіледі [2, 233-б.]. Ғалым өзінің «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сұхбатында «Әуезов келешек үшін қызмет еткен адам» деген үлкен ойлы тұжырым білдіреді. Әл-Хамиси де М. Әуезовтің классикалық шығармаларымен жақсы таныс болған секілді.

Қараймын мынау қарағай, қайың талдарға,

– Алтын жапырақ алақандарын жайғанда.

Бәрі де бүгін сен жайлы сөйлеп тұрғандай,

Тұла бойлары сырыңа тұнып қалған ба!

 

Ән болып шырқап, көтерілгенсің аспанға,

Айналғансың Алтаудай заңғар асқарға.

Дауысың сонда саңқылдап жеткен бізге де,

Памирдің қарлы қарт шыңдарынан асқанда…

 

Суреттеп бердің,

Сергелдең заман өткелін

Жоқшылық пенен қанаудың үні өткенін.

Советтер елі қамқорлығындағы қазақтар

Аңсап күткен арманына бүгін жеткенін…

Мұхтар тірі!

Ол – жүректер төрінде.

Ол – шаттыққа шомылғандар өңінде.

Кіршік шалмай, кірбің тұрмай жайнайды ол.

Өзі туып өскен қазақ елінде [2, 234-б.].

 

ХХ ғасырдағы белгілі араб ақынының жазған өлеңін саралай қарасақ, қазақ-араб ақын-жазушыларының, ғалымдарының тығыз шығармашылық қарым-қатынаста болғанын көреміз. Қазақ жазушыларының араб қаламгерлерімен шығармашылық байланыстарын зерделей отырып профессор Ә. Дербісәлі М. Әуезовтің араб елдерімен мәдени және шығармашылық қатынастарды дамытудағы рөліне тоқталады және Иорданияның «Ас-Садақа» журналында басылған Иордания ғалымы Һишам Рафғат Һашимнің «Әуезов басқа қазақ қаламгерлерінен оқ бойы озық тұр деген» сөзін ерекше атап өтеді [3]. Жоғарыда берілген дәйектемелерден қазақ қаламгерілерінің қазақ-араб әдеби байланысын өркендету жолында үлкен еңбек сіңіргені ғалымның зерттеу еңбектеріне арқау болғанын көреміз. Сондай-ақ, «Шыңырау бұлақтар» атты еңбегінде Абай өлеңдері мен М. Әуезовтің «Абай жолы» романымен араб оқырмандарының таныстығы жайында да нақты деректер келтіреді [2, 177-179-б.].

ХХ ғасырдың екінші жартысында Азия мен Африка ақын-жазушыларының ынтымақтастығын нығайту мақсатында ұйымдастырылған келелі жиындар қарсаңында қазақ және араб халықтары қаламгерлерінің көптеген туындылары екі тілге де аударылды. Мәселен, Абайдың таңдамалы өлеңдер жинағымен бірге М. Әуезовтің З. Шашкиннің, Ә. Әлімжановтің, Т. Ахтановтың, С. Мұратбековтің, О. Бөкеевтің, Ә. Нүрпейісовтің, Ә. Кекілбаевтің шығармалары араб тіліне аударылды. Осы кезеңде Ә. Дербісәлі араб тілінен қазақ тіліне бірталай аудармалар жасаған. Ол ұлттық шығармаларымыздың қазақ тілінен араб тіліне тікелей аударылуына да алғаш жол салған белгілі шығыстанушы ғалым Ә.Дербісәлі деп жорамалдаймыз. Бұған дәлел ретінде ғалым «Абай және араб оқырмандары» атты зерттеу мақаласында Абайдың біраз өлеңдерін араб тіліне аударғанын баяндайды. Сонымен бірге ғалымның аудармашылық қыры 1973 жылы Алматыда өткен Азия, Африка ақын-жазушыларының конференциясы қарсаңында қазақ-араб әдеби байланыстары мен оны дамыту жайында мерзімді баспасөз беттерінде көптеген мақалалар жарияланып, белгілі араб ақын-жазушыларының өлеңдері мен әңгімелері қазақ тіліне көптеп аударыла бастауының екінші үлкен толқыны басталғанда байқалады. Бұл кезде де аудармалар негізінен түпнұсқадан емес, орыс тіліндегі аударма нұсқалары арқылы жасалды. Тәржімаланған шығармалардың ішінде білікті арабтанушы Ә. Дербісәлінің Марокко ақынының өлеңінен жасаған аудармасы ғана таза араб тілінен аударылғанын байқаймыз.

Араб әдебиетін зерттеуде, араб елдеріндегі архивтерден қазақ жерінен шыққан ғұламалардың мұраларын зерделеуде маңызды жұмыстар жасап келе жатқан көрнекті ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлінің еңбегі өз алдына бір төбе. Кешегі коммунистік кеңес заманындағы араб әдебиеті діни әдебиет түсінілген тұста араб әдебиеті мен қазақ әдебиетінің арасындағы сабақтастық туралы көп пікір айтыла қойған жоқ. Керісініше, қазақ әдебиетінің дәстүрлі көркемдік сипатында араб әдебиеті мен мәдениетінің ықпалы, әсері мол болғандығы туралы деректердің көптігіне қарамастан көп зерттеулерде қазақ әдебиетіндегі көркемдік дәстүрді батыстық әдебиетпен байланыстыруы басым болды. Бірақ сол кер заманның кереғарлығына қарамастан Әбсаттар қажы Дербісәлі Шығыс тақырыбына, соның ішінде араб әдебиетін зерттеу нысанына алуы үлкен ерлік болатын. Оның әдеби зерттеу еңбектеріне араб әдебиетінің, шығыстық рухани дүниелердің негіз болуының өзіндік ішкі заңдылықтары бар екені дау туғызбаса керек. Бұл шығыстық құндылықтарға бейімділік тек суреттеу деңгейімен ғана емес, дүниетаным деңгейімен де тығыз байланысты деп ойлаймыз. Өйткені әлмисақтан бері мұсылманмын деген халықтың дарынды ұрпағының ұлт руханиятын байытатын, танытатын жазба ескерткіштерді шығыстан іздеуі заңды құбылыс деп санаймыз. Біздің пайымдауымызша, шығыстанушы ғалымның шығармашылығына шығыстық менталитет пен Ислам діні көркем шығармалардың жазылу үрдісінің, ондағы образдар жасауға, адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасын бейнелеуде ортақ ізденістерге, ортақ тұжырымдар жасауға, көркем бейнелердің шығыстық типтік көрінісін кестелеудің үлкен әсері болғаны байқалады. Сондықтан да профессор Ә. Дербісәлі қазақ-араб мәдени, әдеби қатынастарын зерттеу барысында екі халықтың мәдени сабақтастығына алғаш сүрлеу салған ғалымның бірі ғана емес, бірегейі десек артық айтқандық болмас.

Жалпы қаламгердің қаламынан туған ғылыми еңбектерді саралай отырсақ, зерттеу нысанына алған қандай мәселе болсын толымды талдаулар мен тұшымды тұжырымдар жасайтынын көреміз. Ортағасырлық ғұлама бабаларымыздың араб жерінде ғалымдығымен әлемге танылып, топырақтың сол жат жерде бұйырғанымен олардың барлығының да қай жерде де болсын өздерінің түркілік рухын биік ұстағандығын, өзге ел ғалымдарымен терезесін тең ұстағандығын, тіпті асып та кеткен жетістіктерін қазақ шығыстану ғылымының темірқазығына баланатын Әбсаттар қажы Дербісәлінің тынымсыз еңбегінің арқасында танып-біліп жатқанымыз да жасырын емес. Сондықтан да қазақ жерінен шыққан отыздан аса Әл-Фарабилер мен басқа да қазақ ғұламаларының мұраларын инемен құдық қазғандай зерделеп, зерттеп Тәуелсіз қазақ қоғамына таныстырып, жоғымызды бар қылып, түгендеп жүрген ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлі деп айтуға толық негіз бар деп нық сеніммен айта аламыз. Оның «Араб әдебиеті» атты еңбегі жалпы араб әдебиетінің орта ғасырлық классикалық дәуіріндегі дамуынан сыр шертеді. Араб әдебиетінің әрбір кезеңіндегі даму ерекшеліктерін жанрлық, тақырыптық жалпы типологиялық тұрғыдан саралай отырып, «Мың бір түн» жинағының түзілу тарихы жайында мынадай тұжырым жасайды: «Араб мәдениетінің айрықша дамыған тұсы ҮІІІ-ХІ ғасырлар. Нақ осы дәуірлерде ежелгі бәдәуи поэзиясында махаббат, ойын-сауық, көңіл көтеру мен шарапты жырлау жалғастырыла берсе, ал прозада түрлі халық тұрмысынан алынған анекдоттар кең жайылды. Сондай-ақ, «Мың бір түн» секілді парсы, үнді, грек ертегілерінің сюжеттерінен алынып, өңделіп, толықтырылған даңқты жинақ құрастырылған [4, 82-б.]. Арабтанушы ғалымның араб әдебиетін зерттеп, қазақ оқырмандарына таныстыру мақсатында жасаған осы ғылыми еңбегінің маңызы зор. Оның қазіргі уақытта да қазақ тілінде жарық көрген бірден-бір араб әдебиеті тарихынан сыр шертетін ғылыми зерттеу еңбек екені осының айғағы.

Ә.Дербісәлінің қаламынан туған құнды еңбектерінің бірі – «Марокконың араб тілді әдебиеті» атты зерттеу еңбегі. Автор бұл еңбегінде мағрибтік араб әдебиетінің Х ғасырдан бастап, қазіргі уақытқа дейінгі тарихи даму сатысын зерделей отырып, әдеби және фольклорлық шығармаларға салыстырмалы талдаулар жасайды. Мағриб әдебиетінің тақырыптық, жанрлық ерекшеліктеріне тоқтала келе, жергілдікті халықтың ауыз әдебиеті үлгілеріндегі ертегілерінің, аңыз-әңгімелерінің, мақал-мәтелдерінің өзіндік дүниетанымдық ерекшеліктеріне байланысты толымды тұжырымдар жасайды. Морокко әдебиетін терең зерттеу жасаған ғалым бұл ел әдебиетін басқа араб елдері әдебиетінен даралайтын жанрлық ерекшелігі – ғылыми прозасы деп салмақты пікір айтады [5, 11-б.]. Жалпы Мағриб елдері әдебиетіндегі проза жанрын басқа араб елдері прозалық шығармаларымен салыстыра саралаған шығыстанушы ғалымдардың ғылыми тұжырымдарымен сәйкес келуінің өзі қазақ ғалымының үлкен біліктілігін көрсетеді.

ХХ ғасырдың екінші жартысында Азия мен Африка ақын-жазушыларының ынтымақтастығын нығайту мақсатында ұйымдастырылған келелі жиындар қарсаңында қазақ және араб халықтары қаламгерлерінің көптеген туындылары екі тілге де аударылды. Мәселен, Абайдың таңдамалы өлеңдер жинағымен бірге М. Әуезовтің З. Шашкиннің, Ә. Әлімжановтің, Т. Ахтановтың, С. Мұратбековтің, О. Бөкеевтің, Ә. Нүрпейісовтің, Ә. Кекілбаевтің шығармалары араб тіліне аударылды. Осы кезеңде Ә. Дербісәлі араб тілінен қазақ тіліне бірталай аудармалар жасаған. Ол ұлттық шығармаларымыздың қазақ тілінен араб тіліне тікелей аударылуына да алғаш жол салған белгілі шығыстанушы ғалым Ә. Дербісәлі деп жорамалдаймыз. Бұған дәлел ретінде ғалым «Абай және араб оқырмандары» атты зерттеу мақаласында Абайдың біраз өлеңдерін араб тіліне аударғанын баяндайды [2, 185- б.]. Сонымен бірге ғалымның аудармашылық қыры 1973 жылы Алматыда өткен Азия, Африка ақын-жазушыларының конференциясы қарсаңында қазақ-араб әдеби байланыстары мен оны дамыту жайында мерзімді баспасөз беттерінде көптеген мақалалар жарияланып, белгілі араб ақын, жазушыларының өлеңдері мен әңгімелері қазақ тіліне көптеп аударыла бастауының екінші үлкен толқыны басталғанда байқалады. Бұл кезде де аудармалар негізінен түпнұсқадан емес, орыс тіліндегі аударма нұсқалары арқылы жасалды. Тәржімаланған шығармалардың ішінде Ә. Дербісәлінің Марокко ақынының өлеңінен жасаған аудармасы ғана таза араб тілінен аударылды.

Қазақтан шыққан Ислам дінінің көрнекті үлемдерін зерделеудегі және араб әдебиетін зерттеудегі ғалымның өнегелі өмірі мен қажырлы еңбегі кейінгі жастарға үлгі болады еді ойлаймыз. Шығыстың рухани нәрінен сусындап, өмірі мен шығармашылығын қазақ ғұламаларының жат жердегі мұраларын жинауға арнаған және олардың қазақ еліне әлі күнге дейін толық танылып үлгірмеген, мұралары зерттеліп бітпеген еңбектерін жарыққа шығарып келе жатқан абзал ағамыздың алдағы уақытта да қазақ шығыстану ғылымын өрге қарай жетелей береді деп сенеміз.

Әдебиеттер

  1. Қауам ад-Дин Әл Итқани (Иқани) әл-Фараби әт-Түркістани. – Алматы, 2013.
  2. Дербісәлиев Ә. Шыңырау бұлақтар. Зерттеулер, мақалалар. – Алматы: Жазушы, 1982. – 256 б.
  3. Әуезов М. Алғы сөз // Азия-Африка ақындарының жинағы. – Алматы: ҚМКӘБ, 1958. – 388 б.
  4. Дербісәлиев Ә. Араб әдебиеті. Классикалық дәуір. – Алматы: Мектеп, 1982. – 207 б.
  5. Дербисалиев А. Арабоязычная литература Морокко. – Алматы: Наука, 1983. – 220 с.

References

  1. Qauam ad-din Al Itqani (Iqani) al-Farabi at-Turkistani. – Almaty: 2013 zh.
  2. Derbisaliyev A. Shynyrau bulakar. Zertteuler, maqalalar. – Almaty: Zhazushy, 1982. – 256 b.
  3. Auzev M. Algy soz // Aziya-Afrika aqyndarynyn zhinagy. – Almaty: QMKAB, 1958. – 388 b.
  4. Derbisaliyev A. Arab adebieti. Klassikalyq dauir. – Almaty: Mektep, 1982. – 2017 b.
  5. 5.Derbisaliyev A. Araboyazychnaya literature Marokko. – Almaty: Nauka, 1983. – 220 s.

Дереккөз: ҚазҰУ ХАБАРШЫСЫ Шығыстану сериясы №4 (70)