ШЫН ЗИЯЛЫ, ТАЗА ҒАЛЫМ, АСЫЛТЕКТІ АЗАМАТ ЕДІ

730

1991 жыл, 16 желтоқсан. Қазақ халқының сан ғасырлық арманы орындалған күн!

Ол кезде біз арғы бетте – Қытай елінде өмір сүріп жатыр едік. Сол күннен бастап азат Отанға оралу  басты арманымызға айналды.

Сөйтіп жүрген күндердің бірінде бізге әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінен ұстаздық қызметке арнайы шақыру келді. Оның қалай келгені, ол – өз алдына бөлек әңгіменің арқауы… Сол шақырту бойынша 1993 жылы ақпан айының 20 күні  аңсаған азат Отанның топырағына табанымыз тиді.  Ол күні сенбі болатын. Сенбі, жексенбі демалып, дүйсенбі күні – яғни ақпанның 22 күні әл-Фараби атындағы ҚазМУ-ге имене  қадам басып,  Шығыстану факультеті қытайтану кафедрасына бардым. Кафедра  меңгерушісі мені факультет деканына алып барды. Декан Әбдіғани Чупеков деген ағамыз кем сөзді, өте кішіпейіл жан екен. Ол кісі көп кідірмей әлдекімге менің келгенімді айтып телефон соғып еді, трубканың аржағындағы  дауыс не дегенін қайдам, Чупеков ағам: «Хорошо, хорошо, қазір» деп басын шұлғи берді. Сосын трубканы тез қоя салды да, орнынан ұшып тұрды. «Проректор қонақты маған алып келіңдер деп жатыр. Кеттік» деді. Ол заманда  мен  «проректор» деген сөздің не қызмет екенін түсінбейтін едім. «Онысы кім болды  екен?» деген оймен әлгі кісілерге ілестім де жүріп отырдым. Көп қабатты ғимараттың әлде 7-ші, әлде 8-ші қабатына көтерілдік. Онда отырған проректор – әйгілі шығыстанушы ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Әбсаттар Дербісәлі ағамыз екен. «Ой, айналайын Дүкенжан, қош келдің! Ел-жұрт, ауыл-аймағың аман ба?» деп кәдімгі мені бұрыннан танитын адамдай амандасып жатыр. Мен шамалы таңырқап қалдым. Сөйтсем, ректордың тапсырмасы бойынша  мені ҚазҰУ-ге шақырудың барлық шаруасын Әбекең өзі ұйымдастырып, өзі қадағалап отырған екен. Аз-кем әңгімеден соң  Әбсаттар аға телефон соғып жатақхана туралы біреуге тапсырма берді де, «ал Дүкенжан, 15-ші жатақханада бөлмең дайын. Оқытушылық жүктемеңді кафедра меңгерушісі бөліп береді. Қалған әрқандай сұрағың болса, мына кісілерге айтасың. Бұл кісілер шеше алмаса немесе шешпесе кез келген уақытта тікелей  менің өзіме кел. Ректорға сенің келгеніңді айтам. Ол кісі де уақытына қарап, өзіңді қабылдайтын шығар…» деп шығарып салды.

Әйгілі шығыстанушы ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, еліміздегі ЖОО мен дін істерінің бірегей ұйымдастырушысы, ҚР ҰҒА академигі, ­филология ғылымының докторы, профессор, марқұм Әбсаттар ағаммен менің таныстығым, міне, осылай басталып еді.

2013 жылы Әбекең Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры қызметіне тағайындалды. Бағысбайұлы басқарған 7 жылда институт ғылыми әлеуеті жағынан да, халықаралық байланыс және рейтинг жағынан да өте жоғары деңгейге көтерілді. Академик Әбсаттар қажы Шығыс елдерінде, әсіресе мұсылман Шығыс әлемінің архивтерінде жатқан, еліміздің ежелгі тарихы мен мәдениетіне қатысты мұрағаттардың Отанға оралуына, сондай-ақ олардың ғылыми айналымға енуіне жүрек қанын сарқа, көз майын тауса еңбек етті.

Өткен жылдың маусым айынан бастап Әбсаттар аға екеуміздің жолымыз Шығыстану институтында қайта қиылысты. Бір жылдан бері Әбекең менің шын мәніндегі ақылшы ағам, ұжымның арқатірегі бола білді.

Әбсаттар қажы Бағысбайұлы еліміздегі Шығыстану ғылымының негізін қалап, әрі оның ­дамуына күллі ғұмырын арнаған шын мағынасындағы фанат ғалым еді. Сонау ХХ ғасырдың 1989 жылы Ресейдің орталық қалаларынан шығыстану мамандығы бойынша тұңғыш рет докторлық диссертация қорғап, Отанына үлкен арман арқалап оралған жас ғалымның әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультетінің ашылуына тікелей мұрындық болғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Ұстаз, ғалым ретінде ҚР ҰҒА академигі  Әбсаттар қажы Дербісәлінің алдынан неше жүздеген арабтанушы жас мамандар, көптеген ғылым докторы, ғылым кандидаты, PhD докторлары түлеп ұшты. Ғалым ретінде ол ондаған монографиялар мен оқулықтардың, неше жүздеген зерттеу еңбектерінің авторы. Ағамыздың әлі де болса арманы көп еді, шығармашылық жоспары да мол  еді. Амал қанша, жазмыштан озмыш жоқ екен…

Бір ауыз сөзбен айтқанда, академик Әбсаттар Бағысбайұлы шын зиялы, нағыз ұстаз, таза ғалым, ерекше ұлтжанды азамат еді.

Әбсаттар ағамыздың қазасы отандық ғылым-білім үшін орны толмас зор жоғалту…

Жер аманда, Қазақ елі барда Әбсаттар қажы Дербісәлінің жарқын бейнесі мен  ғазиз есімі  ұрпақтар жүрегінде мәңгі сақталады!

Бақұл бол, жаны жайсаң жақсы аға!

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ

Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты директоры

Дереккөз: https://anatili.kazgazeta.kz/news/59420